Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әңгіме 6858 1 пікір 2 Сәуір, 2014 сағат 10:15

АЛМА АТАСЫ БАР АУЫЛ

Суретте - Әсел Мұздыбай

Өмірімді өзіңнен көрем, көрем...

Сен дегенде өміршең өлең де мен.

 Келдімұрат дегенде еріп кетер,

Бір құдірет бар сенде дегенменен!

Дәурен БЕРІКҚАЖЫҰЛЫ

 

         ... БІЗДІ  ол сол күні тағы да сапқа тұрғызып қойды. Қолдарын арқасына айқастыра ұстап, алдымызда үнсіз ары-бері жүрді. Қарсы шақырайған күннен жанарымыз жасқана ма –  біз оған көзіміздің астымен, ал, теріс айнала қалса, қолымызды көлегейлеп, тығыла қарап қоямыз. Сапта әдеттегідей Махош, Дәкөнай, Әсет, Пушкина сосын мен тұрмын. Пушкина – Әсемге күллі ауылдың берген есімі. Оның шашының бұйралығы сондай, кейде осал тарақтар сынып қалатын, кәдімгі киіз сияқты еді. Бұндай кезде терең ойға батып, қатулы қабағын жерге қадап алдымызда ыңылдап жүрген атама ешбір адам қарсы шықпайтын. Әншейінде шынжырын үзердей алқынып тұратын Ақтөс те үйшігінен басын ғана шығарып, енді не болар екенсіңдер дегендей қарап жатыр. Қысық көз сары мысық та табалдырықта тапжылмай отыр. Тіпті, күні бойы әжемді ойбайлатып, бақшадағы қызанақ-қиярды шұқып тастайтын қызыл әтеш те бір аяғын көтеріп алып, мойыны қылтыңдап, тың-тыңдап тұр.  Өйткені, атам тағы да «лабораториясынан»  шықты. Лабораториядан шықты дегенше, сапқа тұрдым дей бер. Бір кезде тоқтап, бәрімізге үңіле қарап тұрды да: «Ленин не деді?!» - деп сұрады. Біз осылай болатынын біліп, қашан айтатынын күтіп тұрғанбыз. Бір-бірімізге қарап, терең тыныс алып  дайындалғандай болып,  хормен: «Оқы, оқы және оқы!» - деді деп айқайлап жауап қаттық. Ол осы сұрақты жалықпастан бір жарым сағат қоятын. Біз де сол жауапты барлық күшімізді салып айтуға тырысамыз. Пушкинаны осындай кезде әжем ғана құтқарып қалатын. Толықша келген аппақ әжем домалаңдап,  бір аяғын сылтып басып, үйден шыға келсе болды, Әсем жылап қоя береді. Оны әжем іле кетеді. Сонда атам  біреу ұрғандай бақырып жылап бара жатқан Әсемнің соңынан: «Өй, жылауық, сары кемпірдің баласы!» -  дейтін. Осы сәтте Атамның бізден көзі тайғанын күтіп тұрған ұлдар да тым-тырақай қаша жөнелетін. Ол қаһарлы жүзімен қайта бұрылғанда, кеуде тұсында сары балапанның суреті бар, жеңі шолақ көк көйлегімнің етегін жұлмалап, жыртып тастай жаздап қорқып  алдында мен ғана тұрамын. Атам сонда да қатал жүзін өзгертпестен, сәл еңкейіңкіреп: «Ленин не деді?!» - деп сұрады. Мен бар күшімді салып, «Оқы, оқы және оқы!»- деді деп жауап бердім. Сонда ғана күлімсіреп, басымнан сипап: «Міне, атасының баласы осындай болу керек!»- деді. Мен мәз бола қуанып, кең аулаға сыймастай, көше бойы  жүгіре жөнелдім! Өйткені, «Атасының баласы» - деген мен үшін биік мәртебе еді. «Лаборториясынан»  қызара бөртіп шыққанда сапқа тұрғызатыны болмаса, менің атам біздің үйдегі ең жақсы адам болатын.  Ол  қаншалықты қатал болса, соншалықты мейірімді адам еді. Мен оны бәрінен де ерекше жақсы көретінмін. Бала күндерім, оқушы кезедерім есіме түссе, сол уақыттардағы ең керемет жақын досым да, ақылшым да бола білген атам  есіме түседі... 

