Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 5295 0 пікір 16 Мамыр, 2014 сағат 16:23

Ресей vs Украина: мәңгілік мәселе

Украинадағы ахуалға қатысты пікірталас соңғы уақытта қыза түспесе, саябырлаған жоқ. АҚШ пен Ресейдің арасындағы ақпараттық айқасқа қазір төрткүл дүние көз тігіп отыр. Бұл ретте, біздің басылымға сұхбат берген тәуелсіз журналист әрі саясаттанушы Сергей Дуванов соңғы кездегі орын алған оқиғаларға қатысты өз ой-пікірін ортаға салды.

Жас қазақ: «Путин АҚШ пен Батыстың санкциясынан сескеніп отырған жоқ» дейді халықаралық сарапшылар. Неге?

Сергей Дуванов: Себебі бүтіндей алғанда санкция стратегия емес. Бұл – стратегияның сан тарау құралының бірі ғана. Иә, қазіргідей жаһандаған әлемде мұндай санкциялар Ресейдің деңгейіндегі мемлекетке «қолайсыздық» тудыруы мүмкін. Бірақ бұл Мәскеудің «бетін бері бұрып», Қырым, болмаса тұтас Украинаға қатысты саясатын өзгертуге ықпал етуі неғайбыл.

Жас қазақ: Қазір Ресейде «оқшаулау – экономикаға жақсы, ал салынатын санкция­лар жалпы ішкі өнімнің өсуіне ықпал етеді» деген сыңайдағы пікір айтылуда. Сіздіңше, Мәскеу қолға алған қазіргі тренд қаншалықты табысты болады?

Сергей Дуванов: Мәскеудің бұл әрекетінен қандай нәтиже шығарын уақыт көрсете жатар. Естеріңізде болса, экономикалық санкция салынған алғашқы жылдары Иран да: «ішкі тауар өнімін арттырамыз, шеттен келетін тауарға шектеу қоямыз» деген болатын. Бірақ бұл ойы іске аспады. Иран риалы қатты девальвацияға ұшырады. Мұнай экспорты 60 пайызға төменде­ді. Оның үстіне, өткенде Ресейдегі статистика ғылыми-зерттеу институтының экс-төрағасы Василий Симчера «Мемлекеттік статистика федералдық қызметінің» таратқан ақпараты шындыққа сәйкес келмейтінін айтып қалды. Оның сөзіне қарағанда, Ресейдің әлемдік жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі 18,5 емес, 12 пайыз. Ал ресми деректе 6 пайыз деп көрсетілген ЖІӨ-нің өсімі шынтуайтында 4 пайызға да жетпейді.

Жас қазақ: Қазір Мәскеу АҚШ пен Батысқа қарсы жауап қатуда. Мәскеудің бұл әрекетінен қандай да бір нәтиже шыға ма, қалай ойлайсыз?

Сергей Дуванов: Иә, Ресей Американың әскери әрі барлауға арналған жер серігіне ауадай қажет зымыран қозғалтқышының тасымалына шектеу қоймақ ойы бар. Мұның шет-шағасын өткенде вице-премьер Дмитрий Рогозин айтып қалды. Қазір Пентагон негізінен Ресейдің «Энергомаш» кәсіпорнында құрастырылатын зымыран қозғалтқыштарын пайдаланады. Білуімше, бұлар америкалық «Atlas V» зымыранына арналған «НК-33» және «РД 180» қозғалтқышы. Ал 2020 жылға қарай Ресей америкалық ғарышкерлерге «Союз» зымыран-тасымалдаушысының орындарын сатуды тоқтатпақ. Меніңше, бұл Мәскеудің АҚШ-тың тамырын басып көргісі келген түрі ғана. Себебі аталған зымыран тасымалдаушыдағы әр орын үшін Құрама Штаттар Ресейге 76 млн доллар төлейді.

Жас қазақ: Украина дағдарысы ресми Астана ұстанатын және бүгінгідей дейін бүлінбестей көрінген көпвекторлы саясатына қаншалықты әсер етті деп ойлайсыз? Дәл қазір Қазақстан үшін бұдан басқа балама жолдар бар ма?

Сергей Дуванов: Иә, жасырары жоқ, Украинадағы жағдай және бұл тараптағы Ресейдің әрекеті Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының жұмысын әрі қиындатып, әрі күрделендіріп жіберді. Бірақ концептуалды тұрғыдан алсақ, Астана өзінің бағзы дәстүріне адалдық танытып отыр. Ақорда екі тараппен де достық әрі серіктестік байланысты сақтап қалуға тырысып бағуда. Былайша айтқанда, барлығының көңілінен шығуға, ешкіммен бетпе-бет келмеу, ешкіммен араздаспау, ұрыспау – Қазақстанның сыртқы саясаттағы доктринасының ең негізгі өзегі.

Жас қазақ: Өткен аптада Астанаға АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары
Уильям Бернс келді. Тиісінше құрметті қонақты қабылдауына байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде өтуі тиіс болған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бейресми саммитіне қатысқан жоқ. Қазір кейбір саясаттанушы, оның ішінде сырт көз бұдан саяси астар іздеп жатыр. Ал сіздің бұған қатысты көзқарасыңыз қандай?

