Жексенбі, 8 Желтоқсан 2019
Қоғам 6246 0 пікір 22 Наурыз, 2014 сағат 03:00

Путиндік Ресей: «Украина, саған айтам, Қазақстан, сен тыңда»

Қырымдағы референдум Кремльдің тікелей араласуымен, саяси, ақпараттық, қаржылық және технологиялық көмегімен, қарулы әскерінің қысымымен арнайы түрде өте асығыстықпен, белден басу, қорқыту-үркіту, жаппай сатып алу арқылы апыл-ғұпыл ұйымдастырылған шара. Қырымның автохтон халқы, яғни иесі болып табылатын өзімізге етене жақын кешегі Қырымның қырық батырының ұрпағы – қырым татарлары бұл шараға аяқ баспады. Референдумға қатысудан саналы түрде бас тартты. Қырымлы халқының шынайы көшбасшылары Жәмілов пен Шұбаровтың айтқандарына сенсек, референдумға бауырлас халықтың небары 0,5 пайызы ғана ат салысқан. Оның өзі әбден орыстанған, ұлтынан ажыраған, аралас некедегі қырым татарларының өкілдері деп мәлімдеуде. Референдумды дайындау, қаржыландыру, саяси-ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету, тіпті «қажетті» белгісі алдын-ала қойылған бюллетендерді жасату – барлығы да Ресей тарапынан қаржыландырылған десуде сарапшылар. Тіпті сайлаушылардың арасында Қырымға еш қатысы жоқ 85 мың «артық» адам сырттан «импортталған» көрінеді. Кеше ғана криминалды топтарды басқарған бүгінгі Қырым басшылығы қарапайым қисынды, қарапайым математиканы аяққа таптап, есебінен жаңылысты. Мәселен, Қырым басшылығы жариялаған барлық «ресми» деректерді сүзіп шықсақ, түбектің «Ресеймен қайта қосылуына» 95-96 пайыз сайлаушылар емес, 123 пайызы дауыс берген болып шығады. «Шетелдік бақылаушылар» деп алып келген сарапшыларының барлығы дерлік ойдан қашқан, қырдан қашқан, негізінен Еуропадағы сепаратистік, ашық түрде фашистік, әсіре ұлтшыл бағыттағы маргиналды топтардың өкілдері. Көбісін Кремльдің тыңшылары деп атауға толық негізіміз бар. Осының өзі талай нәрсені аңғартады емес пе?!

Украина билігіне қылмыскерлер, фашистер келді деп ойбайлаған Ресей өзінің жымысқы саясатын жасыру, ақтау мақсатында барша Еуропаның фашистері мен сепаратистерін жинағанына не дейміз? Ұзын сөздің қысқасы, әлем жұртшылығы, өркениетті елдердің бірі де мұндай референдумды мойындай алмайды. Ешқашан да мойындамайды!  Олар бұған ашық та, жабық та қарсы саясат жүргізеді. Әзірге бұл шараны тек Солтүстік Корея мен Никарагуа ғана мойындаған сияқты. Ертең Ресейден қаржылық көмек алып отырған Вануату, Кирибати сияқты мұхиттағы бишара арал-мемлекеттер мойындар. Ресейден қаржы алып отырған, соның әскери күшімен ғана жантәсілім етіп, әупірімдеп отырған Солтүстік Осетия, Абхазия, Приднестровье, Таулы Қарабақ сияқты ешкім мойындамаған, сепаратистік, жартылай криминалды құрылымдар мойындар. Басқа ешкім, ешбір ел, ешбір халықаралық ұйым Қырымның алдымен «тәуелсіз ел», ертеңінде «өз еркімен Ресей құрамына ұмтылған ел», «Ресей Федерациясының құрамдас бөлігі, субъектісі» екенін қабылдамайды, мойындамайды.

Ресейдің стратегиялық серіктестері болып табылатын Белоруссия, Қытай сияқты мемлекеттер де ләм-мим деп ауыз ашпайды. Қазақстанның да саясаты солай болмақ. Басқаша әрекет ететін лажымыз да жоқ, ашығын айтайық.

