Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 6806 0 пікір 25 Наурыз, 2014 сағат 13:08

КЕНДІ ӨЛКЕНІҢ КЕЛІСТІ ІСТЕРІ

Степногорск қаласы облыс орталығы Көкшетау қаласынан кейінгі облыстық маңызы бар қала болып саналады және экономикалық әлеуеті жағынан облыстық деңгейде мықтап орын алатын өнеркәсіптік аймақ екені баршаға мәлім. Бұрынғы ғасырлардағы Америкадағы «алтын безгегі» сияқты «атақты» болмаса да, өткен ғасырда табылған кен орындарына байланысты шаруашылығы түбегейлі өзгеріп, сайын дала төсінде сәулетті қала бой көтерді, қазіргі таңда Шығыс-Солтүстік орамдағы ірі өнеркәсіп орталығына айналған өлкенің ел экономикасына берген және беретін үлесі әрқашанда елеулі. Бұндағы өнеркәсіптік кәсіпорындарының Республика көлемінде, тіпті кейбіреулерінің Орта Азияда теңдесі жоқ екенін біреу білсе, біреу білмес. Облыстың өнеркәсіп өнімінің қырық пайызына жуығын жалғыз өзі беріп отырған өндірісті өлкенің дамуы серпінді, тірлігі ырғақты. Өтпелі кезеңнің «өларасынан» өзегі талып өтсе де, өзіндік бет-бейнесін жоғалтпады, елмен бірге «есін жиып, етегін жапты». Мәскеудің «кенже ұлындай» болған қаланың 90  жылдардағы аумалы-төкпелі кезеңде абдырап қалғаны рас, алайда уақыт келе көшін түзеп, бағытын тіктеді. Содан бергі ширек ғасырға жуық уақытта қаншама өзгерістер мен жаңалықтар орын алды. Шағын қала «көркейтемін» деп көлгірси келген инвестордың қалтасын толтырды, «өсуді» көздеп келген әкімге «трамплин» болды. Олардың еңбегін жоққа шығарудан аулақпыз, дегенмен қала басшылығына тағайындалуы елімізде жүргізіліп жатқан оң өзгерістермен тұспа-тұс келген Мұратбек Тақамбаевтың еңбегін атап өткен жөн. Осы кезеңде магистралдық су құбыры жүйесі қайта салынды, көп уақыттан бері тұрғындардың «бас ауруына» айналған қала жолдары күрделі жөндеуден өткізілді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына сәйкес көп қабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үйлердің ауласы көркейтілді. Иесіз қалған көп қабатты үйлер қалпына келтіріле бастады. «Шағын қала» бағдарламасы бойынша әлеуметтік салада да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

Кезінде айрықша мәртебесі болған қала тұрғындарының басым бөлігі басқа ұлт өкілдері болғаны ешкімге құпия емес. Алайда соңғы жылдары қалада жергілікті ұлт өкілдерінің саны күрт өсіп, халықтың айтарлықтай үлесін алып отыр. Қала бойынша орта білім беретін 9 мектеп болса, соның біреуі ғана қазақша оқытатын. М.Тақамбаев әкім болған кезде мемлекетік тілде оқытатын тағы бір мектеп қосылды, тағы екі мектепте қазақ сыныптары ашылды. Алдағы жылы екі мектепте мемлекеттік тілде оқытатын сыныптар ашылады деп күтілуде. Әкім мырза осы шаруалардың барлығын алаулатып-жалаулатпай, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», өз ретімен жасап келеді. Әйтпесе, кезінде тікелей «жоғарыға» бағынып үйреніп қалған тұрғындар арасынан атқарылған әрбір істен саяси астар іздеп, тырнақ астынан кір іздейтіндер қазір де көптеп табылады. Бұның барлығын жазып отырғанымда әкімге жағынып, «жағдайымды жарату» мақсат емес, өйткені жетпістен асқан жасымда маған бір лайықты қызметтің немесе басқаша бір жеңілдіктің қажеті жоқ. Өкіметтің өлшеп берген зейнетақысы қалған ғұмырымдағы тірлігіме жетеді. Осы жасқа дейін жақсыны да, жаманды да көрдім, басқа елдің «шенін тағып, шекпенін де кидім», саяси басқарудың түрлі формацияларында ғұмыр кештік. Сондағы бір байқағаным бірыңғай сынау-мінеумен іс алға баспайды. Атқарылған жұмыстардың жақсылығын айтып отыру ұрпаққа үлгі-өнеге. Бұл туралы дана халқымыз: «Жақсының жақсылығын айт»-деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп қойған.

Степногорск қаласының тұрғыны

Т.Әбілов

Abai.kz

0 пікір