Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Алашорда 11443 0 пікір 28 Сәуір, 2014 сағат 16:48

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ. ЖОҚ, НҰРЫШЕВ ЖАЛҒЫЗ ЕМЕС ЕКЕН (ЖАЛҒАСЫ)

2.

Ең қауіпті, ең ауыр, ең шындыққа жақын айыптаулардан аман құтылған Мұхтар Әуезов эпос туралы пікір талқысы тұсында неге сонша мазасызданып, қамығып, өзін өзі ерікті қуғынға түсіріп, Мәскеуге барып шағынады? Эпос туралы пікірлерінің кеңес өкіметіне қарсы қастандық әсері соншама күшті ме еді? Әлде М.Ғабдуллиннің, Н.С.Смирнованың, С.Нұрышевтің шығарған үкімі сондай пәрменді ме еді?

Марқұм Мәлік Ғабдуллин өзінің фольклор туралы дәрісінің тең жартысын осы жағдайды түсіндіріп беруге арнаушы еді. Екі қолын кеудесіне айқастырып алып толғана айтқанда өне бойымыз шымырлай отырып тыңдаушы едік. Тура сол түршігуді С.Нұрышевтің мақаласын оқып шыққанда да басымыздан кешірдік.

Соншама апшысын қуырған қандай жағдай? Мұны С.Нұрышевтің мақаласының кіріспесіндегі:

«Жаулық пиғылдағы қай-жайдағы «теориялар» мен «тұжырымдарды» ұзақ уақыт бойы әшкерелей алмай келген қазақ әдебиеттануының ең маңызды міндеттерінің бірі – қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбаевтің өмірі мен шығармашылығын зерттеу болып табылады. Ұлы октябрь социалистік революциясына дейін буржуазиялық ұлтшылдар Абайды өздерінің жаршысы ретінде көрсетуге тырысты. Абайдың шығармашылығына реакциялық көзқарастар октябрь социалистік революциясынан кейін де орын алды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында буржуазиялық ұлтшылдар, пантүркистер мен панисламистер Абайдың атын жамылып, оны беттеріне перде етіп ұстап қазақ әдебиеттануына өздерінің кеңес өкіметіне қарсы дұшпандық көзқарастарын өткізіп жіберді... Алайда қазақ әдебиеттануындағы бұл саланың жағдайы әлі де мәз емес... Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушылықтар... қазір төзгісіз жағдайға душар етті... Социалистік идеологияның салтанатты жеңісі мен екпіні бізге жат элементтердің күшті қарсылығын туғызып отыр, олар өздерінің ықпалын өткізіп жіберу үшін маркстік емес қай-қайдағы «көзқарастар» мен «тұжырымдарды» жандандырып, тартуға тырысып бағуда... Сондықтан да, кеңес ғылымының барлық саласындағы, оның ішінде абайтанудағы саяси қателермен, бұрмалаушылықтармен күресу – біздің қоғамымыздың қазіргі даму кезеңінде ерекше төзгісіз жағдайда жүргізілуі тиіс... Тек осы жағдайда ғана аса көрнекті қазақ ағартушысының әдеби мұраларын таза күйінде оқырмандарға жеткізе аламыз»,– деген үкімінен толық аңғарамыз.

Нұрышевтің мақсаты Абайды «тазарту» емес – тонау екенін түсіндіріп жатудың өзі артық. Оның көздеген қарауылы Абай емес, Әуезов болатын. Маркс пен Лениннің, Сталин мен партияның атын «жамылып, оны бетіне перде етіп ұстап» М.Әуезовтің көзін жоюға ұмтылды және мақаланың мәтініне жіті назар салсақ, оның өзге аудиторияға, яғни, Мәскеуге лайықталып жазылғанын аңғару қиын емес.

Демек, бұл арада тағы да «Правданың» сұғанақ қолы шығып тұр деген сөз. Мұны білген М.Әуезов сол Мәскеудің өзінен сауға іздейді:

«Қосымша құжаттың біріншісі – СССР мәдениет министрі жолд. Пономаревке арналған менің өтінішім, екіншісі – таяуда Алматыда өткен қазақ эпосы туралы талқыдағы менің сөйлеген сөзім. Мені дәл қазіргі сәтте тығырыққа әкеп тіреп отырған қысым мен жағдай туралы осы екі материалдан толық мағлұмат алуға болады және бұл жағдай аса маңызды тақырыпты игеру барысында, қазір пьеса түрінде, ал келешекте жаңа кеңестік романда бейнеленетін қазақ кеңес әйелінің образын сомдау үстінде (ауданнның хатшылығына көтерілген бұрынғы батырақ қыз, ғылым кандидаты, Социалистік еңбек ері) туып отыр»,– деп түсіндірме берді.

Хаттағы пікірге М.Ғабдуллин мен Н.С.Смирнованың баяндамаларын және С.Нұрышевтің «Абайдың шығармашылығын зерттеудегі буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырын соңына дейін жояйық» атты «Қазақ ССР Ғылым Академиясы «Жаршысының» 1953 жылғы №4 санында жарияланған мақаласын «айғақ ретінде» пайдаланды. Шындығында да, бұл М.Әуезовтің «ең соңғы тамырына балта шабу» үшін жасаған басылымның бас редакторы Н.Сауранбаев пен С.Нұрышевтің әрекеті еді.

«Ашық хаттың» алғашқы нұсқасы Сталиннің өлімінен бұрын, «Правда» газетіндегі «Сынау орынына мадақтау» атты мақала шыққан кезде дайындалғанын ескерсек, олардың «ең соңғы» деген сөзді бекер қолданбағандығын аңғарамыз. Өйткені абайтанудың тірі жүрген «соңғы тамыры» Мұхтар Әуезов болатын. Сол тамырды «балтамен шабуды» міндетіне алған «абайтанудың балташысы» оның себептерін былай түсіндіреді:

С. Нұрышев: «Абайтану ілімі бір орынында қалып қойған жоқ, біздің қоғамдық өмірімізбен бірге ол да дамыды. Оған 1951 жылы өткен абайтану мәселелері жөніндегі дискуссия дәлел. Дискуссияда көптеген мәселелер бірінші рет биік талап деңгейіне көтерілді».

Демек, абайтануды бұл биікке көтерген, оның ақындық мектебін талқандап, балаларымен қосып шәкірттерінен айырған, яғни, абайтанудың бұтақтарын отаған сол кездегі бостандықта жүрген жалғыз адам – оның өзі ғой! Жоқ, Нұрышев жалғыз емес екен. Оған Сталиннің өзі «көмектесіпті». Сенбесеңіз оқыңыз:

С. Нұрышев: «... Абайтануы саласындағы осы дикуссия мен содан кейін жүзеге асырылған кейбір шаралар – Сталин жолдастың тілтану мәселесі жөніндегі еңбегінің ... әсерінің тікелей игілікті нәтижесі болып табылады».

Біз бұл арадағы көп нүктенің орынындағы БК(б)П және Қазақстан К(б)П Орталық комитеттерінің идеология мәселесі жөніндегі шешімдері» деген «басы артық сөзді» алып қалып отырмыз.

С.Нұрышев (жалғасы): «М.Әуезовтің «Абайдың әдеби мектебі-міс делінген зиянды «тұжырымы» айыпталып, талқандалған дикуссиядан соң ғана абайтану саласында белгіленген шаралардың нәтижесінде маңызды бетбұрыс жасалды, абайтануды ұлтшылдық қателер мен бұрмалаулардан азат етуге бағытталған шаралар қабылданды...».

