Жұма, 29 Наурыз 2024
Сұхбаттар 13933 1 пікір 30 Сәуір, 2014 сағат 18:40

ОРЫС ТІЛІНЕН КЕК АЛУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ (1-нші сұхбат)

Қазақ әліпбиін  өзгерту туралы дау сап тиылды. Деседе, Қазақ әліпбиін өзгерту мәселесі өзекті екенін қоғам мойындап отыр. Осыған орай, қазақ әліпбиін дамыту саласында өзінің ерекше  ұсынысымен көзге түсіп жүрген, қазақ тілін білу деңгейін бағалау стандартын әзірлеуге қатысқан лингвист әрі мәдениеттанушы Серік Ерғалимен сұқбаттасудың реті келді.

Серік мырзаның көлемді сұхбатын екі бөлімге бөліп, жариялап отырмыз.



Жаңа әліпбидің маңызы – қарып ауыстыруда емес

- Қазіргі кезде тіл тақырыбының өзекті де, маңызды мәселесінің бірі – қазақ әліпбиі. Бұл мәселенің шешімі әбден кешігіп, жұртты жалықтыра бастады. Бұқара негізінен биліктің шешімін күтіп отыр. Алайда, өзіңіз секілді азаматтар өз бастамасымен ауық-ауық шығып қоғамға әліпбидің өзектілігін жария етумен келеді. Жаңа әліпби тұжырымдамасын да жарияладыңыз. Сонда қазақ әліпбиі қаншалықты маңызды әрі өзекті мәселе?
- Бұл сауалға қысқаша ғана қазақ тілінің әлі күнге төл әліпбиі жоқ деген уәжбен жауап беруге болады. Бұған дейін қазақ әліпбиін латындандыру мәселесін қойып жүрген бірқатар азаматтар, бұл мәселенің түпкі байыбына бойламай келді. Мен бұл мәселені 2005 жылдан бері басқа қырынан көтеріп келе жатқандардың қатарындамын: қазақ әліпбиінің қарыпын латындандырудан бұрын, күн тәртібіне қазақ әліпбиін жасақтап, емлені реформалауды мақсат ету керек. Дәл осы ұстанымды белгілі қазақ фонологы, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек те ұстанып келеді.

         Егер біз қазақ орфографиясы мен орфоэпиясының орыс тілінен қаншалықты айырмасы жоқ екенін және бұл мәселенің тілімізге қаншалықты залалы барын ұқсақ, онда қазақ әліпбиі деп жүрген қазіргі әліпбидің қазақ тіліне қатысы шамалы екеніне анық көзіміз жетеді. Сонда назарымызды қарыпқа емес, маңызды нәрсе болып табылатын әліпбидің мазмұнына назар аударар едік. Қысқасы, қазақстандық қазақтар қолданып отырған қазіргі әліпби  қазақ тіліне  емес, ең әуелі орыс тілін дұрыс жазуға ыңғайланған әліпби екендігіне көз жетіп отыр. Осы әліпбимен біз 70 жыл бойы иттесіп келеміз. Өз тілімізді өгей тілдің жазу үлгісіне салып, өзге тілдің әлеуетін меңгерумен әуреміз. Бұл ахуалды неғұрлым созған сайын, тілдің қауқарын әлсірете түсетінімізді неге сезбейміз?!

