Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2019
Қоғам 3547 0 пікір 28 Наурыз, 2014 сағат 14:29

АЛМАТЫ ӘКІМІ РЕСЕЙШІЛ МЕ?

Сөз қысқа.

Алматыдағы Абай даңғылы мен Өтеген батыр көшесінің қиылысында салынып жатқан метро аялдамасының аты – Мәскеу – Москва. Тапсырыс беруші – Алматы әкімдігі.

"Мәскеу" бекеті аталуының сыры мынада екен: Зауытбек Тұрысбеков Ресейде елші болып тұрғанда, 2011 жылы Мәскеу өкіметімен екіжақты келісім жасаған. Ол келісім бойынша, Мәскеу өкіметі бір метро аялдамасының атын "Алма-Ата" деп атаған. Өз кезегінде Алматыдағы біз сөз қылып отырған метро аялдамасы "Мәскеу" болып шыға келген. Осы жерден тоқтай қалыңыз, өйткені, жер бетінде "Алма-Ата" деген қала жоқ! "Алма-Ата"- совет өкіметімен бірге келмеске кеткен. Өшкен. Кейде біздің биліктегі Сейдуманов секілді әлі де коммунистік идеядан айыға алмай жүрген адамдар "Алма-Ата"-ны аңсайтыны болмаса... Демек, Мәскеудегі "Алма-Ата" метро аялдамасының Тәуелсіздік бесігі -  Алматыға мүлдем қатысы жоқ. Ол - Тұрысбековтың "Алма-Атасы".

Ал, келесі көше, яғни, Абай даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысқан тұсынан орын теуіп жатқан сауда орталығы да Москва деп аталады.

Бұ не неғылған қаптаған Москва?! Әлде Алматы әкімдігі Мәскеуге деген «махаббаттарын» осылай паш етпек пе?

Жеке адамның Ресейді жақсы көруіне түсіністікпен қарауға болар. Ал, республикадағы ең үлкен әрі маңызды қалада бір емес, бірнеше Москваның бой көтеріп жатқаны түсіністіктің аясына сыймайды.

Қала әкімі және әкімшіліктегі кішкентай шенеуніктер бір көшенің бойындағы екі бірдей нысанға Москва атауын қандай негізге сүйеніп беріп отыр? Егер мемлекетаралық достыққа иек артса, онда Қазақстан Ресеймен ғана емес, әлемнің көптеген елдерімен достық қарым-қатынаста, саяси-экономикалық байланыста. Өзге ат табылмай, қайткенде бөтен елдің астанасының атауын беру қажет болса, ендеше, Бішкек, Анкара, Ташкент, Баку сияқты түркі тектес бауырлас елдердің астаналары бар. Әлде қала әкімі мен қармағындағы қызметкерлер Астанаға емес, Мәскеуге тәуелді ме?

Керек десеңіз, дәл қазіргі уақытта Москва деген ат басқыншылықтың, көрші мемлекеттердің территориялық тұтастығына қол сұғып, Тәуелсіздігіне қауіп төндіріп, халықаралық құқық нормаларын аяқасты етіп, әлем алдында жеккөрінішті халге түскен Ресей билігінің баламасы ретінде қабылданады.

Күні кеше ғана Президент Н.Назарбаев Алматыға арнайы сапармен келіп, қаланың Тәуелсіздік тарихындағы ерекше орны мен республика өміріндегі маңыздылығын сөз ұғатын адамға тәптіштеп тұрып түсіндіріп, айтты. Елбасының өзі бағасын асырған қаланың әкімшілігі болса, Ресейшіл пиғылдарын паш етіп, Мәскеу атын аялдамаға да, сауда үйіне де беріп әлек. Осылайша, қала әкімі «Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматыны» (Президенттің сөзі) Мәскеуге тәуелділікке жетелеп қана қоймай, оның айқын көрініс көрсетіп отыр.

Abai.kz

0 пікір