Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Талдау 6834 0 пікір 1 Мамыр, 2014 сағат 15:08

ІШКІ ШЫНДЫҚТЫ ТАНЫҒАН АҚЫН

Бисмилләһир Рахманир Рахим

         Ақылдың барлық адамға Аллаһтан берілетіні және барлық адамда болатыны сияқты, поэзия да барлық адамға Аллаһтан беріледі және барлық адамда болады. Әрі ақылдың біреуге көп, енді біреуге аз берілетіні сияқты, поэзия да біреуге ерекше көп, тағы біреуге тым мардымсыз беріледі. Жалпы барлық адамда ақыл болатыны сияқты, барлық адамда поэзия болады. Ақылды ешкім поэзия сияқты жазып, көрсетіп жатпағасын, олай ету мүмкін де емес болғасын, оның кімде қаншалық дәрежеде бар екені онша өлшене, біліне бермейді. Ал, поэзия болса адамнан жазу арқылы, айту арқылы көрініс табатын қасиетке ие болғандықтан, оны біз көре аламыз. Біле аламыз. Әркімнің бойындағы поэзиялық қабілетін оған берілген таланттың деңгейі арқылы байқай аламыз. Әрі оні арман қарай кім қаншалықты дамытқанын да жазғандары арқылы тани аламыз.

         Демек, барлық адам бойында поэзия болатындықтан да оны  (поэзияны) ұнатпайтын адам жоқ. Тағы бір сөзбен айтқанда барлық адамның бойында поэзия болатындықтан, бірақ, көбісінің бойындағы поэзиясы жарыққа шығатындай деңгейде дамымағандықтан оны жаза алмағаны болмаса, поэзияны жазғандарының поэзиясын өзіндегі поэзияның үні, тілі, мәні ретінде қабылдау, ұнату сөзсіз болады. Олар одан өздерін, жандарындағы айтарларын, ішкі шындықтарын табады.

         Ал, енді, бойындағы поэзиясын жазғандарға, жаза алатындарға келетін болсақ, олар жазатын, орташа жазатын, жақсы жазатын және ерекше биік жазатындарға бөлінеді. Тағы да кімнің қай деңгейде жазып жүргенін жанында Аллаһ берген поэзиясы бар ақылды оқырман жазбай таниды. Әрі олардың жазғандарын өздеріне үлгі етіп алады. Үнемі айтып, дәріптеп жүреді. Бұл заңдылық та. Жақсы, биік, шын жазған ақынның халықтық болып кететіні сондықтан.

         Ал, енді, поэзиядағы шындыққа келетін болсақ, шындық – ішкі шындық, сыртқы шындық болып екіге бөлінеді. Сыртқы шындық – жәй, өзіміз сүріп жүрген өмірдегі пендешілікке тән қарапайым нәрселерді көру, білу барысындағы таныған шындығымыз. Немесе, заттық шындық. Ал, ішкі шындық – ол, сыртқы шындықтан әлдеқайда күрделі, сыртқы шындықтың арғы жағындағы, тереңіндегі, өзегіндегі, ішкі мәніндегі болмыстың жаратылысын түйсік арқылы тану. Немесе, рухани шындық. Илаһи шындық. Міне осы екі шындықты адамдар екі түрлі таниды. Екі түрлі түсінеді. Соған қарап оларда үлкен екі топқа бөлінеді. Әуелгі топ тек сыртқы шындықты таныса, кейінгі топ сыртқы шындықты ішкі шындықпен қоса таниды. Бұл топтағылар аз. Бұларды «рухани шындық пен заттық шындықты қоса танушылар» деп атаса да болады. Немесе «өмірді, өмірдің мәнін шын түсінушілер, танушылар» деп қараса да болады.

         Өмір міне осы екі – ішкі және сыртқы шындықтардан, немесе, ішкі және сыртқы шындықтардың үндесуінен, біреулесуінен тұратындықтан, ал, бірақ, оны танушылар сыртқы шындықты ғана танушылар және сыртқы шындық пен ішкі шындықты біреулестіре танушылар болып бөлінетіндіктен ол танығандарын жазатындар да немесе өз менінің танығанын поэзиясы арқылы сыртқа шығарушылар да сыртқы «шындықты жазушылар» және «сыртқы шындық пен ішкі шындықты үндестіре, бір шындық күйінде жазатындар» болып екіге бөлінеді. Немесе руханиды жазатындар мен заттықты жазатындарға бөлінеді.