         Шын мәнінде, қазақ тілінде сауатты жазып, барынша өз тілімізге тән әліпбиді қолданып отырған қытайлық қазақтар екенін мойындайтын уақыт болды. Олар Ахмет Байтұрсынұлы дәйектеген төте жазумен өмір сүруде! Сондықтан да олардың тілі қытайшаға тәуелді емес, ал біздің тіл орысшаға бейім әрі соған барынша тәуелді. Тәуелді болғанда жазбаша да, ауызша да. Ақаңша айтқанда, біз «ит» деп жазып, «доңызды» оқып жүрміз! Әрі кеткенде 28 дыбысқа 42 таңбаны арнап, басымызды шыр айналдырып, тілімізді барынша күрделендіріп, емленің «есін тандырып», өзіміз де, өзге де шошитын халға жеттік. Мәселен, орыс тілі арқылы енген шетелдік сөздердің барлығы орыс тілінің орфографиясымен жазылып, сол тілдің орфоэпиясымен дыбысталып жүргеніне мән бермей отырмыз. Бірақ қазақ тілінде орыс тілінің заңдылығымен шетелдік сөздерді тұтыну турасында бір де бір ереже жоқ. Сонда бұл тіліміздің грамматикасының осал тұсы емес пе? Сонда заңсыз түрде өгей тілдің ережесімен қазақ тілі неге отырып-тұрады? Бұдан артық өзекті мәселе бола ма?! Қысқасы, қазіргі әліпби қазақ тілінің емес, орыс-қазақ тілдерінің ортақ әліпбиі. Дүние жүзінде екі тілге ортақ әліпби бар дегенді естідіңіз бе? Ендеше, бір мемлекеттің тілі болып отырған қазақ тілінің төл әліпбиі қашан және қандай болуы керек деген мәселені төтесінен қойып, оған ғылыми әлеуетті жұмылдыратын уақыт болды ғой. Себебі, жыл сайын 1-сыныпқа барған мыңдаған қазақ бүлдіршіндері өз тілін өгей әліпбимен оқуды қолға ала берсе, не болады? Оның нәтижесі қазір де біліне бастады: сабақтан тыс кездегі қалалық қазақ мектептеріндегі қарым-қатынас орыс тіліне көшуде. Ал, мұғалімдердің тілінің шұбарлығына қарап, «шалаказахский языктың» ожақ-бұжағына жеткенімізге көз жетіп, көңіл тұнжырайды.

- Ахмет Байтұрсынұлы емлесіне қалай қарайсыз, неге сол емлені жалпыластырмасқа?

- Ол кісінің арап қарыпты төте жазу әліпбиін түзгеніне биыл – 101 жыл. Былтыр бір ғасыр болды. Бұл - қазақ халқы тарихындағы айтулы оқиға. Бірақ оны атап өтерлік арынды қимыл болмады. Ең болмаса сол оқиғаның құрметіне әліпбиімізді түзеп аларлық шешім қабылдаған жөн еді...

         Қазіргі 42 әріптік әліпбиден орыстың артық әріптерін алып тастасақ, 100 жыл бұрынғы Ахмет атамыздың емлесіне қайтып ораламыз. Алайда, оған біздің қазіргі тілдік орта сәйкес емес, бір ғасыр бұрынғы қазақтілді ортадан бүгін әлдеқайда  басқа лингво-орта қалыптасты. Қазір «вагонды»  - таза қазақша бәгөн, «Васяны» - Уәсиә деп жазып көрші, қазақстандық қазақтар түтіп жеуге әзір.

         Оның үстіне кәзіргі қазақ тілі әлемдік терминологиямен кірікті, тіл өгей дыбыстарды қабылдап, оған жазуды икемдеп жіберді, емле жағдайы күрделенді. Мұның бәрін ескермей, тілді әсіреұлтшылдау - бір ғасырға кейін шегінумен бірдей, тілді тұтынушылар оны қабылдай қоймайды. Бір жағынан тіл – үнемі өзгерісте болатын жанды ағза, соны ескеруіміз керек. 100 жыл бұрынғы емлеге  біз орала алмаймыз. Ол қытайлық қазақтар арасында  мүмкін де, орыстық емлені сіңіріп, лингвистикалық деформацияға ұшыраған қазақстандық қазақтар үшін мүмкін емес.

         Алайда, Байтұрсынұлы емлесі бүгінгі қазақ тілінің жазуына іргетас болғаны рас, енді соның қабырғасын қырнап, түзеп, қайта қалайтындай жағдайдамыз. Соңғы 25-30 жыл бойғы қазақ емлесі сөздің қандай нұсқасы бұқараның жазуында қалыптасса, соны заңдастыруға негізделген. Яғни, орфографиялық сауаттың жүгені түрулі кетіп отыр. Емленің теориясы жазу машығына тәуелдене түскен. Міне, осы ақуалды қолға алу керек. Сол үшін де Байтұрсынұлы емлесінің өзін болмаса да тұрғысын (принципін) қайта қолға алғанымыз жөн болар еді.

