Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 5953 0 пікір 4 Сәуір, 2014 сағат 13:08

Бақытгүл Мәкімбай. ОБАЛЫҢ КІМГЕ, ОРАЛМАН?

Азаматтық алу азапқа айналса, президенттің «көш тоқтамайды» деген сөзіне сене аламыз ба?

Өткен аптада Нұрсұлтан Назарбаев шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде жазушы, белгілі жазушы ағамыз Дулат Исабековке «көш тоқтамайды» деп айтқаны сол-ақ екен, редакцияға көші-қонның қалың кедергісіне тап болған Айдын НҰРТОЛҚЫН деген азамат келген еді.

«Өзім Ата жұртқа келгеніме он жылдай уақыт болды, енді әке-шешемді, іні-қарындастарымды да көшіріп алсам деген ниетім бар еді. Енді сол ойым су сепкендей басылды, өзегімді өкініш өртеген соң, екі өкпемді қолыма алып, сіздерге жүгіріп жеттім», – дейді Айдын бауырымыз.

Сондағы Айдынның көзіне жас ала отырып айтқаны, біздің де жанымызды жылатқан жағдай мынау еді:

«Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына Қытайдағы туыстарымның келгеніне бес айдың жүзі болды. Алғаш келген кезде уақытша үш айға тіркеген еді, одан кейінгі тіркелуді тағы екі айға созды, ол мерзім де тез өте шықты. Бұдан былайғы уақытта Қазақстанда тұруы үшін ыхтиярхат алып, тұрақты тіркеуге отырулары керек деген соң, жергілікті жердегі құзырлы мекемеге барған едік. Ол жердегі тіркеу бөлімі «ыхтиярхат хат алып, тұрақты тіркеуге тұру үшін, Қытайдың консулынан анықтама алып келіңдер» деді.

Тұрақты тіркеуге тұруға өтініш берген соң, «Келген елінің рұқсат қағазы немесе тұрғылықты келу туралы рұқсат қағаз» және «сотталған-сотталмағаны жайлы және әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы жайлы» екі анықтама талап етіледі.

Ал мұндай бір жапырақ қағазды Қытай дәл сол жерде өліп қалсаңыз да бермейді. Олар ондай құжатты Қытайдан аласыңдар деп шығарып салды. Сондықтан ата-анам еріксіз Қытайға кері қайтып кетті.

Бүгінгі таңда Қытайдағы қазақтардың тұрмыс жағдайы жақсаруда, ескі үйлерін бұзып, орнына жаңа үй тұрғызып беріп жатыр. Дипломы бар жастарды қызметке алып, егін егіп, мал баққан шаруаға субсидия береді. Қытайдың саясаты сол – қазақтардың Қазақстанға кетпеуін алдын ала ойластыруда. Елге келгеніме он жыл болды, жұмыспен қамтамасыз ететін агенттіктерге телефон соғып хабарлассам, орысша жауап беріп, орыс тілін білмесең, жұмысқа алмаймыз деп, меселімді қайтарды. Қаланың шетінде тұрамын, екі балам бар, жер телімін сатып алып, үй тұрғызғанмын. Әйелім «Сәлем» базарында (барахолкадағы) шаштаразда жұмыс істеген, мен де соның қасынан етік жөндейтін аядай жерді жалға алып, күнкөріс көзін тапқандай болып едім, жергілікті әкімшілік оны да жапқызып тастады.

Осыдан үш жыл бұрынғы Қытайдағы ұйғырлардың көтерілісінен кейін, денсаулықтарыңды тексереміз деп, жергілікті қазақ-ұйғырға түтік жұтқызған екен. Содан көбінің асқазандары тітіркеніп, белгісіз бір науқасқа шалдыққан, соның кесірі әкеме де тиді. Қазақстанның азаматтығын алып, осы жерде емдетсем деген ойым арманға айналған түрі бар», – деп, Айдын бауырымыз көзінің жасын тоқтата алмады.

