Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 4998 0 пікір 8 Қыркүйек, 2014 сағат 11:51

РЕСЕЙ ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТШЫЛДЫҒЫНАН ҒАНА ИМЕНЕДІ

Тәуелді ақпарат, үнсіз билік… Ресей қазақтың ұлтшылдығынан ғана именеді

 

Бүгінгі күні еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі қаншалықты дәрежеде қамтамасыз етілуде? Ресей Президенті Владимир Путиннің Селигердегі жастармен кездесуінен кейін осы сұрақтың өзектілігі артқандығы байқалады.

Біріншіден, Путиннің көрші мемлекеттердің тарихынан ештеңе білмейтіндігі таң қалдырады. Путин кәсіби тарихшы емес, оның өзге елдердің тарихын білуі міндетті де емес шығар. Алайда бұл орыс және шет тілдерінде Қазақ мемлекеттігіне қатысты ақпараттың аздығын немесе мардымсыздығын көрсетпейді ме? Біз өзіміз ақпаратты әлемнің әртүрлі бөлігінен алу мүмкіндігіне иеміз. Ал біз туралы толыққанды ақпараттың бар жоғына осы уақытқа дейін назар аудармай келе жатыр екенбіз.

Екіншіден, Путиннің жастармен кездесуінде Қазақстанға қатысты қойылған сұрақтың өзі нақты ақпараттың болмауынан туындағанын көрсетеді. «Қазақстанның оңтүстігінде – Ресейге қарсы ұлтшылдық ойлар ай санап артып келеді», – деді сұрақ қойған қыз. Бұл ақпарат қайдан алынған? Неге Қазақстанның оңтүстігі? Бұл қай жерден алынған ақпарат? Қандай ұлтшылдық? Нақты кімнің еңбектерінен көрініс тапты? Тағы да белгісіз. Бұл ұлтшылдықтың нәтижесінде славян ұлттарына қысымдық көрсеткендер бар ма екен? Олар кімдер? Егер бұл сөздердің астарында «Аңыз адам» журналының маңында болған оқиғалар деп қабылдасақ, бұл оқиғаларда өзге ұлттарға қысымдық жасау емес, қазақтың ұлттық мүддесін қамтамасыз ету жатқандығын байқаймыз. Дәл осы іспеттес оқиға Ресейдің Татарстанында да орын алған жоқ па еді? Татар отбасының өкілдері Ресейдегі бірыңғай тестілеуді татар тілінде жүргізуі қажеттілігіне байланысты шағымын Ресей Жоғары Соты жоққа шығарып, орыс тілінің жалғыз мемлекеттік тіл екендігіне арқа сүйеді емес пе? Еліміздегі мемлекеттік тілдің мәртебесіне байланысты шешілмей отырған түйіндерді шешуге деген ынта фашизммен теңестірілуі мүмкін емес. Бұл барып тұрған әбестік. Немесе Ресейдегі атақты «скинхедтер» қозғалысын біз Кремльдің ресми позициясы деп қабылдап отырғанымыз жоқ қой. Онда неге Кремль бұл мәселені ұлтшылдық қатарына жатқызады?

