Сәрсенбі, 23 Қазан 2019
Қоғам 2680 0 пікір 19 Сәуір, 2014 сағат 16:07

ШЫҒЫС УКРАИНА: ЕЛДІҢ ФЕДЕРАЛДАНУЫНА ЖАҢА ҚАДАМ

 

Бүгінгі Украинадағы жағдай жаңа саяси бағытта өрбіп отыр. Қырымнан кейін Шығыс Украинаның тәуелсіздік алуға деген ұмтылысы 3 маңызды тұжырымның көрсеткіші.

 Біріншіден, посткеңестік кеңістік елдерінде мемлекет құру үдерісі аяқталмаған, қайта күрделі кезеңді бастан кешіріп отыр. Мемлекет құру идеясы бірінші кезекте элита құру процесімен тығыз байланысты. Бұл тұрғыдан Украина маңындағы оқиғалар ұлттық элитаның әлсіздігін көрсетті.  Қырымдағы оқиғаларға төтеп бере алмауының өзі ұлттық элитаның ішінде бұл мәселелерге байланысты бірізділіктің жоқ екенідігін көрсеткендей. Оның үстіне ұлттық мемлекеттікке деген әлеуметтік топтардың көзқарасының біркелкі болмауы Украинаның Қырымнан айрылуына алып келді. Бұл бірінші кезекте, «ұлттық мүдде» мен «мемлекеттік мүдде» ұғымдарының арасындағы қайшылықтың бар екендігін айқындады. Украин ұлтшылдарының ұсынып отырған «ұлттық мемлекеттілік» идеясы Украинаның Еуропа одағымен интеграция бағытын ұстана отырып, Ресейден тәуелсіз еуропалық құндылықтарға арқа сүйеген мемлекетке айналу. Ал «ресейшіл оппозиция» Еуропа одағынан алшақтау Ресейлік саясат фарватерінде қалуды көздейді. Бұған көпұлттылықты қосар болсаңыз, онда жағдай күрделене түседі. Шетелдегі орыс ұлты өкілдерінің өзін сол елдің азаматы емес, Ұлы Ресейдің өкілімін деп есептеуінің өзі не тұрады?!. Бұл тенденция орыс ұлтының өкілдері тығыз шоғарланған аймақтарда бой көрсетіп келеді. Мұнымен қоймай шетелдегі орыстар өздерін Ресей сыртқы саясатының форпосты және осы сыртқы саясатты жүргізуші элемент деп қабылдайды. Яғни бүгінгі күнгі Шығыс Украинадағы жағдай көрсеткендей, орыс ұлты өзге қоғамға интеграцияланудың төменгі деңгейінің нәтижесінде өздерін Ресей империализмінің бір бөлігі ретінде қарастыратындығын айқындап берді.

         Екіншіден, Ресейдің ұлы державалық амбициалары жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Бүгінгі Ресей өзін жай держава емес, ғаламдық деңгейде АҚШ-пен бәсекелес бола алатындығын көрсетуге ынталануда. Бұл ынтаны жүзеге асыру үшін ештеңеден тайынбайтынын, тіпті ең жақын бауырлас халықтың өзін құрбандыққа шала алатындығын көрсетті. Ресей өз мүдделерін қорғау мақсатында тіпті халықаралық шарттарды мойындамайтындығын аңғартты. Будапешт келісімдеріне сәйкес ядролық қарудан бас тартқан Украинаның территориялық тұтастығына АҚШ, Ресей мемлекеттері кепілдік берген болатын. Өздеріңіз көргендей Ресей Қырымды қосып алу арқылы халықаралық міндеткерліктерге онша мән бермейтіндігін аңғартты.

         Үшіншіден, АҚШ және Еуропа одағы мемлекеттері Ресейдің ұлыдержавалық амбицияларын жүзеге асыртпау үшін түрлі шаралар қолдануы мүмкін. Бұл әсіресе экономикалық санкциялардан көрініс табуда. Ресей Қырымға әскерін кіргізген алғашқы аптаның ішінде 149 миллиард доллар жоғалтты. Бұл АҚШ-тың жәй ғана Украинаны қолдау мақсатындағы әрекеті емес, бұл АҚШ-тың әлемдік лидерліктен бас тартуға дайын емес екендігін көрсетеді.

         Шығыс Украинадағы жағдай бұдан әрі қалай өрбиді деген сауалға тоқталсақ.

         Ең нашар сценарий Ресей әскерлерінің кіргізілуі екендігін түсінеміз. Қырымның аннексиясы кезінде әрекетсіздік еткен Украина Шығыс Украинаны да дәл осылай қарсылықсыз бере салады деген ойға жетелемесе керек. Себебі Қырым ұзақ уақыт Ресейдің құрамында болып Хрущев тұсында ғана Украинаға берілген аймақ. Ал Шығыс Украина тарихи украиндықтардың жері. Бұл жер Украин мемлекеттігінің көрінісі болып табылады. Бұл жердің аннексиялануы украиндықтардың ұлттық намысын таптаумен бірдей. Бұл жағдайда АҚШ және өзге де елдер дипломатиялық әдістердің мағынасыз екендігін түсініп, әскери әрекеттерге көшуі мүмкін. Ал украин партизандарымен күреске Ресей әскері қаншалықты төтеп бере алатындығы белгісіз. Қырымға әскер кіргізгелі бері экономикалық санкциялардың ащы дәмін татқан Кремль бұл әрекетке бара қоюы екіталай.