Алайда С.Нұрышев бұл шараға да қанаттанбайды. Оған – «кәнігі кенесарышылар» Е.Бекмаханов пен Е.Исмаиыловтың және Кенесарыға қарсы науқанның қозғаушы тетігінің бірі» Б.Сүлейменовтің, сондай-ақ «Абайдың жалған ақындық мектебін насихаттаушының бірі» Қ.Мұхамедханов пен оның «ұлтшылдық-буржуазиялық зиянды, панисламистік, пантүркистік, орысқа қарсы бағыт» екенін әшкерелеген Қ.Жұмалиевтің барлық ғылыми атақтары мен дәрежелерінен айырылып, «халық жауы» ретінде жиырма бес жылға сотталып кеткені аз көрініп отыр.

Енді «әшкерелеуші», «соңғы балташы» – Нұрышевпен, «әшкереленуші», «соңғы тамыр» – Әуезов қана бостандықта жүрген болатын. (Тағы да қателесіппіз, екеуінің де үстінен сақшы академик Сақтаған Бәйішев жымысқылана қарап тұрды. Ол өзінің бұрынғы мақаласындағы пікірлердің әр қайсысын жеке-жеке бапқа айналдырып, орысша кеңейтіп жаздырып, «балташыға» ұстатты. Ал балта мен тамырдың қатар өмір сүрмейтіні белгілі.

С.Нұрышев (жалғасы): «Бәрінен бұрын ескерте айтарымыз, дикуссияда басталған көзқарастар күресі жалғасын тапқан жоқ. Абайтануды ұлтшылдықтан тазалау науқаны Абайдың «мектебі туралы тұжырымды» әшкерелеуден арыға барған жоқ. Абайтанудағы кейбір мәселелердің дұрыс шешілуі бізден алдағы уақытта да маркстік ұстанымды негізге ала отырып, әшкереленген қайшылықтар мен қателерді үтіктеп қана қоймай, оның тамырын тауып, себебін анықтап, шұғыл түрде оның көзін жоюды талап етеді. Кейбір абайтанушылар бұл бағытта талапқа сай табандылық көрсете алмады. Соның кесірінен дикуссиядан кейін де ондағы әшкереленген «зиянды тұжырымдарды» қайта тірілтуге ұмтылып отыр. Мысалы, М.Әуезовтің Абайдың «ақындық мектебі» туралы тұжырымды насихаттайтын «Ақын аға» атты ұлтшыл романы сол күйінше әшкереленбей қалды. Барлық көзқарастар жүйесі осындай және басқадай да «жат тұжырымдармен» тікелей байланысып жатқан, өзінің қателігін осы уақытқа дейін шын ниетімен мойындамай келген М.Әуезов ұзақ уақыттан бері университетте абайтанудан дәріс беріп келеді.

Бұл – Абайдың шығармашылығын бұрмалаудың басты себепкері болып отырған М.Әуезовтің көзқарастарын қатаң және барынша терең әшкерелей айыптамай, абайтануды буржуазиялық ұлтшылдықтан арылту мүмкін емес».

Ал мұндай «әділетсіздікке» Нұрышев төзбейтін. Нұрышев төзсе де Бәйішев көнбейтін. Өйткені «Дәрігерлер ісінің» беті бері қарап, ақталуға бет алған соң, енді ол өзінің Лысенкомен қоса «жалған ғалым» ретінде әшкереленуі мүмкін екенінен үрейленіп, жанталаса жанықты. Нұрышев болса өзінің мықты қолдың күшімен соңғы рет сермеліп тұрғанын сезді. Ал үрей билеген адамның жүйке-тамырында сабыр болмайтыны белгілі. Нұрышевтің балтасын оңды-солды сермеуі сондықтан. Ал ол балтаның иесі – БК(б)П мен Қазақстан К(б)П Орталық комитеттерінің идеология бөлімі және бұл екеуінің «жауынгері» «Правда» мен «Казахстанская правда» екені тура осы жолдардағы:

«М.Әуезовтің Абайдың «ақындық мектебі» туралы тұжырымды насихаттайтын «Ақын аға» атты ұлтшыл романы сол күйінше әшкереленбей қалды. Барлық көзқарастар жүйесі осындай және басқадай да «жат тұжырымдармен» тікелей байланысып жатқан, өзінің қателігін осы уақытқа дейін шын ниетімен мойындамай келген М.Әуезов ұзақ уақыттан бері университетте абайтанудан дәріс беріп келеді»,– деген жолдардан анық аңғарылады.

Мақаладағы айтылған осы ұсыныстар бірінен кейін бірі жүзеге асырыла бастады. «Ақын аға» романындағы ұлтшылдықты әшкерелеген мақала «Казправдада» жарияланды. Енді оның соңғы талабы «М.Әуезовтің көзқарастарын қатаң айыптап, абайтануды буржуазиялық ұлтшылдықтан арылту» ғана қалды.

Бұл дегеніңіз, осындағы өте ойланып қолданылған «айып» (осуждение) деген сөзге сай ресми айып тағылып, түрмеге қамап, сотқа тарту деген сөз. М.Әуезов істің беті теріс бұрылып бара жатқанын білді. Сондықтан да «суға кетпес үшін тал қармап» Федеевтің өзіне:

«Міне, сіздердің ара түсулеріңізді табанды түрде өтінуімнің себебі, тым болмағанда, менің дұрыс тұстарымды көрсетіп, белгіленген ар сызығынан аттаған, жолдастық сынның талаптарын бұзған, төзіп болмайтын мазақ жолына түскен адамдардан қорғауларыңызды сұрауымның себебі, осында. Мұхтар Әуезов. Алматы қ., Абай, 157 үй, тел.82-60. 2 апрель 1953 ж.»,– деген өтініш білдірді.

Қандай үмітті, қандай жалынышты, қандай қасіретті ауыр тілек десеңізші!

«Төзіп болмайтын мазақ жолына түскен» С.Нұрышевтің мақаласынан Мұхтар Әузовтің соншама секем алуының тағы бір себебі, «халық жауы» ретінде «әшкереленіп» түрмеде жатқан Қ.Жұмалиевтің тергеушілерге беруге тиісті айғақтары сияқты. Ал Нұрышевтің мына «арандатуы» оған Қ.Жұмалиев үшін кек алу сияқты болып көрінгенін замандастары растайды. Өйткені тергеу ісіндегі жауаптың – айыптау үкіміне алып келетінін ол бәрінен жақсы білетін.

С. Нұрышев (жалғасы): «Өзінің өткендегі әдебиет және әдебиеттану саласындағы еңбектерінде М.Әуезов өрескел ұлтшылдық қателер жібергені жұртшылығымызға белгілі, ол оны тіпті түзетуге де тырысқан жоқ. Оның өткендегі қателері кейінгі қателіктерінің қайнар көзі болып табылады, себебі ол соңғы уақытқа дейін: ескіліктің алдында, феодал-байлардың алдында көпе-көрінеу бас июін тоқтатпады, буржуазиялық-ұлтшыл идеологиядан арылмады.

