Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 6744 0 пікір 16 Қыркүйек, 2014 сағат 12:52

ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ КӨБЕЙМЕК?

Сурет: Аңсаған Мұстафаның "Көбей, қазақ" атты суреті

Жер қозғалса да қозғалмайтын бейғамдығымыз қайда апарып соғуы мүмкін? Бұл сауалдың төркіні бүгінгі қазақтың демографиялық жағдайына келіп телінеді. Ұлан-ғайыр өлкені мекен еткен халықтың саны әлі күнге төмен. Әрбір шақырымға шаққандағы адамдардың саны жағынан күні бүгінге дейін әлемде кейінгі орындардамыз.

Кейбір өңірлерде тұрғындардың саны өсудің орнына азайып кетуі ел келешегіне қауіптенуге итермелейді. Елімізде кейінгі 10 жылда 4 облыста халық өсімі күрт төмендеп бара жатқандығы айқындалып отыр. Ол өңірлер болашақта сайын сахара болып қана қала ма? Статистика бойынша, тұрғын саны Шығыс Қазақстанда – 60 мыңға кемудің салдарынан, 70-тен астам мектеп жабылған. Осындай көрсеткіш еліміздің кейбір аймақтары бойынша да орын алып отыр. Мысалы, Қостанайда – 35 мыңға, Ақмола облысында 15 мыңға дейін тұрғын саны азайса, Солтүстік Қазақстанда адам саны 100 мыңға кемігені байқалады. Аталған елді мекендердегі адам санының азаюы, Қазақстанның жекелеген өңірлерінде экономикалық тұрғыда белсенді азаматтардың кемуі, жұмыс күшінің тапшылығы, мектептердің жабылуы, тіпті елді мекендердің жойылуы, ауылшаруашылығы құрылымдарының азаюы сияқты мәселелерді туындатып, жалпы, өңірлердің, кәсіпкерліктің және шаруашылық қызметтің дамуына кедергі болып отыр. Осыған байланысты мәжілістің жақында ашылған төртінші сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға халықтың көші-қон мәселесіне қатысты заң жобасын мұқият қарауды тапсырған болатын. Сырттан келетін қандастарды тұрғын саны азайған аймақтарға орналастыруға мүмкіндік беретін шарттарды заңға қосу жоспарлануда. Мәселені шешудің бір жолы осы болмақ. Жақында ОКҚ брифингінде көші-қон мәселесі бойынша баяндама жасаған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов шеттен келген қазақ ағайындарға азаматтық беру мерзімін қысқарту керектігін айта келіп: «Қазіргі көші-қон заңына сәйкес, сырттан келген қазақтарға азаматтық беруді 4 жылға дейін созу дұрыс емес. 2014 жылдың соңына дейін бұл заңға өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар, оралмандарға әр түрлі жеңілдіктер де қарастырылады», – деді. Оның айтуынша, қандастар Қазақстанның 14 облысына да шоғырландырылады. Бұл ретте қолға алған бастамалар аяқсыз қалғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Мысалы, ШҚО-да оралмандар ауылын салуға бөлінген қаражат талан-таражға түсті, үйлер дұрыс салынған жоқ. Сырттан келген қандастарға азаматтықпен бірге үй беру және жұмыспен қамту мәселесі толық шешімін таба қойған жоқ. Аймақтардағы тұрғын санының күрт төмендеуі ауыл тұрғындарының еліміздің басты қалалары Алматы мен Астана қаласына көшу санының артуымен де байланысты болуы мүмкін. Соңғы статистикалық көрсеткіш бойынша жалпы өсім Алматы қаласында 1,23 пайызды көрсетсе, облыстық ауылдарда бұл көрсеткіш 0 пайызды құрап отыр. Қалалы жердің тұрғыны болуға жастардың жаппай ұмтылуы жағдайды одан әрмен күрделендіруде. Бұған қоса, ауылды мекендерде жас мамандарды жұмыспен қамту әлі жолға қойылар түрі көрінбейді. Осындай түйткілдердің салдарынан аймақтардағы халықтың өсу қарқыны баяулап, ауылдардың сәні мен салтанаты келіспей тұр. 

Еркежан ЖҰМАТАЙ

"Түркістан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3605