         Бұнда заттықты жазу – көргенді, естігенді қортып нәпсуи жазу, ал, руханиды жазу – заттың сыртқы көрінісіне емес, ішкі мәніне үңіліп, оның жаратылысындағы Илаһи шындықты Илаһи ілімдермен үндесе, үндестіре отырып рухани жазу деген сөз.

         Заттықты жазу өзінің көргенін «ақиқат» деп білетіндіктен, өзі Құдай болып алады да қаламды оңды-солды сермей береді. Тауды үгіп, тасты құм етеді. Аспанды айырып, жұлдызды жұлып алады. Теңізді тебірентіп, мұхитты мұңдатады. Осының бәрін өз ақылымен, өз тілімен жасай береді. Онысының өтірік екеніне бір сенбейді. Керісінше шын екеніне мың сенеді. Басқаларды да сендіреді. «Сенеді» деп ойлайды. Бәрін де өз қиялына бағындырады. Қиялымен аспан жасайды. Жер жасайды. Жасай береді. Бұл сұмдық енді менде де болған. Содан білемін. Оқыңыз:

                            О, қара Жер, қаймықпа.

                            Қоз қаптырам,

                            саған сұғын қадаған қанпезерді!

                            Тағы сені тағдырдай (Тәңір) қозғап тұрам! (Иегер)

         Мұны ақынның ұлттың оғланына тән «ерлік, азаматтық жігері» деп ақтап алуға, ақталуға болады. Онда да бұл ақталуға сыртқы шындықшылдарды сендіруге болар. Ал, бірақ ішкі, шын шындық иелерін әсте сендіре алмайсың. Себебі, бұл пайым ішкі шын шындықтың Илаһи қағидасына жат. Мүлде жат. Мүлде Құдайсу, Ферғауынсу, Намұрытсу бұл. Анығырақ айтқанда заттық шындыққа әбден берілген меннің қараңғылығы – менің қараңғылығым. Жарыққа шықпай, Илаһи ақиқатты танымай тұрғандағы құдайсыздығым бұл. Онда мен Аллаһты емес, адамдарды риза етуді ойлайтынмын. Оларды өз күшіме мойындатуға, барынша астам сөйлеуге, барынша күшті көрінуге барымды салатынмын. Бірақ соның бәрінде де тек тіліммен ғана айтатынмын. Өзім болсам тым әлсіз болатынмын. Қолымнан түк те келмейтін. Ештің еші болатынмын. Әне соған қарамастан соншама астам мен пақыр қиялыммен аспанға да шықтым. Жерге де түстім. Тегі (прототифі) жоқ өтірік жырларды өрбіттім-ай кеп. Не өнді? Түк өнбеді. Ақыры шексіз рахымды Аллаһымның тура жолына салуымен барып ақиқатты, ішкі шындықты таныдым-ай, әйтеуір. Содан жырдағы Тәңірсіген астамдығымнан түсіп, құлдық, шын кеспірімді қайта таптым. Сөйттім де рухани қайта өрледім.  

                            Ақын болып жарытпаспын,

                            Құл боп жарытпағасын! (Иегер)

         Демек, құл боп жарытпай тұрып, ақын болып жарытпайтынымды білдім. Шүкір емес пе Аллаһқа? Шүкір!

                            Үйлескенше ақылым мен иманым,

                            Иір-иір отыз бес жыл жол жүрдім.

                            Хаққа елтуге жан тапқанша иланым,

                            Қақыранды қиял мұжып болдырдым.

 

                            Үйлесті де ақылым мен иманым,

                            Отыз бесте ақиқатқа аттандым.

                            Нұрсәулелеп жаным, тәнім, жиғаным,

                            Хаққым берген қасиетпен қақтандым!

 

                            Хаққым берген қасиетті мекенде,

                            Тірі өліппін тіршілікке тіреліп...

