Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 5522 0 пікір 17 Сәуір, 2014 сағат 18:46

Дмитрий Медведев: «Кеден Одағы қаржы дағдарысының салдарын жоюға көмегін тигізді»

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведевпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Кеден Одағы, Еуразиялық Экономикалық Одақ аясындағы мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында одақтың тимділігіне тоқталған Д.Медведев: «Кеден Одағы аясында қатысушы-мүше мемлекеттердің арасындағы сауда-саттықта орын алған кедергілер айтарлықтай азайды. Мұның барлығы қаржы дағдарысының салдарын жұмсартуға көмегін тигізеді» деп атап өтті. Сондай-ақ өткен жылдың нәтижесі бойынша мемлекеттер арасындағы тауарайналым көрсеткіші 64 миллиард доллардан асқанын мәлім етті. Дмитрий Медведевтің айтуынша, мұның барлығы өте маңызды сандар болып табылады.

Қазақстан, Ресей және Белоруссия мемлекеттерінің арасында құрылған Кеден Одағы үш мемлекет экономикасының серпін алып, дамуына негіз болды.  Экономикалық дағдарыстың белең алу жағдайына қарамастан сауда-саттық, кәсіпкерлік аясындағы ынтамақтастық нәтижелі бола түсуде. Атап айтқанда, 2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 24,3 млрд. АҚШ долларына жетті. Бұл 2010 жылғы жағдаймен салыстырғанда 29 пайызға көбірек. Кеден Одағының бір нәтижелі тұсын осы сандардан-ақ байқауға болады.

  Кеден Одағы аясында отандық экспорт көрсеткішінің арта түскені сөзсіз. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2013 жылы экспорттың жалпы көлемі 5,9 млрд. доллар болған. Дегенмен, әлемдік қаржылық дағдарыстың қаупі әлі сейілген жоқ. Дағдарыстың алдын алу, қажетті шаралар қолдану – Кеден Одағы аясында да кеңінен қарастырылғанын атап өткен жөн.

Кеден Одағының тиімділігі – ұлттық экономикамызға инвестивиялық климатты жақсартуға өз септігін тигізді дейді сарапшы мамандар.

Кедендік Одақтың тиімділігін еліміздегі кәсіпкерлер де сезінуде. Мәселен, кәсіпкер Арман Байқадам Кеден Одағы аясында отандық өндіріс саласына, сонымен қатар шағын және орта бизнестің жұмысына оң ықпал еткенін айтады. Мәселен, ол: «Кеден Одағы еліміз үшін мүмкіндігі мол нарық болары анық. Жалпы кез келген экономикалық ұйымның мақсаты біреу ғана – ортақ нарық жасау. Негізгі үш принциптері бар. Бірінші, ортақ нарықта капиталдың кедергісіз айналымын қамтамасыз ету. Екінші, тауарлардың, өнімдердің ортақ нарық шеңберінде шекарадан кедергісіз өту. Үшінші, еңбек күшінің, яғни адамдардың ортақ нарық аясында азаматтығына қарамастан, еркін жұмысқа орналасу жеңілдігі» деп түйді.

 Міне, мұндай маңызды мәселелердің шешілуіне Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасында құрылған Кеден Одағы өз септігін тигізуде.

Қысқаша айтқанда, әлемде түрлі бағытта дамытылып жатқан экономикалық жобалар көп. Ал көршілес елдермен экономикалық байланыстарды нығайтудың мәні тіпті ерекше. Олай болса, Кеден Одағы аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар мемлекеттердің нарық саласындағы бәскелестікке қабілеттілігін арттыратыны сөзсіз.

Гүлнәр Мұратқызы

Abai.kz

0 пікір