М.Әуезовтің көркем шығармашылықта және сол сияқты әдебиеттануда жіберген өрескел қателері, оның революция қарсаңында ұстанған идеялық бағыты мен барлық саяси және әдеби қызметінің көрінісі болып табылады. Октябрь революциясының қарсаңында және сол тұста ол буржуазиялық-ұлтшыл «Абай журналының редакторының бірі болды. М.Әуезовтің осы журналдағы қауырт әрекеті оның тағдырын контрреволюциялық «Алаш» партиясының тағдырымен байланыстырды. Оның бұл партиямен байланысы журналдағы қызметімен ғана шектеліп қалған жоқ. Солардың тапсырмасы бойынша М.Әуезов контрреволюциялық «Алаш» жастар одағы атты мекеменің кеңестерін ұйымдастыруға белсене араласты. Аталған журналдың беттері арқылы М.Әуезов қазақ жастарын «Алаш» жастар одағының айналасына топтасуға шақырды. Қазақ жастары мұндай арандатуға бармады, сөйтіп, М.Әуезов өзінің ат төбеліндей әріптестерімен оңаша қалды.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл топтың кейбір мүшелері, соның ішінде Әуезов те көркем әдебиет пен әдебиеттану саласында бүлдіру әрекеттерін жүргізді. Олар ескілікті дәріптеді, «Алашорданың» көсемдерін мадақтады, кеңес шындығына жала жапты, ұлы орыс халқына қарсы жеккөрінішті өштікті өршітті, тіпті, кеңес өкіметіне ашықтан ашық қарсы шығуға дейін барды»,– деп өрекпіді.

Бір адамның екінші адамды осыншама жек көруі және оны осыншама жек көрінішті етуге тырысуы, сондай-ақ оның өліміне осыншама құныға құштар болуы тек жүйкесі тозған жанқиярға (маниакқа) ғана тән шалық болса керек. Сондықтан да М.Әуезовтің:

«Қазақ Ғылым Академиясының хабаршысының» №4 санында Саурамбаевтің редакциялығымен шыққан Нұрышевтің ... мақаласы ... Әуезов пен оның шығармашылығы туралы ашықтан-ашық теріс бағыт ұстанған, сыңаржақ және қырғи қабақты талдау екеніне ешкімнің күмән келтіруі мүмкін емес. Бұл мақала, бұдан бұрынғы жарияланымдар сияқты, сынауды емес, адамның көзін жоюға (изничтожить) бағытталған»,– деп жазуында шындық бар.

Оның үстіне осы сәтте Берияға қатысты «жаза найзағайы ойқастап» тұрды. Берияға қатысты тылсым да белгісіз майданның беталысынан сескенген М.Әуезов қана емес, Саяси бюро мүшелерінің де төбе құйқалары шымырлай сескенді. Сол үшін де ол да, Нұрышев та аянып қалмады, жанталаса қарманды:

С. Нұрышев (жалғасы): «Қазақ әдебиетінің тарихымен айналысқан Әуезов, орыс халқына қарсы өшпенділікті қоздыру үшін және кеңестік Қазақстанның өміріндегі революциялық өзгерістердің бәріне жеккөрініштілікті туғызу үшін қазақтар мен орыстардың арасындағы байланысқа қарсы шыққан кейбір реакциялық ақындардың шығармашылығын насихаттау жолына түсті, сонымен қатар қазақ эпосы мен Абайдың шығармашылығын жалған түсіндіруге көшті. Тура осы кезеңде Әуезов өзінің атшулы Абайдың «ақындық мектебі» мен контрреволюциялық «зар заман» ағымы жөніндегі «тұжырымын» ұсынды. Бұл «тұжырымға» сәйкес, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы реакциялық ақындардың шығармалары – орыстардың қоныстануына байланысты туған халықтың «зарын» жеткізген қазақтың халықтық әдебиетінің қатарына жатқызылды.

1932 жылы Әуезов республикалық баспасөз арқылы контрреволюциялық ұлтшылдықтан бас тартатынын және кеңес өкіметіне қызмет ететінін жариялады. Алайда өзінің мәлімдемесінен кейін іле-шала контрреволюциялық «Хан Кене» пьесасын сахнаға шығарып, қазақ пен орыс халқының қарғысы атқан жауы Кенесары ханның даңқын әспеттеді, оны халық батыры етіп көрсетті. Әуезовтің берген уәдесі орындалмады. Ол өзінің ескілікті қателерінен бас тартудың, оны түзетудің орынына, керісінше, шиеленістіре түсті. Бұған оның «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы №11-12 сандарында жарияланған мақаласы дәлел. Бұл мақалада ол Абайдың шығармашылығы жөніндегі өзінің ертеректегі айтылған барлық пікірлерін «бір жүйеге» түсіруге тырысқан. Соның ішінде, ақынның тек қана мұсылмандық шығыстың реакциялық дәстүріне еліктеген-міс делінетін алғашқы кезеңді – «Абай шығармашылығының бірінші кезеңі» деген жалған кезеңге бөлді және оны негіздеуге ұмтылды. Өзінің «жаңалығын» дәлелдеу үшін Әуезовтің өзі тауып алған-мыс делініп, үш қысқа өлеңді Абайға тели талдайды».

Сөйтіп, М.Әуезовтің өзінің айтуынша Нұрышев осы мақаласында:

«Әуезовтің ғылыми-зерттеумен айналысқан отыз жылдағы мұқым өмір жолын ала отырып, оны мүлдем жоққа шығара үкім айтқан».

«Абайдың шығармашылығының алғашқы кезеңі-міс» делінетін шартты ғылыми жүйелеуді «ұлтшыл-буржуазияшыл» деп бағалаған Нұрышевтің өзі «Абайдың алғашқы ақындық кезеңі» деген тақырыпта қалай кандидаттық диссертация қорғап жүр? Егер оны жоққа шығарса, онда өзінің де ғылыми тақырыбы жалған, өзі – ұлтшыл-буржуазияшыл, жалған ғалым болып шықпай ма? Абайдың: «Досын келіп досына жамандайды, Шіркінде ес болсайшы сезед дегеніндегі» – Көжекбайдың кейпін киіп отырғанын «сезетін» «ғылыми түйсіктің» жетпегені ме, сонда. Соған қарамастан «қиялай шауып, қисынын тапты»:

С.Нұрышев (жалғасы): «Бұл өлеңдерді Абайдың алғашқы өлеңдері ретінде талдай келе, оларды шығыстық ықпалдың бастапқы кезеңіне жатқыза келе Әуезов: «Басы осы. Содан әрі балалық күннің еліктеу үлгісін тастағанмен, өмірінің ақырына шейін Абай осы жағадан қол үзбейді. Абай ақындығының ішінде Шығыс арқауы ұзыннан ұзақ тартылған желідей болып созыла келіп, ең ақыры 1902 жылы жазылған «Алланың өзі де рас, сөзі де распен» аяқтайды», «...енді ақын Шығыстағы «тассауап» (сопышылдық) поэзиясының ұрығын, ішкі-тысқы үлгісін, негізгі сарынын терең түсіне бастаған» (13-бет).

... Абайдың шығармашылығындағы шығыстық бағыт туралы өзінің ойын жалғастыра келе, ақырында Абайды панисламист етіп шығарады. «Сонымен,– деп жазады Әуезов, – (Абай) өз тұсында, ХІХ ғасырдың екінші жарымында, шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшылдар дін реформашылдарының шеніне араласады. ... Мұсылман ғаламынан шыққан рационалшылдар 60-жылдарда өз елдерінен қашып Парижге орнаған Жалаладдин Ауғани, Мұхаммед Ғабдуһу еді... Кезі келіп өріс ала алса, әлеуметтік жұмысқа ру мен ауыл шегінен шығып, мемлекеттік масштабта араласса, Абайдың шындап тоғысатын кісілері осылар мен Қайым Насырилер болар еді... Осыған жетпесе де ескіден аяқ кезде сытылып шыға бастады, сол жаңағыға қарай бой ұра бастаған Абайды біз ақынның Еуропаға қараған жүзінен байқаймыз, көре аламыз. Осы айтылғандай, рационалшылдық пен салт-сана, ой-өнер жүзіндегі жартылаған жаңашылдыққа бейім болмаса, Абайдан Еуропа жағасының белгісін көре алмас едік» (15-бет).

