Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 10115 0 пікір 3 Сәуір, 2014 сағат 11:31

ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ. БАЛДЫҢ ДА ДӘМІ БАЯНСЫЗ

Қазақтың әйгілі жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев Алаштың айдынды әдебиетіне бөлекше мәнді, өзгеше тұрпатты, терең ойлы жырларымен келіп, қазақ әдебиетінің көкжиегін тынысы кең, құнды прозалық шығармаларымен кеңейткен қаламгер.

1999 жылғы «Дүние ғапыл» деген атпен Әбіш ағамыздың жыр жинағы жарық көрген. Төменде сол кітаптан алынған бірнеше өлеңді жариялап отырмыз.

Abai.kz

 

Асан Қайғы желмаясы ізіндей

Шимай сүрлеу маңдайымнан үзілмей,

Барған сайын келе жатыр жиілеп,

Ара-тұра соны ойласам – күйінем:

 

Апырай, ә! Күні кеше бала едік,

Ана сүтін апыл-ғұпыл шала еміп,

Асығып ек – есеюге, өмірге!..

Міне, өмір не сыйлады – көрдің бе?!

 

Тірлік шіркін бастап барып қиырға,

Кете барды маңдайымды шиырлап...

Әжім сызған сол «нотаның» біл әнін,

Ойнап көрші, ойлап көрші: ол – уәйім...

 

Қайран маңдай құм жолындай бытпылдық,

Сызған оны атлас арман, шыт шындық.

«Қалайша ақын өмір жолы бытпылдық,

Қалайша өмір – атлас арман, шыт шындық?» -

 

Деп шүйлігіп жүрегіңді шымшылар,

Қаламақы қайға болған сыншылар.

Жоқ, өтірік! Бұл өмірде, бұл маңда

Адам дейтін мына біздер тұрғанда

Ғаламатты самсатсақ та қаншалық,

Алтын тулы арман тұрар жар салып.

 

Сол арманның ала алғанша қамалын,

Алша мойның талша болар, қарағым,

Қиын майдан картасындайөңкей шимай

                                                      қаптаған

Ию-қию әжімі мол маңдай барға мақтанам...

1961 жыл

 

АЛМАС ҚАНЖАР

Жер түбінде көп дұшпан дуылдады –

Жатты қында жарқырап, суырмады.

 

Жаудың оғы төбеде зуылдады –

Жатты қында жарқырап, суырмады.

 

Жау тақалды, жүрегі суылдады –

Жатты қында жарқырап, суырмады.

 

Жау қамады, қалды енді қалың сында –

Сонда зорға апарды қолын қынға.

 

Жау сүңгісі кеудеде от шашып тұр:

Суырды – ақ алмасты тот басыпты...

1959 жыл

 

***

 

Қараңғылық қымтап алып бір күні,

Жұмылып қап күміс күннің кірпігі.

Сыпырғышы ажал деген тирақтың

Сипап кетсе жүзімдегі күлкіні.

 

Садақа қыл мен кетер күн кешіне,

(Садақа да – тірілерге несібе).

Сосын менің сүйегімді арулап,

Мына жайды аларсың, дос, есіңе:

 

Құла дүздің қақ төрінен көр қазып,

Көмерсіңдер аяқ-қолды кең жазып.

Топырақты саларсыңдар азырақ,

Қырдың желі соғып тұрсын азынап.

 

Үстіме кеп арайланып, таң нұры,

Бүркіп өтсін төбеме қыр жаңбыры.

Кебінімдей ақ қар қонса бетіме,

Соның сызы өтіп жатса етіме.

 

Маңдайымнан адам өтсін, күлкі өтсін,

Желе-жортып үйір-үйір жылқы өтсін.

Менен шошып, түн ішінде дүрліксін,

Тұяқтардан үстіме кеп шаң қонсын,

Шаңы қонсын қырымдағы тірліктің.

1959 жыл

 

ЖАПОН ПОЭЗИЯСЫНАН

 

Исса:

Байғұс құс жауы тор құрған

Қамығады, қараса

Көбелекке шарқ ұрған.

***

Күн ертең терек кесілмек,

Аңқау торғай басына

Ұя сап түлек өсірмек.

 

Нюдо-саки-но Дайдзедайдзин:

Жел жұлып ұшып жапырақ,

Суықтан гүлдер суалып,

Қар жауған жоқ...

Ағарған –

Қарттық жалған шашым ғой.

Жапырақ емес семетін,

Қызыл гүл емес өлетін,

Дүниеден өшетін

Мына менің басым ғой.

 

Сайге-хоси:

Бұл жалғанды қой, тегі,

Суалған гүлдей солмақ жұрт.

Әп-сәтте өшіп хабарым,

Мен де семіп қалармын.

Амал не, өзге тағдырды

Қайдан іздеп табамын?!

 

Исикава Тонудоки:

Тағат таппай тосып жүрмін өлімді –

Шипа ғой сол жазатын бар жазаны.

Жүрек сыздап, жүрек сыздап барады...

1959 жыл

 

ШАЛДЫҢ ӘНІ

Анау бір шақта тік тұрып,

Алшаңдап басқан аяқты,

Бостан-босқа жүк қылып,

Ұрдым ба мынау таяқты?!

 

Өмірдің, міне, сәні азып,

Бықсып, сөніп барады от.

Келіншек құшқан сабаз ем,

Кемпірге жүрмін таба боп.

1960 жыл

 

***

 

Құмарлық жолы қаяусыз,

Көңіл, бірақ, жерігіш.

Балдың да дәмі баянсыз,

Ауызға түссе, ерігіш...

 

Бөбегім – жырым, уа, сағат

Тіледім өзге сәтті жол:

Аш жүріп келіп асаған

Қара нандай тәтті бол.

1961 жыл

 

ОДАҒАЙ ӨЛЕҢ

Ыбыр-жыбыр. Қыбыр-сыбыр. Тәк-тәк!

Дабыр-дұбыр. Жабыр-жұбыр. Паһ-паһ!

Шақыр-шұқыр. Тыпыр-тыпыр. Қап! Қап!

Ебіл-себіл. Егіл-тегіл. Бай-бай!

Үрпе-түрпе. Сірке-сірке. Уай-уай!

Қалтаң-құлтаң. Жалтаң-жұлтаң. Еһ-еһ!

Қылтың-сылтың. Жылтың-жылтың. Тек-тек!

Қаңғыр-күңгір. Дәлдүр-дүлдір. Әй-әй!

Кәук-кәук. Әуп-әуп. Пай-пай!

Жалақ-жұлақ. Далақ-дұлақ. Жә-жә!

Әрпіл-тәрпіл. Қауқыл-қауқыл. Кә-кә!

Кеңк-кеңк. Дүңк-дүңк. Жора.

Саңқ-саңқ. Шаңқ-шұңқ. Тоба!

1985 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594