        Жаз шықса болды, атамның үйіне жан-жақтан немерелері жиналады. Біз Пушкина екеуіміз  сол үйден шықпайтынбыз. Атамның үйінен он минуттық жерде тұрған өз үйімізге айына бір-екі рет, оның өзінде арнайы шақыртумен ғана барамыз. Кейде өз үйіме бір қонып келгенде Атам көздерімнен сүйіп, маңдайымнан иіскеп жатып: «Түу, әке-шешеңнің иісі сіңіп кетіпті  ғой!» - деп қалжыңдайтын. Мен оны рас көріп, өзімді кінәлі сезініп,  бетімді сабындап жуып, атамның жанына осы жолы батылданып келіп отыратынмын.   Үй іші қашан да қонаққа толы болатындығынан  Әсем екеуімізге  жаздағы  үш ай деген демалыс қана емес,  мереке еді. Ата-әжемнің де қол-аяғы ұзарып қалады.

       Біздің үй өзенге жақын жерде орналасқан. Жаз бойы қараборбай болып, Келдімұраттың қызығын біз көреміз.   Қарынымыз ашса үйге жүгіріп келіп айран ішіп алып, қайтадан өзенге кететінбіз. Әжемнің айраны мен таба наны керемет дәмді еді. Біз у-шу болып қақпадан кіре бергенде, ақ шелек толы тәтті айранын ала жүгіреді. Біздің бақта бірі тамызда, бірі қыркүйекте, бірі  тіпті алғашқы қардан кейін пісетін үлкенді-кішілі, әртүрлі сұрыпты он екі түп алма ағашы болды. Атам біз үшін сол бақтың ішінде екі алтыбақан мен айнала орындықтары бар үлкен үстел орнатып қойған. Бақтың шетінде күні-түні тынбай сылдырлап, терең арық ағып жатады. Пісіп, үзіліп түскен кей алма арықтың суына шолп етіп түсіп, көше бойымен ағып кете барады. Өзеннен келген біз үшін, әжем сол бақтың ішіндегі дастарханды жаятын. Немерелердің ішіндегі үлкендері де Пушкина екеуіміз. Айран ішіп алған соң төрт шелектей алма жинауымыз керек. Табыннан келетін төрт сиырға. Ұсақтар айрандарын төгіп-шашып ішіп болғанша, біз алма жинап, турап, сиырлардың алдына дайындап қойып үлгереміз. «Тойдыңдар ма, бар, енді ойнаңдар!»- деген әжемнің сөзін күтіп отырғандай бір-бірімізді жетектей жүгіріп, жасыл түсті темір қақпаны кезекпен тарс-тарс еткізіп, мәз-мәйрам болып өзенге қарай тартайық. Соңында шығып бара жатқан маған  әжем міндетті түрде: «Әй, қара қыз! Табынның алдынан шығуды ұмытпа!»- деп қалады. Содан, үш-төрт  сағат армансыз шомылып, ыстық күн мен судан денеміз тыртысқанда ғана үйге жинала бастаймыз. Бәрі үйге қайтады, Әсем екеуіміз табынның алдынан шығу үшін, өзен бойымен ауылдың бас жағына қарай аяңдап кетіп барамыз...

