Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 5851 0 пікір 6 Мамыр, 2014 сағат 08:46

Бауыржан Бабажанұлы. ВЛАДИМИР — БОЛАТ

Осыдан 7-8 жыл бұрын Темір ауданына (Ақтөбе облысы.-ред) іссапармен бардым. Аудан орталығы — Шұбарқұдықта Болат деген темірден түйін түйетін шебер бар екен. Өзі ақжарқын, керемет адам. Тек қазақы жайбарақаттықтан ада. Сонысын тілге тиек етіп, қалжыңдап ем, ана кісі күліп жіберді. Сөйтсем, «шикілігі» бар екен. Шын ныспы — Владимир болып шықты. Қиыр Шығыста дүниеге келіпті. Өте қызық тағдырдың иесі.

...Болаттың әкесі Жұрында туған. Бір үйдің жалғызы. Соғысқа алынып, көп ұзамай-ақ тұтқынға түседі. Ал тұтқындарға, олар босатылғаннан кейін де, сәбет өкіметінің дұрыс қарамағаны белгілі. Жас жігіт енді Қиыр Шығысқа айдалады. Қасында бір топ өзбек бар екен. «Отанын сатқан» деген «атақты» көтеріп жүру кім-кімге де оңай емес қой, оң-солын танып үлгермеген жас жігітке тіпті ауыр тиеді. Оның үстіне ауылға жіберген хаттарының да орта жолда «желкесі қиылады» екен. Хат жетпегесін, әрине, жауап та келмейді. Сонда әлгі өзбектердің бірі ақыл айтыпты: «Ұлым, біз — орта жастан асқан адамдармыз. Артымызда тұяғымыз бар. Олар кешірсін, кешірмесін, бізден туғаны хақ. Сондықтан өлсек те, арманымыз жоқ. Ал сен — тым жассың. Тірі адам тірлігін істейді. Үйленгенің дұрыс. Мүмкін, заман осылай тұра бермес...». Енді бозбала есін жиып, жан-жағына қарай бастайды. Өздері істейтін зауыттағы жұмысшы қыздардың біріне көзі түседі. Жас-жастың тілегі бір, ақыры отау құрыпты. Екі ұл, екі қыз дүниеге келеді. Үлкені — Владимир. Қалған үшеуіне де орысша ат қойылыпты.
Әлқисса, Болаттың әкесі Қиыр Шығыста осылай жүре тұрсын, енді Жұрынға келейік. «Ұлың хабарсыз кетті...» — деген хабарды естігесін әке көпке бармайды. Әйел — ит жанды ғой, шешесі күдерін үзбепті. «Жүрегім сезеді, құлыным тірі, аман-есен келеді!» — дейді екен. Соғыс кезінде Украина жағынан келген 11 жетім баланы асырап алыпты. Күнде соларға баласының аман-есен келуі туралы тілек айтқызады екен...
Сталин өліп, жылымық басталғанда ұлының жазған хаттарының бірі ауылға жетеді. Жүрегі жарылардай болған анасы да дереу біреуге айтып отырып, хат жазғызады. Сол тұста кешегі тұтқындар да ақталып, елге қайта бастайды. Ал Болаттың әкесінің әйелі, төрт баласы бар. Заты — орыс әйел Қазақстанға баруға көне ме? Осыны айтып хат жазған ұлына шешесінің жауабы қысқа болыпты: «Екі ұлды алсын да, екі қызды ана қатынға тастап, қайтсын!» Қайран ананың көңілі, ұлдарды қалдырғысы келмей тұр ғой...
Баласы да осы ойға бекіп, әйеліне бар жайды айтады. Сонда келіншегі бірден: «Мен сенен қалып, қайда барам? Қиын күнде етегіңнен ұстап едім, енді сенімен жер түбіне баруға да қайылмын...» — депті. «Өлді» деген баласы немерелерімен бірге келіп тұрғасын кемпір байғұста не жан қалсын, дүрілдетіп той жасайды. Бірақ көзі көк келінге сенбей, Владимирге Болат деп ат қойып алып, бөлектей беріпті. «Сен ана қатыннан туған жоқсың, менің баламсың!» — деген сөзді естіген Болат та бауырларына шекесінен қараған. Ал орыс келін мықты екен, бәріне үндемей көнген. Қазақ тілін де үйреніп алған. Балаларына да: «Жұрттың баласы көшеде орысша сөйлесе, сөйлей берсін, сендер қазақша сөйлеңдер. Әйтпесе, шешесі үйретіп отыр деп менен көреді...» — дейді екен. Бала тууды да шектемепті. Құдайдың құдіретін қараңыз, тура 11 бала туыпты. Баяғы 11 жетімнің тілегінің қабыл болғаны да. Көп жылдарға дейін суық қараған енесі де кейін бейілін беріп, риза болып аттаныпты...
«Шешем былтыр қайтты», — деді Болат сонда. «Әжесінің баласы» кенет толқып кетті. Қазақтың санын бір ауылға көбейтіп кеткен ару ананың рухына мен де тағзым етіп, бетімді сипадым. Іссапардан келгесін «Владимир — Болат» деген мақала жаздым...
...Соғыстың беті аулақ болсын!

Facebook.com әлеуметтік желідегі дәптерінен алынды

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530