                            Дінсіз кезім – нұрсыз кезім екен де,

                            Нұрсыз кезім – кезім екен тірі өлік... (Иегер)

         Бұл енді мендегі қазіргі, адамдық сабама түскендегі адамымды, ішкі шындықты танығандағы, өз менімнің шын кеспірін ұққандағы поэзиямның бағыты. «Пышақты өзіңе сал. Ауырмаса кісіге сал» деген ғой. Бұл, өзім жайлы ситатты келтірудегі мақсатым – менімнің сырын немесе ішкі ақиқатты қалай танығанымды көптен жасырмау үшін еді.

         Демек, руханиды жазу, ішкі шындықты, заттың, жаратылыстың ішкі, Илаһи мәнін танып, Құдайсымай, есесіне Құдайдың Өзін тани отырып, Оған өзінің де құл екенін біле отырып жазу екенін жоғарыда ескерттік. Не шын болса, сол қиын. Сол жауапкершілік. Сол өтіріктер, өтірікшілер тарабынан мойындалмау. Ескісінілу. Бірақ, шын мәнінде түршілдіктің (моды) бәрі өз заманына тән міндеттерін (көпті шыннан айыру) өтеп барып өлмек. Ал, негізі рас болса шын күйінде қала бермек. Жасай бермек. Ішкі шындықты жазудың кереметі міне осында. Ол – тіпті, біз айтып жүрген, біздің түсінігіміздегі «классика» да емес. Ол - әуелі де жоқ, ақыры да жоқ немесе мәңгі Бардың Өзін тірек тұту. Оның «арқанынан» (дін) ұстап, Оның жолынан танбауды жазу. Немесе мен өзі мен рухының арасындағы қалың нәпсуи (ішкен-жеген, көрген-білген сияқты күнделікті тұтқасы жоқ күйбең тірлік – сыртқы шындық) қабаттарды жарып өтіп, рухымен біреулесіп барып, оның (рух) таныған ақиқатын – өмірдің шын мәнін, күнделікті емес, бұ дүниені о дүниеге жалғап тұрған мәңгілікті жазу.

Адам тарихында күнделікті күйбеңді немесе сыртқы шындықты жазғандар болмады дейсіз бе? Болған. Болғанда қандай? Тіпті көп болған. Мәселен, «Жәһлият (надандық) дәуірі» деп аталатын араб әлемінде сөз өнері, соның ішінде сыртқы шындықты жазатындар әрі жазғанда да ғаламат, жұртты өзіне қарататын, соңынан ертіп кете алатын алапат ақындар көп болған. Жұрт ішкі шындыққа (Аллаһ ақиқатына) емес, солар айтқан шындыққа – сыртқы шындыққа мойын бұрған. Міне осындай ғаламда сөз өнері асқақтап, ту биікке көтерілгенде Аллаһ мұғжиза ретінде немесе кері сөздің, бос сөздің қызуын басу үшін, өтірігін шығару үшін қасиетті Құранды түсірген (Аллаһ ғаламда сиқырлық дамыған кезде Тауратты, медицина дамыған кезде Інжілді, кері сөз өнері дамыған кезде Құранды жіберген). Ал, соның нәтижесінде сыртқы шындықты жазуда, айтуда шырқауға шыққан арабтың Жәһилият ақындары (олар надандықпен «біз де сүре жаза аламыз» деп, Аллаһпен жарысқа түсіп, масқара болған) жалғандарын құшақтаған күйі тарих сахнасынан құлады. Құранның «Шұғара» (ақын) сүресіндегі: «Ақындарға азғындар ілеседі» (224) деген аяты міне осы мәселені меңзеп тұрғанын тәпсіршілер ескертеді.

Демек, ішкі шындықты жазу бізде әр дәуірде болған. Олардың арғыларының ақыры Ибраһим (Абай) болса, кешегі кеңес кезеңінде ол тақырыпқа жалғыз барған ақын Мұхаметқали (Мұқағали). Аз барды. Бірақ, Құдайға шүкір, барды.

Ал, соңғы, өз замандастарымнан бұл – ішкі шындықты жаза бастаған ақындардан жырлары (осы тақырыптағы) жырларыммен үндес, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлын атар едім. Дәулетбек әрине ақындықта көпке танымал емес. Оның өзіндік себептері бар. Бастысы ол баспасөз беттерінде үнемі жарияланып жүрген жоқ. Оның ақын екенін көптер білмейді де. Бірақ, ол ақын. Ақын болғанда да іштей жетілген, өнерде оң мен солын таныған, тақырыбын тапқан, Қыбыланамасын әбден анықтаған, көпіртіп өтірікті емес, шырқатып шындықты жазған ақын.

