Сәрсенбі, 23 Қазан 2019
Қоғам 16889 2 пікір 15 Сәуір, 2014 сағат 12:35

Никола Макиавелли: “Билеуші екіжүзділік өнерін терең меңгеруі керек»

Мемлекет, оның түрлері мен басқару нысандары, саясат және билеушілер туралы ойлар ежелгі заманнан бастап-ақ айтыла бастады. Ежелгі үнді трактаттары мен Ежелгі Қытай ойшылдарының еңбектерінде де бұл ойлар көрініс тапты. Ежелгі грек және рим данышпандары да бұл жәйттен тыс қалмады. Сократ, Платон, Аристотель, Цицероннан бастап басқа да философтар  мемлекет және саясат туралы өз толғамдарын жеткізді.

Саяси-құқықтық ілім орта ғасырларда одан әрі кеңінен дамыды. Әсіресе, батысеуропалық саяси-құқықтық ілімде көш ілгерілеушілік байқалды. Еуропалық бұл дәуір бүкіл адамзат ұрпағы мақтаныш ететін ұлы адамдар шоғырын өсіріп шығарды. Петр Абельяр, Роджер Бэкон, Николай Коперник, Джордано Бруно, Данте, Петрарка, Шекспир, Сервантес, Рафаэль, Микеланджело, Леонардо де Винчи, Рембранд және тағы басқа әдебиет, өнер және музыка саңлақтарымен қатар саяси-құқықтық ойдың Фома Аквинский, Марсилий Падуанский, Никола Макиавелли, Томас Мор, Томмазо Кампанелла, Мартин Лютер, Жан Боден, Филипп  де Бомануар сияқты алдыңғы қатарлы өкілдері де осы дәуірде өмір сүрді.

         Осы дәуірдің көрнекті, өкілі буржуазиялық  саяси ілімнің негізін қалаушы Никола Макиавелли саяси қайраткер, дипломат және тарихшы ретінде де кеңінен танылды. Мемлекет және құқық концепциясы тарихындағы оның саяси идеялары қарама-қайшылықтар мен жаңа ізденістерге толылығымен де ерекшеленді.  Оның мемлекет пен қоғам дамуы туралы көзқарастарын жақтаушылар мен сынаушылардың көптігі, олардың бұл мәселедегі даулы айтыстары да Макиавелли еңбегінің қыр-сырын одан әрі анықтай алады.

1469 жылы Италияның Флоренция қаласында заңгер отбасында дүниеге келген Никола жас кезінен бастап-ақ құқықтану негіздерімен еркін таныса алды. Қаржы қиындығынан университеттегі оқуын толық аяқтай алмаған ол оқуға деген құштарлығы мен ізденісінің нәтижесінде өздігінше оқып ғылымның әртүрлі саласы бойынша терең білім алды. 1498 жылы Флоренция республикасы екінші канцеляриясының хатшысы болып тағайындалады. Бұл қызметте 14 жыл бойы жұмыс істеген ол Флоренция республикасында әртүрлі мемлекеттік істермен шұғылданады, осы дәуірдегі көрнекті саяси қайраткерлермен жүздеседі. Саяси іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысады.

Басқа елдер мен Италияның әртүрлі қала-мемлекеттерінде дипломатиялық сапармен болған Макиавелли бұл елдердің мемлекеттік басқару істерімен тереңірек танысады. Осы жылдар аралығында Н.Макиавелли үкіметтік жарлықтар мен заңдарды дайындауға қатысумен бірге мыңдаған әртүрлі деңгейдегі хаттар мен ұсыныстар жазады. Қызмет бабында үлкен тәжірибе жинақтаған ол мемлекет және саясат мәселелері жөнінде мемлекет басшысының сенімді көмекшісі және кеңесшісіне айналады.

1512 жылы Флоренция республикасының құлауына байланысты  бүкіл үкімет құрамымен бірге ол да қызметсіз қалады және оған қандай да бір мемлекеттік іспен айналысуына тиым салынады. Саяси және мемлекеттік қызметтен шеттетілген ол бұдан кейінгі өмірін әдеби шығармашылыққа арнайды. 1513 жылы «Патша», «Тит Ливийдің алғашқы онкүндігі», 1519 жылы «Әскери өнер туралы», 1520 жылы «Флоренция тарихы» және тағы басқа еңбектерін жазады.

