Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Мәйекті 24068 0 пікір 29 Сәуір, 2014 сағат 10:26

Макс Вебер. БИЛІКТІҢ «ЗАҢДЫ ҮСТЕМДІГІ»

 

Саяси ғылымда билік және оның саяси әрекеттері туралы жазбағандар кемде кем. Оған соқпай кетпеуге де болмайды. Өйткені, биліктің өзі басқаға билік ету, әмірін жүргізу, тіпті оны мемлекеттің күшімен мәжбүрлі түрде орындатуды білдіреді. Осыған орай осы саланы зерттеген саясаттанушылар өз пікірлерін, тұжырымдарын, пайымдарын, қорытындыларын жасады. Бұл үрдіс ежелгі заманнан бастау алады. Саяси ғылым, оның ішінде билік туралы ғылым ХХ ғасырда  кең қанат жайды. Өйткені, жиырмасыншы жүзжылдық бүкіл әлемдік тарихта ең саясиланған кезең болып табылады. Мемлекет, саясат, билік мәселелері бұл ғасырда болып өткен әлеуметтік сілкіністерге және бұқаралық қозғалыстарға байланысты алдыңғы қатарға шықты және әрқилы саяси тұжырымдар мен теориялар пайда болды.  Сондай тұжырымдардың бірін немістің әлеуметтанушы, саясаттанушы және тарихшысы Макс Вебер (1864-1929) жасады.

Оның еңбектері XX ғасырдың алғашқы жартысындағы әлеуметтік және саяси әлеуметтану ғылыми білімінің даму бағытын едәуір дәрежеде анықтай алды. Оның әлеуметтану мен саясаттанудың әртүрлі салаларын қамтыған еңбектері XX ғасырдағы әлемдік саясаттану мен әлеуметтануға қосылған зор үлес деп бағаланды. Макс Вебердің ғылыми еңбегінің басты арқауы – заңды үстемдік мәселесі болды. Оның тұжырымдаған әдіснамасы одан кейінгі бүкіл саяси ғылым дамуының сипаты мен бағытына да едәуір ықпал етті.   Вебердің биліктің «заңды үстемдігі» тұжырымын оның осы мәселе жөнінде жазылған еңбектерінен үзінділер келтіру арқылы беруді жөн көрдік. Сонымен биліктің «заңды үстемдігі» дегеніміз не? Оның жауабын осы саланы тереңірек зерттеген М. Вебердің айтқандарынан іздеп көрелік.

Макс Вебердің бұл мәселе жөніндегі негізгі саяси көзқарасы оның 1918-1919 жылдары жарық көрген «Саяси бейімділік және кәсіп ретінде» еңбегінде баяндалған. М. Вебердің саяси әлеуметтануының басты дінгегі – билік мәселесі. Саяси өкімет пен мемлекетті әлеуметтану ғылымы арқылы қарастырған Вебер оны билік әлеуметтануы деп атады. «Мемлекет дегеніміз не?» деп сұрақ қоя отырып Вебер оның осы заманғы әлеуметтанушылық анықтамасын кез-келген саяси одақ секілді, ол қолданатын өзіндік құрал - физикалық зорлық-зомбылыққа сүйеніп қана беруге болатының айтады.

 Осылайша, Троцкийдің «кез-келген мемлекет зорлық-зомбылыққа негізделген» деген сөзін келтіре отырып Вебер мемлекетке төмендегідей әлеуметтанушылық анықтама береді. «Тек егер зорлық-зомбылықты құрал ретінде білмейтін әлеуметтік құрылымдар бар болса, онда «мемлекет» ұғымы жайына қалар еді, онда сөздің ерекше мағынасында «анархия» деп атауға болатын нәрсе орнар еді. Әрине, зорлық-зомбылық мемлекеттің қалыпты немесе бірден-бір құралы емес – бұл туралы жақ ауыртпаймыз. Бірақ, ол, тегінде, сол үшін өзіндік ерекше құрал. Мына заманда мемлекет зорлықпен ерекше етене».

Яғни, Вебер айтқандай «зорлық-зомбылық жасау «құқығының» бірден-бір көзі мемлекет деп саналады. Осы анықтама арқылы Вебер «саясат» дегеніміз қай жағынан таразыласақ та, мемлекет арасында болсын, мемлекет ішінде ол қамтитын адамдар топтарының арасында болсын, билікке қатысуға немесе билік бөлінісіне ықпал жасауға ұмтылыс деген сөз» деп атады.

Билік бөлінісіне немесе үстемдік етуге ұмтылыс Вебердің сөзімен айтсақ «кім саясатпен айналысса, сол билікке ұмтылады: не басқа мақсатқа (мінсіз немесе эгоистік) бағындырылған құрал ретінде билікке, не сол биліктің «өзі үшін», ол беретін бедел сезімінен ләззат алу үшін ұмтылады. Мемлекет те, тарихи жағынан содан бұрын болған саяси одақтар да адамдардың адамдарға үстемдік қатынасы, ол заңды (яғни заңды деп саналатын) зорлық-зомбылыққа құрал ретінде сүйенеді.

