Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2019
Қорған 5322 0 пікір 30 Тамыз, 2014 сағат 00:58

АТА ЗАҢ – ҚОҒАМНЫҢ ҚОРҒАНЫС ТЕТІГІ

Бүгінгі әлемнің даму үдерісінде бір-бірімен байланысты миллиондаған қарым-қатынастар қалыптасып, кейбіреулері ескіріп, енді біреулері жаңарып отырады. Адамзат сонау жаратылысынан бері қарым-қатынассыз өмір сүре алмайды. Тарихтан белгілі, адам адамның қанын ішіп, басын жұлып, бір-бірін аясуыз қырған небір зұлмат замандар болды. Себепсіз біреудің мал-мүлкін тартып алу, ұрлау, зорлық-зомбылық жасау т.б. адамдардың әлеуметтік жағдайына, денсаулығына, өміріне сызат түсіретін іс-әрекеттер де адамдарға тән қасиет. Мұндай жағдайларды тыйып отыратын белгілі бір механизм адамдарға қажеттілігінен туды. Міне, осындай жауыз үдерістерді болдырмау үшін өмірге келген, адамдардың қарым-қатынастарын реттеп басқаратын механизм –  «Заң» екені белгілі. Заң керек емес дейтін адамдар –  көбінесе жауыздықты, әділетсіздікті қолдайтын адамдар екенін де айтып өтпесек болмас.

Заң – қоғамдағы құқықтық-нормативттік актілердің жиынтығы ғана емес, сонымен қатар ол қоғамның әр саласына сәйкес обьективтік, диалектикалық даму үдерісі арқылы қалыптасатын әлеуметтік көп салалы, көп жүйелі құбылыс. Сонымен қатар ол қоғамның сапалық-жүйелілік дамуын, олардың өзара байланысын, жеке тұлға мен заңды тұлғалардың қарым-қатынастарын басқарып, реттеп отырады.

Заңның қаншалықты қажеттілігінің деңгейін қазақты басқарған хандар әу бастан білді. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің Жеті жарғысы» - біздің айтып жатқандарымызға дәлел. Кейіннен Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Жүсіпбек Аймауытов т.б. заңы әлсіз елдің өркендей алмайтынын анық аңғарды. «Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін туылмайды ғой?» деп толғанған Әлихан Бөкейханұлы «Адам жылап отырса – оның орнына келген заң не опа бере алады?» деп, адамдар үшін түк те пайдасы жоқ, әлсіз, дұрыс емес заңдардың қажеттілігінің шамалы екенін де ескертіп кеткен.

Тәуелсіздік алғаннан соң Қазақстан Республикасы өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін Ата заңы арқылы бүкіл әлемге танытты. Ата заңымыздың қабылдануы конституциялық құрылыстың құқықтық негізін қалап, мемлекеттік тетік және қоғамдық, саяси жүйенің негізгі қағидаттарын орнықтырды. Мемлекетіміздің конституциясы дербес мемлекет ретінде ұлтына, нәсіліне, жынысына т.б. қарамастан онда тұратын барлық адамдардың құқықтық еркіне сәйкес жасалды. Сонымен қатар заңның орындалуы, оның қуаттылығының жүзеге асуы сол заңды қолданылып отырған белгілі бір адамға, топқа, қоғамға, халыққа тікелей байланысты. Бір ғана мысал, «Тіл туралы» заңымызда «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» екені айтылған. Осы бір сөйлемнің өзі қандай күшке ие екенін біздің елімізде көп адам біле бермейді, дегенмен дәл осы сөйлеммен-ақ кез келген жерде қазақша сөйлеп, қазақша ойлап, қазақша жүруге болатынын ескертеміз. 30-тамыз –  Конститутция күнімен барша Қазақстандықтарды құттықтаймын! Заң  сіздердің мықты қорғаныстарыңыз болсын!

Дінмұхамед Аязбеков

Abai.kz

0 пікір