      Су әбден сорған. Сиыр күтіп отырып, әншейінде менсінбейтін, тістеген сайын тісіңе шиқ-шиқ етіп тиетін киіз алмаға кекіре тойып аламыз. Алма демекші, табын ауылға кірді дегенше, соларды сарыла күтіп отырған  бізді  таптап кете жаздайтын. Тәтті алмаға үйреніп қалған олар айналамызды апыр-топыр шаңға көміп өте шығатын. Біздің үлкен ақ сиырдың үйге асыққаны сонша, желінін қос бүйіріне соққан сайын сыздықтап сүт ағып бара жататын еді. Кейін әжем оның  желініне былғарыдан сөмке тігіп кигізіп қойды. Баулары арқасына байланған қара сөмкелі сиырдың желіні таза келеді, қурайға да сырылмайды. Ал, сөмкедегі сүтті бұзауға құйып беретін.  Табынның соңында,   өрілген шашты кептірмек болып жайып жіберген күйі, шаң жұтып, көздеріміз ғана жылтырап біз келе жатамыз. Сонда, көрші үйдегі Жәміш апаның ұлдары  біздің сиырдың сөмкесін алғаш көргенде: «Әшөк, сендердің сиырларың сабақтан жүгіріп келіп, қораға кіріп кетті»- деп қалжыңдайтын.  Біз үйге жеткенде әжем ақ сиырды сауып отырады да, атам төртінші сиырды байлап, ыңылдап ән салып жүретін. Ақ сиыр болса, шөп қоқымын шашып, көзін ашып-жұмып, ентіге дем алып,  алдындағы туралған алманы қомағайлана жеп тұратын. Содан, cүт тартып, ыдыс-аяқты жуып, кешкі ас ішеміз. Атам бізге: «Ал, қыздарым! Мен сендерді ресторанға шақырамын!»- дейді. Ресторан дегені –  алма бағындағы үлкен дастархан басындағы кешкі ас еді.  Дастарханның үстіне 3 жерден аспалы шам ілінген. Атамның бұлжымайтын бұйрығы бойынша, біздің үйде кешкі асқа тек қана кеспе көже беріледі. Әжемнің сүр ет қосылған дәмді кеспесі таң атқаннан кеш батқанша дамыл көрмеген бізге дүниедегі ең дәмді тамақ. Бір-бір кесе көжені тауысқанша кейбір бауырларымыз сол дастархан маңында ұйықтап та қалатын. Дастарханды жинап, қол-аяғымызды жуған соң үйге кіреміз. Алты бөлмелі үлкен үйге бала-шаға ғана ұйықтайды. Атам мен әжем есік алдына жеке салынған екі бөлмелі тамда ұйықтайтын. Содан, біз үйге кіріп, төсек-орнымызды жөндеп алған соң, дәліздегі терезенің көзінен: «Ата, болды,  жата беріңіз»- дейміз. Ол болса соны күтіп, үйдің  алдындағы орындықта бір әнді  ыңылдап отырады. Біздің  есікті ілгенімізге дейін тексеріп барып, тамға бірақ кіретін.  Даңғарадай үйге өңкей бала жиналған біз  алыспақ түгілі, теледидар көруге күшіміз жетпей, сілеміз қатып жығылатынбыз. Содан таңғы алтыларда көшені көшіре айқайлап, мал айдап бара жатқан табыншылардың дауысынан оянамыз.

Аулада алма ағаштары көп болса да, атам бізді арбаға тиеп алып,  ауылдың шетіндегі алма бағына апаратын.  Бақтың күзетшісі – атамың құрдасы еді. Біз ол кісіні атамның қалжыңына ілесіп,  Алма ата деп атап кеттік. Алма ата амандық-саулықты біліскеннен соң, арбадан біресе түсіп, біресе секіріп мініп маза таппай тұрған бізге қарап: «Әй, мына бандиттеріңді тағы да әкелгенбісің-ей?!»- деп қынжылатын. Атам оған көп сөз шығындамайды. Мұртының ұшын бір шиырып қойып, қойынындағы қылтиғанның басын көрсетеді –  болды. Сонда Алма ата: «Жарайды  енді. Әй, тек бұтақты сындырмаңдаршы, алма деген жерде жатыр ғой, ағашқа өрмелемеңдерші!»- дейтін. Бұл сөзден кейін-ақ біз баққа лап қоямыз. Алдымен уілжіген жұп-жұмсақ аппақ алмаға сылқия тойып аламыз.  Бақтың ортасындағы алаңқайда ішіне су толтырылған, биіктігі бір метрдей төрт бұрышты, шетінде кішкентай қақпағы бар қара темір тұратын. Соның үстін сахна қылып, концерт қоямыз. Өзімізше ән салып, билейміз. Содан кейін арбаға алма жинаймыз.  Ол алмалар тікелей атамның «лабораториясына» барады. Бақтың ішінде қалақай қалың өсетін. Атам, қалақайдың шаққаны пайдалы, қыста ауырмайсыңдар дейді. Содан, қалақай шаққан қолды қасып қойып, аса мән бермейміз. Екі-үш сағаттан соң ойынымыз таусылып, шаршап, добалдай болып ісіп кеткен саусақтар мен білегімізді қасып, атамды айналшақтай берген соң, үйге қайтатынбыз.