Сөйтіп, осы арқылы Әуезов, Абайдың идеялық-шығармашылық бағыты – ол панисламизм деп дәлелдеді. Ол аздай, Абайдың орыс мәдениетіне мойын бұруының өзін Әуезов панисламистік көзқараспен түсіндірді, яғни ол: Абайдың жүзінің Еуропаға қарауына панисламистер жетекшілік еткен рационалшылдардың жолына бейім болғандығында – деп түсіндіреді».

Сірә, А.Фадеевке қаратыла жазылған М.Әуезовтің сын мен өзара сын туралы:

«Сонымен қатар,... менің өзіме де көмек етуді мақсат еткен, мендей қазақ, кеңес жазушысына да қамқорлық ойлағаны деп бағалаймын. Бұл – мен сияқты кеңес қайраткері, халық пен Ленин-Сталин партиясының сенімі мен құрметін, өз еңбегімен және әлеуметтік мінезімен дұрыстап ақтай білсін дегенді аңғартады.

Негізді, салмақты сөзбен менің қателерімді өзіме танытқысы келген партиялық әділ сыннан өз еңбектерімде мен қорытынды шығара білуге міндеттімін. Ол сын, менің еңбегімді халық үшін пайдалырақ, бағалырақ ету талабымен айтылған, идеялық-саяси әр алуан олқылықтар мен қателіктерден сол еңбектің сау болуын ойлаған сын деп түсінемін.

Бізде – тіршіліктің бар саласына және бар майданындағы адамдардың бет-ажарына қарамай айтылатын сын мен өзара сын бар. Оны халқымыздың, Отанымыздың ұлы оқытушысы және тәрбиешісі Ленин – Сталин партиясы қайратты даналықпен қолданады. Менің өзіме бұдан бұрын да пайдалы, бағалы әсері болған сондайлық сынды аса зор бағалаймын. Өзімнің жазушы болып қалыптануым мен кеңес қайраткері атану жолында мен Коммунистік партия мен кеңестік Отанның тәрбиелік әсерін, жақсы ықпалын көре отырып өскенмін. Сол үшін өзімді оларға моральдық тұрғыдан өмірлік қарыздармын деп санаймын»,– деген пікірі Нұрышевқа қаратылмаған іспетті.

Өйткені, реніштің дығы қаншама сезіліп тұрғанымен де, анадай шабынды шаптығуға тым жұмсақ қайырылған жауап. Бұдан көрі «Казправдаға» жазған қайтармасындағы:

«Бұл мақала, бұдан бұрынғы жарияланымдар сияқты, сынауды емес, адамның көзін жоюға (изничтожить) бағытталған»,– деген жолдар лайықты уәж сияқты.

Жағдайдың өте шиеленісіп кеткенін және қалайда арашаға түспесе Әуезовтен айырылып қалатынын білген, өздерінен:

«Александр Александрович Фадеевтен, Алексей Александрович Сурковтан және Константин Михайлович Симоновтан: өмірінің бір сәтінде, адамгершілік тұрғыдан аса ауыр құмығуға ұшыраған өмірінің ең қиын сәтінде Үшеуінен: адамның – адамға, жазушының – жазушыға шағынуы ретінде ... хатқа қосып жіберілген екі материалмен өздерінің танысып шығып ... тиісті жерде (қайда және қалай ұйғарса да) пікірлерін айтуды сұраған».

 

 

Аттары аталған жазушылар Әуезовтің өтінішін орындау үшін үшеуара ақылдаса келіп, 26-мамыр күні СССР Жазушылар Одағының секретариатында «Қазақстан Жазушылар Одағында өткен халықтық эпос туралы кеңестің қорытындылары» туралы мәжіліс өткізіп, онда М.Әуезовтің өтінішін қарады. Шағын мәжілісті Одақтың хатшысы Алексей Сурков жүргізіп отырды. Алматыдағы талқылауға қатысқан мәскеулік профессор Климович қысқаша мағлұмат берді. Жауап сөзінде М.Әуезов:

«Климович жолдастың хабарламасы қазақ эпосы жөнінде өткен дикуссияда көтерілген мәселелерді өте нақты және дәл жеткізіп берді, оның пікірлері шындыққа сай келеді. Алайда оның хабарламасында біздің пікір таласымызға қатысты мәселе назардан тыс қалды. Рас, ол өзінің сөзін жалғастыруға әзір екендігін білдірді. Баяндамашымен біздің арамызда, соның ішінде екеуміздің арамызда өте тамырлы пікір таласы болды. Бірінші және екінші баяндаманы мен жоғары ғылыми деңгейде жасалған жоқ деп есептедім. Ғабдуллин жекелеген мәселелерді қоя білген. Бір жағынан өзін қосып, екінші жағынан өзгелерді де қоса сынаған оның пікірі, бәрібір, сыңаржақ пікір болды. Мысалы, мәселен, жеке мәселелерді шешуге қатысты жекелеген зерттеушілерге жағымды не жағымсыз баға берген кезде, ол әркімнің бетіне бір қарап, әркімге әр қалай баға берді. Әркімнің жіберген қателеріне өзінің онымен арадағы жеке қарым-қатынасына байланысты әр қандай әділетсіз көзқарас білдірді. Яғни ол қателіктің өзін қақпақылға салды. Пікір қорытындысы бойынша әлгі қателіктерді әсірелеп саяси қылмыстың қатарына жатқызып, жаңағы жазушы мен зерттеушінің ісіне қатал үкім шығарды, ал тура сол қателіктерді жіберген, бірақ өзіне жақын жазушылар мен зерттеушілердің еңбегін бағалағанда «Правданың» мақаласында көрсетілгеніндей, қоңыржай күйге көшті...»,– деп өзінің өкпесін білдірді.

С.Нұрышев (жалғасы): «... Абайға осындай жала жапқан Әуезов өзінің бұл пікірін: А.Пушкиннің «Евгении Онегинінен» еркін аударма жасады-мыс – деп дәлелдегенсиді. Осы арқылы Әуезов: Абай – Пушкиннің ұлы мұрасын игеруге қатыспады және оны менсінбеді – дегенді баса көрсетпек болады. Ең соңында Әуезов Абайдың ақындық мектебі жөніндегі алашордашылардың тұжырымдарын Абай шығармаларының шығыстық негізімен байланыстырады...

... Әуелде Абайға Пушкинді менсіндірмегенімен, кейіннен Абайдың Пушкинмен әуестенуін бекітуі, өзінің абайтанудағы ұлтшыл-буржуазияшыл ұстанымын бүркемелеуге ұмтылған Әуезовтің кәдімгі қулығы...

... Жоғарыдағы талданған мақаладағы Әуезовтің зиянкес көзқарасы 1951 жылдың маусым айына дейінгі абайтану жөніндегі дискуссия өткенше сақталып келді... Әшкереленбегендіктен де, оның зиянды «тұжырымдары» суфизм мен панисламизмді ашық насихаттауға қызмет етті... Мысалы, жиырмасыншы жылдары Абайдың шәкірттерінің қатарына «Алашорданың» көсемдерін жатқызса, ал отызыншы жылдары ол (көсем – А.Байтұрсынов – Т.Ж.) өтпейтін болғандықтан да, оны алашордашылардың елеусіздеу өкілімен (Көкбаймен – Т.Ж.) алмастырды.