Бүгінгі күннің басты талабы – Ресеймен қарым-қатынастарды сақтай отырып, оның Қырымдағы қылмыстық авантюрасын мойындамау, өркениетті әлемнің алдында қарабет болмау. Егер Ресей жақын болашақта ірі-ірі елдермен текетіреске барып, оқшауланып, экономикалық және басқа да санкцияларға душар болып жатса, өз мүддемізді сақтай білу, экономикамызға, экономикалық мүдделерімізге нұқсан келтірмеу. Мықты болсақ, қалыптасқан жағдайды өз мүддемізге жарата білу қажет. Бірақ, басты міндетіміз – сабақ алу.

Қырымдағы жағдайды қазақ қоғамы, қазақ қауымы, қазақ зиялысы путиндік Ресейдің «Украина саған айтам, Қазақстан сен тыңда» дегені деп қабылдағанымыз абзал.

Ендігі кезекте Ресеймен жасалып жатқан көптеген жобалар мен келісімдердің күші жойылады. Бүгіннің өзінде ондаған Ресей шекпендісіне өз елдеріне келуге тыйым салынды. Олардың қаржылары, мүліктері тәркіленуі де ғажап емес. Ресейге баратын барлық инвестициялар, жеңілдетілген банкілік несиелер тоқтатылады. Бұл Ресей экономикасына орасан зор нұқсан тигізеді. Тіпті бүгінгі Қырымға Ресей миллиардтап ақша құюға мәжбүр болады. Қырымда, мәселен, ауыз су мәселесі тапшы. Оны сол Украинадан мұнайдан да қымбат бағамен алуға мәжбүр болады. Яғни, қарапайым орыс халқы үшін бұл қыруар шығынға айналмақ. Құр амбицияның, бос көкіректің әңгімесі ертең әрбір орыстың зарына айналады. Батыстың тілеп отырғаны да  - осы. Жағдайды пайдаланып, Батыс өз әскерін енді Балтық елдерін қорғау, Балтық теңізіне, Украинаға көмек керек деп Польшаға, Чехияға, Түркияға алып келеді. Ол жақтарға АҚШ-тың зымырандары да, зымыранға қарсы қондырғылары да орнатылады. Геосаяси тұрғыдан Қырым Ресейдің жеңісі емес, орасан жеңілісіне айналады деген сөз. Осыған дейін Батыс, НАТО өз саясатын «ұяла-ұяла» жүргізген болса, енді еш кедергісіз, қымсынбай іске асырады. Шынтуайтында, имперлік, неоимперлік бос амбицияның құны - осы. Ресейдің керемет экономисті, Путиннің кешегі серігі Алексей Кудриннің сөзіне сенсек, Батыстың қысымы күшейе түссе, Ресей әр тоқсан сайын 50 миллиард доллар жоғалтатын көрінеді. Бұл - жылына 200 миллиард доллар деген сөз! Сұмдық қой! Батыс елдері мен олардың қаржылық ұйымдары Ресейдің ұйымдарынан барша қарыздарды қайтарыңдар деп талап қойса, онда Ресейдің 500 миллиардқа жуық алтын-валюта қорының 2 жылға жетпейтінін де сарапшылар ашық айтып отыр.

