Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 9193 0 пікір 14 Мамыр, 2014 сағат 12:26

БЕЙӘДЕП СӨЗГЕ НЕГЕ БЕЙІМБІЗ?

Қазіргі саналы өмірін тәуелсіздік кезеңінде өткізген жастардың отанды сүюі, ұлттың ұстанымына берік болуы мен ана тілін құрметтеуі қандай деңгейде? Біз оларды осы бағытта тәрбиелеуде мемлекет болып, қоғам болып  не істеп жатырмыз? Адам жанының инженерлері саналатын жазушыларымыз, киногерлеріміз, артистеріміз, ғалымдарымыз, т.б. шығармашылық өкілдері тәуелсіздік алғалы бері 22 жыл бойы қандай кітаптар жазды, қандай кинолар түсірді, қандай шығармаларды дүниеге әкелді? Қазіргі заманның үлгі етерлік кейіпкерлерін сомдап шығарса, олар кімдер? Тәуелсіз еліміздің тұғырын кімдер қалап жатыр? Экономикалық көрсеткіштерімізбен әлемнің 50 елінің қатарына ендік, бірақ бұл халқымыздың руханияты сол деңгейге көтерілгенін білдіре ме?

Тәуелсіз ел ең бірінші ана тілімен көрінеді. Қазір барлық жерлерде қазақ балабақшалары, қазақ мектептері, жоғары оқу орындарында қазақ топтарының саны көбейгені рас. Бірақ орыстілді мектептерде 300 мыңнан астам қазақ балаларының оқып жүргені, ал қазақ мектептерінде 3 мыңға жуық өзге ұлт өкілдерінің оқып жүргені көңілді көншіте ме? Мемлекет қазақстандық балалардың қазақ тілінде тәрбие мен білім алуын қамтамасыз ететін батыл қадамдар мен кешенді бағдарламаларды жедел қолға алмаса көш түзелмейтіні айдан анық болып тұр.
Көшеде, қоғамдық көлікте, түрлі іс-шараларда, яғни күнделікті өмірде жас­тармен кездеспей тұрмаймыз. Сонда олардың бір-біріне қарым-қатынасы, сөйлеген сөзі аға ұрпақ өкілдерін қатты қынжылтады. Әрине, мен бәрін жамандаудан, көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен, жаман әдеттің жұққыш келетінін, «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетінін» ұмытпайық.
Ағылшын тілінде «сленг», «жар­гон» деген сөздер бар, оның ма­ғынасы фразеологизмге ұқсас, яғни фонетикалық, грамматикалық жүйеге бағынбайды. Осындай сөз тіркестеріне жастар тым құмар болып барады. Оны сәнге айналдырып алған, мақтаныш көреді: «сындырды», «базар жоқ», «лапша ілді», «құлақтан тепті», «қуады екенсің», «лақтырып кетті», «қораға кірді» деген сөздерді жиі естиміз. Шешімін таба алмаса, «тормозы ұстап қалды», «зависать етіп қалды», көпшілікпен келуді «толпа», менменсуді «типаж болу», ақша талап етуді «счетчик қою», қоңырау шалуды «маяк тастау» деп жатады. Бұл жаргон сөздерде орыс сөздерінің компоненттері бар. Бірақ бұл Тургеневтің, Толстойдың, Чеховтың тілі емес, демек бұл орайда жақсы нәрсені, озық ойды алып отырған жоқ. Бұл көшенің сөзі. Бұндай сөздер біздің кезімізде де болған. Бірақ оны көпшілік орында емес, өз орталарында қолданатын. Шекарадан шығып бара жатса, тыйым салушылар (ата-ана, мектеп, қоғам болып) тосқауыл қоя білетін.
Кейде сленг бір аймақта қол­да­нылады да, елге тарап кетеді. «Қу­ғынбай» деген сияқты бейәдеп сөздер қазір Сыр бойында да айтылып жүр. Бұл агенттегі хаттар, ғаламтордағы сайттар, теледидардағы түкке тұрғысыз бағдарламалар, әлеуметтік желідегі жеңіл әңгімелер арқылы бозбала мен бойжеткеннің сөз саптауына айналып, тілін шұбарлап барады.