Саяси үстемдікке, билікті бөлісуге ұмтылатын және саясатпен айналысуды мақсат ететін «кәсіпқой саясаткерлер» туралы егжей-тегжейлі қарастыра келіп М.Вебер былай деп жазады: «Саясатпен» айналысуға – яғни, биліктің саяси құрылымдар арасында және олардың ішінде бөлінуіне ықпал жасауға ұмтылуға – «жағдайға қарай» саясаткер ретінде де, бұл жұмыс, дәл экономикалық кәсіпшіліктегідей, қосымша немесе негізгі кәсіп болатын саясаткер ретінде де айналысуға болады.

Сайлау бюллетенін жәшікке салғанда немесе соған ұқсас ырқымызды білдіргенде, мысалы «саяси» жиналыста қол шапалақтағанда яки жер тепкілегенде, «саяси» сөз сөйлегенде және т.б. жағдайларда біздің бәріміз «жағдайға қарай саясаткер болып шыға келеміз; көптеген адамдарда олардың саясатқа қатынасы осындай қарекеттермен ғана шектеледі. Бүгіндері, мысалы, партиялық-саяси одақтардың сенім білдірілген адамдары мен басқармалары «қосымша қызмет» саясаткерлері болып табылады. Мемлекеттік кеңестер мен сол секілді тек талап бойынша ғана қызмет атқара бастайтын кеңесші органдардың мүшелері де саясатпен тура солай айналысады. Біздің парламентарийлардың едәуір қалың жіктері де онымен дәл солай айналысады, олар тек сессия кезінде ғана оған «жұмыс істейді».

Саясатты өзінің кәсібіне айналдырудың екі тәсілі бар: не саясат «үшін» өмір сүру керек, не саясаттың «есебінен» және «саясатпен» («von» der Politik) өмір сүру керек. Саясат «үшін» өмір сүретін адам әлдене іштей мағынада «өз өмірін сонымен» жасайды – не ол өзі жүзеге асыратын биліктен ашық ләззат алады, не «іске» («Sache») қызмет етіп жүргенін түсінуден өзінің ішкі тепе-теңдігі мен өз абыройы сезіміне нәр алады, және сол арқылы өзінің өміріне мағына береді.

Кәсіп ретіндегі саясат «есебінен» күн көретін адам – оны тұрақты кіріс көзіне айналдыруға ұмтылатын адам; ал саясат «үшін» күн көретіндердің мақсаты басқа. Әлдекім экономикалық мағынада саясат «үшін» өмір сүре алатын болуы үшін жеке меншіктік салт үстемдігі жағдайында, кейбір, керек десеңіз, әбден таптаурын алғышарттар болуға тиіс: қалыпты жағдайда ол оған саясат әкелуі мүмкін кірістерге тәуелді болмауға тиіс. Демек ол кәдуілгі дәулетті адам болуға немесе жеке адам ретінде ол өмірде тұрақты жеткілікті кіріс алып тұратындай жағдайға ие болуға тиіс. Бері салғанда қалыпты жағдайда шаруа осылай болады.

Алайда   саясат «үшін» өмір сүретін адам мұның үстіне шаруашылық жағынан «кіріптар» болмауға, яғни оның кірістері ол өзінің жұмыс күші мен ойын тікелей толығымен немесе барынша кеңінен өз кірістерін алуға ұдайы жұмсауына тәуелді болмауға тиіс».

М. Вебердің бұл талдауынан көретініміз «егер мемлекетті немесе партияны саясаттың есебінен емес, тек қана саясат үшін өмір сүретін (сөздің экономикалық мағынасында) адамдар басқарса, онда бұл тұп-тура саяси басқарушы жіктерді «плутократиялық» әдіспен жұмылдыру болып шығады. Бірақ бұл соңғысы әлі керісінше мағына бермейді: плутократиялық басшылықтың болуы, саяси үстем жікте сондай-ақ саясат «есебінен» де күн көру ниеті, яғни, өзінің саяси үстемдігін жеке экономикалық мүдделер үшін де пайдалану ниеті болмайды деп топшылауға негіз бермейді.

Нағыз шенеуніктің шынайы кәсібі саясат болмауға тиіс. Ол «мемлекеттік мүдделерге» қатер төніп тұрмаса істі ашуға бой алдырмай, ешкімге бұрмай шешуі тиіс. Ал бұның өзі «заңның үстемдігін» білдіреді. Вебер енгізген «заңды үстемдік» категориясы бұйрық пен бағынуға негізделген билікті қарастырады. Бұндай үстемдікті жеке адамдар іске асыра алады. Вебердің айтуынша «үстемдік дегеніміз, белгілі бір бұйрыққа бағыну мүмкіндігін ұшырату.