Абайдың шығармашылығына арналған Әуезовтің «зерттеулерінің» бәріне ортақ бір ерекшелік бар. Ол зерттеулердің бәрі де Абайды Шығыстың реакциялық дәстүріне, жалпы ескілікке қарай кейінге шегереді. Сол мақсатқа жету үшін Абайдың айналасына «шәкірті есебінде қайдағы бір моллаларды, бір топ алашордашыларды және халық жауларын жинақтайды, Абайдың өзіне реакциялық өлеңдерді таңады. Мұның барлығы Әуезовке не үшін керек? – дейсіз бе, ол – Абайдың шығармашылығын неғұрлым ескілікке қарай бейімдеп шығарып, солғұрлым орыс мәдениетінен алыстату үшін, сол кезде Россияда өтіп жатқан ұлы оқиғалардан бөліп алу үшін керек. Сондықтан да, Әуезов жол беріп отырған абайтану саласындағы жекелеген бұрмалаушылықпен ғана емес, ең бастысы, Әуезов өзінің әдебиеттанудағы тұжырымдарына негіз етіп алып отырған буржуазиялық-ұлтшылдық идеологиясына қарсы қатаң күрес жүргізу қажет. Жекелеген фактілердің соңынан еріп кетіп, оны талдау және жоққа шығару барысында, соның қатпарындағы қайнар көзін көрмесең, адасып кетуің де ғажап емес. Біз сөз етіп отырған мәселенің қайнар көзі – М.Әуезовтің ескі қателері, ескі идеялары. Тек солар ғана оны: Абай мектебі жөніндегі мәселені көтеруге, оның әдеби дәстүрін қазақ қоғамының даму үрдісінен, 1905 жылғы революциядан, Абай дәстүрінің тікелей жалғасы болып табылатын ХХ ғасырдың басындағы революцияға дейінгі қазақ әдебиетіндегі демократиялық көңіл-күйден оқшау, ең соңында қазақ халқының тағдырындағы бетбұрысты кезең болған октябрь социалистік революциясынан бөліп қарастыруға алып келді»,– деп абайтануға қатысты айыптауларды бір түйіп тастайды.

Бұл айыптан М.Әуезовті Фадеев те, Фадин де, Симонов та құтқара алмайтын. Пушкинді менсінбей, шығыс ақындарына ілхамын жалғауды олардың да үлкен қылмыс ретінде санайтыны анық еді. С.Нұрышев тек абайтану іліміне қатысты айыптаулармен Әуезовтің «тамырына балта шаба алмайтынын» білді. Сондықтан да оның бүкіл ғылыми шығармашылығына ауыз салды.

Ә.Жаймурзин: «Бірақ... Иә, бірақ Әдебиет саласында Мұхтар Әуезовтің айналасында күн сәулесі жарқырай түскенімен, оның ғылым саласындағы еңбектері төңірегіндегі түсінбеушілік орын ала бастады. Ол «Абайтану», «Абай мектептері» деген мәселелер төңірегінде өрбіді. Кейде Нұрышев, тағы басқалардың келеңсіз мақалалары жарыққа шығып та үлгірді. Осы мәселенің аяғы Мұқаңды ҚазМу-ден сабақ беруден босатумен аяқталды ғой деймін. Менің бұл мәселе жөнінен білетінім: сол кезде оның абайтану туралы оқыған лекцияларында ұлтшылдық сарын күшті деген пікір болатын. Орталық комитетте бір рет осы мәселе сөз болғанда мен оның лекциясының текстісі бар ма, бар болса оны оқыған кім бар деп сұрағанымда, ешкім жауап бере алмады. Олай болса бұл бос сөз, сондықтан қатыспаймын,деп кетіп қалғанмын.

Кейін бір кездескенде Мұхаңнан: Абайтану туралы лекцияңыздың жазбашасы бар ма, болса маған оқуға бересіз бе?,деп сұрап едім, бар, берейін деді. Көп кешікпей машинкаға басылған 500-600 беттей мұқабаға түптелген лекция менің қолыма тиді. Мен оны асықпай оқып шықтым. Қолжазба маған өте қатты ұнады. Бұл нағыз ғылыми еңбек екен, Абай туралы мұндай ғылыми зерттеуді мен бұрын-соңды оқып көргенім жоқ. Бұдан кейін Мұхаңды шақырып, қолжазбасын өзіне берерде: оқып жүрген лекцияңыз осы ма, әлде бұдан басқа тағы бірдемелер бар ма?, деп күліп едім. Бұдан басқа не болушы еді, деп өзі де күлді. Әлгі ұлтшыл деп айтып жүргендері осы болса, бос сөз екен дедім. Ал мұны неге баспаға беріп кітап етіп шығармайсыз дегенімде: ондай ойым бар еді, бірақ осындағы кейбір мәселелер жөнінде әртүрлі сөздер айтылып жүргесін, кідіртіп жүрмін деді. Баспаға даярлаңыз, егер Ғылым академиясының баспасы баспаса, біз басалық. Абай жазушыларға да, академияға да бірдей емес пе,дегенімде оның дұрыс екен, ойланайын деді. Бұл еңбек менен кейін жеке кітап болып шықты».

С. Нұрышев (жалғасы): «М.Әуезов жіберген қателер мен бұрмалаушылықтар, оның тек абайтану төңірегіндегі еңбектерімен шектеліп қалмайды. М.Әуезовтің әдебиеттанудағы өзге де еңбектері тура осындай идеялық дертке ұшыраған. 1944 жылы ол қазақтың аударма мысалдарының контрабандалық жинағын құрастырды, өйткені авторының атын атамастан алашорда көсемі Байтұрсыновтың көптеген мысалдарын кіргізіп жіберді. Байтұрсыновтан басқа авторлардың барлығының атының көрсетілуіне қарағанда, Әуезов мұны қасақана істеген. Сонымен бірге Байтұрсыновтың «Қаздар» деген мысалын Абайдың атынан жариялап жіберген...

... М.Әуезов – буржуазияшыл-ұлтшылдықтың рухы өзегінен өткен «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының редакторы. М.Әуезовтің басты айыбы сонда, бұл кітаптың авторлары БК(б)П-ның идеология мәселелері жөніндегі шешімдерін және ҚК(б)П Орталық комитетінің «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтындағы өрескел саяси қателер туралы» қаулысындағы қазақ әдебиеттануындағы зиянкес «теориялар мен тұжырымдарды», соның ішінде М.Әуезовтің «зар заман тұжырымын» қатаң сынға алып, айыптаған шешімін көзге ілмеген.

Республикалық баспасөздерде М.Әуезовтің: орыс тілінің араласуы қазақ әдеби тілін шұбарлайды, сондықтан оны дыбысталуы бойынша (түпнұсқада – искаженным виде – Т.Ж.) қолдануы керек – деген «теориясы» сыналды. Әуезовтің бұл пікірінің тамыры тереңде. 1918 жылы Әуезов редакторлық еткен «Абай» журналы: егерде орыс сөздері қазақ тіліне кірігетін болса, оған қазақтың тымағын кигізіп, яғни, оны дыбысталуы бойынша (искаженным виде – Т.Ж.) бұзып алу керек деп жазған болатын...».

