Жұма, 29 Наурыз 2024
Cатира 6177 0 пікір 26 Наурыз, 2014 сағат 13:54

Мұхтар ШЕРІМ. КРЕМЛЬДЕН КЕЛГЕН ҚҰДАЛАР

Махаббатта шекара болмайды. Былтыр Ресейде қауын-қарбыз сатып жүргенде, кешке Кремль жақта пісте шағы-ы-ып, қыдырып жүретінмін. Бір күні Ресей президенті Владимир Путиннің қызының қызы Светамен танысып қалдым-ей... Кірпіктері найзадай, көздері найзағай, мұрыны шағылмаған пістедей екен, содан «движение» жасап, өзімді Премерь-министрдің «жиені­мін» деп қуып кетіп, Санкт-Петербургте қыдырып, Нева өзенінде шомылып, ақырында аяғын ауырлатып қойдым... «Өлә-ә... Енді қайттім? Сотталатын болдым-ау!», деп дегбірімді дірілдетіп жүрдім де, «құласаң түйеден, не кемеден құла!» дегендей, Светамды алып қаштым. Пойызбен. Машинистке жиырма мың теңге беріп...

       Қайын атам Путин Елбасымызға ызбандап, «мынау қайдан шыққан жулик?» деген бе, әйтеуір, Қасымжомарт Тоқаев араға түсіп, әрең дегенде басылды ғой... Әйтпесе, мен кіммін? Жәй әшейін, мектеп қарауылының баласымын...  Сіздер күлмеңіздер, содан кейін не болды дейсіздер ғой? Депутаттар  мың доллардан жинап берді, Сабилянов ағам демеушілік жасап дегендей, құдалық өткіздік. Облыс әкімі он жылқы сойғызып, он киіз үй тіккізіп, құдаларды аспаннан күттік. Аспанға қарай –қарай, мойным қисайып қалды. Жұрттың бәрі қазір аспанға қарап, қисайып жүреді. Өйткені, Президент Путин бастаған құдалар тік ұшақтармен ұшып келіп, парашюттермен секірді. Ұялғаным-ай, енем, Светамның шешесі Мария Путинаның көйлегін жел үрлеп... қызыл лыпасы қызараңдап... Путинді Елбасымыздың оқ қағарлары қағып алды. Аяғын жерге тигізбей. Кейінгі жас қатыны Алина Кабаеваны бір жігіт көтеріп әкетіп бара жатыр! «Ойбай қайда?» дестік. «Аспаннан қыз жауды, үйленемін!» дейді. Әрең тоқтаттық! «Қырымды тартып алған Путин құданың қатынын ала қашатындай сен кім едің?» деп тұмсығынан бір пердім.  Содан не керек, Кремльден келген құдаларды Шымкенттегі  «Екі жұлдыз» тойханасына жайғастырдық. Бас құда Владимир кісі, шіреніп қалыпты, көзінде — Қырым. Украйнаның Қырымын айтамын да. Оның жанында досы, премерь-министр Дмитирий Анатольевич Медведов, аштан өлгендей тауықтың сирағын мүжіп отыр.  Путиннің әйелдері Людмила мен Алина қатар отырып қалған екен, бір-бірінің шаштарын ұстасып, жабысып қалыпты. Асаба алма шырынын бастарына құйып жіберіп, әрең ажыратты. Құдалыққа қырық шақты Путиндер келген екен. Бір жақсысы, киіт кигізбейміз, қазекем сияқты. Президенттің туысы Игорь Путин арақты аузына лақтыра салды. Роман Путин түнеріп отыр. Вера Путина ыржалақтап, жан-жағына қарай береді. Енем Мария Путина мен сіңілісі Екетарина Путина айқайлап: «Құда табақ қашан келеді? Біз «частушка» айтамыз!» деп қоймайды ғой, құдалық басталмай жатып. Украйнаның экс- президенті Виктор Федорович  Януковичке не жоқ десеңші? Қыстырылмайтын жері жоқ, қойдың басын мүжіп отырғаны қызық екен. Жынды Жириновскийдің аузын ине-жіппен тігіп тастапты... «Аузы жыбырлап, бүл­дір­месін...» дегендері болар... Содан, «Мұзарттың» әнінен кейін сөз бас құда Владимир Путинге берілді. Владекең қызып қалыпты.

- Күйеу бала, ко мне! — дегені.  Жетіп бардым.

- Тыңда, мен Путинмін! Мені Украйна халқы «Гитлер» деп мазақтапты! Мен оларға көрсетемін! Грузиядан Осетияны бөліп тастадым ба? Тастадым! Шешендерді қырып жойдым ба? Жойдым! Қырымды алдым ба? Алдым! Не үшін? Қайда болса да, орыс халқын ойлап жүремін ғой! Солар «жылама­сын­шы», солар «уайымдамасыншы» деп... Солардың құқын қорғап...

       Жыным келді. Шымкентшелеп: «О, шешең...» деп қалғаным.  Қайын атамның жағасынан ала түстім. Қырғын төбелес басталды да кетті! Бір қарасам, «пәлесінен аулақ!» деп өзіміздің депутаттар, әкімдер, біраз министрлер қашып барады екен.  Төбелесіп жүргендер өзімнің сыныптастарым, туыстарым, бұрын жүріп, тастап кеткен қызымның  ағалары! Путиннің желкесіне секіріп мініп алып, жалтыр басын шапалақтадым: «Абыройыңыз әлем алдында  албасты болды! Ит екенсіз ғой! Қырымды өтірік референдуммен алғаныңыз қалай? Енді «орысыңның қамын» ойлаған болып, Қазақстанға кірпігіңді қадайтын шығарсың? Мә саған!» деп  өмірімде бірінші рет қайын атамның кіндігінің астынан бір тептім! Светам жылап- еңіреп жүр: «Не надо, не надо!» деп қояды. «Кет-ей, талақсың! Талақ, талақ, талақ!» деп үш рет дауыстап, тойханадан  ашуланып шығып кеттім. Қазақ жеріне көз алартып көрсін осыдан! Қазақстанымызды қанымыз кепкенше қорғаймыз! Қайтып келсем, Путин бастаған құдалар  «Қызыл өрікке» билеп жүр екен! Әйда! Шіркін-ай, осылай армандасам ә? Не, армандауға да болмайды ма?

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2269
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3584