«Аллаһу әкбәр, Аллаһу әкбәр – ұраным!» дейді ол.

Аллаһу әкбәр – Аллаһ шексіз ұлы деген сөз. Демек, Одан басқа ұлы жоқ! Ұлылық тек Оған тән. Мақтаулар да Оған тән. Мақтауға Ол ғана лайық. Өйткені, Ол бәрін жаратты. Бәрінің тағдырын белгіледі. Бәрінің сырын, не болғанын, енді не болатынын біледі. Оның әуелі де жоқ. Ақыры да жоқ. Мәңгілік. Ол ешқашан қалғымайды. Он сегіз мың ғаламды жоқтан бар еткен Ол. Ақырында бардан жоқ ететін де Ол. Өзі жасап қала беретін де Ол. Ол көрнеуді де көреді. Көместі де көреді. Біледі. Ол еш нәрсеге мұқтаж емес. Еш нәрсеге мұңданбайды. Оның ұлық болатыны, ұлылық, барлық мадақтар Оған ғана тән болатыны, «Аллаһу әкбәр» болатыны сондықтан.

Дәубетбек міне осы ақиқатты, осы ішкі шындықты Сол Аллаһтың Өзінің нәсіп етуімен таныды. Таныды да Оған бар иманымен бас иді. Бар сенімімен құлшылық етті. Оның «қыл» («Намаз оқы») дегенін қыла бастады. «Қылма» дегенінен бетін бұрды. Бұл оның адам ретінде рухы таныған Тәңір иесіне жанымен беріліп, тәнімен жасаған тәуекелі еді. Кісілік міндеті еді. Құлдық фарызы еді. Өзін өз еткен, жаратқан, жоқтан бар еткен жалғыз Ұлыққа жандәрмен ұмтылуы еді.

Адамға қарата айтқанда «Танымасын силамайтын» пенде, жан көзі көрмеген, танымаған Аллаһын тән көзімен қалай көрсін? Қалай силасын? Оған қалай бас иіп, қалай құлшылық етсін? Ол мүмкін емес. Оның мүмкін емес екенін күнде көріп, біліп жүрміз. Ал, Оны жан (рух) таныса сөз басқа. Жан таныса, жанның қабы – тән Оған құлшылық етпей қоймайды. Онда да Оған құлшылықты тән етпейді. Жан етеді. Тән болса ол жанға ілесіп рәсімін жасайды. Біздің көретініміз тән болғандықтан, «құлшылықты тән жасап тұр» деп ойлаймыз. Тағы бір есептен, белгілі дәрежеде ол да жөн. Өйткені, ол – тән «мүлде құлшылық жасамайды» деп ұқсақ қате болмақ. Ол жанның жаршысы. Сондықтан, жан таныған Хақты ол да танып, жанға ілесіп қуана-қуана құлшылық жасамақ. Мұны құлшылықтағы жан мен тәннің үндесуі деп ұқпақ керек. Дегенмен жан негізгі ролшы екені хақ.

Ал, енді осы, Хақты тануда жан мен тән үндессе ғана, олардың иесі саналатын пенде ішкі-сыртқы болмысымен ақиқатты танымақ. Ақиқатқа үндеспек. Ақиқатпен біреулеспек. Міне сонда ғана ол пенденің ішкі шындыққа болған түбегейлі бет бұрысы барлық іс-әрекетінен көрініс таппақ. Аллаһ ауызына Кәлам, қолына қалам берген Дәулетбектің сөз басының «Аллаһу әкбәр» болып келуі сондықтан. Ол оның ішкі шындығы. Ішкі шындықты тануы. Ішкі шындықпен үндесуі. Біреулесуі.

Адамның ішкі шындықпен үндесуі қиын. Хақ жарылқап, пенде ішкі шындықпен үндесіп қалса, оның ол шындықтан ауытқуы, қол үзуі тағы мүмкін емес (Аллаһ одан қол үздірмесін). Демек, адам ішкі шындықты тани бастағаннан кейін, ішкі шындықтың мың сан көріністері оның ісінен де, сөзінен де көрінбей тұрмайды. Немесе пенде ісі мен сөзін сол ішкі шындықтың жаршысына айналдыра бастайды. Мәселен, Дәулетбектегі «Аллаһу әкбәр» сол. «Аллаһу әкбәрды» кім айтпайды? Кім білмайді? Біледі. Бар ел біледі. Бірақ, шын мәнінде «Аллаһу әкбәрды» кім шын айта алды? Оның мәнісін кім шынымен-ақ білді? Оны  да Аллаһ біледі.

Демек, бұл ақиқатты қай пенде білді, таныды, ол, дәл сол тұстан бастап тұтас болмысымен өзгермек. Өзгермей қоймақ емес. Оның жүрісі де, тұрысы да, ісі де, әрекеті де, қаламгер болса жазып-сызғандары да өзгереді. Тұтас өзіне тәннің бәрімен «Аллаһу әкбәрға» айналады. Бұл – «Аллаһу әкбәр» тағы, көптерге жаңалық емес сияқты көрінеді. Бірақ, іс жүзінде одан үлкен жаңалық жоқ. Оның, кейбіреулерге олай, жаңалық емес болып көрінетін себебі ол пенделердің ішкі шындықты білмейтіндігінен.

«Қайта туғыздың қасиетті ұлы Құраным!»

Немесе,

«Бір Аллаһ, саған ғана сәжде қылам!»

Міне сөзіміздің дәлелі. Міне Дәулетбектің ақиқаты. Ішкі ақиқаты. Ішкі шындығы. Сөзін «Аллаһу әкбәр» деп бастаған оның Құран ақиқатынан қайта тумауға немесе пенделігін танымауға, анадан туғандай рухани жаңармауға, пенделік нәпсісінен бас тартпауға, кісілігін таппауға, шын адамдық қасиетіне оралмауға, басын «Аллаһу әкбәр» деп сәждеге қоймауға еш хақысы жоқ болатын. Немесе олай ету оның нағыз «Адам сафилық» қарапайым әрі толыққанды міндеті болатын. Өйткені, кез-келген қарапайым адам баласы өмірін солай сүруі тиіс-тұғын. Ал, бірақ, біздің сыртқы шындықты өмірі бойына жазған қайсы бір ақынымыз өз айтқанынан шықты? Қайсысының сөзі мен ісі бір жерден табылды? Немесе жазған, айтқан сөзі мен істеген істері біреулескен кімі бар? Жоқ. Өйткені, сыртқы шындықта олай болу мүмкін емес. Тек ішкі шындықта ғана солай бола алады. Ішкі шындықты таныған біреу сөз жүзінде «Басымды сәждеге қоямын» деді ме? Әмалиятында қояды. Қоя алады. Міне бұл шын адамның, шын адамдықтың белгісі. Мұны «өтірік» деп кім айта алмақ? Ешкім де.

 

 

Демек, ол мұнда жаңалық ашқан жоқ. Бар болғаны өз ақиқатын, өз адамын – өз менін таныды. Оның міндетін білді. Әрі өзін ақындығынан, ақындығын өзінен бөліп қарамады. Сөйтті де:

«Құдай бір!

Құран шындық!

Пайғамбар хақ!» деді. Дей алды. Қарапайым. Қарапайым болғанмен шын шындық осы. Мұны мәніне жеткен, таныған, солай екенін жан-тәнімен мөнді болып мойындаған шын адам ғана айта алады. Адам дәл осы шындықты айтқанда ғана, оған шүбәсі қалмағанда ғана шын адам биігіне көтерілмек. Мұны, бұл шындықты әсте өзінің сыртында жүрген немесе сыртқы шындық иелері танымақ емес. Айта алмақ та емес. Расында олар да айта алады. Бірақ, жүрекпен емес, ауызбен. Алайда «Аллаһқа ауыз жол емес» (Абай) екенін білмейді. Өйткені, оның бұл шындықтарды қалай, қай дәрежеде, қай мақсатта айтқаны, айтып жүргені әуелі Аллаһқа, сосын өзіне, сосын өзгенің ішіндегі ақылдыларына екібастан түсінікті. Оның куәсі тағы да сол айтушының өзі. Оның жалған іс-әрекеттері. Бұл істе (шындықта) адам тіпті өзін алдағандай пенделерді алдауына болады. Бірақ, Хақты алдау мүмкін емес. «Аныққа (Аллаһ ақиқаттарына) жетпей ақылым, Артыма қанша құладым?» деп мен пақыр да осы себепты айтқан едім. Немесе өзімді-өзім танымай адасып, өзімнің, өз шындығымның сыртында жүрген кездерімдегі халым еді бұл. Себебі, ішкі шындықты танымай тұрғаныңда шөп те өлең. Шөңге де өлең. Ал, оны тани бастаған соң олай емес. Өлең өлең. Емес емес. Шын шын. Жалған жалған. Немесе бәрін де «Ақырын жүріп, Анық басасың» (Абай).