Қазір телеарна көп. Тек қана «Алма TV» кабельдік телевизиясында 100-ден аса арна бар. Осы арналардағы жеңіл ойлы бағдарламалары (әрине, бәрі емес) тіліміздің өрісін тарылта түсті. Орыс тіліндегі бағдарламаның көп екені былай тұрсын, қазақшасы біздің тілімізді, сол арқылы ұлттық менталитетімізді мазақ ететін сияқты. Мұны біз мәдени интервенция деп білеміз. Ой-санаңды осқылап, жүйкеңді жұқартатын, дәмі мен татуы, мән-мағынасы жоқ, күлдіремін деп көңіл күйіңді түсіретін осынау бағдарламаларды көп адамның қалай тамашалайтынына мен таңғаламын. «Соқыр тауыққа бәрі бидайдың» керін келтіруде. Сөйтіп, күнде-күнде теледидарларда да, сахнада да, тойларда да осылай болғасын бүкіл қоғамның салт-санасына кері әсер етуде. Мұның екінші жағы тағы бар. Республикалық кейбір телеарналарымыз ұлттық ұста­ным, тіл тазалығында күрескерлік үлгі­сін жүйелі түрде жүргізбейді. Содан амал жоқ көрермен әлгіндей бейәдеп сөздерді ресми, заңдастырылған есебінде қабылдайды.
«Көңілді тапқырлар клубынан» («КВН») арзан әзілкештер, қу­шы­кештер шығып жатыр. Олар теледидардан түс­пейді, қай каналды ашсаң да көресің, тойға барсаң асаба да солар. Жоғары оқу орындарындағы мұндай клубтар қазіргі аяқ бассаң күл­кіге, сықаққа айналар фактілерді тапқырлықпен көрерменге жеткізудің орнына ыржақайларға арнал­ған көріністерге құмар. ЖОО-дағы сту­­денттер аттарына сай жоғарғы деңгейін көрсетуге тиіс. Соған ұм­тылуы керек емес пе? «Базар жоқ» деген де бағдарлама бар. Осы бағдар­ламалардағы жастардың аузынан шығатын «ат екен» (керемет, сұлу қыз екен), «тартыл» (қатарға қосыл), «картопты жарды» (әзілдеді), «бітіп қалдым» (ғашықпын), «мат қылды» (жеңді) деген түкке тұрмайтын сөздерді естіген жасөспірім соны әрі қарай өзі пайдаланады.
Қазір теледидардағы көп сериялы қазақ фильмдерінің мән-мағынасының аздығы былай тұрсын, тілі де шала. Себебі оның сценариін жазған адам да, режиссері де, актер­лері де шала қазақтар. Олардың осындай сауатсыз, дөрекі, тұрпайы тілі қолданысқа еніп кете ме деп қорқамын. Жастар тіліндегі осындай тіркестер баспасөз беттерінде де кездесіп қалады.
Тілдің бұзылуына әсер ететін жай­дың бірі – әлеуметтік желілер. Ол бүгін­гі күні қатынас құралының ең тиім­ді түріне айналып барады. Жас­тар арасындағы сауатсыздықтың белең алуына әлеуметтік желілердің мобильдік нұсқасының көп әсері бар. Агентті пай­далану арқылы жастардың қазақ тіліндегі сауаттылығының төмендеуі былай тұрсын, тілге де қатты әсер ете­ді. «Kaydasin», «kawan» деген сияқты сөздерге «қ» әрпі жоқ болғандықтан «кай­дасын?», «кашан?» болып кете береді. «Жагдайын калай?», «нестеватырсын?». Бүгін қалай жазса, ертең солай айтады.
Тағы бір айта кететін жайт, жастардың сұраққа сөзбен жауап бермеуі. Жоқ болса «ыкк» дейді немесе таңдайды тақ еткізумен бітеді. Оның бір себебі кітап оқымайтындығы, ал теледидардың, компьютер ойындарының жоғарыда айтқанымдай, зиянды жағы көп.
Біздің қатарластарымыз бала кезі­мізден кітапты көп оқыдық, орыс жазушыларынан бастап дүниежүзінің классиктерінің шығармаларымен таныс болдық. Бұның мәдени, тәрбиелік, рухани рөлі зор болды. Қазір де көп оқимыз, себебі таным деген шексіз. Бір апта газет оқымасаң қарайып қаласың, айына бір кітап оқымасаң, көп нәрсені жоғалтасың. Рас, жастар көп нәрсені интернеттен оқиды, оның жақсы жағы мол, жаманы да жетерлік.
Сөздің бұрмалауына әсер ететін жайдың бірі – өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынас та, екіншісі – дәстүрлі емес ағымдардың көбейіп кетуі. Әлгі «толпамен келу», «типаж болу», «маяк тастау», «счетчик қоюлар», жоғарыда айтқандай, орыс сөздерінен келсе, ағымдардың да өз ұғымы, өз тілі бар. Бұл – ұлтымыз бен тіліміз үшін қауіпті құбылыс.
Көшедегі қоғамдық көліктердің аял­дама аттары, оны хабарлауында да тілімізді аяққа басуда. Тіпті көп атаудың – «КНС», «Кольцовой», «Зап­равка», «По­ворот», «Базарчик», «Конечка» дегендердің қазақша атаулары жетерлік, бірақ көп айтылғандықтан құлаққа сіңіп қалады. Басқаны қайдам, дәл осыны қоғамдық көліктегі ақша жинаушыдан талап етуге болады ғой. Бірақ қалалық әкімшілік бұған мән бермейді. Тіпті білмеуі де мүмкін, себебі қала әкімі, оның орынбасарлары ғана емес, жауапты қызметкерлері де қоғамдық көлікке мінбейді ғой.