Орыс тілінен кек алып керек емес

- Емле реформасын жасау жолдары қандай?
- Біріншіден, қазақ тіліне тән дыбыстарды таңбалайтын әліпби қажет. Екінші сатыда шетелдік кірме сөздерді жазу емлесін ойластыруымыз керек. Кез келген кірме сөз қазақ тілінде тұтынысқа түсетіндіктен, ол қазақ тілінің лексикалық қорын байытатын тілдік бірлік қана емес, одан бас тарту да, құтылу да мүмкін емес. Тек қана оның тілге икем қолданысын қарастырып, ауызша әрі жазбаша тұтыныстың форматын нақты белгілеп, ережелеп, грамматиканың бір бөлігіне айналдыруға мәжбүрміз. Бұл барлық тілдер бастан кешіп отырған жайт. Мәселен, ағылшын тіліндегі бір дыбыстың бірнеше таңбалық сыйағының (аналог) болуы, ежелгі латын, грек тілдерінен енген сөзді ағылшынша әріптермен жазудың мүмкін болмауынан туындаған. Біз де бұл жағына мән бермесек, тілді мансұқ ететін жағдайды қордаландырып аламыз.

Алайда, бұған дейін қалыптасқан әлемдік сөздерді тек қана орыс тілі арқылы енгізу салдарын жоюды қолға алу керек. Бұл - орыс тілінен кек алудың реті емес, ағылшын тілінің қазақ тіліне барынша жақындығынан. Орыс тілінен кек алып керек емес. Орыс тілінің қазаққа белгілі бір деңгейде қылған қызметін жоққа  шығару қиын. Алайда, орыстанған инвестиция, эволюция сөздері ағылшын тілінен енгенде, қазақша: инвестмент, еволушн түрінде жеңіл жазылып, оңай (инбесмент, еболушн) айтылар еді.

Әлімхан ағамыз ұсынып жүрген Байтұрсынұлы түгендеген қазақ дыбыстарын таңбалайтын әріптермен бірге әлемдік сөздерді бұрмаламай әрі тілге икемді жазатындай В,Ф секілді әріптерді таңба ретінде қабылдағанымыз жөн. Әріп ретінде емес, таңба ретінде! Яғни, бұл таңбалар белгілі бір дыбысты білдіретін әріп емес, таңбаның орнына ғана жүруі керек. Таңба ретінде  енгізсек, сонда олармен бірге тілге бұралқы дыбысты енгізбейміз, транскрипция үшін таңбасын пайдаланып, ал айтым үшін соған сәйкестенген өз дыбысымыздың орнына өгей дыбысқа жол бермейтін боламыз. Бұл – әлемдік тәжірибе, ағылшын тілінде бірдей дыбысталатын фонемаларды алуан түрде әріптермен таңбалау осындай талаптан шығып, орныққан. Бұл тілдің орфоэпиясына қойылған шекара деген сөз. Олай болмаса, кәзіргідей дүбәрә, ортақ әліпбиді тағы да туындатамыз. Мысалы, «орфография» деген сөз қазақ әліпбиімен «орфографиа» түрінде жазылып, [орпограпия] түрінде айтылар еді. Кәзір мұны орысша солай жазып, орыс айтымымен [арфаграфия] деп жүрміз. «Вагон» деп жазғанмен, [багон] деп оқуды қолға алсақ, тілдің  әлеуетін әлсіретпей, басқа тілге бағындырмай, дамытуға мүмкіндік туады.

- Онда орыстың тағы да біршама әріптері қойдай тоғытылып, кіріп кетеді ғой!

