Сенбі, 19 Қазан 2019
Қоғам 6110 0 пікір 6 Мамыр, 2014 сағат 10:17

АЮДА ШЕҢГЕЛ БОЛСА, БӨРІДЕ АЗУ БАР

Соңғы кезде Украинадағы саяси жағдайларға байланысты Ресей әлемдік БАҚ беттерінде мықтап орнығып алды. Халықаралық наразылықтар мен санкцияларға қарамастан Қырымды қосып алуы бүкіл әлемді Ресей туралы басқаша ойлата бастады. Осы ретте Ресей және Ресейдің билеуші ұлты орыстар туралы аз-кем зерттеу жасап көрейік.

Ресей – Федерациялық ел. Әлемдегі аумағы ең үлкен мемлекет. Ішкі жалпы өнім көлемі бойынша әлемде алтыншы орында. Адам басына шаққандағы табысы 13 мың 200 доллардан келеді. Халық саны 142 млн. Жыл сайын қорғанысқа 70-80 миллиард доллар қаражат бөледі.  2 миллионның үстінде запастағы, 1 миллион бір жүз мыңдай қолданыстағы әскері бар. Әскери техника өзінде өндірілетіндіктен әлемде қуатты болып саналады. КСРО кезінде 63 мыңға жуық танк, 86 мыңдай соғыс машинасы, 42 мың артиллериялық техникалары, жүздеген авиациялық әскери базасы болған. КСРО  ыдыраған тұста соғыс техникаларының айтарлықтай бөлігі Ресейде қалды. Қазірде әскери техникалары туралы нақты мәлімет жоқ, Дегенмен құрлық, әуе және теңіз шабуылдарына арналған көптеген соғыс техникасын өндіреді.  Әлемнің 66 мемлекетінде әскери базалары мен техникалары бар. Ең бастысы АҚШ-тан кейінгі ірі ядролық держава болып саналады.  Әскери бас қолбасшысы қазіргі ел президенті Владимир Путин. Жыл сайын 300-350 мыңға жуық адам әскер қатарына шақырылады.

Орыстар Ресейде 110 млн. Жер бетіндегі жалпы саны 160 миллионға жуық. Ресей халық санының 65 миллионға жуығы еркектер, 77,5 миллионға жуығы әйелдер. Әйелдердің орта жасы – 75, ерлердің орта жасы – 63.  15-39 жас арасындағы еркектер үлесі 14 миллион шамасында.

Салыстырмалы мәлімет үшін түркі тектес халықтар құрған мемлекеттердің жансанын, әскери қуатын  айта кетейік. Кезінде тұтас Еуразия даласына ат ізін салып, 15 миллион шаршы шақырым жерді билеген,  жер бетіндегі ең ірі империялардың бірі болған Түркі қағанатынан бүгінде әлем картасында Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Солтүстік Кипр Түрік республикасы сияқты жеті тәуелсіз мемлекетпен қатар Шығыс Түркістан (Шыңжаң ұйғыр автономиялы аймағы), Тува республикасы, Башқұртстан, Алтай республикасы, Балқар, Қарашай,  Қырым, Татарстан, Дағыстан, Астрахан облысы, Чувашия, Якутия(Саха), Хакасия, Қарақалпақстан, Гагаузия, Нахичеван сынды автономиялы республикалар бар. Сондай-ақ, түркі тектес отыз неше ұлт аталған аймақтармен әлемнің басқа да мемлекеттерінде тіршілік етеді.

 

«Төрт бұрыштың бәрі дұшпан екен,

Сарбаздарымен аттанып,

Төрт бұрыштағы халықты

Көп алған, бәрін бейбіт еткен.

Бастыны еңкейткен,

Тізеліні бүктірген,

Ілгері1 – Қадырқан қойнауына дейін,

Кері – Темір қақпаға дейін жайлаған.» - деп Күлтегін жырында келетін түркілерден таралған халықтардың саны 250 миллионға жуық (Бір қызығы әлемдік энциклопедия Wikipedia-ның түрікше тілінде бұл мәлімет 250 миллионға жуық деп берілсе, орысша бетінде 150 миллионға жуық деп берілген.).  Жер бетінің 7 миллионға жуық шаршы шақырымын иеленіп жатқан түркі халықтарының саны 1995 жылы 170 миллион деп тұрақтанған.  Соңғы мәліметтердегі үлесі бойынша Түркі текті туысқан ұлттардың саны:

 

Түрік – 85 млн.

