Сенбі, 20 Сәуір 2024
Айбын 7222 0 пікір 6 Мамыр, 2014 сағат 08:56

Әлем және әскери күш: геосаясатта сенім жоқ

                        

НАТО  Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен Альянс құрамындағы мемлекеттерге  Украинадағы жағдайға байланысты әскери қорғанысқа бөлінетін қаржыны көбейтуді ұсынды.

  Бұл туралы 4 мамыр күні немістің Frankfurter Allgemeine Zeitung басылымына берген сұхбатында жариялағанын  Цензор.НЕТ хабарлайды.Бас хатшының айтуынша, Ресей қорғаныс шығынын 30%-ға көбейтіп жатса,ал кейбір Еуропа елдері,керісінше, 40%-ға төмендеткен.НАТО-ны соншалықты аландатқан не мәселе? Әрине, бүгінгі күні әлем қайта бөліске түскен кезде әр ел әскери күшінің қуатты болуын көздейді. Мысалы, АҚШ Орталық Барлау Басқармасының(ЦРУ)  ресми ақпараты бойынша құрылған дүниежүзі мемлекеттерінің әскери бюджеті тізімінде АҚШ-тың қорғаныс шығыны шамамен 526млрд.500 млн.долларды құрап отыр. Кез-келген мемлекет қорғаныс саласына мұндай көлемді қаржы құя алмайды.

   Қарулы күші мықты елдер қашанда өзге мемлекеттерге өз сөзін өткізе алған. Қорқытып, үркітіп әлемді мойындатқан ұлы державалар жетерлік.Сондықтан да болар XXI ғасырда қарусыз-ақ бейбіт түрде дипломатиялық жолмен күрделі түйінді шешу мүмкін болмай барады. Сәл қит етсе болды агрессияға беріледі.

  Таяуда, нақтырақ айтсақ,  22 сәуірде  соңғы деректерге негізделген әлемдегі қорғанысы мықты мемлекеттердің рейтингісі жарияланған болатын.  Global Firepower (GFP) индексі бойынша анықталған тізімге 106 мемлекет енген.Рейтингте көш бастап тұрған үштік –АҚШ,Ресей және Қытай. Украина 21-ші орында.

 

   Қытай армиясы әлемдегі ең ірі армия саналады.Оның құрамында 2,3 миллионға жуық адам бар. Сондай-ақ, Қытай үкіметі биыл қорғанысқа бөлінетін қаржыны 12,2 пайызға көбейтіп, 132 миллиард АҚШ долларына жеткізбекші. Ресми статистика солай дейді. Шын мәнінде 200 миллиард АҚШ долларына жуықтайды деп санайды кейбір сарапшылар.

 

 Рейтинг мәліметіне сенсек, АҚШ тұрақты әскерінің саны- 1млн. 430 мың. Ресей әскері-766 мың. Ресей Кеңес Үкіметі тарағанға дейін  ядролық қарулар мен әскер санын қоса есептегенде, АҚШ әскери күштерін кез-келген көрсеткіш бойынша басып озған бірден-бір күш болды. Қазірдің өзінде сол деңгейден асып түспесе де, өзгелер онымен санасатындай дәрежеге жетті. Ал АҚШ-тың әскери базалары әлемнің түпкір-түпкірінде орналасқан. Сол арқылы барлығын өз бақылауында ұстап тұр.

 Ядролық қару былай тұрсын, сол ядролық қарудың өзін жойып жіберетін ракета ойлап тауып жатқан заманда Қазақстанға да әрекет ету керек. «Қазақстанның қарулы күші мектептегі көрнекі құрал іспеттес. Біздің әскеріміз әзірге тек парадтар өткізіп тұруға ғана жарайды»  деген пікірлер де бар. Жасыратыны жоқ, қарулы күштеріміздің қару-жарағын, техникасын жаңартып, санын да, сапасын да арттырған жөн. Армия- мемлекет тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздіктің кепілі. Солтүстігімізде  Ресей жатыр. Шығыста –Қытай, Батыста – мұхит асқан АҚШ. Әлемдік геосаясатта ешкімге де сенім жоқ.

                                                                                                

 Роза Ысқақ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің 3-курс студенті.

 Abai.kz 

0 пікір