Қисынға салсақ, Орта Азиядағы Ресейдің амбициясы тек Қазақстанға тіреліп отыр. Мәселе тіпті Путинде емес. Ресей халқының басым көпшілігі еліміздің солтүстік аймақтарын «орыс қалалары, қазақта қала болмаған, біздің жеріміз» деп ұғынады. Кешегі Солженициндердің, бүгінгі соның ізбасарлары Дугин, Лимонов, Жириновскийлердің талап-тілектері – осы жерлерді қайтсе де Ресейге қосып алу. Бұған біздің сол аймақтарда тұратын орысы түгілі, кейбір қазақтар да кетәрі емес. Осы күндері талай адаммен ұрысып-қырқысып, сөзге келіп жаттық. Шынын айтайын, арасында туыстарымыз да жоқ емес. Бәрі де Ресей насихатының әсері. Ресейдің ақпараттық насихатының әсері, шындығында, Ресей әскерінің пәрменінен де күшті. Ел боламыз, ұлт боламыз, тәуелсіз қалпымызды, тұтастығымызды сақтаймыз десек бірінші кезекте қолға алатын шарамыз – толық ақпараттық тәуелсіздікке қол жеткізу. Жаңадан құрылған Ақпарат агенттігі күні-түні осы мәселемен айналысуы керек сияқты. Бұл нақты заман талабы, шынайы тәуелсіздігіміздің алғышарты.

Біздің мақсат, қайталап айтамын, Ресейге емес, Украинаға емес, өз ішімізге үңілу. Болып жатқан аса күрделі үдерістер мен үрдістерді қазақ мүддесі, қазақ мемлекетінің мүддесі тұрғысынан дұрыс талдап, осыдан дұрыс сабақ алу, нәтиже шығару, әрекет ету.

Рухани, адами тұрғыдан, біздер, алдымен қырымлы бауырлардың амандығын тілеп, соларға жанымыз ашуы керек. Екінші кезекте өзіміз сияқты тағдырлас украин халқы мен мемлекетінің тілеуін тілейміз, жағдайдың тұрақтанып, дұрыс шешілуіне тілектес боламыз. Бірақ, бірінші орынға қазақ мәселесі шығып, бірінші орында қазақ мемлекетінің, оның тұтастығының, бірлігінің, тәуелсіздігінің мәселелері тұруы тиіс деп санаймын. Өз басым Ресейдің бүгінгі Қырым соғысында тағы да опық жеп, Парижде болсын, басқа кез-келген қалада болсын әлемнің алдында тізе бүгіп, түркілерге тиісуін қойып, "ТМД жандармы" деген атаудан айырылғанын қалаймын! Аққа Құдай жақ! Солай болады да! Сенім мен үміт отын өшірмейік!  Аталарымыз өсиет еткен нақылдарды да ұмытпай, айбалтамызды сайлап, елдігімізді, ішкі бірлігімізді, керегеміз бен шаңырағымызды барынша бекіте берейік. Қазақ көшін қайта түлетіп, оның негізгі легін өз ішіміздегі үлкенді-кішілі потенциалды «қырымдарға» қарай көшіре берейік. Келген ағайын да осыны түсініп, бас тартпайдындай болсын. Қолынан іс келетін, қабілеті бар, намысы бар, шыдамы бар әрбір қазақ солтүстік өңірлерге қарай жылжып, сол жақта кәсіп құру, қоныстану, үйлі-баранды болу мәселесін ойлануы тиіс. Бүгін  таңда «ура-патриотизмнің» де, «ойбай-патриотизмнің» де уақыты өтті. Марқайып, қажетсіз семіре де бермейік, айналаны ұрандатып, шаңдата да бермейік, айналамызға күл шашып, шашымызды жұлып, ақырзаман тудырмайық. Барлығын байыппен жасап, нақты іске, әрекетке көшейік. Баяғыда Уинстон Черчилль «Ресей ешқашан да өзі ойлағандай мықты болып көрген емес, бірақ жаулары қалағандай әлсіз болған да емес» деген нақыл сөзін естен шығармайық. Қазаққа, шынын айтайық, әлі де 10-15 жыл тыныштық керек. Қалғанын зымыраған уақыт пен қазақ анасының құрсағы шешпек. Бүгіннің өзінде Қазақстан халқының өсімін беріп отырған, осы өсімнің 97 пайызын құрап отырған қазақтар екенін еш естен шығармайық. Ендігі мәселе оңтүстіктегі қалың халықты, шетелден келіп жатқан ағайынды және болашағы бұлыңғыр, бірақ халық тығыз отырған мекендердегі тұрғындарды жүйелі түрде Қостанай, Қызылжар, Кереку, Өскемен сияқты қалаларға, одан қалса ауылды мекендеріне қарай қозғалту, соған саяси, экономикалық стимулдар жасау. Бір қызығы аталған облыстардағы халықтың саны жыл сайын кемуде. Осының орнын толтырамыз, экономикалық қажеттілік дегенді желеу етіп, сол облыстарды бұрынғыдан бетер белсенділікпен қазақыландырып, болашақтағы ешбір референдумнан Сыртқы саясатқа келетін болсақ, менің ойымша, қазір өте күрделі кезең. Будапешт келісімдеріне сай Қазақстанның, Украинаның, Белоруссияның тәуелсіздігі мен тұтастығының кепілі болып табылатын Ресей бүгін өз міндеттемелерінен бас тартып, ол келісімдерді өзі бастап өрескел бұзып жатыр. Бұл өте қауіпті үрдіс.