         Болуы мүмкін екнші сценарий, Украинаның федералды мемлекетке айналуы. Бұл сценарийге сәйкес Шығыс Украинадағы орыс диаспорасы шектеулі мемлекеттіке ие болады. Автономия заңдылытарына сәйкес Шығыс Украинаға мемлекеттік биліктің маңызды бөлігі өзін-өзі басқару шеңберінде беріледі. Полициядан бастап, жергілікті атқарушы билік айтарлықтай дербес әрекет ету мүмкіндігіне ие болады. Бірақ әрине билікті орталық билікпен бөлісіп, орталық Үкіметтің мүдделеріне қайшы келмеуге міндеттенеді.

         Украин ұлтшылдарының жүзеге асыруды мақсат етіп қойып отырған сценарийі, әскери тәртіп енгізу арқылы Украинаны біртұтас мемлекет ретінде сақтап қалу. Бұл сценарий жүзеге асса, Украинадағы бүгінгі күрделі жағдай ұзаққа созылады. Себебі Украинадағы «орыс» мәселесі елдің сыртқы саяси векторын айқындауға бағытталған кез-келген қадам жасағанда Ресейдің қолындағы қаруға айналары сөзсіз.

         Украинадағы жағдайдың әлемдік геосаясатқа әсері қандай болмақ?

Ең алдымен Украинадағы дағдарыс Ресейдің амбицияларын көрсетті және бұл амбициялармен АҚШ келіспейтіндігін де айқындап берді. Яғни ғаламдық деңгейдегі «қырғиқабақ соғыс» кезеңінің қайта орнауы ғажап емес. Бұл тараптардың, дұрыс болса да, бұрыс болса да біріне-бірі қарсы жұмыс істейтіндігінің көрсетікіші. Яғни көпполярлы әлемнен жаһан біртіндеп екіполярлы әлемге бой түзеп келе жатқандығы байқалады. Бұл қарсыластықтағы басты қағида: «Кім бізбен болмаса – сол бізге қарсы!» идеясынан туындайды. Бұл өз кезегінде көпвекторлық саясат ұстанып, бейтарап саясат доктринасына арқа сүйейтін мемлекеттер үшін өте күрделі кезеңнің басталғандығын білдіреді. Бұл жағдайда шын мәнінде мемлекеттер «басты одақтас» таңдауға мәжбүр болады.

Екіншіден, ғаламдық бәсекеге қатысушылардың барлығы өз территориялық, аймақтық құрылысын қайта қарап, ықпал ету аймақтарын айқындайды. Яғни КСРО ыдырағанннан кейінгі қалыптасқан жағдайдың қорытындылары толықтай қайта қаралатын болады. Әлем қайтадан түрлі ықпал ету аймақтарына бөлінеді. Бұл экономикадағы әскери өндіріс компонентінің күшеюіне алып келері сөзсіз.

Үшіншіден, Ресей мен АҚШ бәсекелестік жағдайында өз позицияларын нығайту үшін түрлі одақтар құрып, бар одақтарды нығайтуға тырысары сөзсіз. Солтүстік Америка еркін сауда аймағы туралы келісім елдерінің Еуропа одағымен еркін сауда аймағын құру туралы келісімі Еуропалық одақтың бұл бәсекелестікте АҚШ-ты қолдайтындығын көрсетеді. Ал, Еуразиялық экономикалық қауымдастықты жылдам кеңейту ниеті бұл экономикалық одақтың саяси құрамдас бөлігін нығайтып, Ресей одақтастарының блогына айналатындығының көрсетікші. Бұл ретте Ресейден бойын аулақ ұстағысы келетін Грузия, Украина, Молдова секілді мемлекеттердің ТМД құрамынан шығып іргелерін Еуропаға жақындатуы заңды құбылыс.

Төртіншіден, әлемдік саясатта бейтарап Қытай, Үндістан, Бразилия секілді мемлекеттердің саяси салмағы артады. Басталып жатқан додада осы мемлекеттер тұрақтылықтың кепілі мен блоктар арасында диалог жүргізуге арналған алаңға айналары сөзсіз.

Қалай болғанда да біз үшін маңыздысы – еліміздің өзіне тиімді сыртқы саясат векторын таңдап, саяси-экономикалық дербестігімізді сақтап қалуымызда болмақ.

ШЫҢҒЫС ЕРГӨБЕК

ABAI.KZ

0 пікір