- Жоқ! Жоғарыдағы мақсат үшін 2-3 таңба ғана жеткілікті, мысалы: Ц – с/тс; Ч – ш/тш; Щ – шш; Я - йа,йә; Ю – ыйу,ійу; Ё- йө,йо; Э – е; Һ – х түрінде жазу мүмкіндігі бар, қалғанын шұбыртып қажет емес.

Қысқасы, қазақ әліпбиінің жеңіл әрі сауатты жазылуы мен дыбысталуын барынша қарапайым, оңай әрі тілге тән қағидаларды рәсімдейтін толыққанды тұжырымдамасын қолға алу керек. Бұл тұжырымдама қазақ тіліне тән жазым мен айтым үдерістерін бір-біріне мейлінше бауырластырған әліпбилік жүйені қамтығаны жөн.

Сөйтіп, мұндай   әліпби жасақтау арқылы біз бүгінгі заман талабы болып отырған барынша оңай жазу мен жеңіл оқылатын, дыбысталатын тілдің мүмкіндігін ашатын реформаны қабат қолға алуға мәжбүрміз. Бұл реформа - науқандық емес, пайдалы үдерістік сипатта жүрсе, ешбір қиындыққа душар етпейді. Содан кейінгі кезекте қарып таңдау өзінен өзі шешіледі. Ең бастысы, тілдің лингвистикалық жағынан басқа тілдерге тәуелсіздігін қамтуымыз керек, әйтпесе, қазақ тілінің құны мен қадыры кетіп, оны тұтынушылар өзге тілдің аумағына оп-оңай көшеді. Сол үдеріс астыртын түрде болып жатқанын біз сараптамай отырмыз.

Қазақ тілінің бітеу жарасы - емледе!

- Сонда қазіргі латындандыру мәселесі басты емес, кейінгі пландағы мақсат болғаны ма?
- Шын мәнінде біз қазір, қарыпты ауыстыруға басым назар аудару арқылы, тілдің аса тереңде жатқан күрделі ахуалын шешуді ұмыт қалдыратын түріміз бар. Шындығына келгенде, қарыпты ауыстырумен шектелу тілдің қордаланған мәселесін толық шеше алмайды, керісінше, шешілмеген лингвистикалық мәселелерді ушықтырып жібермек. Сондықтан қарып ауыстыру – қазақ тілі үшін екінші пландағы нәрсе. Қазіргі ахуалға байыппен қарасақ, қазақ тілінің бітеу жарасы - емледе!

Біз жазу реформасын қарыпты латындандыру үшін емес, керісінше латындандыру науқанын тіліміздің жазу мәдениетін реформалау үдерісіне көндіруіміз керек. Сонда бұл істің үстірт сипаты болмайды, нәтиже барынша пайдалы, тиімді болмақ. Және де лингвистикалық бұл әрекет саяси науқан мен құрғақ насихаттан ада болып, діттеген мұратқа дөп жететін боламыз. Әйтпесе, қаззір 40-тан астам латын әліпбиін әзірлеп отырған авторлардың көпшілігі қазақ тілінің мәселесін қарыпты латындаумен ғана шеше қоямыз деген жаңсақ пайыммен жүр. 42 әріптің бесеуін-ақ қысқартып, орфографияны қайта елестетіңізші, соның өзі қанша нәрсенің бұрынғыдан басқаша өзгертуге мәжбүр ететініне көз жетеді. Қазақ тілінің мәселесі - қарыпқа ғана тіреліп тұрған жоқ, орфографиялық тұйыққа тірелу, орфоэпиялық былыққа кенелу арқылы мәселе қордаланған. Сондықтан, қарып ауыстыру саяси науқан емес, тіліміз үшін ең алдымен сәті түскен реформаның сылтауы деген дұрыс.

Қатерлі көпірден өту әдісі

- Алайда, бұл мақсат қарыпты латындаудан аса күрделі секілді...
- Дұрыс байқадыңыз, мәселе шынында да күрделі. Алайда, "қалауын тапсаң – қар жанады". Бұл реформаны, меніңше екі сатыда жүргізген тиімді. Бірінші сатыда, қазіргі кирилше орыс-қазақ әліпбиден таза қазақша-кирилше аралық  әліпби әзірлеп, соған көшу арқылы реформаны баянды ету.

Бұл  қоғамды толық есеңгіретпейді, қайшылық пен қарсылық туғыза қоймайды. Бірақ көзтаныс кирилше қарыппен төл әліпби мазмұнын жасақтап аламыз; емлесін тазартып, тілге сіңіреміз; орфоэпиясын қазақылаймыз да, реформаның ең күрделі бөлігін оңай атқарып аламыз. Бұл шамамен 42 әріпті 10-12-ге қысқартуға итермелейді, орысша-қазақша дүбәрә жазым таза қазақша сипатқа түседі. Бұнымен бірге, қазақша таза жазуға,таза дыбыстауға қарсы қалыптасқан орысшыл әлеуметтік психологияны қазақ тілінің пайдасына жығып береді. Сөйтіп, кирилшенің зиянын пайдаға айналдырамыз. Келесі, екінші сатыда қарыпты айырбастап, түпкілікті әліпби реформасын аяқтауға болады. Сөйтіп, бірінші саты арқылы басты реформаны қазіргі кирилше (оны мамандар латын-грек әліпбиі атап жүр) негізде жасақталған әліпбимен жүріп өтеміз.

Ал, егер орфографиялық әрі орфоэпиялық реформа мен қарып реформасын қабаттастырсақ, тіл тұтынушы психологиялық, әлеуметтік, саяси жағынан есеңгіреп, саботаж бен қарсылыққа душар боламыз. Бірден латын әліпбиімен қабат жазу реформасын қолға алсақ, тұтынушы санасын тұйыққа тіреуіміз мүмкін. Ал, қазақ тіліне керек емес, Ь,Ъ,Я,Ю,Ё,Э,Ц,Ч,Щ,И,Һ,Х секілді артық әріптерді қысқарту арқылы ескі қарыппен емлемізді жаңғыртып алу барынша жеңіл жүрмек. Қысқасы, реформасыз қарыпты ғана айырбастау мүмкін емес! Қалай болғанда да біршама қағида мен ереже  өзгеріске түседі, тілді тұтыну форматы өзгереді, бұл дегеніміз – бәрібір реформа. Біз қазір қазақ тілін орыс тілінің ықпалымен ғана қолданып жүрсек, бұдан әрі тәуелсіз лингвистикалық жүйеге көшкен қазақ тілін тұтынатын боламыз.
- Емле реформасының нәтижесінде қандай жазуға ие боламыз?
- Сауатты жазуға оңай, ережелері қарапайым әрі орындауға жеңіл, қайшылығы жоқ, бұралқы ережеге бағынбаған емлеге ие болуды мақсат ету керек. Сосын айтым мен жазымның арасы барынша жақын болғаны абзал:  «итті» жазып, «доңызды» емес, «итті» оқуымыз керек. Қазіргі заманда тіл неғұрлым жазу мен айтуда қолдануға жеңіл болса, соғұрлым үйренуге оңай болады да, оның үйренушілері көп болады. Біздің тап қазіргі арманымыз – қазақ тілінің ортасы мен ауқымы тез арада кеңитіндей жағдай ғой. Жазу реформасы соған қол жеткізетіндей болуы керек.

Реформа қысқа мерзімде атқарылғаны жөн


- Сонда аралық әліпби мен түпкілікті әліпбидің арасын қанша уақыт қамтуы мүмкін?
- Аралық әліпбиді қалыптастырып сіңіруге бас-аяғы 2-3 жыл жеткілікті. Ал, түпкілікті латын қарыпты әліпбиді сіңіру 5-7 жылдан артық мерзімге созылмайды. Қазіргі математикалық қамтымаларды қолдану арқылы түрлі программалармен тұтынушыны қолдайтын мүмкіндік пайда болады. Тіпті, ақылды саймандардың бәріне жаңа емлеге негізделген орфографиялық сөздік салып қою қиын емес. Мәселен, қолданушы компьютердегі Ворд құжатында мәтін тере бастағанда, оның дұрыстығын тексеретін Дұрыс жазу тексермесін (ДЖТ) кеңінен қолданысқа енгізуге болады. Үкіметтің қаулысымен елде сатылатын барлық комьпютр атаулыға қазақ тілін қолдайтын қамтымалардың қоса жүруін міндеттеген жөн. Бұл - әлемдік саяси тәжірибе.