Макиавеллидің мемлекет және саясат туралы іліміндегі маңызды жаңалығы саясат саласын жеке ғылым ретінде көрсетуге тырысу идеясы болып табылады. Бұл салада орасан зор тәжірибе жинақтаған ол саясат қоғамдық өмірдің бөлек саласы болып табылады деген қорытынды жасайды. Ол қоғамдық өмірді түрлі мақсаттары және оларды іске асырудағы мүмкіндіктері бір-біріне ұқсамайтын көптеген әлеуметтік күштер мен әрқилы мүдделердің қақтығысы ретінде қарастырады. Оның айтуынша саясат - адам еркіне бағынышты жанды қозғалыс, дауылды стихия, күштер арасындағы күрес, олардың үздіксіз қақтығысы, қайшылықтардың шешімі, өзгерістер мен қайта құрулар.

Макиавелли саяси оқиғаларға баға беру мен саясаттың аясы туралы идеяларында іс жүзіндегі саясат пен саясат теориясын қосуға ұмтылды. Оның пікірі бойынша, саясат түрлі әлеуметтік күштердің билік үшін, оны ұстап тұру және пайдалану жөніндегі күрес аймағы. Мұнда түрлі күштердің ең айлалысы және ең ұтқыры ғана жеңіске жетеді, адамгершілік саяси мақсатқа бағындырылады. Саясат пен билік аймағы – күрестің ерекше заңдары бар ортасы. Билік үшін күресте барлық құралды пайдалану заңы қарсыласты жеңу мақсатында қолданылады. Макиавеллидің бұл идеясы билік тарихын зерттеу тәжірибесінен алынған.

Саясаттың жеке билік үшін күресте әлдекімдердің құйтырқы әрекеті болатындығын одан бұрынғы ойшылдар да айтқан болатын. Бірақ оны алғаш рет ресми түрде қыр-сырын үңіле зерттеген Макиавелли еді. Оның өмір сүрген дәуірі Италияның саяси бытыраңқылығы, өзара тартыс-таластар, жат елдік басқыншылармен күрес, шіркеудің мемлекет ісіне араласуы да оның мемлекеттегі билік жүргізуші мен оның қол астындағылардың қарым-қатынастарын зерттеуге итермеледі. Оның мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі де сол замандағы тарихи оқиғалардың шымылдық артындағы «сценарийлерін», оны жасаушылар мен режиссерларын, бірінші рөлді орындаушыларын, негізгі күштердің механизмдері мен тетіктерін зерттеуге, әрқилы құбылыстар мен процестерді жақсы білуі де саяси-құқықтық ойдың асыл қазынасын жасауына көмектесті.

Макиавеллидің айтуынша, әлемде теңдей дәреже  шамасында  қайырымдылық пен жауыздық, әділдік пен зұлымдық бар, бірақ олар бір елден екінші елге жылжи отырып, өздерінің географиялық бағытын өзгертуі мүмкін. Яғни, бір елде қайырымдылық пен әділдік үстем болса, екінші елде жауыздық пен зұлымдық басым болады. Мемлекет тарихында бұл процесс әдет-ғұрып пен мінездің және басқа да факторлардың ықпалымен үнемі өзгеріп отырады. Бірақ әлемдегі жақсылық пен жамандықтың жалпы жиынтығы өзгеріссіз қалады.

Макиавеллидің саясат саласындағы ең басты еңбегі – «Патша» шығармасы мемлекет басындағы адамдардың ел билеуде басшылыққа алуына арналған әртүрлі кеңестер мен ұсыныстар және қағидалар берілген туынды болып табылады. Ол бұл шығармасында Италияны біріктіретін диктаторға қажет қасиеттерді ежіктеп көрсетеді. Макиавелли елді біріктіру мен билік мақсатына жету үшін барлық амал-айланы қолдануға, яғни, қол астындағыларды алдауға, өтірік айтуға, уәдені аяққа басуға, зұлымдыққа баруға, адамдарды қырып-жоюға, қатал тәртіп пен күш қолдануға және опасыздық жасауға да болады деп үйретті. Бұл үшін, ол билеушінің бойында арыстан мен түлкінің қасиеттері қатар болуы және өтірік пен екіжүзділіктің ұлы өнерін терең меңгеруі керек деп тапты.