Сөйтіп жүріп, Әсем мектепке барды. Атам мен әжем ауыл адамдары мен туыстарды  жинап, той жасады.  Апайыммен бірге ерте тұрып, мектепке мен де мектепке жиналатынмын. Әсіресе, оның желбір жиекті алжапқышына, бұйра  шашына жараса кететін үлкен ақ бантиктеріне, үстіне құйып қойғандай болып тұратын қалың қоңыр формасына қызығамын.  Ауылдың бір қабатты ескі мектебі орталықта еді. Мектепке дейін Әсемнің сөмкесін мен көтеріп келе жатырмын. Мектеп ауласына кіріп, табалдырығына жақындай бергенде, жанында қатарласа ентелеп келе жатқан мені Пушкина тоқтатып, сөмкесін алып: «Сен қал, сенің үстіңде формаң жоқ»- деді. Содан, мен үндемей ғана сыртта қала бердім. Үш-төрт сабақ аяқталғанша аулада ойнап жүремін. Әсем сабақтан  шыққанда  қызыл сөмкесін арқама асып алып, қол ұстасып үйге қайтамыз. Құдды бір үлкен жұмыс бітіріп келгендей бізді әжем құтты қонақтай күтіп, тамақтандыратын. Кешкісін әке-шешеміз келіп, Әсемнің сабағын оқытады, ертеңге киімін дайындайды. Содан қыркүйек те, қазан да өтіп, қараша келді. Күн суытқан соң Атам мектеп директоры Құдыш ағайға барып, мені де мектепке кіргізуін өтініп, келісіп келді. Басында мен дәлізде, қоңырау соғатын апайдың жанында отыратынмын. Тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын уақыт. Ауылда жарық жиі сөніп қалатын. Жарықтың жалп етіп сөнгеніне емес, жарқ етіп жанғанына таңданып тұрып қалатын кездер еді. Сондай күндері көк сыры әрбір жерінде ғана қалған ауыр темір қоңырауды көтеріп алып зыр жүгіре сылдырлатып, кезекші апайларға көмектесетінмін. Біраз уақыттан соң, Әсемдердің сыныбындағы артқы жақта бос тұрған партаға да жайғасып алдым.  Пушкина екеуіміздің арамыз бір-ақ жас болғандықтан, келесі жылдың күзінде апайымнан қалған қоңыр форманы  мен кидім. Мен үшін сабақ оқуда еш қиындық болған жоқ.

Әлі есімде, мен 7-сыныпта бір тақия тігіп бастап, соны 8-сыныппен қатар тәмамдадым. Еңбек пәнінен сабақ беретін мұғалім орынына жайғаса бере, дәл алдында отырған маған күліп: «Ал, шығар тақияңды»- дейтін. Мен де ұялмай, аяқталмаған көк тақиямды алып шығатынмын. Сол тақияны атам бір жылдай киді. Тақияны ұнатқан жеңгелерім: «Төбе тұсы аппақ, шеті түрлі-түсті оюлармен кестелеп тіккен тақияң күшті екен. Қар жамылған Тарбағатайдың биігі мен етегіне ұқсайды» - дейтін. Ол тақия қазір әжемнің сандығында сақтаулы тұр.  Расында да, қызыл күреңге мініп алып, өлеңдетіп келе жатқан атама көк тақия кермет жарасып тұрушы еді...

Немере жайында әңгіменің шеті шыға қалса, Атам менің алғырлығымды айтып мақтанып отыратын. Біздің кішкентай күнімізде ертегі айтса, уақыт өте келе поэзия, дастан-жырлар оқып беретін боды. Тіпті, Киевтегі сол тоқсаныншы жылдардың өзінде  елу-алпыс жылдық тарихы бар жастар театры жайлы әңгіменің майын тамызып айтып беретін. Қуыршақ театрына  қарағанда сахнада үлкен адамдардың ойнағаны керемет дейді. Демалыс күндері міндетті түрде сол театрдан ертегі көру үшін баратынын айтатын. Кейде спектакль соңында ата-анасы кішкентай көрерменнің көзіндегі жасын сүртіп жататынын да көреді екен. Сондай сәттерде, кішкентай балалардың жүрегіне жол тауып,  көрерменді рухани байытып жатқан театр ұжымына алғысым зор еді дейтін. Сонда біз ауызымызды ашып, таңданып қалатынбыз. «Қалай сонда, кәдімгідей кино көрген сияқты бірақ тірі адамдарды  көріп, соған жылай ма?!» -деп. Содан атам асықпай отырып, кино мен театрдың айырмашылығын айтып беретін. Есімде қалғаны – «Киноға барсаң саған көрсетеді, театрға барсаң сен көресің» дейтін. Атамның арқасында сол Тарбағатайдың бауырындағы театры жоқ ауылда тұрып біз атақты өнер адамы – Константин Станиславскийді де таныдық. Кітап сөресінде сол автордың мақалалары бар тоз-тозы шыққан жинақтар  толып тұрады. Атам оларды қолы бос уақытында парақтап қайта-қайта оқып шығып, сөреге қайта қойып жатып: ««Тыныштықты үнсіздікпен ғана ойнаған актер –шебер емес» - деп қалай ғана тауып айтқан, ә!» - деп тамсанады.  Орталықтағы экранында жыртығы көп клубта үндінің  «Родной ребенок» атты фильмі болып, жұрт жапа-тармағай сонда жиналып жатса, біздің көшенің біраз баласы біздегі  тірі өнер жайлы әңгімемен  сусындауға келеді. Атам бізге монологтар оқып беріп, соларды жаттатқызған кештері де есімде.  Жаздыгүні клубтан шыққан көршілер балаларын біздің  ауладағы рестораннан алып қайтатын...