Әлемде қалыптасқан халықаралық қауіпсіздік, халықаралық келісімдер, халықаралық заңнама өз күшін жойып жатыр. Бұл, әрине, қазақ мемлекеті үшін зор қауіп-қатер. Алайда, осы жағдайды Қазақ елі өз пайдасы үшін шешуге тырысқаны абзал. Мысалы, қалыптасқан жағдайды алдыға тартып, «Біз алаңдаулымыз, бізге қосымша арнайы кепілдеме, жаңа келісімшарттар керек» деп АҚШ, Қытай, Еуропа елдеріне қолқа салсақ, дәл қазір олардың «Жоқ, болмайды» деуге лажы жоқ. Біздің Сыртқы істер министрлігі осы күндері асқан, өмірінде болмаған белсенділік танытуы тиіс. Егер тек Ресейдің ғана артына ілесе берсек, ертең сонымен бірге тұңғиыққа кетуіміз әбден мүмкін. Бәлкім, осы жағдайды пайдаланып, барлық мәселе шешімін тапқанға дейін Еуразиялық одаққа кіру мәселесін шегеруге де болатын сияқты. Ресей шарықтап тұрған кезде Кедендік одақты құрам деп жарытпап еді, дәл қазіргі қауырт кезеңде Еуразиялық одағын жарытпайтыны анық.

Осы кешенді істерді жүзеге асыру үшін билік ең алдымен қазаққа, қазақ ұлтшылдарына, қазақ зиялыларына, қазақ баспасөзіне арқа сүйеуі керек. «Мен ғана білем, менікі ғана дұрыс» деген саясаттан бас тартып, қалай да мәмілеге келу жағын ойластырғаны дұрыс.

Қазақ ұлтшылдарының жылдар бойы айтып келе жатқан сөздерінің, болжамдарының барлығы да іске асты. Кеше ғана «осы сендер даурықпаңдаршы, жоқ жерден бәле тілемеңдерші» дегенді еститін едік. Міне, қараңыздар: айтқанымыздың барлығы да шындық болып шықты. Сонда кімдікі дұрыс? Ешкімді мұқатып-кекететін жайымыз жоқ. Және де біздің айтуымыз ермек емес, амбиция емес, популистік ұпай жинау емес. Біздер ең алдымен ұлтымыз бен мемлекетімізді ойлайтын жандармыз, ұлтымыздың азаматтарымыз. Бізге лауазымның да, орынтақтың да қажеті жоқ. Еліміз, мемлекетіміз аман болсын, өссін, өркендесін, тәуелсіз болмысынан, жерінің тұтастығынан айрылмасын деп тілейміз. Егер биліктің де ойлағаны осы болса, шын пиғылы осыған сайса, онда қазақ атаулы ұйымдардың барлығы неге жырақта қалып келеді? Неге билік қазақ ұлтшылдарымен ымыраласып, қоян-қолтық жұмыс істемейді деген заңды сұрақтар туындайды. Білетінім, қазақ ұлтшылдары осындай кешенді мәселелерді шешу үшін белсене жұмыс істеуге дайын.

Abai.kz

0 пікір