Ал, бір өкініштісі сол, біз қазір жаңа әліпбиге дайындаған нәрсеміз бар болғаны 30 шақты латын қарпы ғана. Бұл – жаңа әліпбиге көшуге жеткілікті ресурс емес! Қазіргі 42 әріппен көшпейтініміз белгілі, демек, емле өзгереді деген сөз. Ендеше, соған сәйкес емле ережелері,тіпті, жаңа әліпбиге негізделген электрондық орфографиялық сөздік қоры да дайын болуы керек. Осының бәрі болмағаннан кейін, билік біржақты шешім қабылдауға жүрексінуде. Ғылыми лингвистикалық ресурс барынша осал әрі солғын тартып отыр. Бұған қоса, әзірліктің осалдығын бұқара да сезіп, түрлі алып-қашпа сөздің көбейуі де содан. Бұл мәселе неғұрлым кешуілдеген сайын, біздің тіл мәселесі қордаланып, шешуге қажетті мерзім барынша азайа түспек, сөйтіп уақыт тарапынан ұтыламыз.
- Жаңа әліпбиді енгізу барысында нені ескерген жөн?
- Әуелі барлық мәселені тыңғылықты түрде ғылыми ортада шешіп алу керек. Барлық  тұжырым мен пайым тек қана тілдің табиғаты мен қажетіне сәйкес критеримен қабылдануы тиіс. Сосын жаңа әліпбиді енгізуге керек барлық ресурс пен әлеуетті әзірлеп алып, сенімді түрде батыл қимылдағанда ғана ешбір апатқа ұшырамай мақсатқа аман жетеміз. Және де жаңа әліпбиді қолданатын ортаны алдын ала анықтап алған абзал, менің ойымша қазіргі егде жастағылар үшін жаңа әліпби маңызды еместігін ашып айтқан жөн. Оларды қинамай-ақ, тек қана жас ұрпаққа сүйеніп, бар жағдайды соларға бағыттау керек. Қысқасы, жаңа әліпби қазақ тілінің келешегі екендігін басын ашып алған жөн. Себебі, бұл мәселені кешеуілдетіп, барынша бөгет болып келген - әлгі жасамыс ұрпақ. Кешеуілдегеннен ұтқанымыз шамалы, жазу реформасы үшін дәйекті уақыт алға тартуда. Бір ағамыз күні кешеге дейін «Ана тілі» газетінде кирил әліпбиін ақтауға жанын салып, жаңа әліпбиге барын сала қарсы болып келді. Ал, жағдай болса, басқа нәрсені көрсетіп отыр.
- Қазір интернетте кирилше мен төте жазу арасында кедергі болмай бара жатыр, олай дейтінім: қазір www.elarna.com, www.senkazakh.com сайттары екі қаріппен бір уақытта мәлімет алмаса алатын дәрежеге жетті. Бұл туралы білесіз бе, білсеңіз қалай ойлайсыз?
- Бұл туралы білем, бірақ төте жазу менің қолданысымда болмағандықтан, ол мүмкіндікке қол артпағаным рас. Оған тек қана төте жазумен отырған Шығыстүркістандық қандастарымыз ғана мәжбүр болып отырған болар. Бірақ бір ұлтқа екі әліпби, екі қарып көптік етеді. Ол бәрібір тілдік шекара болып табылады. Уақытша өтпелі кезеңге ғана мұндай мүмкіндік керек. Бұл – екіге бөлініп екі мемлекет құрап отырған кәрейлер секілді жағдай. Интернеттен басқа ортада қалай ұғысамыз?

Сұхбаттасқан - Бейсен Ахметұлы
(жалғасы бар)

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2275
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3591