Үстемдіктің бірінші түрі көбінесе салтқа айналған моральдық тәртіпке байланысты. Бұл үстемдіктің негізінде ұтымдылық жатады. Оның жарқын мысалы, еуропалық мемлекеттер мен АҚШ болып табылады. Бұл мемлекеттерде адамдар жеке адамға, тұлғаға, лауазым иесіне емес, тек заңға бағынады. Заң арқылы ғана басқаларға, шенеуніктерге бағынады. Яғни, Вебер айтқан үстемдіктің негізі – заңдылық болып табылады. Заңды үстемдіктің екінші түріне Вебер  дәстүрге, салтқа негізделген үстемдікті жатқызады.

 Ал үстемдіктің үшінші түріне «әдеттегіден тыс жеке дарынның беделі (харизма), әлдебір адамдарда көсемдік қабілеттердің: аян алу, батырлық және басқа қабілеттердің болуынан туындайтын толық және  жеке сенім – пайғамбар, немесе халық сайлаған әмірші, әйгілі демогог және саяси партия көсемі жүзеге асыратын харизмалыққ үстемдікті атайды. Үстемдіктің бұл түрі ежелгі және орта ғасырларда көбірек ұшырасқанымен, қазіргі уақытта сирек кездеседі.

Вебердің «заңды үстемдігі» заңның үстемдігін емес, мемлекеттің, биліктің үстемдігін заңды етуге саяды. Яғни, билік үстемдік ету арқылы ғана мемлекеттің тұтастығын, тыныштығын қамтамасыз ете алады, ел азаматтарының бостандығы мен құқығын қорғайды, олардың заң аясында емін-еркін өмір сүруін қамтамасыз етеді. Яғни, «заңды үстемдік» мемлекет және билік үшін ерекше шара. Вебер тұжырымдаған заңды үстемдік проблемасы одан кейінгі бүкіл саяси ғылым дамуының сипаты мен бағытына да зор ықпал етті.

Үстемдіктің ең төзуге болатын түрі – қандай да негізде болмасын «заңдылықты» оған қатысушылардың өздерінің беруінен көрінеді. Осылайша, Вебер үстемдіктің бірқатар заңды түрлерін анықтап, сол арқылы саяси құрылыстың тарихи және қазіргі түрлерін талдайды. Вебер анықтаған үстемдіктің бұл түрлері «құқықтық» (заңды), «дәстүрлі» (ежелгі тәртіптер), және «харизмалық» (басшының ерекше қасиеті) өлшемдерге негізделген заңдылыққа сенуден туындайды.

Вебер тұжырымдаған құқықтың және сол арқылы биліктің «заңды үстемдігін» бүгінгі Қазақстан билігі тиімді пайдаланып отыр. Олар өздерінің кез келген саясатын, әрекетін заңды деп есептейді. Мысалы, сайлау кезіндегі, дауыс санаудағы бұрмалаушылықтар мен әділетсіздік, оппозициялық партиялардың жұмысына барынша кедергі келтіру, мүмкіндіктерін тарылту, олардың көбірек дауыс жинауына мүмкіндік бермеу арқылы Қазақстанның саяси тұрақтылығы мен тұтастығын және ел бірлігн сақтап отырмыз дейді. Олай етпесек, оппозициялық партиялар демократияны желеу етіп «саясатта айтуға болмайтын кейбір жәйттерді» айтып салады, одан әлеуметтік және басқа да наразылықтар туады деп қорқады. Яғни, ежелгі Қытай ойшылы Лао- Цзының «Көп білген халықты басқару қиын» деген сөзін басшылыққа алып, біз солай етуге мәжбүрміз дегенге меңзейді.

Шындығында да бізде билік басындағы партиялардың басқа партияларға қарағанда едәуір артықшылыққа ие екендігін  көпшілік көріп отыр. Бұл да биліктің заңды үстемдігі болып табылады. Былай қарағанда заң бұзылмаған сияқты болып көрінгенімен биліктегілер өз әрекеттерін жүргізуде артықшылыққа ие. «Заңды үстемдік» деген Қазақстандағы жағдаймен жақсы дәлелденеді. Бірақ, тым асыра сілтеуге бой алдырылады. Қазақстандағы «заңды үстемдік» кейде кейбіреулердің жеке мақсаттары мен мүддесі үшін де пайдаланылуда.  Бұл тікелей заң бұзушылық болып табылады. Оны «заңды үстемдікпен бүркемелеуге болмайды. Халық оны да көрмей отырған жоқ. Халықтың наразылығы мен реніші де осыдан туады. Біздің айтарымыз биліктің үстемдігін заң шеңберінде ғана пайдалану керектігін жеткізу ғана.

Бекмырза СЫРЫМБЕТҰЛЫ,  Қызылорда қаласы

Abai.kz 

0 пікір