Оның айтуынша, билеушіде табиғат пен адамның қасиеттері қатар жинақталуы қажет. Аңдардың қасиеттерін айтқанда ол арыстан мен түлкінің қылықтарын үйренуге жөн сілтеді. «Егер князь аңдардың әдіс-тәсілдерін үйренуге мәжбүр болса, онда олардың арасынан түлкі мен арыстанды таңдауы керек, өйткені, арыстан жыланнан, ал түлкі қасқырдан қорғана алмайды. Сондықтан да жыланмен күресу үшін түлкі, ал қасқырды жеңу үшін арыстан болу керек, тек арыстан болғандар істің мәнін түсіне алмайды» деп жазды Макиавелли.

           Н.Макиавелли өзінің «Тит Ливийдің алғашқы он күндігі» деген еңбегінде жазғандай: «...Қарапайым азаматтың князь болуына көмегі тие алатын екі түрлі әдіс тағы бар. Оларды басқа кездейсоқ қона салған баққа да, азаматтың жеке өзінің жұмсаған күш-жігеріне де түгелдей жатқыза салуға болмайды. Ол екі әдістің біреуі қарапайым азаматтың князьдікті қылмыстық жолмен әрі заңсыз тартып алуы болса, екіншісі оның өзіне өзге азаматтардың оң қабақ танытып, колдау көрсетуі арқылы өз мемлекетінің князі болуында жатыр.

...Мемлекет билігін тартып алған адам қатал-қатыгездіктің болмай қоймайтын барлық түрлерін терең ойластырып, оларды неғұрлым тез бірден жасауы тиіс. Өйткені, ондай қаталдықты күн сайын қайталап отыруға бармауы керек, соның арқасында қатыгез каталдыққа бармай-ақ адамдарды тыныштандырып, олардың оң ниетін өзіне аударуға жағдай жасағаны дұрыс. Ал кімде-кім ел басқарғысы келсе, өзінің қорқақтығынан немесе өзге біреулердің берген есуастық кеңесімен өз қолынан қанды қанжарын түсірмеуге ұдайы мәжбүр болады. Өйткені, ондай адам өз қол астындағыларға ешқашан сене алмайды, ал олар өздеріне ұдайы және барған сайын күштірек жасалатын қысымнан қауіпсізбіз деп сезіне алмайды.

Бұл жерде мәселе мынада: адамдарға әбден зәбір көрсету бірден әрі жаппай жасалуы керек, сонда олар ондай зәбірді жеке-жеке естеріне алып, жиі-жиі сезіне бермейді, ашу-ызаға да кемірек бой алдырады, бұған керісінше, адамдарға жақсылықты аз-аздап әрі анда-санда жасау қажет, сонда ол жақсылық ұмытылмай, көпке дейін есте қалады. Алайда билеп-төстеуші үшін ең маңызды бір мәселе бар - ол өз қол астындағы адамдармен дұрыс түсіністікпен өмір сүре білуге ұмтылуы керек, сонда оны кез-келген сәтсіздік неме­се сәттілік жағдайдың қай-қайсысы да аяқ-асты өзгеріп шыға келуге мәжбүр ете алмайды. Егер ондай қажеттілік туа қалса, адамдарға зәбір көрсету керек болмай қалады, ал жақсылық жасаудан түсер пайда да жоқ. Өйткені, ондай жақсылықты амалының жоқтығынан жасалып отыр деп түсініп, саған ешқандай алғыс сезімін тудырмайды».