Әзербайжан – 50 млн.

Өзбек - 30 млн.

Ұйғыр – 20 млн.

Қазақ 18 –млн.

Татар – 9 млн.

Түркімен – 8 млн.

Қырғыз – 5,5 млн.

Ноғай – 4 млн.

Башқұрт – 2,5 млн.

Чуваш – 2 млн.

Башкир – 2 млн.

Қашқай – 1,7 млн.

Ахыска – 1 млн.

Қарақалпақ 1 млн.

Қырым татары – 500 мың.

Якут – 500 мың

Құмық – 420  мың.

Хорасан  – 400 мың.

Тыва  – 350  мың.

Қарашай-Малқар – 300  мың.

Гагауз – 300 мың.

Афшар – 300 мың

Алтай –  75 мың.

Хакас – 65 мың.

Салар – 55мың

Шор – 10 мың.

Осыған қоса саны мыңға жетпейтін және жойылып бара жатқан онға тарта бауырлас ұлттар бар. Жоғарыдағы мәліметтер бойынша Түркі тектес халықтар саны  245 миллионға таяйды.

 

Енді бауырлас халықтардың әскери күшін саралап байқайық: Түркияда 720 мың әскер. Жыл сайын 300 мыңға жуық адам әскер қатарына шақырылады.  1952 жылдан НАТО-ның мүшесі. Әскери қуаты Еуропа бойынша Франциядан кейінгі екінші орында. Қорғанысқа жыл сайын 15 миллиард долларға жуық қаржы бөледі. Халықтың 38 миллионға жуығы еркектер үлесінде. 20 миллионға жуығы 16- 49 жас аралығында.

Әзербайжанда 70 мың әскер. Запаста 550 мың әскер. Әскерге жарамды 1,7  миллион адам 16- 49 жас аралығында. Жыл сайын 3 миллиард доллар айналасында қорғаныс саласына қаражат бөледі.

Өзбекстанда 90 мың әскер. Әскерге жарамды тұрғындар саны 7 миллионға жуық. Қорғанысқа жыл сайын 2 миллиард долларға жуық ақша бөледі.

Қазақстанда әскер саны 110 мың. Әскерге жарамды 16-49 жас арасындағы еркектер 2,5 млн. Жыл сайын 1,5 миллиард доллар шамасында қорғаныс саласына ақша бөлінеді.

Түркменстанда 35000 әскер. Жыл сайынғы әскери шығыны 1 миллиард доллар. Әскерге шақырылғандар міндетін 2 жыл өтейді. 200 мыңнан астам запас әскері бар.

Солтүстік Кипр Түрік Республикасының төрт кезекті запас шақырылымға 40 мың әскері бар. Түркиядан басқа мемлекеттер негізінен Ресейдің әскери техникаларын қолданады. Сондықтан әр елдің әскери техникаларын санамалап жатпадық. Өзара ынтымақтастықпен әр елде әскери жаттығулар өтіп тұрады.

P.S:

  Ресейдің негізгі әскери күші оңтүстігі мен батыс шекараларында, және шығысында орналасқан. Түркі текті халықтар арасында тарихта орыс шапқыншылығына түспегені жоқ. Шекаралас аумақтағы Қазақ, Әзербайжан, Ноғай, Татар сияқты ұлттар бодандықтың зардабын көп тартты. Тамыры түркіден тараған ұлттардың территориясына орыс әлі де көз салып келеді. Әлде бір адаса сөйлеген депутаттарының аузымен отарлау пиғылы көрініп қалып жүр.  Бөрілі байрақ ұстап, бөрінің тектілігін тұтқан түркі баласы бірлікті ту етсе «аюға» алдыра қоймас.

 

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір