Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3997 0 пікір 1 Сәуір, 2010 сағат 08:54

Бердібек Сапарбаев: Адам өмірі бәрінен қымбат. Біз соны сақтап қалдық

Бізбен әңгіме барысында Бердібек Мәшбекұлы  (суретте) Астанадан вице-премьер Өмірзақ Шүкеев бастаған комиссияны күтіп отырды (31.03.2010 ж). Астанадан шыққан ақ жағалы ұлық топ келісімен тікұшаққа мініп, Шығыс Қазақстан облысындағы табиғат тарпаң мінез танытып тұрған  аймақтарға аттанбақ. Сол себептен болар, әңгімеге кең қазақы мінезді әкім біз қойған сауалдарға тақұл-тұқыл жауап қайырумен шектелді.  Әйтсе де  «ер етігімен су кешкен» бүгінгідей қысылтаяң шақта баспасөз біткеннің ұшқары пікірлерге ұрынып жатқанына қынжылысын жасыра алмай біраз сөйлеп те тастады. «Анау «Время», «Караван» дегендердің ұстанымы белгілі, оларға арзанқолды сенсацияның шеті көрінсе жетіп жатыр, «жерден жеті қоян тапқандай» жінігеді, - деді ол. - Бірақ солар сөйтеді екен деп мемлекеттік басылымдардың желпілдей жөнелетінін түсінбеймін. Жазбасын демеймін, жазсын. Елдегі жағдайды жазғандары дұрыс. Жазсын, көріп жазсын».

Осылайша біраз ақтарылған  әкім су алған ауылдардың бірінде ақ сөңке болып өліп жатқан жылқыны қайта-қайта көрсете берген мемлекеттік телеарна басшыларының қайсыбіріне базына айтқанын да бізден жасырмады. Біз де шағын сұхбатымызды тап осы тұстан бастап кеткенді жөн көрдік.

Бізбен әңгіме барысында Бердібек Мәшбекұлы  (суретте) Астанадан вице-премьер Өмірзақ Шүкеев бастаған комиссияны күтіп отырды (31.03.2010 ж). Астанадан шыққан ақ жағалы ұлық топ келісімен тікұшаққа мініп, Шығыс Қазақстан облысындағы табиғат тарпаң мінез танытып тұрған  аймақтарға аттанбақ. Сол себептен болар, әңгімеге кең қазақы мінезді әкім біз қойған сауалдарға тақұл-тұқыл жауап қайырумен шектелді.  Әйтсе де  «ер етігімен су кешкен» бүгінгідей қысылтаяң шақта баспасөз біткеннің ұшқары пікірлерге ұрынып жатқанына қынжылысын жасыра алмай біраз сөйлеп те тастады. «Анау «Время», «Караван» дегендердің ұстанымы белгілі, оларға арзанқолды сенсацияның шеті көрінсе жетіп жатыр, «жерден жеті қоян тапқандай» жінігеді, - деді ол. - Бірақ солар сөйтеді екен деп мемлекеттік басылымдардың желпілдей жөнелетінін түсінбеймін. Жазбасын демеймін, жазсын. Елдегі жағдайды жазғандары дұрыс. Жазсын, көріп жазсын».

Осылайша біраз ақтарылған  әкім су алған ауылдардың бірінде ақ сөңке болып өліп жатқан жылқыны қайта-қайта көрсете берген мемлекеттік телеарна басшыларының қайсыбіріне базына айтқанын да бізден жасырмады. Біз де шағын сұхбатымызды тап осы тұстан бастап кеткенді жөн көрдік.

- Өліп жатқан жылқыны қайталап көрсете берсе, ол  әлгі сіз айтып отырған арнаның ерлікке пара-пар ісі болса керек. Неге десеңіз, телевизия саласындағы әріптестеріміз «басшылық тарапынан  «Өскемендегі, Талдықорғандағы ахуалды жария ете бермеңдер» деген тапсырма алдық» дейді. Жалпы, өзіңіз қалай ойлайсыз, елдің халі мынандай болып жатыр: үйлерді су алған. Республикалық маңызы бар көпірлер қираған. Жұрттың тірнектеп жиған малы тігерге тұяқ қалмай тасқынға жұтылды. Осындай жағдайда ақпараттық шектеу қою кімге тиімді? Одан кім не ұтады?