«Жалған біліммен жазым боп кете жаздаппын.»

         Өзін білу, ақ пен қараны анық тану, ненің ақиқат, ненің жалған екенін ұғу дегеніміз міне осы. Немесе осыларды жай сезе бастаған емес, анық білген адамның жан сөзі бұл. Өмірде сыртқы шындықты «рас» деп біліп, өмірін оған сай сүріп, жалғанды шындап, ақсақты тыңдап жүргендер қанша ма?  Ол «Жалған білім» деді. Ендеше «Жалған білім» деген не, сонда? Біздің руханият ілімінен білуімізше «Жалған білім» – адам баласының руханиятына бұ дүниесімен қоса о дүниесіне де емес, нәпсісіне, тек жалаң, бұ дүниелік тұрмыс тіршілігіне ғана жауап беретін, бұ дүниелік істерді дамытуға ғана бағытталған заттық ғылымдар. Одан да анығырақ айтқанда дінді, дінге тәнді өзінен мүлде бөліп тастаған ғылымдар. Өкініштісі, бұл мәселені де ішкі шындықтан қабарсыз қауымға түсіндіру ақырет. Қызығы біздің «Ғылым» деп жүргендеріміздің көбі міне осы «Жалған білімге» кіретінін несіне жасыралық...

         Міне осы тұстан өзін ақын санайтын кез-келген азаматқа өлең жазу үшін еңәуелі рухани сауаттылық, жоқ, тек қана сауаттылық емес, рухани үлкен ілімділік керек екені көзге ұрады. Бізде тіпті рухани ілім түгілі, ол жайлы жәй ғана сауаттылық та жоқ. Әне соның кесірінен атаулардың өзін тіпті қате қолданып жатамыз. Мәселен, қызды періштеге, періге, тағдырды тасқа теңеп деген сияқты. Негізінде періштеде жыныс, нәпсі болмайтынын, перінің жынның ұрғашысы екенін, ал, тағдыр тас сияқты емес, ол Аллаһтың қалауымен болатын, адам өмірінің көз көре алмайтын, бірақ, кезегімен жарыққа шығатын Илаһи құпия сыр екенін, ол жайлы ала-құла сөйлеу Аллаһқа қарсылық болып қалатынын білмейміз. Немесе өз сөзіміз өзімізге білімсіздігіміздің кесірінен зауал әкеліп жататынын білмейміз.

         Біз көбінде өлеңде сыртқы жалаң, жалған сүретке көп ұмтыламыз. Соны жазсақ дұрыс әдебиет, дұрыс өнер шығарған сияқты сезінеміз. Онда да ішкі, сыртқы шындықтың иесі Аллаһтың жаратқан нәрселерінің сыртқы көрінісін жазып жатқанымызды бір ойламаймыз. Ал, ішкі, табжылмайтын, шын шындық – Аллаһты, Оның Құрандағы, діндегі және адамның өзіндегі, адамның Оған, Ол жаратқан ғаламға байланысындағы шындықтарды жазса өнер емес, дін сияқты сезінеміз. Дәулетбек бұдан, бұндай білместіктен ада. Мүлде емес әрине. Бірақ адалана бастаған. Егер Кітабының алдыңғы екі бөлімін алып тастаса мүлде адаланып кетеді екен, әттең. Дегенмен ақынды бұл тұста түсінуге болады. Туа сала-ақ руханиятпен кім суарылды дейсің? Ондай мүмкіндік Абай дәуірінен кейін болмағаны, болса да аз болғаны белгілі. Бұл кемшіліктен көбіміз таза емеспіз. Мен де солаймын.

                                      «Туралықтың туы тұрды кейпімде.

                                      Аллаһ тұрды жүрегімнің цейфінде.