Амалы таусылған азамат барар жері, басар тауы қалмағанын айтып налыды. Өзі жігері құм болып отыра беретін жігітке ұқсамайды, ерік-жігерін ешкімге таптатқысы келмейтінін байқадық. Баласын әкесінен бөлген, әкесін баласынан айырған саясат адами қалыпқа сыймайтын ұғым болса керек. Сырттан көшіп келетін әр қазақты осы елде тұрақты тіркеуге тұрғызу-тұрғызбау мүмкіндігін өзге мемлекеттің еншісіне беріп қою – тәуелсіз ел деген аты бар Қазақстан үшін масқара жағдай демеске лаж жоқ.

Иә, жасыратыны жоқ, сол тәуелсіз елдің президенті Назарбаев қол қойған Көші-қон заңына енгізілген өзгерістер шетелдегі қазақтардың келуіне кедергі жасап жатқаны жөнінде наразылықтар айтылып та, жазылып та жатыр. Айдын Нұртолқынның басындағы жағдай біздің енді ғана ашып отырған жаңалығымыз емес.

Тәуелсіздік алған 22 жылда Қазақстандағы қазақтардың демографиялық өсімінің басым бөлігі оралмандар есебінен артқаны белгілі. Алайда оралмандардың елге келуіне, азаматтық алуына шектеу қойған заң қазақтың ендігі өсімін де азайтатыны анық. Ендеше ұлан-ғайыр жердегі 17 миллиондай ғана халқы бар тәуелсіз мемлекет үшін демографиялық процесс мемлекеттік мәселе десек, көші-қонды қазаққа қарай реттейтін биліктің кейпі әзірге байқалмайды.

Сонда Дулат ағаның ел президентінің аузынан естіген хабарына сенеміз бе, жоқ әлде бұл оның әдеттегі алдарқатуының бірі ме? «Көш тоқтамайды!» десе, қазақтардың ата мекенге оралуына кедергі келтіретін ол заңға неге қол қойды?

Айтпақшы, жергілікті биліктің ішкі саясат бөлімінде істейтін бір қызметкер: «Соңғы екі-үш жыл көлемінде оралмандарға қарсы насихат жүйелі түрде жүргізілуде» деп, редакциямызға хабарласқаны бар еді. Сол азаматтың айтуына қарағанда, өткен 2013 жылдың қаңтар айында облыс әкімдері, облыстық ішкі саясат басқармалары президент әкімшілігінен құпия ақпараттық хат алыпты. Ол құпия құжатта елдегі саяси ахуал туралы ақпаратты күнде кешкі сағат 19.00-де президент әкімшілігіне хабарлап отыру міндеттелген. «Жергілікті жерде өткен митинг, бас қосу, жиналыстармен қатар, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, соның ішінде оппозициялық партиялармен бірге оралмандар жөнінде ақпарат беріліп отырсын» деп жазылған екен. Демек, билік оралмандардан қауіптеніп, оралман мәртебесін Қазақстан азаматы мен шетелдік азамат мәртебесінің арасына қыстырып қойған.

Көші-қон басқармасының босағасында айлап-жылдап азаматтық ала алмай жүрген қазақтардың саны жөнінде ақпарат жоқ. Бейресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізге келетін қандастарымыздың жартысына жуығының азаматтық алуы бір жылға дейін созылады екен. Ол мерзімге жаңа заңдағы өзгеріске байланысты төрт жылды қоссақ – елге келемін деген қазақ бес жыл бос сандалады деген сөз. Ендеше азаматтық алудың азап жолын кім жеңілдетер екен деген сауалдың жауабын әзірге таба қоймасымыз анық. Сондықтан Дулат ағаның хабарын малданып, бұл мәселені жылы жауып қоюға болмайды.

Шынында да, өз қазағының өз еліне қоныс аударуы көрші елдің ішкі саясатына нұқсан келтіреді деген уәждің қисыны жоқ. Германия өз немістерін жинап алды, Израиль бұл істі соңғы отыз жылдан бері үздіксіз жүргізіп келеді, Ресей де өз орыстарын отанына жинау жөнінде мемлекеттік саясат жүргізуде. Сонда біздің билік неге өз қазағын өз отанына жинаудан қорқып отыр? Шамасы, астарында басқа мәселе жатқан бұл сауал бөлек әңгіменің тақырыбы болса керек...

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Общественная позиция»

(проект «DAT» № 13 (237) от 03 апреля 2014 г.

0 пікір