Адамның сөз саптауынан оның ұлт­тық дүниетанымы, мәдениеті, парасаты, жалпы менталитеті танылады. Біз­де бұрыннан қалыптасқан тұрақты тір­кестер бар, олардың ма­­ғынасы тұтас та айқын. Ал бүгінгі жастарымыздың аузындағы «крышасы бар», «миды шіріту» сияқты сөздер өзінің анайылығымен, тіл ғылымына, сол арқылы өмірге жат екендігімен айқындалып тұр. Бұл ұлттық қабыл­дауға да, қазақы дүниетанымға да келмейді, жаңа сөз деп тағы айта алмайсың. Себебі сөздің астарында еш­қандай мағына жоқ.
Жастар тіліндегі тағы бір өрескелдік – олардың бейпіл сөзбен сөйлеуі, бұл жалпы біздің ұлтымыздың мәдениетіне келмейді, бірақ мұндай сөздің бұрын­нан бар екені рас. «Әкеңнің …», «ше­шеңнің …» деп келетін сөздерді олар­дың аузынан жиі еститін болдық. Бұл олардың қарапайым әңгімесі, екі сөзінің бірі болып кеткен. Күнделікті сөйлеу тіліне осындай сөздердің араласып кеткеніне, тіпті араларында қыз бала отырғанына да қарамайды. Ең сорақысы, қазір кейбір қыздар да бейәдеп сөйлейтін болыпты. Олар бұл сөздердің мағынасын түсіне бермейтін болуы керек, күнде естіп жүр­ген соң құлақтарына сіңіп кеткен. Төбелесіп жатқан қыздар, мас қыздар, темекі тартып отырған қыздар сияқты, боқтампаз қыздар да қоғамның жат кө­рінісі, ата-ана, әулет қана емес, ұлттық келбетімізді, намысымызды таптайды.
Жаз бойы қаланың орталық ала­ңын­да «Ролик» деген дүңгіршек 90 пайызы шет­елдік музыка қойып ро­лик­терін жас­тарға таратып пайда ­тауып отырды. Ақшасын төлеп сырғанап жүрген жастардың 99 пайызы өзіміздің қара­­көздер. Бірақ солардың бірде біреуі қа­зақ­ша музыка қоюын дүңгіршек иесінен талап еткенін көрмедім. «Не­ге өздеріңнің Конституциялық құқықтарыңды талап етпейсіңдер, қазақ тілі Қазақстанда мемлекеттік тіл» десем, «бізді кім тың­дайды» дейді. Міне, осыдан-ақ біз жас­тарымызды намысты қолдан бер­мейтін ел патриоты етіп тәрбиелеудегі кемшілігімізді көруге болады.
Жастар – елдің келешегі деген түсінік бар. Ата-бабадан мұра болып қалған, оны ұрпақтың бірнеше буыны сабақтаса дамытқан тілімізді, әдет-ғұрыпты, тарихты, мәдениетті, өнер, білім мен ғылымды алға апаратын солар. Сондықтан да олардың білімді, өнер­лі, еңбеккер болғанын ғана емес, мәдениетті болғанын, жаны да, тәні де сұлу болғанын, тіліміздің қадірін тү­сірмей, абыройын асқақтата түсуін қалаймыз. Олар озық технологияның тілін біледі, ендеше оны да қазақша сөй­летсе дейміз. Жалпы тіл дамып, байып отыруы керек. Басқа тілді араластыра сөйлессе, жаргонмен әңгімелессе, олар тілді дамытпақ түгілі жойып жібереді. Бұл пікіріме күле не күдікпен қарамаңыз. Дүниежүзінде жойылып кеткен тілдер аз емес, ал тіл жойылса, ұлт та жойылады. Мен жастардың сөйлеу тілінен қазақы болмысты тұла бойынан сездіретін, шешен де сұлу сөздерді естігім келеді.
Жастар тарапынан айтылған бейәдеп сөздерді естігенде ескерту жасайтын кісілер өте аз. Үлкен кісілердің өздері еш­теңе естімегендей кейіп танытып, «аш құлақтан тиыш құлақты» артық көреді. Міне, бұл аға ұрпақтың, үйде ата-ананың кемшілігі. Алдымен әркім өз ұл-қызын тыйса, әлгідей көшеде кездесетін қылықтармен көп болып күрессек, жастар тілін, тілін ғана емес тәрбиесін түзеп алар едік. «Ештен кеш жақсы» дейді халқымыз, ендеше осыған неге кіріспеске?!

Сәдуақас АҢСАТ,
«Қазақ тілі» қоғамының Қызылорда облысы бойынша төрағасы

"Ана тілі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511