                                               Атақ қумай,

Шатақ қумай өттім мен,

Сөзім қалсын «Иман қуған» дейтіндей

         Міне бұл нағыз арлы, шын ақынның ішкі менінің тұлғасы. Жаратылыста басқа, өмірда басқа, өнерде тағы бір басқа, екі емес, тіпті үш жүзділік мұнда атымен жоқ. Ішкі шындықты қалай сезінген, солай жазған. Әрі өмірде де өзін жазғандарымен бірдей ұстайтыны көрініп тұр (солай екеніне жолдас ретінде де куәмін). Сенесің. Сенбеске хақың аз.

         Жалпы ақын ғана емес, тұтас адам баласы егер ішкі шындықты сезсе, таныса сөзі мен өзін біреулестіреді. Ішкі, мызғымас шындықпен үндеседі. Әне сонда ғана адам баласының сөзі басқа, өзі (іс-әрекеті) басқа және Хақ жаратқан жаратылысы бір басқа болып, үш бөлек өмір сүрмейді. Керісінше Хақ жаратқан болмысы, одан шыққан сөзі (ақын болса өлеңі), өмірдегі іс-әрекеті сөзсіз бір тұлғаланады. Немесе сөзін ісі, ісін сөзі растаған негізде Хақ жаратқан болмысымен үндеседі. Міне мұндай іші мен сырты үндескен, бір тұлғаланған ақынның өлеңі де жалған болмақ емес. Болмайды. Болмауға тиіс. Ондайда қарапайымдылық белең алуы мүмкін. Бірақ, шын болатыны сөзсіз. Абайдың биіктегені де сондықтан еді.

         Негізінде шындық тым қарапайым нәрселерден тұрады. Ал, пенде болса сол шындықтың ішкі шынын түсіне алмай, «күрделі ой іздейміз» деп, жалғандыққа ұрынады. Немесе қателеседі. Нағында пенденің міндеттерінің бірі – ішкі шындықты, қарапайым істерге жасырынған ақиқатты тану. Көп пенде міне осы қарапайым шындықты түсінбегендіктен, астамсып, ойында «тереңнен тек іздеймін» деп қалай адасқанын білмейді Өйткені, пенделік көрнеуді де дұрыстап көре алмайтын көз, жабық көңіл көместі тіпті де көрмек емес. Тапжылмайтын ақиқат – Аллаһтың Өзін тану түгілі, Оның «Аллаһ» деген атының сөзсіз Соның аты екеніне сенбеген жүрек иесіне, Оның арғы жағына өтіп, ішкі сырды білу, ұлы құпияны ашу, сөйтіп жазған жырлары арқылы өлмес расқа айналу қайдан бұйырмақ?

         Ендеше шын жырға, кемінде шындықты тануға талпынған жырға көкірек құлағымызды тосалы.

                            «Мендегінің бәрінде білген Аллаһ,

                            Періштедей пәктік бер жыр мен арға?!»

         Шын қалам иесіне тән өтіну бұл. «Мен Құдаймын. Мен беремін» демейді. Өзі түкті де бере алмайтынын біліп, бере алатын Иеден пәктік тілейді. «Құл нені өтініп сұраса, Аллаһ соны береді» дейді. Өйткені берегендік, шүлендік, дархандық, жомарттық, жарылқағыштық тек қана Оған тән. «Аллаһтан сұрағанның екі бүйірі шығады» дегенді қазақ міне осыны білгеннен айтқан.

        

«Аллаһ» десең, сөйту арқылы ішкі шындыққа енсең, Ол (Аллаһ) сенің қалағаныңды береді. Жарылқайды. Жарылқаған емей немене? Ақын Дәубетбекке Раббы көпке айтар ақыл беріпті.

                            «Иман,

                            Ақыл,

                            Тәуекел үш белгінің,

                            Тоғысынан табылып тұрсаң болды

– дейді бізге ол. Бұл – даналық. Бұл «Хақ» деп қарс айырылған меннің көкірегінен көпке қарай жіберілген жарық. Бағдар. Меңзеу. Сілтеу. Қыбыланама. Білгенге маржан. Өйткені, иман – Аллаһтың бар екеніне, жалғыз екеніне сену. Ақыл – сол сенімді бұлжытпай ақиретке жалғайтын нұрлы қару. Ал, тәуекел болса – иман арқылы тұрақтанған сенімді ақылмен бекемдеп, ұстап, жүрек сенген сенім иесі Аллаһқа тұтас адами болмыспен мөнді болып, бір жолата берілу. Оның (Аллаһ) басқа салғанына, тағдыр еткеніне көну. Бұл – «адам» деп аталатын жан иесінің өмірге келгесін сөзсіз істеуге тиісті міндеті. Фарызы. Бұндай ақыл Аллаһқа, ішкі ақиқатқа ашылмаған жүрек иесінен шығуы мүмкін емес. Бұған ақын үшін шүкір Аллаһқа. Шүкір дейтініміз, ол тағы:

                   «Бақи дүние елемейді – ертеңін,

                   Пенде деген – пәниге құл, әңгүдік

деп келіп,

                   «Жер менен көктің,

                   Он сегіз мың ғалам нұр – тағын,

                   Біз білген және

                   Білмейтін әлем ұнтағын,

                   Жаратқан жалғыз ең ұлы құдірет, Ол – Аллаһ!

                   Осыны ойдан шығармай өтсін ұрпағым!»

– дейді, «Ғұмырдың қырық жылын қыр асырған» ол. «Қырығында ес жимаған пендеден үміт күтпе» деп келетін бір даналық бар еді шығыста. Ол болса, қырығында Пәни мен Бақи сынды екі дүние өмірін тең ойлап, өзіне ғана емес, тұтас болашаққа жырларымен «Сөйт» деген тілек аралас үндеуін тастайды. Дұрыс!

                            «Жолаушымын мен де бір,

                            Азабы мол, адасқан.» – деп, қазіргі жеткен ішкі шындық әлеміне көппен бірдей пенделіктен барып-барып, әрең жеткенін меңзеген ақын, «Пәк жолға (Исламға) енді өзімді лайықтадымы» арқылы, енді қате сарынға қайымайтынын анықтайды. Өйткені, ол «Мәңгілікке (о дүние) аттағанда, бар болса егер (менді) иман ғана табатынын» білген. Және оған сенген. Бұған дәлел іздеушілер болса Құранды оқысын.

                            «Тексердім жүрегімнің ашып түбін.

                            Сезіндім ұлы Аллаһқа ғашықтығын

Немесе.

«Қаламым мен құшақтап Құранымды,

Естімеске кетсем бе қойымды айдап

Немесе,

«Кетсем бе екен күнәсіз мекен іздеп

         Жалпы рухани көзімен жүрегінің түбін ашып көріп, одан өзінің ұлы Аллаһқа ғашық екенін сезген оның «Күнәсіз мекен» – Жаннатты іздеп жолға шыққанына нұрлы жырларын оқып сенесің. Сендіреді. Шын өлеңнің жүрекке жетуі дегеніңіз осы шығар? Оның жырлары жырдағы шындықтың, ішкі шындықтың не екеніне көзімізді жеткізді. Ақын кітабын үш болімге бөліпті. Біздіңше кітап екі бөлімнен тұратындай. Ол – сыртқы шындықты немесе ұлы ақиқатты танығанға дейінгі пендеуи тірлікті баян еткен жәй жырлар. Сосын «Нұр» деп аталатын ішкі шындық жырлары. Қалай десек те бізді өлеңге рухани дайындықпен келген ақынның кітабын Хақ нұрымен нұрлап, Құран жарығымен жарықтап барып, сенімді ұсынғаны қуантты.

         Демек, біз ақын Дәулетбек жырларын оқып, Құранның «Шұғара» (ақын) сүресіндегі ақындар жайлы: «Ақындарға азғындар ілеседі (224). Олардың сай-салада қаңғып жүргенін көрмедің бе (225)? Олар істемеген істі «істедік» деп көпіреді (226).» деген аяттарына салып көріп, оның жырларын одан таппадық. Дегенмен, онан арман қарайғы: «Бірақ, иман келтіріп (Аллаһқа сеніп), ізгі іс істегендер, Аллаһты көп зікір еткендер (еске алғандар) және зұлымдық көрсе де артынан (өлеңімен) кек алғандар бір басқа (227)» деген ұлы аяттан оны тауып, «шүкір» дедік.

Құл Керім Елемес

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530