Сөйтіп, оның барлық шығармашылық әрекеті туралы мынадай «үкім» ұсынды:

С.Нұрышев (жалғасы): «... Жоғарда келтірілген фактілердің барлығы да М.Әуезовтің әдебиеттанудағы кейпін толық әшкерелеп береді, бұдан оның 30 жылға созылған әдебиеттану саласындағы барлық әрекеті өрескел саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтарға толы болғаны анық көрінеді. Еріксізден еріксіз: М.Әуезов өзінің қателіктеріне сын көзімен қарады ма, қарай ала ма?,– деген сұрақ туады».

Әрине, ол сұрақтың жауабы «жоқ» деген бір ауыз сөз ғана. Қарсы шықсаңыз болды, дәлелі дайын.

С.Нұрышев (жалғасы): «Бір мысал келтірейін... 1951 жылы ақпан айында «Лениншіл жас» газетінде осы жолдардың авторының «Абай шығармашылығының бірінші кезеңі туралы» деген мақаласы шықты. Онда М.Әуезовтің абайтанудағы идеологиялық бұрмалаушылықтары жөніндегі қажетті пікірлердің бір бөлігі ғана қамтылды. Бірақ та ол бұл сынға кеңес жазушысы әрі ғалымы ретінде қарамады. Өзінің маркстік ілімге қарсы көзқарасының әшкереленіп қалу қаупінен сескеніп (редакцияның өтініші бойынша оның аты мақалада аталмаса да), М.Әуезов мерзімді баспасөзде біраз мақала жариялады («Қазақ ССР Ғылым Академиясының Жаршысы, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас»), онда ол өзінің жоғарыда талданған 1934 жылғы мақаласындағы қателіктерді өктемдікпен қорғап, өзінің қарсыласына шабуылдаумен болды. Әуезов әдебиеттанудағы өзінің көзқарастарын насихаттау және оны тарату үшін ғылыми кадрларды пайдалануға тырысады...».

Әрбір абайтанушы – абайтанудың негізін қалаушы Әуезовтің шәкірті болуға ұмтылуы заңды және ол үлкен ғылыми мектеп емес. Ал «өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын» С.Нұрышев үшін М.Әуезов бедел емес еді. Ол М.Әуезовті де, оның шәкірттерін де көзге ілмеді, оларды ғылыми бақталас деп қабылдады. Өзін тұлға ретінде сезінді. Егерде осы жолы М.Әуезов түрмеге түссе – ол арманы да орындалатыны анық еді. Қайран Абай! Күнің кімге түсе жаздаған?!.

С.Нұрышев (жалғасы): «Өзінің зиянды идеялық ұстанымын күшейте түсу үшін М.Әуезов қазақ әдебиеттануындағы «ғылымға қарсы тұжырымын» нығайтуға тырысады. Осы мақсатпен ол Қ.Мұхамедхановтың Абайдың ақындық мектебі туралы диссертациясын сондай мұқият дайындатты, онда М.Әуезовтің өткендегі қателері мен бұрмалаушылықтары барынша жинақталған. Диссертация ашық және көлегейлеп жеткізілген маркстік ілімге қарсы материалдарға лықа толып тұрған болып шықты. Алайда Әуезовтің бұл ретте жолы болмады. Ғылыми кеңестің Мұхамедхановқа берілген ғылыми дәрежесі қайтарылып алынды, ал оның авторы халық жауы ретінде әшкереленді. М.Әуезовтің осы диссертацияның тарихына байланысты ұстанымы өте өрескел. Ол тек қана идеялық шабыттандырушы ғана емес, осындай зиянды жұмыстың жетекшісі ғана емес, сонымен бірге оппоненті де болды. Ол Тіл және әдебиеттану институтының әдебиет секторында, институттың Ғылыми кеңесінде және Қазақ ССР Ғылым Академиясының қоғамтану ғылымдарының біріккен Ғылыми кеңесіндегі қорғау кезінде де оны қорғап сөйледі. Мұның барлығы, осындай барып тұрған зиянды диссертацияны қорғаштауы, М.Әуезовтің онда аса үлкен жеке мүддесі болғандығын байқатады...».

Шәкірт дайындауға қай ғалым мүдделі емес. Оны ғылыми мұраты мен мақсатына жеткізу жолында қай ұстаз тәуекелге бармайды? Сол да қылмыс па? С.Нұрышев үшін – қылмыс, нағыз қылмыс еді. Өйткені ол мұның өзімен бақталастыратын нағыз ғалымды тәрбиелеп отыр ғой.

С.Нұрышев (жалғасы): «Соңғы уақытта М.Әуезовтің бір кезде әшкереленген «теориялары мен тұжырымдарын тірілтуге ұмтылушылық байқалады. Міне, тура осыған орай партиялық баспасөзде З.Кедринаның М.Әуезовтің шығармашылығы туралы кітапшасы әділ сынға ұшырады. Оның өткендегі қателерін ақтауға, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы оның ұлтшылдық ашық әрекетін бүркемелеуге ұмтылуына дәлел ретінде мына жолдар мысал бола алады: «Өзінің әдеби және қоғамдық қызметінің алғашқы жылдарында жас М.Әуезов революция ісіне шын жүрегімен пайдалы болуға тырысты... Оқу мен әкімшілік жұмысты қатар атқарды (21-бет). Бұл шындыққа сай дәлел емес. Бұл жылдары Әуезовтің кеңес өкіметінің жауы болғаны ешкімге құпия емес, оны өзі де мойындайды. 1950 жылы басылып шыққан «Абай» романына қосымша берілген «Өмірбаянында» ол «1932 жылдан кейін ғана кеңес жазушысы» есебінде қызмет істей бастағанын жазды. Содан кейін З.Кедрина өзінің кітабында М.Әуезовтің баяғыда ұмытылып кеткен зиянды туындысын ақтауға және Абай мектебі туралы жалған «тұжырымы мен теориясын» тірілтуге тырысады. Ол абайтанудың біраз мәселелерін бұрмалап баяндайды. Мұның барлығы М.Әуезовтің тікелей жетекшілігімен немесе үнсіз мақұлдауымен жүзеге асырылып отыр...».

Қастаншықпағыр, бақас ғылымның әурешілігіне» (Абай) түскен С.Нұрышев өзінің ойын осылай баспақтата келіп:

«... Мұхтар Әуезов ұзақ уақыт бойы халық жауларының идеясын насихаттап, олардың өзін қолпаштап келді, сол үшін ешқандай жауапкершілікке тартылған жоқ...»,– деген қорытынды шығарды.

Оның пайымдауынша: қазақ руханияты М.Әуезов бостандықта жүргенде ілгері дамымайды. Өйткені:

«... М.Әуезовтің тарапынан және оның жанашырларының тарапынан жіберілген, әр түрлі форма мен тәсілдер арқылы көрініс берген әрекеттердің барлығы да буржуазиялық ұлтшылдықты ашық немесе бүркемелеп насихаттау болып табылады. Қазақ әдебиеттануындағы ұлтшыл көзқарастар әлі де соңына дейін әшкереленіп біткен жоқ және біздің күресті қарқынды дамытуымызға үлкен тосқауыл қойып отыр».

Сондықтан да ол өзінің, яғни, бақас тобырдың мақсатын:

«Біздің мақсатымыз буржуазиялық ұлтшылдыққа қарсы күресті ақырына дейін жеткізуге» ұмтылды.

