Дүйсенбі, 21 Қазан 2019
Билік 4682 0 пікір 21 Наурыз, 2014 сағат 13:25

Бейсен Ахметұлы. Елбасыңның қадірін біл, қазақ!

Қазақта «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген аталы сөз бар. Біз Нұрсұлтан Әбішұлының қадірін жете түсініп жүрміз бе осы? Түсінбесек, енді түсінетін кез келді.

Қытай реформаторы Дын Сиаупин: «Маоның қателіктерінде менің де үлесім бар. Қателеспейтін адам болмайды. Бұрынғы қателіктердің бәрін Төраға Маоның ғана атына жазу дұрыс бола қоймас. Сондықтан біз оған төтенше әділ баға беруіміз керек» депті. Нұрсұлтан Әбішұлының да сондай қателіктері болу мүмкін, бірақ Ұлттың болашағы үшін істеген ұлы істері бәрінен басым түседі.  Украина трагедиясы мен Ресей Федерациясындағы «Қырым мен Севастопольды қосып алу» барысы бізді Елбасымыздың жүргізіп келе жатқан саясатына басқа көзбен қарауға мәжбүр етті. Наурыздың   18-і күні  Орыс президенті Уладимир Уладимирұлы Путин Қырым Республикасын Ресеймен қауыштырған салтанатты шараны өткізді. Президентінен бұқарасына дейін қуаныштың көз жасына ерік берді. Осылайша орыс халқы береке мен бірілкке ұйыған Ресей Федерациясының  құшағыныда  қуаныш дәмін татты. Алыста жүргендері тақымын қысты. Орыс империялық күш-қуатының қаншалық жоғары екендіктерін әлем тағы бір таныды. Ресей Ресейлігін көрсетті?! Міне, бұл Путин сынды орыс ұланының саясаткерлігінің арқасында жүзеге асқан жеңіс. Бүкіл славянды, тіптен орыс тілділерді емірене құшақтарына қысатындығын күллі жұрт алдында жарялады. Ал біз бұл шындықты өз көзімізбен көрдік. Мойындадық. Сүйіндік. Қызғандық! Егер біздің Қазақстан Қытайдың қолынан Алтай мен Ілені немесе Орыстан Орынбор мен Омбыны осылайша қайтарып алса, қалай болар еді? Әрине Ақсарбас атап, жылап тұрып қарсы алар едік. Той жағын орыстан екі есеге асырар еді қазақ. Біреулерше, сезімге беріліп, бір жақты кесім айту – таза күпірілік. Сабырлы да салихалы саясаткерлік қашанда ұлтты даңғыл болашаққа жетелейтінін түсінген жөн. Оған мысал, Нұрсұлтан Әбішұлының тағы өзі.

Тағы да ескерте кетейін, АҚШ пен Батыстың құдіретін тым жоғары бағалайтындар бізде өте көп. Шынымен де экономикалық, әлеуметтік, саяси, әскери жақтан күшті болғандарымен олардың да кемшіліктері жетіп артылады. Мәдени, адамгершілік саласындағы олардың қазіргі келбеті   адамды шошытады.  Бұл Туралы Қытайдың алғашқы төрағасы Мау Зыдұң: «АҚШ қағаз жолбарыс, Қытайға қауіп Ресейден» деген. АҚШ бастаған Батыс елдері  әлемге «тәртіп орнатушы» емес, «Тозаққа жетелеуші» ретінде таныла бастады. Олардың осындай шулы оқиғаларды өз мүдделері үшін мықтап пайдаланатыны ешкімге жасырын емес. Либия мен Ираққа, Мысыр мен Ауғанстанға  демократия «діңгегін» мықтап қағып, сағат сайын жарылыс болатын «бейбітшілік» орнатып, жұрттың «рахметін» алып жатқаны белгілі. Олар Газ бен Мұнайдың 40 пайызын Орыстан алып отырып, одан бас тартады деп ойлайсыздар ма? 700 миллиард долларлық сауда-саттықтан бас тартады деп ойлайсыздар ма?

Мен бұны бекер айтып отырған жоқпын. Орыстың осындай күнге жетуіне біздің президенттің де ықпалы болды. Олай деуге толық негіз бар.

В.В Путин Нұрсұлтан Әбішұлын құрметтеді, ұстаз тұтты. Мұны ешкім де терістей алмайды. Біздің еліміздің Ресейге «Қырымнен қолыңды тарт!» деуге нақты гео-саяси жағдайы қауқарсыз. Сондықтан, Шығыс Түркістан ұлт азаттық көтерілісінің басшыларының бірі Оспан Сіләмұлының   «Ұлт үшін сайтанмен де одақ болуға баруымыз» керек деген сөзін қаперге алсақ артық болмас. 

 

Назарбаевтің 5 ұлы саясаты

Саясат деген қияметтің қыл көпірі секілді. Не отқа күйесің, не ұжымаққа кіресің.

Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі ең алдымен қазақ ұлтының жан санының көбеюімен шешіледі. Міне сол түйінді Нұрсұлтан Әбішұлы жақсы білді әрі көрегендікпен іске асырды. 1949 жылы Қытай тәуелсіздік жарялағанда 450 млн жаны саны бола тұра, «адам саны көп болса, әскер де көп болады, еңбеккүші де көп болады»  деп  жан санын өсіруге мән бергенін білеміз. Ал азғантай қазақ үшін әлемнің 9-шы үлкен территорясын сақтап тұру оңай емес екені белгілі. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл жөніндегі еңбегі өлшеусіз. Мен бұны «Нұрсұлтанның 5 ұлы саясаты» деп жіктеп көрсетіп отырмын.

Назарбаевтің бірінші ұлы саясаты: Орысы көп Қазақстанның солтүстік аймақтарын Қазағы көп обылыстармен біріктіру арқылы ұлттық қауіпсіздікке саятын сара саясатты іске асырды. Тіптен атақты Торғай мен Семей обылыстарын Қазақстанның болашағы үшін бөліске салды.

Екінші ұлы саясаты: Қазақ қандастарын ата жұрттарына оралуына барлық мүмкіндікті жасады. Тіптен, оларды ұшақ пен поезд былай тұрыпты, камаздармен тасығанына бүкіл әлем куә болды. Міне, бұл ұлттық қауіпсіздік, тәуелсіздік үшін жасалған ұлы саясат болатын. Сол ұлы саясатты соңғы кезде жоққа шығарып, Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған «Нұрлы көштің» бұйдасын кескендер – ұлтымыздың нағыз жаулары екеніне көзіміз жетті.

Үшінші ұлы саясаты: орысы көп аймақтарда қазақтарды көбейту және геосаяси қажеттілік үшін Астананы Ақмолаға көшірудей ұлы шешімді қабылдады және оны жеңіспен іске асырды. Өз кезінде бұған да қаншама адамдардың қарсы болғанын білеміз. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің табандылығы мен көрегендігін тағы бір дәлелдеді.

Төртінші ұлы саясаты: Нұрсұлтан Әбішұлы тіл, дін, ұлтаралық мәселелерді салмақты да салиқалы түрде жүргізді. Мемлекеттің нақты жағдайын негізге ала отырып, Қазақ тілін мемлекеттік, орыс тілін ресми тіл ретінде бекітуге үлес қосыты. Бұл сол кездегі және ұзақ болашаққа саятын сара шешім болатын. Ал қазақша сөйлей алмаған, оны өз деңгейінде жүзеге асыра алмау өзіміздің жеке кемшіліктеріміз. Сосын оны қара күшпен, бір жола шеше салғымыз келеді. Жан-жақтылы ойлап, саралап отырып шешу керек екенін түсінбейміз. Қазір Қазақстанның солтүстік облыстарында орыстар басым. Алда-жалда тілдік қысымды сылтау етіп, шу шыға қалса, не істейміз? Міне, бұл біздің Нұрсұлтан Әбішұлының тағы бір көреген саясаты екеніне дәлел.  Украина трагедиясы да соны  түсіндіріп отыр. Бұл Ресей тарапынан айтылатын «Орыс тілділерге қысым бар» деуге негіз жоқ екенін көрсетеді.

Бесінші ұлы саясаты:  барлық көрші елдермен мемлекеттік шекара мәселесін реттеп, шешті. Біздің сыртқы шекарамыз – тату көршілік пен ынтымақтастық шекарасына айналды. Естеріңізге сала кетейік, Путин кешегі сөзінде: «Біз 2000 жылдардан бастап Украиның бұрынғы  президенті Кучма ұсынған шекараны бөлу және анықтау туралы келісімге заңды түрде қол қойған жоқпыз. Украинаның бұл ұсынысын қазірге дейін созып келдік әрі формалды түрде ғана мойындалды.   Ал, бұл Қырымды Ресейге қосып алуға заңдық негіз болатын  себептердің бірі» деді.

Қазақстан Республикасының құрлықтағы мемлекеттік шекарасының ұзындығы —13 400 шақырым. Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара ұзындығы 1782 шақырым. 1999 жылдың қыркүйек айында құрылған Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын деллимитациялау жөніндегі үкіметтік комиссия Қырғызстанмен шекара — 1242 шақырымды, Түркіменстанмен арадағы шекара — 426 және Өзбекстанмен – 2351 шақырымды құрайтынын анықтады. Ресей арасындағы шекара құрлықтағы ең ұзын шекара болып саналады, ұзындығы 7591 шақырым. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы аталған елдермен өзара мемлекеттік шекара туралы келісімге қол қойды. Бұл келісімдер еліміздің мемлекеттік аумағы мен егемендік кеңістігінің шегін айқындап, бекіту бағыты бойынша Қазақстанның сыртқы саясатындағы айрықша маңызды заңдық күшке ие қадам болды.

