Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 6487 0 пікір 5 Қыркүйек, 2014 сағат 16:29

БІР МИЛЛИОН ОРАЛМАН – БІР МИЛЛИОН ӘСКЕР

Мәртебелі Президент!

Мен Нұрғали, Сізді халық бар ықыласымен референдум өткізіп, тұңғыш рет Президент етіп сайлайтын 1991 жылдың көктемінде,  Іленің Қытайға қарап жатқан арғы бетінде туыппын. Есімді білгеннен ауыл үлкендерінің «қазақтың патшасы Назарбай Қазақстанды Сәбеттен бөліп алыпты»,  «Алыс-жақын мемлекеттердің бәріне қолдарыңдағы қазақты жіберіңдер деп хат жолдапты», «Тұтас қазаққа елге оралыңдар деп жар салыпты» деп ауыздарынан ылғи да суы құрып отыратынын естіп өстім. Ондай ақжарма сөз Сіздің 1992 жылы өткен Дүниежүзі қазақтары құрылтайында жасаған «Құшағымыз бауырларға ашық!» атты баяндамаңыздан дүниенің төртбұрышына тараған шарапаты болуы керек. Иә, сіз баяндамаңызда: «Өткен жылы Түркияға сапар кезінде Стамбул әуежайында жиналған ағайындардың «Ақсарбас!», «Ақсарбас!» – деп қол жайып, бірден үш ақсарбас шалғаны бізді қатты тебірентті», – депсіз.

Сізге бағытталған ризалық, қолпаш сөздерді, ақ жарма тілек пен риясыз алғыстарды мен сияқты шетелде туып-өскен қазақ баласының кез келгені естігені анық. Себебі Қазақстан тәуелсіз ел болып, көк туы көкте желбіреген сәтте қай қазақ болса да бір-бір ақсарбас айтты, а құдайлап, ақ патшасын Сіз деп таныды. Сібірдің сағасындағы, Өлкенің төріндегі, Тәңір таудың арғы-бергі бөктеріндегі, тіпті сүйегі Алтайдан Гималай асқанша ақ жоңқа болып шашылса да, Анадолыға жеткен, сөйтіп жасыл құрлыққа шашырай таралған Еуропа қазағы да әр дұғасына сіздің есіміңізді қосып, Алладан тілеуіңізді тіледі. Ол қолпаш пен тілеудің, ол алғыс пен ардақтаудың астарында Сіздің мойныңызға артылған үлкен аманат бар еді. Қазақтың бірлігі мен бекемдігіне, ұлт болып ұйысуына, мемлекет болып дамуына Сіз бастаған қадамдар адастырмай жеткізеді деген сенім бар еді.

Иә, Сіз қазақтың сенімін ақтауға күш-жігеріңізді аямадыңыз.

 Бірінші: Сан ғасырдан бері қаншама қан төгіліп, Сіз бен бізге және ертеңгі ұрпаққа жұмақ мекен болсын деп бабалар жанын пида еткен, ұшқан құстың қанаты талатын Алтай мен Атырау арасындағы ата қонысымыздың шекарасын азуы алты қарыс көрші мемлекеттердің басшыларын мойындатып бекіттіңіз;

Екінші: Алты алашқа ат оздырып, өзіңіз басшысы болып отырған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы арқылы қандастарымызды елге шақырдыңыз, бес ғасырдан бері бытырап кеткен қазақтың басын қостыңыз; Бұл – Сіздің қазақтың тасқа басқан тарихына алтын әріппен жазылатын ең ұлы еңбегіңіз деп білемін.

Үшінші: Ел мен жерді улаған ядролық қарудан бас тарттыңыз, тұтас әлемді, алпауыт мемлекеттерді бейбітшілікке шақырдыңыз;

Төртінші:  Сіз Арқа төсіне ару қала Астананы салдырдыңыз. Әрине, Астананың абыройы арулығында емес, қазақтың орталықтан бой көтерген ордасы болғандығында;

 

Бесіншы: Өзіңіздің жол ашуыңызбен, сіз тағайындаған «Болашақ» степендиясы арқылы жастарымыз шетелдердегі маңдай алды оқу орындарында білім алып, ел игілігіне жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Назарбаев атындағы мектептер желісі, университет және білім орталықтары озық білім иелері мен сапалы мамандар даярлауға бар күшін салып жатыр.  