Яғни, Мұхтар Әуезовті түрмеге қамап, жер аударту. Мұхтар Әуезовтің өз тілімен айтсақ, бұдан артық «тірідей теріңді сыпырудың өзге жолын табудың өзі қиямет».

«Ақырына дейін, тамырына балта шабылғанға дейін күресуге» ант берген Нұрышевтің мақаласына М.Әуезов:

«Бір адамның 30 жыл бойғы еңбегін тұтастай талақ етіп, дөрекі сыңар езулей мазақ етудің сорақы нұсқасын елестету үшін «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Хабаршысының» №4 санында басылған С.Нұрышевтің мақаласындағыдан артық тірідей теріңді сыпырудың өзге жолын табудың өзі қиямет. Ғылыми мекеменің көшбасшысы бола тұра, алдына «Абай творчествосын зерттеудегі буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырына балта шабайық» – мыс-деп байсалды ғылыми міндеттер қоя отырып және өзінің деректерінің нақтылығы мен пікірінің дұрыстығына еш күдіксіз сендіре сөйлесе де, бұл мақала Абайдың еңбектері мен өмірін зерттеу жолындағы ең сенімді, тарихи тұрғыдан мойын бұрғызбастай дәлелдермен дәйектелген маңызды деректерді қасақана бұрмалау және қасақана теріс пікір туғызу пиғылы мен арандатуды көздеген»,– деп баға берді.

Үзіндісі ғана алынып отырған «Литературная газетаның» редакциясына жолданған бұл «Ашық хат» маусым айының 2-жұлдызында өткен СССР Жазушылар Одағының басқарма жиналысында арнайы талқыланды. Оған Қазақстаннан Ә.Жаймурзин ресми шақырылды және Ә.Әбішев қатысты.

Ә.Жаймурзин: «1953 жылдың май айында мен Орталық партия Комитетінің жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына емтихан беруге Москваға бардым. Жазушылар Одағы бастығы жұмысынан босанғаным жоқ. Егер емтихан беріп түссем, Жазушылар Одағының пленумын шақырып, сонда босанатын болып келіскенбіз. Алматыдан шығарда Москваға Жазушылар Одағының қонақ үйінен номер сұрап телеграмма бергенмін. Келсем «Москва» қонақ үйінен номер даяр екен. Соған келіп тоқтадым. Таңертең тоғыздан аса бергенде телефон соғылды. Алсам Жазушылар Одағынан екен: қазір К.Симонов жолдаспен сөйлесесіз деді. Амандасып, хал-жай сұрасқаннан кейін, мен оған емтихан тапсыруға келгенімді айтып, одаққа кейін келемін деп едім: жоқ сіз маған қазір керексіз, сондықтан алдымен бізге соғыңыз деді. Көп кешікпей К. Симоновтың хатшысы маған қандай нөмерлі машина кеткенін хабарлады.

Мен келгеннен кейін Симонов Қазақстан Жазушылар Одағындағы хал-жағдайды сұрады. Мен қысқаша баяндап айтқаннан кейін өзінің мені неге шақырғанын айтып, бір кішкене парақ қағазды көрсетті. Онда: Сурков пен Симонов жолдасқа! Мына Әуезовтің арызын секретариаттың кеңейтілген мәжілісінде қарап, содан кейін менің қолыммен Орталық партия Комитетіне хат даярлаңыздар деп тапсырыпты А.Фадеев жолдас. Сәрсенбі күніне секретариат мәжілісін шақырып отырмыз, соған сіздің қатысуыңыз қажет деді. Мен келістім. Келісілген мезгілге секретариат мүшелері мен шақырылған адамдар жиналды. Қазақстан Жазушылар Одағынан Әуезов, Әбішев және мен болдым.

Секретариатты А.Сурков басқарды. Ол Әуезовтің Фадеевтің атына хат жазып, өзіне кейбір адамдардың ауыр-ауыр айып қоятынын, оның шындыққа жанаспайтынын, өзінің совет әдебиетіне шын ақ ниетімен қызмет істеп жүргенін, оған өзінің шығармаларының дәлел болатынын айтыпты. Өзінің атына тағылып жүрген орынсыз жалалардан қорғауды Жазушылар Одағынан сұрапты. Секретариаттың осы мәселеге арналып отырғанын айтқаннан кейін, Сурков жолдас бірінші сөзді маған берді.

Мен он минут шамасында Қазақстан Жазушылар Одағындағы жағдайды айтып, республиканың партия, үкімет орындарында да, Жазушылар Одағында да Әуезов жөнінде жаман пікір жоқ екендігін, оны аса көрнекті совет жазушысы деп санайтынын айттым. Сонымен қатар кейбір адамдардың Әуезов жөнінде жаңсақ, біржақты теріс пікірлерінің барлығын, олардың кейде баспасөз беттерінде жарық көргенін де баяндадым. Ашық болмағанымен кейбір жазушылардың іштей оны қолдайтыны да жоқ емес дедім. Қазақстан жазушыларының бір мәжілісінде Сәбит Мұқанов алдында отырған Әуезовке көзінше оны «халық жауы Әуезов» дегенін, мен оның бұл сөзінің дұрыс еместігін айтып ескерту жасауға мәжбүр болғанымды да жасырғаным жоқ.

Бұдан кейін Сурков сөзді Әуезовке берді. Секретариатта Н.Тихонов, Л.Леонов, В.Кожевников, СССР Ғылым академиясындағы Әлем әдебиеті институты партия ұйымының хатшысы, ғылым кандидаты А.Петросян қатынасып отырды.

Мен Әуезовтің талай сөйлегенін де, жасаған баяндамаларын да тыңдаған адаммын. Бірақ оның мұндай көсіліп терең де тебірене сөйлегенін бірінші рет естідім. Сөзі 30-35 минутқа созылды, отырған жұрт ұйып, мейлінше зер салып тыңдады.

Мұхаң сөзін өзін Россия империясы отарының шеттегі түкпірінен шыққан қазақ халқының жас интеллигенциясы қатарына жатқызатынын айтты. Ұлы Октябрь революциясын олардың қуана қарсы алғанын, бірақ оны алғашында жете түсіне алмаушылықтың болғанын да айта келіп: біз бірнеше есіктерді қақтық, одан түрліше дүбір-дауыс естідік, кейбіреулер дұрыс есікке тап болып, дұрыс жолға түсті, ал кейбіреулері жаңсақ дүбірге ілесіп кетіп қателесті де деп күлді. Мен солардың бірімін деді де, әлеуметтік революция сияқты ұлы өзгерісті бірден түсіне қою оңайға түспейтін мәселе екендігі қайсымызға болса да түсінікті ғой. Шынымды айтсам, достарым-ау В.И.Лениндей көсемдерің бола тұрып, М.Горькийдей ұстаздарың бола тұрып, сіздер де сол кезде шатаспап па едіңіздер дегенде, жұрт ду күліп жіберді. Өмірде сөзге сараң Л.Леонов Н.Тихоновқа қарай қолын нұсқап: соның біреуі міне алдыңызда отырдеп рахаттана күлді.

Бұдан кейін Мұхаң өзінің жазушылық жолына шолу жасады: Социалистік реализмге мен тура жолмен келгенім жоқ. Менің жолым соқпағы көп жол. Мен бір кезде романтизммен әуестендім. Шын мәнінде оны меңгергім келіп өзімнің жазушылық мүмкіншілігімді байқап бақтым, шынын айтқанда мен натурализмді де теріс көргенім жоқдей келіп, жалпы жазушы өзінің творчествосында қандай жолмен жүруге де ерікті деп есептеймін деді де, бұл кезеңді өзінің жазушылық шеберлігін жетілдіре түсуге ұмтылу жолым деп білемін деді. Социалистік реализмнің теория жақтарында әлі де ойланатын проблемалар жеткілікті дей келіп, шын мәнінде социалистік реализмді жазушы өзінің шығармалары арқылы іске асыра алады, осыны бірден бір дұрыс жол деп есептейміндеді.