Сергей Дуванов: Мұның өзі Ақорданың қандай жағдайда болмасын көпвекторлы саясатты ұстануға тырысатынын тағы да дәлелдеді. Меніңше, соңғы кездері Қазақстанның көпвекторлы саясаты Ресейдің жағына жиі жығылып жүргені жасырын емес. Дегенмен де, Ақордаға соң­ғы кезде қалыптасқан ахуалға байланысты бір жағынан Вашингтонмен кеңесіп алу маңыздырақ болды.

Жас қазақ: Путиннің Симферополь сапары Украина халқының ашу-ызасын тудырғаны туралы бүкіл Батыс баспасөзі жарыса жазып жатыр. Жарайды, бұл бір жағынан түсінікті делік. Ал соның артынан іле-шала Приднестровьеге барған Ресей үкіметінің вице-премьері Дмитрий Рогозиннің әрекетін қалай бағалауға болады?

Сергей Дуванов: Путиннің Симферополь сапары немесе Приднестровьеге барған Рогозиннің әрекеті ең алдымен саяси сауатсыздық әрі барып тұрған дипломатиялық дөрекілік дер едім. Екеуінің әрекетіне аталған аймақтардағы жалпы жағдайды ескере отырып баға берсем, бұл ашықтан-ашық дипломатиялық арандатуға жатады.

Жас қазақ: Америкалық сарапшылар «Путин «Пандора құтысын» ашып жіберді» деп дабыл қағуда...

Сергей Дуванов: Турасын айтқанда, ол (Путин) шекараны қайта қараудың қауіпті үлгісін ойлап тапты. Негізінде, өзге мемлекеттің шекарасына қол сұғылмауына, бірінші кезекте осы Ресейдің өзі кепіл болған еді. Біреулер «мұны бірінші боп, тәуелсіз Косова мемлекетінің құрылуына ықпал еткен НАТО бастап берді» дейді. Бірақ бұл – шартты дүние. Себебі ол кезде шынымен тұйыққа тірелген жағдай туындады. Екі этнос бірін-бірі қырып жоя бастағанда, қанды қақтығысты бейбіт жолмен шешу мүмкін болмады. Мұндай жағдайда бұған халықаралық күштердің араласуы заңды еді. Қантөгіс тек осының нәтижесінде ауыздықталды. Ал Қырымда Косовадағы жағдайдың мыңнан бір нұсқасы болған жоқ. Азаматтық немесе этникалық қақтығыстар туындады ма? Жоқ! Болмаса адам өлімі болды ма? Жоқ!

Сосын Югославиядағы қантөгісті тоқтатқан әскерилер жаңадан тәуелсіздік алған аймаққа көз тіккен жоқ. Ал Қырымға «тәртіпті сақтау мақсатында жіберілді-міс» деген ресейлік әскер ақыр аяғын­да түбекті Ресейдің құрамына қосып тынды.

Жас қазақ: Украинадағы жағдайға отандық БАҚ ешқандай эмоциясыз, объек­тивті баға бере алды ма, қалай ойлайсыз?

Сергей Дуванов: Қазақстанның ақпараттық нарығы негізінен Ресей масс-медиасының ықпалында ғой. Сондықтан Украинаға қатысты орыстілді ақпарат құралдарының дерлігінде ресейлік, анығырақ айтсам, ресейшіл көзқарас басым. Бұл – бірінші кезекте Мәскеудің позициясын қолдайтын және мұны өз мақаласында, болмаса әлеуметтік желіде барынша «жарнамалап», осы арқылы қоғамды ресейшіл зомбиге айналдыруға үлес қосып отырған кейбір орыс журналистеріне қатысты.

Жас қазақ: Футболдан Ресей біріншілігіндегі «Зенит» – «Динамо» командасының арасындағы ойында жанкүйер бүлік шығарды. Артынша бұған қатысты «Зенит» жанкүйерінің бірі: «Ресей №1 империя» болмаса «Ресейге ешкімге қарсы тұра алмайды» , «әлем Ресейден қаймығады» деген сықылды пікір білдірді. Бұл ненің белгісі? Жалпы, бүгінгі орыс ұлтының болмысы қандай?

Сергей Дуванов: Бұған біржақты жауап беруден аулақпын. Дегенмен, мұның барлығы қазіргі путиндік жүйе қалыптастырған саясаттың жемісі. Мәскеудің тарапынан Украинаға қарсы жүргізіп отырған ақпараттық соғыс қазір халықтың да санасын улай бастады. Бұл жағынан бауырлас ұлттар болса да, орыс пен украин арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қазіргі украин ұлтының ділі мен мәдениетінде еуропалық ықпал бар. Олар қазір жартылай еуропалық ұлтқа айналып үлгерді. Бүгінгі украин қоғамының санасы, жауапкершілігі, белсенділігі, мәдениеті, керек десеңіз, ұлт жолында басын бәйгеге тігуге даярлығы жағынан ресейлік қоғамнан бес елі биік тұр. Сондықтан Майдан – ұры, жемқор билікке қарсы бас көтеру ғана емес. Жалпы, бір ғана майданның өзі украиндардың ұлт ретінде өсуіне, билікке ықпал ете алатын нақты азаматтық қоғамның қалып­тасуына үлкен ықпал етті. Бұл тұрғыдан қазіргі украин-орыспен бес қайнаса да сорпасы қосылмайтын мүлде басқа ұлт.

"Жас қазақ" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563