Жұма, 29 Наурыз 2024
Алаң 6338 0 пікір 25 Сәуір, 2014 сағат 12:16

ҚАЗАҚ "ҚАРЫЗҒА ӨМІР СҮРІП ЖАТЫР"

 Қарыз алу бүгінгі өмірдің ажырамас заңдылығы. Досыңнан, танысыңнан, туысыңнан немесе банктен қарыз алу көпшілігімізде кездеседі. Бүгінгі адамдардың тыныс-тіршілігі де, экономика да осыған бейімделген. Яғни, қазіргі адамдардың бір бөлігі «қарызға өмір сүріп жатыр». Онсыз болмайтын да сияқты. Өйткені, жұрт қатарлы өмір сүру керек. Баспана салу, балаларыңды аяқтандыру, оқыту және т.т. молырақ қаржыны қажет етеді. Көпшілігіміз солай етіп те жатырмыз.

 Қарыздың қайтарымын дәл сол уақытта ойлай қоймаймыз. Адамдардың бір бөлігі бүгінде сәл ақша қажет болса, өзінде жетпесе банкке жүгіретінді шығарды. Соңғы кездері қымбаттау киімнен және тұрмыстық заттардан бастап бәрін де несиеге алушылар саны көбейіп барады. Сауда үйлері мен банктер де бірігіп осындай жарнамаларды үдемелетуде.Солардың арзан сөзіне сеніп ақшаны немесе тауарды тегін беріп жатқандай ұмтыламыз.
Психологтар «несиеге құштарлық - ауру» десе, экономистер «банк халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігін пайдаланып пайдаға батып отыр» дегенді айтады. Бұл да шындық. Банктер тек өзінің пайдасын ғана ойлайды. Қарызға ақша алуға әйелдер жақын келеді. Банктер де осы жағдайды пайдаланып қалуда. Қарыз алуды тек Батыстан келген жәйт дегенге келісуге болмайды.

 Қарыз алу Шығыс елдерінде де, қазақ даласында да бұрыннан болған. Бірақ қазіргідей жоғары пайыздық үстемақы туралы естіген емеспіз.
Қарызын өтей алмай үйінен айырылғандар да, тіпті өз-өздеріне қол салғандар да кездесуде. Кейбір адамдар қарызды еріккеннен алмайды. Барар жері, басар тауы қалмаған соң ғана несие алуға тура келетіндері кездеседі. Бұл жағдайды да банктер тиімді пайдаланады. Қазір бір банктегі қарызыңды жабу үшін екінші банктен де қарыз алуға болады. Мұндай жарнамаларды да күнделікті көріп жүрміз. Ертеңгі күнді ескермей, өзінің төлем қабілетін есептемей қарыз алу жақсылыққа апармайды. 
 «Ертеңгі қаржылық жағдайым жақсарып кетер, бүгін қарыз алсам, оны бір амалын тауып қайтарармын» деген алдамшы сенімге бой алдыруға болмайды. Қарызсыз да өмір сүруге болады. Адам өзіне ғана сенуі керек. Бір қарызданып, оны өтеген адамның бойы қарыз алуға үйреніп те кетеді. Өмір бойы қарызданған адамның өмірі - өмір емес. Біреудің ақшасына бір сәттік өмір сүргенше, өзіңнің адал еңбегіңмен, қанағатпен өмір сүрген әлдеқайда қызығырақ. Қарызға батқан адам өз еркінше өмір сүре де алмайды. Оны қарызды қайтару уайымы жегідей жейді. Уайымсыз өмір сүргенге не жетсін. Қарыз алу арқылы біз өзімізді өзіміз уайымға саламыз. «Қарыз күліп барып, жылап қайтады» дейді.. Оны да ұмытпайық!

Дегенмен де қазіргі күні ақшасыз күн көру қиын. Пол Гетти деген данышпан «Егер сіздің ақшаңыз болмаса, сіз ақша туралы ойлайсыз. Ал егер ақшаңыз бар болса, онда ақшаны ғана ойлайсыз» деп айтыпты.  Иә, ақшасыз қазір ештеңе де істей алмаймыз. Ақшасыз істей алатын жалғыз нәрсе – бұл қарыз. Бұл сөзді де бір жерден оқыған сияқтымын.

Меніңше ақшаның соңынан қуудың қажеті жоқ, оның қарсы алдынан шығу керек. Қалай десек де ақшаның маңызы бар. Проспер Мериме айтқандай «Ақшадан басқа да маңызды дүниелер бар, бірақ оларды ақшасыз сатып ала алмайсың». Еңбек етсең ғана ақша болады. «Басқаның қалтасындағы ақшаны санау әдепсіздік, бірақ қызық» деп айтса да өз қалтамызда адал еңбекпен табылған ақшаның болғанына не жетсін? Қорыта айтқанда қарызға өмір сүрмейікші, ағайын!

 

Несібелі СЫРЫМБЕТ,  Қызылорда қаласы, Т. Жүргенов атындағы орта мектебі 

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3579