Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 12311 0 пікір 1 Қыркүйек, 2014 сағат 17:45

АҒЫЛШЫНША ЖАЗАТЫН КІШКЕНТАЙ ҚАЛАМГЕР


Айшешек Мағауина – көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің немересі.
Айшешек Мағауина – көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің немересі. Болашақ жазушы атасына қарап, бой түзеп келеді. Биыл Айшешек Лондондағы Голдсмит колледжінің студенті атанды. Арманы – жазушы болу. 

Әзірге Айшешектің өлеңдері, көркем дүниелері ағылшын журналдарында жарық көруде. Кішкентай қаламгермен ғаламтор арқылы тілдесуге тура келді. Айшешекпен тілдесуімізге себепкер болған шығыстанушы ғалым, белгілі публицист Ғалым Боқаш мырза. 

– Айшешек, есіміңнің сыры неде? Бұған дейін Айшешекті «Ала­сапыран» роман-дилегиясынан кездестірген едік. Ол Айшешекпен есіміңнің қандай да бір байланысы бар ма?

– Атам маған қазақтың мықты бір тарихи тұлғасы болған сұл­танның жары болған Айшешек бегімнің атын қойыпты. Бұл көне түркі есімінің мағынасы «ай» мен «гүл». «Шешек» – гүлдің түркіше атауы ғой.

– «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді. Әкең Едіге де журналистиканың майда­нында жүрген азаматтардың бірі. Алайда сенің ата жолын қуып, әде­биетті таңдауыңның сыры неде?

–Кішкентай кезімнен көркем әдебиеттің ортасында өстім. Ата-анам сияқты журналистика сала­сында жұмыс істеуге, атам сияқты кітап жазуға қызыққаным содан шығар.Үйімде мені «жазушы болады» деп ешкім ойлаған жоқ, ондай идеяны сырттан маған ешкім таңған емес. Әдебиеттің өз жолым екенін өзім сездім. Қа­ным­да бар қасиет десеңіз де болады.

– Мұхтар Мағауиннің «Құ­мырсқа қырғын» атты кітабынан кішкентай немересі туралы жазған әңгімесін оқып едім. Сол кішкентай жазушы сен емессің бе?

– Ол кейіпкер менің немере әп­кем Мүслимаға қарап, про­тотип ретінде жасалған. Шынайы оқиғаға негізделмеген көркем шығарма.

– 15 жасыңда ағылшын тілінде дебют-роман жазғаныңды естідік. Не туралы?

– «Скайдың жоғалуы» атты шығармам психикалық ауруға шалдыққан, өзіне деген сенімі аз ұл бала туралы. Ол өзінің жоғалып кеткен Скай есімді қиялдағы досын табуым керек деп жан­таласады. Кейіннен ол образдың өз болмысының бір бөлігі екені анықталады. Негізгі кейіпкердің қиялындағы досының атын Скай деп қойғаным, ағылшынша «скай», яғни аспан атауына жа­қын. Шығармамның өзегі де аспан тақырыбы. Жоғалған аспан – негізгі кейіпкердің сырқат са­на­сының сау бөлігінің мета­форасы.

Бұл романымды NaNoWriMo (National Novel Writing Month – Ұлттық роман жазу айы) жобасы үшін дайындағанмын. Бұл қараша айы болатын. Жобаның мақсаты – бір ай ішінде 50 мың сөзден, 100 па­рақтан тұратын шығарма жа­зып аяқтау еді. Яғни күніне 1700 сөз­ден жазып түсіруге тура келді. Сол себепті шығар бұл шығар­маны ең үздік жұмысым деп айта алмаймын, уақыт шектеулі бол­ғасын асығуға тура келді, ро­манның өзім жетілдіргім келген нақты бір бөлігіне көп уақыт бөле алмадым. Бұл жоба – мектептің тапсырмасы емес еді, өзімді сы­нап көру үшін қатыстым.

– Айшешек, ақындығың да бар екен. Эдинбург журналдарына өлеңдерің басылып жүргені туралы Ғалым ағаңның жазбасынан білдік. Өлеңдерің де ағылшын тілінде жа­зыла ма?

– Биыл Эдинбург универси­теті­нің журналында жарияланған «Ұмытылған аштық» және «Бүр­кіттің саят туралы айтқаны» атты өлеңдерім ағылшынша жазылған. Аттары айтып тұрғандай, олар қазақ әлеуметінің тақырыптарын да қозғайды.

– Ағылшын тілінде роман, өлең жазасың. Қазақ тілінде жазған қан­дай шы­ғармаң бар?

– Өкінішке қарай, қазақша қанша жазғым келсе де, қазақша көркем жазу қабілетім өзім қа­лаған жоғары деңгейде емес. Кіш­кентай кезімде-ақ әжем әліппе үйреткен. Үйде қазақша сөйле­семіз. Бірақ Еуропада өсіп, ха­лықаралық мектепке барғасын, ағылшын тілі сіңісті болып кетті. Әйтсе де өзімді жаспын ғой, қа­зақша жазу техникасын күшейтуге уақытым бар деп жұбатамын. Түбі бір қазақша жаза бастайтыныма сенімдімін.

– Мұхтар атаңның шығарма­ла­рының бәрімен таныссың ба? Атаңның қай шығармасы көбірек ұнайды?

– Атамның шығармалары өте көп. Сол себепті бұл сұраққа жауап беру қиындау. Ең жақсы көретіндерім – жас кезінде жазған шағын әңгімелері.

– Оқу бітірген соң Қазақстанға кел­гің келмей ме?

– Голдсмитте оқу бітіріп жат­сам, ары қарай жазушылық карьера жасау үшін Лондонда да қалуым ықтимал. Ата-анаммен, бауырларыммен бірге Қазақстанға жиі-жиі барғым келеді. Қазақ­станда кішкентай кезімде атам мен әжемнің қолында да тұрған­мын.

– Қазақ шығармаларының көбі атаң арқылы жақсы таныс шығар. Дегенмен, қазақ әдебиеті мен ағыл­шын әдебиетінің айырмасы қан­дай? Таразылап көрдің бе?

– Қазақ фольклорының бай екені даусыз, қазіргі әдебиетінің де әлеуеті зор. Бірақ ағылшын әде­биеті ұзақ уақыт бұрын қалып­тасқан ғой, 19 және 20 ғасырларда ерекше гүлдеген, көптеген жаңа тақырыптар мен идеялар ашқан.

– Сен үшін ата есімінің салмағы қандай?

– Атамның есімі маған зор жауап­кершілік жүктейді. Ғаламат жазушының ізін басу қиын, өйт­кені іздері тым алып. Атамның шығармаларын мақтан тұтамын, өзі де маған барынша қолдау жасап келеді. Сөйте тұра, болашақ жаз­баларымның Мұхтар Ма­ғауиннің немересі болғаным үшін ғана емес, өз қабілетіме сәйкес бөлек бағаланғанын қалар едім.

"Айқын" гезеті

0 пікір