Итальян ойшылының пікірінше, билеуші өз іс-әрекеттерінде дұрыс деп тапқан әдістер мен шараларды қолдана алады. Ал, бұл мақсатта бұрынғы айтылған уәделер мен анттар бұзылса, әдептілік қағидалары мен адамгершілік принциптері аяққа тапталса, азаматтық бостандық шеттетіліп ескерілмей қалса, онда тұрған ештеңе де жоқ. Билеуші оған бас ауыртып көңіл бөлмеуі керек. Өйтпеген жағдайда саясатта мақсатқа жету қиыныраққа соғады. «Макиавеллизм» деген атқа ие болған оның бұл ілімі саясат пен билікте өз мақсатына қалай жетсең де дұрыс деген қағиданың пайда болуына әкелді. Оның бұл көзқарастары феодалдық және буржуазиялық билеушілердің арасында кеңінен таралды. Макиавеллидің бұл ілімін қазіргі кезде де қолданатындар бар.

Дегенмен Макиавеллиді зұлымдық пен құйтырқы саясатты ғана  уағыздаушы деп түсіну қателік болар еді. Ол ел билеу мен саяси мақсатқа жетудің бұл әдіс-амалдарын жеке бастың мүддесі үшін емес, мемлекет, қоғам игілігі үшін, елдің тұтастығы мен бірлігі, қуаттылығы және тыныштығы үшін қолдануға кеңес береді. Ол ең алдымен өз заманының патриоты, гуманисі, адал ұлы болды. Оның теориясы, концепциясы, көзқарастары – сол дәуірдің саяси жағдайын бейнелейтін еді. Саясат саласында ол ешқашан да зорлықты, азғындықты, жақтаған жоқ. Керісінше, ол билеуші, саясаткер халықтың пікірімен санасуы керек деп есептеді. Егер саясаткер зорлыққа сүйенсе, ол оның жеке мақсаты болмауы керек. Оның айтуынша, зорлықтың мақсаты қирату емес, бүліншілікті қалпына келтіру. Кез-келген зорлық әрекетті мемлекет мүддесі үшін жасалғанда ғана ақтауға болады.

Макиавелли билеуші өзін халық алдында қалай көрсетуі керек, билеушінің қатал немесе мейірімді болуы мемлекеттің жағдайына қандай зардабы немесе пайдасы болатындығы туралы мәселеде былай деп жазады: «...Әрбір билеп-төстеуші өзін өзге жұрттың қатал емес, қайырымды деп санауын қалайды... Князь өзінің қол астындағы халықты тұтас бірлікте және өзіне шын берілген адал етіп ұстағысы келсе, онда ол аяушылықты білмейтін қатал адам деген атақтан қорықпауы керек... Барлық билеп-төстеушілер арасында жаңа князьдің қатал деген атақтан өзгелерге қарағанда барынша аз қашқақтауы қажет. Өйткені, кез-келген жаңа мемлекетті жан-жағынан бірдей қауіп-қатер қоршап тұрады.

...Князь біреулерге сенуде және іс-әрекеттер жасауда барынша сақ болуы тиіс, өзінен өзі қорықпай, асығып-үсікпей, байсалды әрекет етуі, біреулерге шектен тыс сенім білдіруі, абайсыз аңғалдыққа, өте қатты күмәндануы төзуге болмайтын шарасыздыққа ұрындырмауы үшін айрықша данышпан ақылдылықпен және адамгершілік мейіріммен алдын ала терең ойланып-толғануы қажет... Өзге ешқандай да амал-айла қалмаған жағдайда сүйікті болудан гөрі қорқыныш, үрей туғызу әлдеқайда пайдалы...

Алайда князь дұшпанға үрей туғызғанда, олардың сүйіспеншілігіне бөленуде қорқыныш-үрей туғызғанмен, жаудың жеккөрінішті өшпенділігіне ұшырамауға болады. Ол мұндай мақсатқа, егер азаматтар мен қол астындағылардың дүние-мүлкін тонауға салмаса, олардың әйелдерін масқаралап қорламаса, әрқашан жете алады. Ал егер біреудің қанын қайткен күнде де төгуге тура келсе, онда бұл әрекетті ақтау үшін жеткілікті мөлшерде дәлел мен себеп керек болады».

