Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 6548 0 пікір 1 Қыркүйек, 2014 сағат 18:43

Ерлан Ислам: Алла қаласа Қанат Әлем чемпионы болады

Бар қазақтың мақтанышы, былғары қолғап шебері, Қытайдың 10 дүркін чемпионы, Бейжің олимпиядасының қола жүлдегері, бүгінде мұхиттың арғы бетінде 18 кездесу өткізіп бәрін жеңіспен аяқтаған Қанат Ислам қалай спортқа келді? Қанаттың алға қойған мақсаттары қандай? Бұл сұрақтарға Қанат Исламның ағасы Ерлан Ислам «Қамшы» порталына эксклюзивті сұхбатында жауап берді. Ерлан Ислам Қытайда жаттықтырушы болып жұмыс істеген, ол бүгінде елге келіп бапкерлік жұмыстарын жалғастыруда.

Erlan Islam

-   Мұндағы ел Сіз туралы көп білмейді, өзіңізді таныстыра кетсеңіз,

-  Мен Қанаттың туған ағасымын, 1974 жылы туғанмын. Қанаттан он жастай үлкенмін. Қанатты сүйрелеуімнің себебі – біздің туған жерімізде, Алтайдың Қаба ауданында бокс мектебі ашылды. Бұл мектепке Қытай қазақтарына алғаш боксты алып келген  Мұрат Бошайұлы жетекшілік етті. Ал, сол мектепке ересектеу болсам да  бірінші болып тізімделгендердің бірі мен болдым, бұл 1989-1990 жылдары еді. Ол кезде Қытай мемлекеті де спорттың осы түрін енді ғана қолға ала бастаған.Өзім де 5-6 сыныптан ылғи да таңертең жүгіріп, дене машығын жасауды әдетке айналдырған едім. Боксқа жаттығуға барған кезде ылғи да Қанатты ертіп алып жүрдім. Ол кезде Қанат келешекте аты әлемге танылған боксшы болады деп ешкім де ойлаған жоқ. Алты-ақ жасар бала менімен бірге жаттығуға барып жүрді.

-   Атажұртқа қашан көшіп келдіңіз, қазір немен айналып жүрсіз?

- Біздің отбасымыздың ұстанған жолы бар. Ол мейлі кім болса да, әрбір қазақ Қазақстанға шамасы келгенше үлес қосу керек. Кім не білсе, қандай өнер қолынан келсе соны басқа жұртқа үйрету керек. Мен Қытайда 12 жылдай жаттықтырушы болдым. Үкілеген үмітіміз Қанат елге кеткен соң, біздің де ол жақта қалуымыздың реті жоқ еді.  Осы тұрғыдан менде атажұртқа ат байладым.Қазір Қанат сияқты намысты жоғары көтеріп жүрген, талабы бар балаларды  жаттықтыру жұмыстарымен айналысудамын.

-   Қанат  қашаннан бастап бокспен кәсіби түрде айналыса бастады?

-   Жоғарыда айтып кеткенімдей, Алты-ақ жасында өзге балалар сияқты шешесінің қойнында жатып алмай Қанат менімен бірге жаттығуға барды, кішкентай болса да өзінің табандылығын, қайсарлығын көрсете білді.  Мен де білген әрекетімді үйретіп, босаңсып кетпеуін қадағаладым. Иә, оның алғашқы жаттықтырушысымын. Бірақ оның спортқа келуіне себепші болдым деп айта алмаймын.

Қанаттың бүгінгі биігін қалай бағалайсыз, оның кәсіпқой боксқа кетуі қаншалықты дұрыс қадам болды, елдің Қанатқа деген ықыласы көңіліңізден шыға ма? Қанат бабында жүр ме?

-  Қанаттың бүгінгі биігінің бағасын мен емес, Қанатымен мақтанып жүрген қазақтар береді. Бокс спортына келгеннен кейін, кәсіпқой бокстың жолымен жүрмей орта жолдан тастаса ол спортшыға лайық емес. Қанаттың бұл жөнінен қадамы дұрыс. Оның бабында жүргені -шаршы алаңда жеңіске жете білгені. Қанатқа қазақ елі көңіл бөлмеді деп айтпаймыз, спорттағы  Бауыржан Оспанов сияқты ағаларымен де, Бақтияр Артаев сынды достарымен де қатынасы жақсы. Қанат елге келіп азаматтық алған тұста бәрі қуанды, ризашылық білдірді. Қанат  биіктерден көріне білсе халықтың ықыласы да молая беретіні анық.

-  Кәсіби жаттықтырушы ретінде бүгінгі қазақ спортының дамуына қалай қарайсыз?

- Маған Есік қаласы, басқа да аудан орталықтарынан жаттықтырушы болуға ұсыныстар келіп түсті. Мен ешқандай спорт клубтарында емес, өз алдыма жеке жұмыстар жасап жатырмын. Ал, қазақ спортының бүгінгі даму жағдайына көз жіберсек кейбір келеңсіздіктерге қарның ашатыны рас. Неге десеңіз кейде жаттықтырушылар арасынан қазақша сөйлейтін адам таба алмай қаласыз. Менің түсінігімше тәрбиеленуші  мейлі қай ұлттың азаматы болмасын жаттықтырушы оған қазақ тілінде тәлім беруі тиіс. Сонда ғана нағыз ұлттық спорт қалыптасады. Шын мәніндегі қазақ елінің патриоты болмай спортшының жеңіске жетуі қиын.

Қанаттың елге келе сала ұлтжандылығы көрінді, бірнеше сұхбаттарында елдің іші-сыртындағы қазақтардың тағдыры турасында сөйледі, бұл көзқарасқа сіз не дейсіз?

-  Ол бәрімізде бар қасиет. Қайда жүрсек те ұлттың әңгімесі қозғала қалса қызу талқыға салып, өз ойымызды айтып жатамыз. Жай ғана мысал, көлікке отырғанда жолаушылардан қазақша сөйлеуді талап етемін.

Erlan Islam

Қанаттың болашағынан қандай үміт күтесіз? Алда қандай мақсаттар бар?

- Менің үмітім Қанат  әлем чемпионы болуы керек. Алла қаласа, амандық болса болады.

Өздеріңіз туып-өскен  Қытайдағы қазақтардың тағдыры туралы не айтасыз? Бұндағы елден не күтесіз?

- Ол жақта қалалы жердегі қазақтың 15 жасқа дейінгі балаларының қазақша сөйлейтіні қалмай барады. Ауылдық жерде аздап болсын қазақы тәрбие бар шығар.  Дегенмен олар да ертеңгі күн көрісі үшін қытай тілінде сөйлеуге мәжбүр.  Ондағы қазақтар осы бетімен қытайланса алдағы 25-30 жылда ұлттық болмысын жоғалтып алуы әбден мүмкін. Бұған жанымыз қынжылып, жүрегіміз ауырады. Арғы беттегі бауырлар бұл жаққа  ертеңгі ұрпақтары үшін тездетіп келуі керек. Бұндағы елден күтетінім – ең алдымен мемлекеттік қызметте отырғандар  қазақша сөйлесе екен, өзіміздің қазақ екенімізді сезінсек екен деймін.

 

Сұхбаттасқан: Ерлан Төлеубай

Qamshy.kz 

 

0 пікір