Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 7526 0 пікір 28 Наурыз, 2014 сағат 18:16

ҚАЗАҚСТАН ИНТЕГРАЦИЯДАН ҰТЫЛҒАН ЖОҚ!

Соңғы кездері қазақстандық және шетелдік БАҚ-ында: «Қазақстан Кеден Одағына мүше болғанынан ұтты ма, ұтылды ма?» деген сауалдың айналасында әртүрлі ой-пікірлер көрініс табуда. Әрине, жеке пікірін айтып, көзқарасын білдіруге әркімнің құқығы бар. Алайда, бұл мәселенің түп-төркініне тереңдеп үңілетін болсақ, кедендік «үштіктегі» интеграциядан Қазақстан еш ұтылған жоқ.
Осыған нақты дәлелдер мен дәйектер келтірелік. Бірінші дәлеліміз – ІЖӨ-нің өсімі. Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов жария еткендей, 2013 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстанның ІЖӨ-інің өсімінің деңгейі 6 пайызды құрады. Соның ішінде, өнеркәсіптік өндірістің көлемі – 2,3 пайызға, тау-кен өнімдері өнеркәсібінде – 3,1 пайызға, қайта өңдеу өнеркәсібінде – 1,6 пайызға ұлғайды. Бұл жерде ең үлкен өсім негізгі екі салада байқалып отыр.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім динамикасы бойынша машина жасау саласы (жоспарланғаны 112 %, іс жүзіндегі өсім 114,6 %) көш бастап тұр. (ресми деректер Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінен алынды) Соның дәлелі, өндіріс көлемі 850 млрд. теңгеден асып түсті. Жеңіл автокөліктер өндірісі екі есеге – 19 186-дан 37 471 бірлікке көбейді. Ал автобустар өндірісі 4,5 есеге артып, 205-тен 922 данаға жетті. Өткен жылы елімізде тұңғыш рет «Пежо» автокөлігінің шығарылымы жолға қойылды. Ал биылғы мамыр айынан бастап жол талғамайтын «Тойота» автокөлігі шығарылады. Атап айтарлығы, отандық автоөнеркәсіп биыл жылына 50 мың автокөлік құрастырып шығару межесіне қол жеткізуді жоспарлап қойған.
Қарқынды дамуға бет бұрған екінші сала – құрылыс индустриясы. 2013 жылы бұл саладағы өсім көлемі 11,8 пайызға дейін ұлғайды. Қазақстандықтарды қуантатыны, ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесі 72 пайызға жетті. Ендігі міндет – Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде осы көрсеткішті 80 пайызға дейін арттыру. Ең бастысы, 2014 жылдың соңына дейін бұл межеге жетуге барлық мүмкіндіктер бар. Өйткені, қазірдің өзінде цемент, шатыр, жылу сақтайтын материалдарды, пластмассадан жасалатын құбырларды және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру көлемі көбейді. Ішкі нарықтағы сұраныс цементпен, бетоннан жасалған бұйымдармен, гипс картонымен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Биыл екі бірдей цемент зауытының іске қосылуы нәтижесінде еліміздің батыс және солтүстік аймақтары цемент импортынан толықтай бас тартуда. Мысалы, «Каспий Цемент» ЖШС-і өткен жылдың соңында 1 млн. тонна өнім шығарып үлгерді.
Қазақстанның интеграциядан ұтқанының екінші дәлелі – инвестициялардың ұлғаюы. 2012 жылы елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны рекордтық көрсеткішке жетіп, 28,8 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 2,4 млрд. АҚШ долларына немесе 8,9 пайызға артық. Содан шығар, еліміз БҰҰ-ының сауда және даму конференциясының (ЮНКТАД) мәліметтері бойынша, тікелей шетелдік инвестициялар тарту көлемі бойынша көш басында тұрған 20 мемлекеттің арасынан 19-шы орынды иеленді. «KAZNEX INVEST» АҚ-ы ресми хабарлағандай, 2013 жылдың бірінші жартысында өнім өңдейтін секторға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 1,6 млрд. АҚШ долларын (бұл көрсеткіш 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2 пайызға артық) құрады. Бұл жерде де негізгі үш саланы атап айтуға болады. Біріншіден, металлургиялық өнеркәсіп және дайын металл бұйымдары өндірісіне тартылған инвестициялар – 16 пайызға өсті. Екіншіден, азық-түлік өнімдері, сусындар мен темекі бұйымдары өндірісіндегі инвестициялар өсімі 78 пайызды құрады. Сондай-ақ, үшіншіден, резеңке және пластмассадан жасалған бұйымдар өндірісіне тартылған тікелей шетелдік инвестициялар 79 пайызға артып, 31,5 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл айғақтардың барлығы Қазақстанның инвестиция салуға ең қолайлы, ең сенімді ел екенін дәлелдеп отыр. Мәселен, әлемдік бизнес-телеарналардың бірінің 2012 жылы жүргізген зерттеулеріне сәйкес, біздің еліміз АҚШ (15-ші орын) және Еуропа, Таяу Шығыс, Африка (5-ші орын) аймақтарындағы шетелдік бизнес-аудиториядағы танымалдығы жөнінен көшбасшы-мемлекеттердің тізіміне енді.
Қазақстанның Кеден Одағынан ұтқанын отандық және шетелдік сарапшылар да ашық айтуда. «Осыдан үш-төрт жыл бұрын, отандық автокөлік өнеркәсібін дамытудың келешегі зор дегенге күмәнданушылар көп болатын. Өйткені, 17 миллиондық нарық бұған мүмкіндік берген жоқ, – дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рақым Ошақбаев.- Кеден Одағы құрылып еді, осы бағытта 7-8 жоба қолға алынды. Биылдың өзінде жүздеген автокөліктер шығарылды. Қазақстанда құрастырылған автобустар Ресейге, Беларуссияға экспортталып жатыр. Екінші мысал. Оңтүстік Қазақстан облысында жылыжайлар салынып, жеміс-көкөніс өнімдерін өндіруде үлкен серпіліс пайда болды. Қазір сол жылыжайларда өндірілген өнімдердің қомақты бөлігі Мәскеуге жөнелтілуде. Менімше, Кеден Одағынан алғашқылардың бірі болып ұтқан – біздің оңтүстіктегі ағайындарымыз».
Стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері, «Проблемы национальной стратегии» журналының бас редакторы Аждар Куртовтың пікірінше, Кеден Одағында Қазақстанның өзінің артықшылықтары бар. «Салық салуды алып қарайық. Бұл саладағы артықшылықтар белсенді іске асырылуда, – дейді ресейлік сарапшы.- Көптеген ресейлік компаниялар заңдық құзыретін қазақстандық үлгіге өзгертуде. Бұл қазақстандық жинақ сандықшаға ұтыс емес пе? Кеден Одағын негізсіз сынайтындар осы мәселені ұмыта береді. Қазақстанның Ресейге салып жатқан инвестициялары да тура солай. Өйткені, Қазақстандағы банк секторы бизнеске көмектесуде Ресейге қарағанда өте жақсы дамыған. Бұл да Кеден Одағының берген артықшылығы. Осындай нәрселерді салыстырып отыру керек. Ең бастысы, туындаған мәселелерді дер кезінде шешіп, интеграциялық құрылымнан үш елдің де ұтуын ескергеніміз жөн».

Таңатар Табынұлы.

Abai.kz

0 пікір