Бұл жерде алтыншы ұлы саясаты ретінде «Атом қаруынан өз еркімізбен бас тартқанымызды да» қосқым келген. Өкініштісі, аты таудай «Халықаралық кепілдіктің» қажет кезде роль ойнамай қалғанын тағы да Укарина дағдарысы көрсетті.

 Назарбаевтың 5 ұлы саясатын қолдау мен қорғау – парыз

Мемлекеттің нақты ұлттық жағдайы мен тарихи-әлеуметтік жағдайын, әлемдік геосаяси жағдайды көздей отырып жасалған бұл 5 ұлы саясатты қолдау мен қорғау – Тәуелсіз Қазақстан мен ұлттың болашағын қорғау әрі бүкіл  қазақтың орындауға тйісті парызы деп білемін.  Адам санынының көп болуы мен белгілі бір аймақта ұлттың санының басым болуы ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі. Нұрсұлтан Әбішұлы АҚШ бастаған Батыс елдерімен, Қытаймен, Араб-Түркі елдерімен тең дәрежелі саяси-экономикалық байланыс орнату арқылы ұлттық қауіпсіздіктің мүмкіндігін кеңейтті.

Біздің ел үшін, дәл қазір ұлттық қауіпсіздік өте маңызды. Ал оның ең маңызды түйіні қазақтың жан санын барынша өсіру мен тарыдай шашылған қандастарымызды Атажұрқа жинау. Барлық көршілермен бейбіт, достық байланыс орнату. Тағы да айтайын, «Қазақ көп болса әскер де көп болады, еңбеккүш те көп болады, ұлттық қауіпсіздік те кепілденеді, экономика да өркендейді».

Орыс президенті Нұрсұлтан Әбішұлының осы көреген саясатын Ресей елінде жүйелі қолданды әрі жемісті түрде жалғастырды. Қазір Назарбаев Нұрсұлтанның беделін,  көрегендігі мен кемеңгерлігін бүкіл әлем мойындады. Қазақта «Үлкен пышақ ұялса да өтеді» деген мақал осындайда айтылса керек. Сол үлкен пышақ  қашанда өткір. Тек Елбасымыздың маңайындағылардың өз деңгейлерінде оны түсінбей кедергі жасап бағатыны анда-санда көрініп қалады.  Жемқорлық пен сатқындық өз алдына бір әңгіме.

Ұраншылдық, жалпақ ұлтшылдық ол – жарға жығады. Қайта нақты іс-әрекетіміз, еңбегіміз бен сабырлылығымыз, саясаткерлігіміз арқылы отан сүйгіштігімізді дәлелдеуіміз керек .  

Қазақстанның елі бейбіт, ұлттарының ынтымағы жарасқан, салихалы елге айналғанын көрдік. Деседе Нұрсұлтан Әбішұлының сол саясаттарына кедергі жасап, ұлттың болашағына қастандық жасап жатқан адамдар да аз емес. Біз кешке дейін бәле-жаланы Президентке жауып, құр сөзбен даурыққанша, Елбасымыздың қасынан табылып, сол қаскөйлердің жолын кесуіміз керек. Біріге отырып Президентті қолдауымыз, жұмыла жүк көтеруіміз керек. Мысалы өткен жылы ғана қандастарымыздың ата жұртқа оралуына кедергі жасайтын заңдық өзгерісті парламент пен үкімет қабылдатты. Сонда бір қазақ депутаты Нұрсұлтан Әбішұлының 2011 жылғы алға қойған «2012-2013 жылдары 20-30 мың отбасын көшіріп әкелу керек» деген тапсымасына мән беріп қараған жоқ.  Депутаттарымыз бен Үкімет басшыларымыздың бұл қылығы тарихи масқаралыққа айналып, ұлтымызға жасаған қастандық екенін, міне, Укарина трагедиясы түсіндірді. Енді парламент те, үкімет те есін жисын. Жұмсақ орындық пен мансаптың қамы үшін ұлттың болашағын сатудай ауыр сатқындықтан арылатын кез келді. Біздің басымызға төніп келе жатқан нәубеттің бетін біріге отырып, Нұрсұлтандай ұлы саясаткерімізді қолдай отырып қайтаруымыз керек.

Біздің тәуелсіздік жылдарындағы ауыр тағдырымызға да Нұрсұлтан Әбішұлы ес қатты. Енді алда болатын президенттік сайлау кезінде де Нұрсұлтан Әбішұлы өз көрегендігін көрсетеді деп сенемін. Елбасымыз өзі бастаған «Нұрлы көшін» қайта жалғайды деп те сенемін әрі шын жүректен тілеймін. Ал өзім тірі болсам Нұрсұлтанның қасынан табыламын, қолдаймын, жан беріп қорғаймын!

Abai.kz

0 пікір