Мен өзімді социалистік реализм жолына шын ниетіммен келдім деп айта аламын. Оны мен қалай меңгере алдым, өз шығармаларымда іске асыра алдым ба, жоқ па, оған әділ төреші өздеріңсіңдер, соны ашық айтуларыңды сұрар едім деді. Сіздерден сұрайтын бір-ақ тілегім бар – кемшіліктерімді жасырмай тура айтыңыздар, мен оған түк ренжімеймін деп барып тоқтады.

Мұхаңның сөзі аяқталған бойда А.Сурков орнынан атып тұрып (өзі өте бір шапшаң адам болатын) сөйлеп кеп кетті. Ең алдымен ол қазақ әдебиеті туысқан республикалар әдебиеттерінің ішінде ең жедел өсіп келе жатқан, келешегінен үлкен үміт күттіретін әдебиет екенін айтты. Қазір онда барлық жанрда өз қолтаңбасы бар шығармалар көптеп шыға бастады. Ең үлкен мақтаныш – ондағы қалыптасқан жазушы кадрлары. Бұл әдебиет бізге Жамбылды берді, Мұхтарды, Сәбитті, Ғабитті, Ғабиденді берді. Бұлардың аты одаққа ғана емес, шет елдерге де белгілі болып отыр. Біз мұндай әдебиетті кім көрінгеннің қолжаулығына бере алмаймыз, қазақ әдебиетінің кадрларын орынсыз қаралаудан, жаладан қорғау біздің азаматтық борышымыздеді.

Біздің бүгінгі мәжілісіміздің тақырыбы Мұхтар Омархановичтің хаты болғандықтан, бұл мәселе жөнінде комиссия құру дұрыс болар деп ойлаймын, қарсы болмасаңыздар оның құрамына мына жолдастардан болсын: бастығы Н.Тихонов, құрамы – К.Симонов, Л.Леонов, В.Кожевников, Ә.Жаймурзин, А.Петросян, М.Әуезовтің өзі кірсін,деді.

Секретариат мәжілісінен кейін Н.Тихонов жолдас комиссия мүшелерін қалдырып қысқаша пікір алысты. «Жаңа мен кішкене кешігіп келіп сөз сұрай алмай қалдым, сондықтан маған сөйлеуге рұхсат беріңіз», деп Вадим Кожевников сөз алды. Ол өте қызу сөйледі. Ең алдымен «Знамя» журналы редакциясының Әуезовтің романын жариялау үстінде автормен бірігіп тізе қоса отырып істеген жұмыстарын баяндады. Алматыдан Әуезовті екі рет арнайы шақырып алып, істескен жұмыстарын талдап айта келіп, автордың редколлегия мүшелерінің ескертулеріне құлақ асып, шығармасын көп жөндегенін мәлімдеді. Роман жарияланғаннан кейін оқушылардан көп хат алғандарын, оның қашан жеке кітап болып шығуын күтуде екенін баяндады. Сөзінің аяғында: егер осы романда саяси қате бар дейтін болса, ұлтшылдық бар дейтін болса мен оған Әуезовпен бірдей жауаптымын, мені де ұлтшыл деулеріңе болады,деп жұртты бір күлдірді.

Комиссия мүшелері пікір алысқаннан кейін Тихонов жолдас: Орталық комитетке жазылатын хаттың жобасын жазуды Симонов пен Петросянға тапсыралық, келесі мәжілісте сол жоба айналасында сөйлесетін болалық, деп қорытты.

Келесі мәжіліс «Литературная газетаның» редакторы Симонов жолдастың кабинетінде өтті. Хаттың жобасына комиссия мүшелерінің ұсыныстарын енгізгеннен кейін, хат толық кабылданып, секретариатқа берілсін деп келісілді. Секретариаттың бұдан кейінгі мәжілісін Симонов жолдас басқарып, хатты қабылдап, А.Фадеев жолдасқа қол қоюға жіберді».

К.Симонов: «Секретариаттың тапсырмасы бойынша құрылған комиссия мүшелері, құрамында Тихонов, Кожевников және мен бар, Әуезовтің өтінішіне байланысты барлық материалдармен танысып шықтық, Әуезовтің өзімен әңгімелестік, бұл іске Жаймурзинді де тарттық, сөйтіп, бір пікірге келіп, мынадай Қаулыны секретариаттың бекітуіне ұсындық».

Қаулы: Комиссияның ұсынысы бекітілсін.

1. Абайдың шығармашылығы туралы М.Әуезовтің еңбегіне іскер сын айтудың орынына кеңес жазушысы М.Әуезовке саяси қысым көрсетуге ұмтылған С.Нұрышевтің «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Жаршысының» 1953 жылғы №4 санындағы жарияланымындағы ұстанған бағытының дұрыс емес екендігі туралы мақала жариялау «Литературная газетаға» тапсырылсын.

2. Әуезов пен Мұқанов жолдастарға: екеуі бірігіп республикалық баспасөзде ашық хат жариялау ұсынылсын, бұл хатта олар: екеуінің арасында қалыптасып отырған зиянды, қырғиқабақ қарым-қатынастың топшылдыққа алып келгендігін толық ашып көрсетсін.

М.О.Әуезов: Сіздердің шешімдеріңіз – ең жанашыр, ең парасатты, ең әділ шешім, мен мұны қабылдаймын. Партия ұйымы да мұны мағынасыз топшылдық деп баға берген. Біздің екеумізде – жауапты, барынша саналы адамдармыз. Сондықтан да мұны Мұқановқа да жолдастықпен, сендіре жеткізу керек».

Міне, егесе ырғасқан екі тұлғаның жеткен жері осы болды. Бұл қаулы екеуіне қажет пе еді? Иә, екеуіне де қажет еді. Өйткені жеке бастарын ғана емес, мұқым бір ұлттың зиялы қауымын екі жарған бұл жікшілдіктің тамыры, шын мағынасынан алғанда, түбінде бір қиылуы тиіс болатын.

Қай қылығы татиды сұм өмірдің,

Татуды араз, аразды жат қыларға, –

деп Абай айтқандай, мына өмірде екеуін араз қылатындай санат сыбағасы жоқ болатын.

Өзінің «мендерін» жеңе алмаған, «менікі» дегендері түптің түбінде кімді екеніне, кімнің мүддесіне қызмет ететініне сенгісі келмеген сананың сағымды сабылысы ақыры ұлттық рухани жіктелуіне әкеп соқты. Бірін бірі қиындыққа қиды. Тығырыққа тіреді.

Егерде Әуезов түрменің табалдырығын бүгін аттаса, ертеңінде Мұқанов оның есігін қағып тұратыны анық еді.

Ол мұны соңғы сәтте ғана түсінді. Сенген партиясы одан бетін теріс бұра бастағанын іштей сезді. Алайда біріккен ашық хат жарияланбай қалды. Әлде, Мұқанов оған бойсынғысы келмеді ме, әлде, екеуінің табысуын құзырлы мекемелер қош көрмеді ме, ол жағы әл-әзір бізге беймағлұм.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір