Жұма, 26 Сәуір 2024
Сын 9183 0 пікір 6 Мамыр, 2014 сағат 09:15

АЛЛАДАН АЛШАҚТАҒАНДАР немесе АДАСҚАН АҚЫНДАР

 

Не болып барамыз? Дуалы ауыз ақындарымыз сөзден жаңылысып, оңбай шалынысып жатқанын да көрдік-ау! Жазылған жыр жаға ұстатса, ақынның діни сауатсыздығы ел алдында кесе көлденең ашылып жатса, жыр авторының сол жырды жазбай-ақ қойғаны жақсы ма еді деген күйге түсесің... Қолына қаламды нықтап ұстаған, ел алдында азды көпті танымал ақын жыр жазған осы екен деп, қаламын оңды солды сілти берсе, абыройдан гөрі ақымақтыққа көбірек жанасып кете ме деп те қорқамын. Кешегі өткен Абай да, Шәкәрім де көптеген жырларында Алланы ауызға алса да, айтарынан жаңылмаған еді ғой.

         Жақында еліміздің белді басылымдарының бірі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген ақын ағамыз Сейфолла Оспановтың «Құдаймен мұңдасу» аты өлеңінен соң туындаған ой қолыма қалам алуға үндеді, анғырағы мәжбүрледі... .

 

«Уа, құдай!

Мен саған өкпелімін,

Куә бұған көкте күнім!

Мені өзің жаратасың,

Ұрпағымды таратасың.

Неге енді несібесін тең бөлмейсің,

Телміртіп неге жұртқа  қаратасың?!», -  уа, деп басталған жырдың алғашқы шумағында-ақ ағамыздың сөзден адасқандығы анғарылады. Біз Алладан дұғаларымыз арқылы сұраймыз, жалбаранамыз, еш уақытта өкпе, назымызды төкпейміз. Алла Тағалаға дұға ету – Алла Тағаладан қажетін сұрау, жақсылықты болдырту, не жамандықты қайтару мақсатында Алла Тағаладан медет тілейміз. Біздің тағдырымыз туылғанымызда-ақ жазып қойылған, демек соған лайық өмір сүреміз, бұл жалғандағы сынақтарымызды өтейміз.

 

«Құдайым, айналайын, жарық тұлға,

Бай етіп мені өмірі  жарыттың ба?

Үйіп-төгіп бересің жылпостарға,

Жаның неге ашиды жазықтыға?

Сен мұны көрмей-білмей отырмысың,

Құдайсың ғой, өзіңнен шошынды  ішім.

Тапқанын тең бөледі ең арғысы,

Айнабек – біздің көрші соқыр мүсін.»,- бұл шумақта ақын ағамыздың не айтарын жеке басым ұқпадым. «Құдайым, айналайын, жарық тұлға», осы қатар куфурлікке бастайтындай. Өйткені өресі биік кісінің Алла Тағаланы теңеу ширк екенін білмесі күмәнді. Жарық тұлға деу арқылы Алланы нұрға теңегісі келген болуы керек, бірақ Алла Тағаланың сипаты тек қана жаратушымыз Алла Тағалаға ғана аян... .

 

«Ал мақұл,

Құдаймын деп асқақтайсың,

Неге сен пара алудан бас тартпайсың?!

Жарайды жеке өзің ал

Жетер байлық,

Неге енді өзгелерді тоқтатпайсың?»,  - бұл шумақ арқылы, осы теңеу арқылы жемқорлықты ашқысы болған келуі мүмкін. Бірақ, құдаймын деп асқақтайсың, деген қатары жүрегінде иманы бар мұсылманның аузынан шығар сөз емес. Алла Тағаладан басқа тәңір жоқ. Ол, аспанмен жердің жаратушысы. Барлық нәрсенің Иесі және Қожайыны.

 

«Уа, құдай!

Осы сенің барыңа мен сенбеймін,

Бетпе-бет тілдесуге келсең деймін.

Ақымды әперетін өзің бар деп,

Әркімге қашанғы мен кемсеңдеймін»,- бұл жерде ақын ағамыз өзінің атиестиі санадан арыла алмағандығын көрсетіп отыр. «Мен Расулуллаһтың с.ғ.с.: «Зікірдің ең абзалы -  Алладан басқа тәңір жоқ», - дегенін естідім», Имам Термизи риуаят еткен хадисті оқыған кісі Алладан басқа Тәңір жоқ екендігін білер еді, Алланың барына сенер еді.

         Бетпе-бет тілдесуге келсең деймін -, асықпау керек, бізге Алла емес, біз Алланың алдына барамыз. Барғанда да сынақ үшін жіберілген жалғанды ұмытып, құтыла алмас күнәларымызбен барармыз... .

 

«Қашаңғы тұрам дейсің пәруар боп,

Орныңды басқа құдай ауыстырса

Менің де,

Сенде онша шаруам жоқ», - осы жолдарды оқыған мұсылман бауырларымыздың көзінен бір тамшы болса да жас ыршыры анық. Бұл шумақтары Пайғамбарымыздың жасаған дұғаларына қайшы келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Я, Тәңірім! Сен кемшіліктен пәксің және барлық мақтау Өзіңе тән! Мен Сенен басқа Тәңір жоқ, Сен жалғызсың және Сенің серігің жоқ деп куәлік беремін! Сенен истиғфар сұрап, Өзіңе тәубе етемін!», деп дұға ететін болған.

         Өлең осылай «өрнектеле» түседі, мұнан артық талдау артықтау секілді. Бір сөзбен айтқанда Алланы мадақтау орнына, даттауға арналған жырдан болашақ ұрпақтың алары жоқ. Ең сорақысы жырды қолына енді қалам ұстаған ақын емес, елдің асқақ ақындарының бірінің жазғаны. Бізді жаратып сынау үшін мына жалған жазмышқа келгенімізді ұмытып, Алланы «сынағаны», білмедім адасқандықпа әлде «алжығандық»!

         Осы жырдың тәсірінен арыла алмай отырғанымда, есіме ақын ағамыз Ақберен Елгезектің «Мама» деп аталатын жырының:

«Мен сені Тәңірден сұрадым, мама,

Осы арудың құрсағына бітемін деп.

Мен сен үшін талай жыладым, мама,

Ақынның анасы боп өтеді деп... .

 

Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама,

Ал, мен – Құдайдың баласымын.

Сен бәрібір маған ұнайсың, мама,

Көзімдегі қарашығым..!», деген шумақтары орала кетті.

Ия, Ақбереннің қиялға толы, өзге ғаламдық ұғымда жазылар жырының мағызын шағу үшін Ақберенше ойлау керек шығар. Бірақ, жеке басымда ондай қабілет жоқ. Тек қана мұсылманның бір баласы ретінде пікір білдіре аламын. О, тоба Алладан ана құрсағына бітпеген шарана сол құрсаққа бітуін сұрайды деген не деген сұмдық. Өзін Құдайдың баласымын деу... . Алла Тағала туылмаған, тумайды да. Қиялындағы ерікті тізгіндей алмаған ақынның жазар жыры осы ақ болар... .

Ақындарымыздың куфурлікке баруы діни сауатсыздығының нәтижесі болар. Болмаса қаны қазақ, діні Ислам болған халықтың ұл қыздарының аузынан мұндай сөздің шықпасы анық. Сақал қойғанды адасқан деп, балақ кескенді «уахаб» деп жүрген бауырларымыз осы ақындарымыздың жыр жолдарындағы адасуды көрмей отырғандықтары қызық.

Өз өзіне қол жұмсау, өзін өлімге итермелеудің соңы тозақ жазасы екендігін де білеріміз хақ. Махаббат буынан мас болғандықпа, әлде сезімін тізгіндей алмағандықпа мұндай қатарлар ақын қызымыз Танакөз Толқынқызының жырында да кездеседі.

Танакөз ақынның «Өлгім келеді» деген жырында:

«Өлгім келеді! Өлгім келеді!

Жоқ, маған сенсең, жердің керегі!

Ауа да! Ай да! Күн қажет емес!

Тек сені ғана көргім келеді!!!», – дейді. Ия, ажал хақ. Өлеріміз анық. Бірақ, өлім тағдырымызда, уақыты бар. Махаббат деп өмірден безіну, өзіне өлім тілеу мұсылманға жат қылық... .

         Қара сөздің қасиетін кетірмей, киесі ұрмай тұрғанда ағайын аузымыздан шығар сөзімізді түзейік. Тірімізде Алла Тағаланы танып алдына барар күнде құлшылықтарымзбен күнәларымызды азайып аттанайық, онсызда бізді оңай жаза күтіп тұрмағандығы анық... !

 

ҚОЖАКЕЛДІ  АЛДАНОВ,

тәуелсіз тілші

Ескерту: Мақала авторының жазу стилі мен тыныс белгілері түпнұсқада беріліп отыр.

Abai.kz

 

0 пікір