Макиавелли саяси билікті жүзеге асырудың міндетті ережелерінің бірі қол астындағылардың сеніміне ие болу керек екендігін жақсы түсінді. Жақсы билеушінің басты қасиеттерінің бірі халық сеніміне ие бола білуі деп есептеді. Халық билеушінің билік қызметін жүргізуіне кедергі жасамауы үшін, олар билеушіге толық бағынышты болуы да қажет. Макиавеллидің айтуынша, халықты өзіне толық бағынышты етудің екі жолы бар. Оның біріншісі – халықтың билеушіге деген сүйспеншілігі, екіншісі - оның алдында қорқынышта болу. Бұның қайсысы тиімді және қолайлы деген мәселеде Макиавелли «сүйіспеншілік пен қорқыныш бір мезгілде болғанда тиімді нәтиже берер еді, бірақ сүйіспеншілік қорқынышпен сіңісе алмайды, ал осылардың біреуін таңдау қажет болғанда, қорқынышты таңдау тиімдірек болады» деген қорытындыға келеді.

Қол астындағыларды өзіне мүлтіксіз бағынышты ету үшін билеуші ең қатал және ауыр шараларды ғана пайдаланып қоймай, ең бастысы айламен билей білуі керек. Макиавелли қаталдық соғыс және төтенше жағдайларда ғана емес, бейбіт уақытта да қажет деп есептейді. Мысалы, мемлекеттік билік жаулары мен сатқындардың көзін жойып отыру билеушінің міндеті болып саналады. Олардың алдында билеушінің жауапкершілік міндеті болуының қажеті жоқ. «Билеуші сотқа бағынышты емес».

«Патша» шығармасында Макиавелли «билеуші қандай әдістермен мемлекетті басқара алады және билікті ұстап тұрады» деген сұраққа «биліктің мықты негізін қалау» арқылы қол жеткізуге болады деп жауап береді. Оның айтуынша, қандай да бір мемлекет болсын, биліктің негізі жақсы заңдар бола алмайды, мықты әскер бар жерде ғана жақсы заңдар өмір сүре алады. Күшті мемлекет пен мықты биліктің өмір сүруі мемлекеттік басқару аппаратына да тікелей байланысты болмақ. Билеуші өзі құрған мемлекеттік аппарат арқылы ғана бүкіл елге билігін жүргізе алады. Билеуші елдегі саяси биліктің әлдебіреулердің де қолында болуына ешқашанда жол бермеуі тиіс.

Яғни, Макиавеллидің сөзімен айтсақ: «Барлық мемлекеттердің ең басты негіздері - мейлі олар жаңа болсын, ескі болсын немесе аралас болсын бәрібір - жақсы заңдар мен күшті әскер. Күшті әскер жоқ жерде жақсы заң бола алмайды, ал күшті әскер бар жерде, әрине, жақсы заңдар болады.

Адамдарға, соның ішінде әсіресе князьдарға, ...оларды мақтайтын не даттайтын әйтеуір бір сапалық көрсеткіш атақтар таңылатыны - үйреншікті нәрсе. Мысалы, біреу - жомарт, біреу - сараң; ... біреу - қайырымды, біреу - қанқұмар жауыз; біреу - қатал, біреу - рахымды; біреу - сатқын, біреу - шын берілген адал; біреу - нәуетек нәзік те именшек, біреу - қаһарлы да батыл; біреу - жайдары, біреу - такаппар; біреу - бұзылған азғын, біреу - мінез-құлқы таза; біреу - шыншыл да момын, біреу - қулық-сұмдығы мол мекер; біреу - қасарысқан қырсық, біреу - кешірімпаз; біреу - байсалды, біреу - ұшқалақ, біреу - дінге берілген тақуа, біреу - Құдайға сенбейтін дінсіз деген сияқты тағы басқалары.

...Осы қасиеттердің тек жақсыларын, жақсы деп саналатындарын бойына сіңірген князь табыла қалса, оның аса зор ұлы мақтанышқа айналатынына әркім-ақ сенер еді.

Алайда осы қасиеттердің бәрін бірдей бойға сіңіру, әсіресе жүзеге асыру мүмкін емес. Өйткені, адам өмірінің сан қилы жағдайлары олай етуге мұрша бермейді. Сондықтан да князь ақаулардың өзін масқара ететін, мемлекет билігінен тайдыратын келеңсіз салдарларға ұрындыруына ешқандай жол бермейтін, ал билігіне қауіп-қатер төндіре қоймайтын өзге ақаулардан мүмкіндігіне қарай барынша сақтана білетін данышпан адам болуы керек. Ал егер олай ету қолынан келмейтін болса, онда ол ешқандай жалтақтамай, өз еркіне сай әрекет етуге кірісуі тиіс.

Ақырында князь мемлекетті сақтап қалуға септігі тиетін, онсыз мемлекетті қорғау қиын болатын ақаулардың келеңсіз салдарларға ұрындыруынан тіпті де қорықпауы керек. Өйткені, барлық мәселеге терең бойлап қарар болса, осының өзінен де әлдебір адамгершілік ізгі әрекетті табуға болады. Ал бұған бармау князьдің өз басына қатер төндірер еді. Былайша қарағанда ақау сияқты көрінетін, бірақ оларды ұстана білсе, князьдің өз қауіпсіздігі мен бас амандығын қамтамасыз ете алатын басқа да жағдайларды табуға болады».

Мемлекеттің басқару формалары туралы ойларында Макиавелли антикалық заманнан сақталып келе жатқан Платонның, Аристотельдің және Полибийдің еңбектерінде көрініс тапқан классификацияларды дұрыс көреді. Ол Полибийдің басқарудың үш дұрыс формасы - монархия, аристократия, демократиясын және үш дұрыс емес формасы - тирания, олигархия және охлократияны бөліп қарайды. Оның алғашқы үшеуі басқарудың жетілген, соңғы үшеуі жетілмеген формасы болып есептелінеді.

Макиавеллидің көзқарасы бойынша, мемлекеттің шын мәнінде таза күйіндегі жақсы немесе жаман формалары болмайды. Дұрыс формалар тарихи жағдайлар мен міндеттерге, оқиғаларға қатыстылығымен ғана дұрыс форма болуы мүмкін. Ол мемлекеттік басқару формасының бір түрден екінші түрге ауысу заңдылығы туралы антикалық ойшылдардың пікірімен келіседі. Оның ұғымынша, формалардың алмасу заңдылығы төмендегідей реттілікпен өтеді.

Монархия тиранияға айналады, тиранияға қарсы қастандық аристократияның жеңісіне әкеледі, аристократияның эволюциялық дамуы билік басындағы бай адамдардың олигархиясына жеткізеді. Бай билеушілердің жүгенсіз әрекеттері халық наразылығын туғызып, ол олигархияны құлатумен және демократияны орнатумен аяқталады. Демократия өз кезегінде тобыр билігі - охлократияға ұласады. Охлократиялық биліктен жәбір көрген халық монархиядан әділдік күтеді және осылай жалғаса береді.

Мемлекет формаларының бұлайша алмасуын Макиавелли күштер арақатынасының нәтижесі деп есептейді. Ол мемлекеттік формалардың ең тұрақтысы және сыртқы қауіп төнген шақта диктаторлық биліктің енгізілуін жақтаған ежелгі Рим тарихынан мысалдар келтіреді және бейімдеп қолдануды ұсынады.

Макиавелли тарихқа орта ғасырлық саяси-құқықтық түсінікті өзгертуші, Қайта өрлеудің саяси доктринасын жасаушы ретінде енді. Оның ілімі саяси ғылымның одан кейінгі дамуына орасан зор ықпал етті. Италия ойшылының еңбектері саяси даналық пен саяси тәжірибенің өзінен кейінгі дәуірге жинақтаған энциклопедиясы болып та танылды. 

Макиавеллидің саясат және билік туралы ілімі қазіргі мемлекет саясаты мен басқаруда да кеңінен қолданылады. Оны кез-келген мемлекеттік басқарудан және елден де көруге болады. Өзіміз көріп, естіп жүрген өтірік айту мен басқа да қитұрқы әрекеттер шын мәнінде елдің болашағы мен өркенді дамуы, көпшіліктің амандығы және ұлттың қауіпсіздігі үшін айтылған және жасалған болса онда бұл әрекеттердің ақталғаны. Ал егер олай болмай шықса, олар болашақ алдында жауап беретін болады. Біздің тілейтініміз: бірінші жағдай болып шықса екен деуден басқа ешнәрсе емес.

 

Бекмырза СЫРЫМБЕТҰЛЫ, Қызылорда қаласы

Abai.kz

2 пікір