Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Қоғам 8472 0 пікір 30 Сәуір, 2014 сағат 11:04

ГЕНРИ ЛЮ: «ҚАЗАҚСТАНДЫ ЕКІ ЕСЕ БАЙ ЕТЕ АЛАМЫН»

Осыдан 2 жыл бұрын «Мегаполис» газетіне сұхбат берген қытай экономисі Генри Лю (суретте) осындай пікір білдірді. «Егер Қазақстан үкіметі менің ұсынысыма қызығушылық танытса, – деді ол, – жағдайды 4-5 айдың ішінде оңалтуға болады. Өйткені Қазақстан шағын мемлекет, оның жүйесін басқару оңай. Сондықтан бір жылдан кейін ЖІӨ-ді 2 есе арттыруға толық мүмкіндік бар. Ал мен өз еңбегім үшін көп ақы сұрамаймын. Тек екі еселенген байлықтарыңыздың 5 пайызын берсеңіздер болды».

Экономистің сөзінше, Қазақстан экономикасын көтерудің бірнеше тәсілі бар. Солардың бірі – елдегі мұнайды теңгемен сату. Нәтижесінде мемлекеттің долларға тәуелділігі төмендейді. Ол мұндай кеңесті кезінде Қытай үкіметіне бергенін, қытайлар қазіргі уақытта сыртқы сауданы төл валюталары – юаньмен жүргізуге көшіп жатқанын айтады.

«Мен антиамерикандық емеспін – дейді Генри Лю. – Америкалықтар қазір мұнайларыңызды доллармен сатып алып жатыр. Егер «қара алтынды» теңгемен сатсаңыздар, олардың активтері сіздердің қолдарыңызға өтеді. Неліктен? Себебі олар мұнайдан бұрын сіздерден теңгені сатып алады. Ал теңгенің валюталық курсы Қазақстан Ұлттық банкінің қолында».

Генри Людің айтуынша, басқа мемлекеттер де Қазақстанның теңгесін сатып ала бастайды, өйткені теңге оларға мұнай сатып алу үшін керек. Осындай қадамдарға бару арқылы елдің ішкі дамуын, валюта нарығындағы позициясын нығайтуға болады. Ал егер теңге халыққа жетпей жатса, оны көп қылып эмиссиялауға (басып шығаруға) мемлекет құқылы, өйткені төлем жеткіліксіз болып жатса, америкалықтар да долларды басып шығара береді.

Генри Лю – Рокфеллер жанұясының және Нью-Йорк мэрінің кеңесшісі болған. Лос-Анджелес қаласының даму жобасын жасаушы. Соңғы 20 жыл бойы Қытай үкіметінің экономиканы дамыту жөніндегі кеңесшісі болып жұмыс жасап келе жатыр.

Алайда қытай экономисінің ұсынысы біздің тараптан қолдау таппады. Қазақстанның 2013 жылғы ЖІӨ 2012 жылмен салыстырғанда 6 пайызға ғана өскен. Ал 2014 жылғы өсу көрсеткіші 7 пайызды құрайды деп күтілуде.

Бейбіт Нәлібаев

businessnews.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3526