Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 5467 0 пікір 17 Сәуір, 2014 сағат 18:44

Қазақстанның Кеден Одағына мүше елдермен арадағы тауар айналымы 88 пайызға өсті

Сейсенбі күні ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов Астанада журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Бас санақшы Кеден Одағының соңғы бес жылдағы жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша Қазақстанның Кеден Одағына мүше елдермен жасаған тауар айналымы 2010 жылдан бері 88 пайызға өскен. «Атап айтар болсақ, экспорттың көлемі 63 пайызға, импорттың көлемі 98 пайызға артты» дейді Ә.Смайылов. Қазақстан экспортындағы шикізат тауарларының үлесі 35 пайызға көбейген, ал өңделген шикізат емес тауарлардың экспорттық өсімі 97 пайызға тең болыпты. Ә.Смайылов мырза журналистерді осы көрсеткішті төмендетпей ұстап тұра аламыз деп сендірді.

Кеден Одағына мүше мемлекеттермен арадағы тауар айналымына қатысты мәліметтер осы аптаның басында мемлекеттік ресми сайттарда жарияланған болатын. Өткен жылғы сыртқы сауда айналымының 18,4 млрд. долларын импорт құраса, 5,9 млрд. доллары экспортқа тиесілі екен. Ресей Федерациясы мен Белорусь Республикасына экспортталған өнімдердің ішінде көмір, мұнай, уран, аллюминий, астық, жүк көліктері және т.б. бар. Бір қуанарлық жағдай – Қазақстан экспорттайтын тауарлардың ішінде дайын тауарлардың үлесі көбейген. Енді біздің мемлекет тек шикізат емес, аккумулятор, электр желілері, кондитерлік өнімдер, мақта-мата, астық өнімдерін молынан сатып өткізеді. Бұл шикізаттық мемлекеттен дайын тауар өндіруші мемлекетке айналғанымыздың белгісі.

Ал импорттың көп бөлігін мұнай өнімдері, жеңіл автокөліктер, өндірістік құрал-жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникалары, жиһаздар құрайды. Басты сауда әріптесіміз – Ресей Федерациясы. Кеден Одағы ішіндегі импорттың 96 пайызы осы елдің үлесіне тиеді.

Сонымен қатар Статистика агенттігінің төрағасы ағымдағы жылдың алғашқы маусымында жалпы ішкі өнімнің өсімі 2,9 пайызды құрағанын және жыл басынан бері Қазақстанға  900 млрд. теңге инвестиция құйылғанын атап өтті. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда жоғары нәтиже. Сөз соңында Ә.Смайылов ЖІӨ-ге қатысты келесі статистикалық ресми қорытынды ағымдағы жылдың тамыз айында жарияланатынын жеткізді.

Кеден Одағына мүше елдердің шекарасында баж салығының салынбауы, әкімшілік кедергілердің жойылуы тауар айналымына оң ықпал еткен. Еларалық ынтымақтастықтан әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдері көп пайда тауып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Кеден одағы 2010 жылдың маусым айынан бері жұмыс істеп келе жатыр. Оған үш мемлекет – Ресей Федерациясы, Белорусь Республикасы және Қазақстан Республикасы мүше. Ұйымға мүше елдердің шекарасында кедендік салықтар салынбайды. Сонымен бірге Кеден Одағы аясында үш мемлекетке ортақ бірыңғай тарифтер белгіленеді.

Бауыржан Әбен

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621