Алтыншы: Бастысы біз Президенті ғана емес, Жүз тоқсаннан астам мемлекеттер тарапынан мойындалған тәуелсіздігі, Мемлекеттік нышандары – Мемлекеттік туы,  Әнұраны, Елтаңбасы бар,  Ұлттық валютасы, Конституциясы бар мемлекетпіз және бейбіт һәм тұрақты экономикасы қалыптасқан елдің азаматы болып өмір сүрудеміз.

Қадірлі Елбасы!

Сіздің Алты Алаш үшін істеген еңбетеріңіз осы алты қызмет  деуден аулақпын. Дегенмен, уақыттың, заманның таразысына түскенде алтындай жарқырап, ұрпақ жадында жатталатын ең елеулі жұмыстарыңызды атауға тырыстым. 

Міне, сіз «құшағыңызды бауырларға ашқалы» 23 жыл болды.Министр көрсеткен мәліметке сүйенсек, сол уақыттан бері елге келген қандастар саны бір миллионға жуықтапты. Ауыз толтырып айтуға болатын сан. Дегенмен бұл 1992 жылы өзіңіз атаған шетелдегі 4,5 миллион қазақтың өсімі ғана деп межелеуге болады. Яғни Қытай, Өзбекстан, Ресей сияқты қазағы көп өңірлерден 100-200 мың аралығында ғана қазақ елге оралды деген сөз. Бұл шеттегі қазақ елге әлі жылжи қоймағанын дәлелдейді. Шындығында шетелдегі қазақтардың паспорт алып, Қазақстан шекарасынан аттағанға дейінгі қадамын мың бір машақат десек, елге келіп құжат жүзінде қатарға қосылуы да қиямет-қайым болып тұр. Әлемдегі үш қазақтың біреуі әлі шетелде. Көштің аяңы бұлай жиырма жылда бір ғана миллион қазақ елге келетін жүріспен жалғасса, сол бес миллион қазақтың елге келуіне 100 жыл керек екен. Сіз пәрменді әмір берсеңіз, жүз жылдық жұмыс бес-ақ жылда атқарылады емес пе, қазақтың көбейгені өрісіңіздің кеңейгені ғой. Мен шеттегі қазақ «аш қалды» деп жыламаймын. Өздерінің Отаны бола тұрса да, жат жұрттың қабағына қарап, қазақы болмысынан айырылып бара жатқанына жылаймын. Өзім қызмет ететін «Қамшы» порталының жалғыз  ұстанымы да – осы. Бейбіт заманда бауырларымызды жат қылмай, жақын тартып, Қазақ көшіне қамшы басу. Сол арқылы Қазақстанның тәуелсіздің одан әрі нығайту.

Сіздің 6 тамызда, үкімет отырысында қандастарымызға жағдай жасалуы керек деген сөзіңіз елдің іші-сыртындағы қазақты тегіс қуантты. Қазақтың бабасы Алашаханның, Қазақ хандарының бабасы Жошы ханның сүйегі жатқан Ұлытау төрінде сөйлеген  ұлт болашағы жөніндегі толғаныстарыңыз да басқа емес қара орман қазағыңызды серпілтіп тастады. Сіздің көреген саясатыңыздың арқасында Қазақстан көркейді, мойындалды. Гүлденген Қазақстанның ең басты құндылығы өзіңіз айтқандай ұлттық қауіпсіздік. Бетін ары қылсын, зәуде ғалам қазақтың басына қара бұлт төне қалса, сырттан елге келіп, демографияны бір миллионға көбейткен сол қандастарыңыз Алаш әскерінің қатарын бір миллионға толықтыратынына күмән жоқ. Өйткені олар қу жанын «Тәуелсіздік» дейтін бір ауыз сөзге байлап келген «жанкештілер». Көк көйлек пен тоқ қарынды ойласа, сол тойған жерлерінде жүре беретін еді. «Қара орманын» тастап, Қазақстанға тартты. Ендеше қандастарымыздың «Тәуелсіздіктен» басқа байлығы жоқ.

Мен бұл мақаланы сізге деген мақтау сөздің кенделігінен емес, жырақта жүрген қазақ елге келер есік кең ашылса деп, өздері тұрып жатқан елден бөгеліссіз, жөңкіле көшуіне дипломатиялық қатынас жасап берер деп сенгендігімнен жаздым. Мойныңыздағы аманатыңыз ақталсын, амандығыңызды тілеймін!

Нұрғали Нұртай

http://qamshy.kz

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: Бір миллион оралман – бір миллион әскеріңіз, Нұреке!

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3500