Үшіншіден, Селигер кездесуінен кейін қазақстандық ақпарат құралдары да, олардың ресейлік әріптестері де Қазақстан басшылығының ресми көзқарасы Еуразиялық экономикалық одақтан шығу деп жар салды. Бұл ақпарат қаншалықты дәрежеде шындыққа жанасады? Біріншіден, Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәлімдемені Путиннің Селигер кездесуіне дейін жасаған болатын. Яғни бұл сөздерді нақты Путиннің Селигердегі сөзіне қарсылық деп қарастыруға болмайды. Екіншіден, Президентіміз өз мәлімдемесінде Қазақстанның басты құндылығы тәуелсіздік екендігін және бұл тәуелсіздікке қауіп төндіретін құрылымдарға мүше болмайтындығын айтқан. Атап айтсақ, Елбасы Еуразиялық экономикалық одақ ел егемендігіне нұқсан келтірсе Қазақстан мұндай бірлестіктен бас тартатындығын басып айтқан болатын. Бұл логикаға сиымды саяси ой. Мұнда Ресейге немесе Еуразиялық одаққа қарсы келетін түйін жоқтың қасы. Халықаралық құқық тұрғысынан бұл әр мемлекеттің егеменді құқығы. Сондықтан бұл мәселені дабыра қылудың да қажеті жоқ. Бұл дабыраның пайда болуына ықпал еткен тағы да ресми биліктің үнсіздігі. Егер ресми Астана Селигердегі жастармен болған кездесудегі айтқан Кремль тұжырымдамаларына өз көзқарасын білдіргенде мұндай сұрақ тіпті туындамас еді. Яғни ресми биліктің ақпараттық үнсіздігі шын мәнінде туындап жатқан саяси сауалдарды шешуге дайын емес екендігін көрсетсе керек.

Төртіншіден, соңғы уақытта Украина, Абхазия, Осетия, Грузияда болған оқиғаларды саралай келе, біздің ақпараттық кеңістігімізде Ресей немесе ресейшіл ақпарат құралдарының басымдығына көз жеткізуімізге болады. Ющенконың тұсында Украина экономикасы өте кең көлемді жетістікке жеткеніне қарамастан оны халық жауы ретінде көрсету саясаты жүзеге асырылды, ал жемқорлықты жеңіп, мемлекеттік басқаруды жаңа биікке көтерген Михаил Сакашвилиді жемқор, ал ол Конституциялық тәртіпті қалпына келтіру мақсатында жүргізген соғысы сыртқы агрессия ретінде көрсетілді. Дәл осы секілді НАТО агрессияшыл саяси блок, ал НАТО мүшелері әлемдік басымдыққа ие болуға мүдделі империалистік елдер секілді суреттеліп келеді. Бұл риторика Кеңестер одағы мен батыстық блок арасындағы дауға ұқсайтындығын былай қойғанда Қазақстан үшін қандай пайда беретіндігі даулы мәселе. Жарайды, Ресей бұл ақпаратты өз мүддесіне қолданып «ұлыресейлік шовинизмді» ояту үшін, ұлыресейлік рух пен жалған патриотизмді қоздыру арқылы тиімсіз саясатын ақтау үшін жүзеге асырды делік. Ал Қазақстанға мұның не керегі бар? Орыс жек көретін ұлтты қазақ та жек көруі керек па сонда, жоқ әлде қазақтардың ой-пікірі, ресейліктердің ой-пікірімен ұштасуы қажет пе? Неге? Осы тұста аталмыш мәселеге қатысты Қазақстанның ресми ақпарат көздері мардымды ештеңе айтпады. Тіпті ұзақ уақыт үндеместік сақтады. Сонда Қазақстанның ақпараттық кеңістігіне қожайындық етуші тіпті Қазақстанның ресми ақпарат көздері де емес, Ресейлік болмаған жағдайда орысшыл басылымдар болғаны ма? Ал бұл қаншалықты дәрежеде ұлттық мүддемізге сәйкес келеді? Бүгінгі күні Ресей баспасөзін белгілі журналист Владимир Познердің өзі пропагандалық құрал, яғни уағыздаушы элемент деп бағалап отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл Ресейлік билік бұқаралық ақпарат құралдарын өз мүддесіне пайдаланып отыр дегенді меңзесе керек. Ал бұл жағдайда өзінің дербес ақпараттық кеңістігі жоқ қандай мемлекет өз мүддесін қорғап қала алады? Ешқандай. Себебі, мемлекеттік егемендік ақпараттық қауіпсіздіктен бастау алады.

Шыңғыс Ергөбек.

Дереккөзі: Qamshy.kz

0 пікір