Осылай, қызықты өмір өте  берсін. Батасын беріп, бесігімде тербетіп, мейірімді әке, тіпті ең жақын сырласымдай болып, ерке қылып тәрбиелеп өсірген Атамның бір күні жетпістен асып кеткенін де байқамаппын. Ол кезде Әсем үлкен армандарын арқалап Алматыға кеткен. Хабарласқанда, «Алматы» мен «ресторан» дегеннің не екенін айтып беретін. Оның сөздерін естіп, алып қалаға мен де асығушы едім. Бірақ, біздің Келдімұраттағы Алма ата мен ресторанға ештеңе жетпейтінін кейін түсіндім!..

Сол жылы мен тоғызыншы сыныпта оқып жүрдім.   Мамыр айы. Түстен кейін қосымша сабаққа бармақ болдым. Бір жерге барарда атам үйде болса міндетті түрде маңдайымнан иіскеп, көздерімнен сүйетін. Оның науқастанып қалғанына екі аптадай болған еді. «Қол-аяғым сырқырап, жүрсем басқызбай ауырады» дейді. Кіреберіс бөлмеде әжем екі көзілдірікті мінгестіре киіп, бірдеңе тігіп  отыр екен. «Атам әлі тұрмады ма»- деп едім, жіптің бір ұшын тістеген бойы,  кіріп көрсеңші дегендей ишарат білдірді. Бөлмесіне кіріп келіп едім, төбеге қарап бірдеңені күбірлеп жатыр екен.

-         Ата,  өзіңізбен өзіңіз сөйлесіп жатырсыз ба?

Ол басын жұлып алып маған қарады.

-         Ееее.... Қара қыз-ай, сен білмейсің ғой. Мен мына бір кәрілік деген досыммен ақылдасып, әңгімелесіп жатырмын  деді, күліп.

Жанына келіп  отырдым.

-          Иә, сонда  ол досыңыз не дейді?

-         Неше күн болды, алыс саяхатқа шақырып жүр, күн жылынсын десем көнбей...  «Мектепке бара жатыр ма едің, жолыңнан қалма»- деп, әдетінше маңдайымнан иіскеп, көздерімнен кезек-кезек сүйді.

Есікке қарай беттеп бара жатыр едім, «Қара қыз, мына қос бұрымыңа әлгі, жазда апаларың әкелген ақ көйлекті кисең, тіпті жарасып кетер еді!» - деді.

-         Ақ көйлекке әлі ерте ғой,   жаз шықсын ата,  - деп, мен қоңыр күртемді іле киіп, бөлмеден  шығып кеттім.

Бір күні кешкісін атам барлық балаларымды көргім келеді, сағындым деп қиғылық салсын. Атамның бізді мәңгілікке тастап, өзі айтқан саяхатына кететінін мен сол кезде-ақ түсініп жүрдім. Жеке өзім қалсам болды, осы ой маған маза бермеуші еді. Сөйтіп, Алматы, Семей,  Атырау жақтарға  хабар  жіберіліп, Үржар мен Мақаншыдағылар бірінші болып келіп те үлгерді. Сол түні  немерелердің ортасында атам жас балаша ойнап, қуанып отырды. Біз де мәзбіз. Ол бізге Украинада әскерде болған жылдарын, борышын атқарғаннан кейін сол жақта әскери жұмыста болған кездерін тағы бір айтып берді. Арасында, әжем әңгімесіне килігіп, қалжыңдап отырып, Украинада кездестірген қараторы қыз жайлы да айтшы десін Ол жайтты алғаш естідік.  Сол түні қос бұрымды, ақ көйлекті қара қыздың әңгімесінің де шеті сөгілді.

-         Ата, сонда ол қыздың бұрымы мен көйлегі ғана емес, түрі де  біздің Әшөкке ұқсайтын ба еді?- деп Әсет сұрақты тарс еткізді. Атам мұртын шиыршықтап бұрап қойып:

-         Аумайтын, міне өзі! Менің қара қызым қос бұрымын өріп шықса, дәл соның  өзі! – деп қулана күліп қояды. - Ауылды сағынып, әке-шешемнен сол қызға үйленейін деп рұқсат сұрауға келген едім, қайтадан жібермеді. Қара қыз күтіп жүр деп едім, өзге ұлттың дәстүрі де бөлек, тілі де, діні де бөлек қой,  өзіміздің қазақтың да қара қыздары көп емес пе деп олар мені керісінше үгіттеді.  Механизатор қылып жұмысқа тұрғызды. Ол кезде ауылдың  жағдайы рас қиын еді, көмек қолы керек болатын, содан, Киевке қайта оралмадым. Сөйтіп жүргенде, үш-төрт жылдан соң мына бір домалаңдаған көк көзді сары қыз кездесті - деп, тағы бір күлдіріп алды. 

Не керек,  өткен өмірінің біразын есіне түсіріп, бізге ертегідей қылып айтып беріп отырды. Бір қарасам, атам қалғып бара жатыр екен. Дойбыға таласқан ерке ұлдарды тынышталдырмақ болып едім, атам көзін ашып: «Алыса берсін, ойнай берсін, шулай берсін. Сендердің шулағандарыңды естіп жатсам, алаңсыз ұйықтаймын» -  деді. Есіріп, үйді көшіре армансыз ойнаған ұлдарға қарап жатып, мен де әжемнің іргесінде ұйықтап қалыппын...

Таңертеңінде, үй толы адамдардың дауысынан ояндым. Басымды көтерсем, әжем аяқ жағымда отыр екен. Ол бірден: «Әй, келін, Әшөк оянды...»-  деді. Көздерінде жас, дауысында діріл бар.  Мені жеңгем жылдамдатып  далаға ертіп шықты. Есік алды толған адам. Бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Ағаларымыз таяқ ұстап жылып тұрды. Сөйтсем, сол ұйықтағаннан атам оянбай қалыпты. Немерелерін жақсы көрген ол, солардың шуылдаған үніне сүйсінген күйі мәңгілік сапарға жол тартқан екен. Мен оңаша барып, ресторандағы орындыққа жайғаса кеттім. Кеудем жаншылып, өксік  қолқадан ала тұншықтырып бара жатты. Дәл сол мезетте қарт Тарбағатай қопарылып келіп, біздің үйдің дәл үстінен басып қалғандай көрінді.  Мамырдың соңғы күндері болса да, күн әлі салқын еді. Таңғы жел алма ағаштардың аппақ гүлдерін жұлып, ауада сапырып жүрді. Бейне бір атамның алыс сапарына жазылған ақ жол ма, әлде иесіз қалған ресторанның қош-қош айтып сыңсуы ма..

«Өміріңнің соңғы түні екенін білсем, мен сені ұйықтатпай әңгімелесіп отырар едім ғой... ата...»- деген ойда ақ көйлекпен дірдектеген бойы ұзақ отырдым...

 

 

 

Осының бәрі есімде! Ата, мен келе жатырмын! Астананы артқа тастап, Кереку, Семей, Аягөз, Таскескен  өтіп, міне, Үржарға таяп қалдым. Таулы, сулы аймақтың таныс жолдарын көріп, ауылға жақындаған сайын, кеудемді сағыныш пен қуаныш екі жақтап қысып келеді. Бала күнгі қызықтарым мен басымнан өткен оқиғалар көзімің алдында тағы бір қайтара ақтарылып келе жатыр. Құдыретті мекенім! Қайран, балдәурен шақ,  ол бір керемет күндер болатын...

Әне, ауылымның төбесі де көрінді. Керемет! Сен неткен көрікті едің, Келдімұрат! Бала күні бұзау қуып, суына талай аяқ киімімді ағызған өзен де жарқырап, сарқырап ағып жатыр. Байқаймын, жыл сайын тау суы қопарып кететін көпірді де жаңартқан сынды. Менің келгенімді сезгендей, өзен жағалай өскен жидек пен қараталдар да иіле түсіп сәлемдесіп, самал желмен қосыла билеп тұр. Келдімұраттың тентек суы да сүйінші сұрағандай тамшыларын моншақтатып, тастарға соғылып, шалынып-жығылып  шашу шашып жүргендей!

Ата, бала күнімде сан рет жүріп, жүгіріп өткен орталық көшенің шаңын шығара 57-үйге қарай зулап келем!

Мен бүгін ауылға  келдім, ата!..

Әсел Мұздыбай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525