 

- Кiмнiң қандай тапсырма алғандығын бiлмеймiн, мен өзiм тiкелей Президент Әкiмшiлiгi мен Үкiметтiң баспасөз қызметiне жауап беретiн адамдармен сөйлестiм, олардың тарапынан әлгіндей шектеу қойылғанын естіген жоқпын. Менiң ойымша, ешқандай ақпараттық шектеу қоюға болмайды. Себебi болған жайтты болған қалпында, соған орай жасалып жатқан қарекетті де даңғазаламай халыққа көрсетiп отыру керек. Әсiресе Елбасының, Үкiметтiң жасап жатқан жұмыстарын ашып айту керек.

 

- Үкіметтің жұмысы деп қалдыңыз. Үкімет не істеп жатыр?

 

- Үкiметтiк комиссия бүгiн-ертең өз жұмысын бастайды. Содан кейiн нақты шешiмдерi қабылданады. Оның үстiне, премьер-министр: "Көмектесуiмiз керек, халықты бiз жалғыз тастамаймыз" деді. Бұған қоса Президенттiң вице-премьер Өмiрзақ Шүкеевке берген тапсырмасы және бар: «Өзiң барып, барлығын көзiңмен көр, халыққа түсiндiрiп айт», - деген. Алғашқы күннен бастап бiз Елбасыға барлығын баян еткенбіз. Сол кезде Президент: «Мемлекет халықты қолдайды, қорғайды. Ешкімді қараусыз қалдырмайды. Сондықтан барлық шығын есептелуі керек. Қираған үйлердің саны, қырылған  мал қанша? Осының бәрін нақтылаңдар», - деп тапсырған.

Қазiр бiз арнайы комиссия құрдық, оның iшiнде ауылдың адамдары, қоғамдық ұйымдардың мүшелерi мен депутаттар бар. Өйткенi қазiргi жағдайда барлығын заңға сәйкес жасау керек. Жалпы табиғат апатына ұшыраған ауылдар туралы бiздiң қолымызда мәлiметтер бар, дегенмен әрбiр үйдi, әрбiр малдың басын зерттеу керек. Сол сияқты мектептердi, балабақшалар мен ауруханалар, бұзылған тас жолдар, көпiрлер тегіс  тексеруге алынады. Мәселен, Ақсуат пен Зайсан аралығындағы көпiр құлады. Көлiк министрлiгi қазір сол көпірдің жанынан  айналма жол салып жатыр. Содан кейiн көпiрдi қалпына келтiру жұмысы қолға алынбақ. Қазiр құжаттар әзiрленуде.

- Әңгімеңізден әлі дайындық жұмыстары ғана жүріп жатқан сыңайды байқағандаймыз. Ал мал-мүлкі селге кеткен ел қашан нақты көмек болады екен деп күтіп отыр. Олар жаз шыққанша солай сарғайып отыра бермек пе?

- Жоқ, олай емес. Мен сізге айтайын. Қазіргі уақытта Үкiмет бiзге 849 млн. теңге қаражат бөлдi.

- Аз ғой?..

- Сол қаражатты бiз барлық аудандарға бөлдiк. Көрiп отырсыздар ғой, қардың әлi жартысы да еріген жоқ. Алдағы төтенше жағдайлардың алдын алу үшiн бiз осы қаражатты бөлiп жұмсап отырмыз. Оның iшiнде дамбы (бөгеттер) салу, жағалауларды бекiту, көпiрлердi, өзен-сулардың арналарын тазарту жұмыстарын жасап жатырмыз. Мұның барлығын көрсетiп айтып отыруымыз керек. Бұған қоса Үкiметтiк комиссия Елбасының тапсырмасына сәйкес бiр емес екi мәрте келiп кеттi. Алдында Құсайынов пен Божко бастап келiп кетсе, кейiннен Божконың өзi қайта айналып соқты. Ендi мiне, Өмiрзақ Шүкеев бастаған комиссия келе жатыр. Бұндай жағдайда  негізгі мәселенi техниканың күші шешеді.  Бiзге қазір жетiспей жатқаны да осы техника. Облыста 320-дай арнайы техника бар, оның жартысы ескiрген.  Үкiметке өтiнiш бiлдiргенбiз, өтінішімізге орай қазiр бiзде Көлiк министрлiгiнiң, Қорғаныс министрлiгiнiң, Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiктiң техникалары жұмыс iстеуде. Мәселен, Көлiк министрлiгiнен 100-ге жуық, Төтенше жағдайлардан 50 техника, Қорғаныс министрлiгiнен 20 техника  апатты аймақтарда қауіптің алдын алу мен қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған. Десек те, мұндағы техникалардың көпшiлiгi ескiрген. Қардың қалың түсуi және қар аралас жауынның болуы жағдайды күрделендiрiп жiбердi. Мұз болып қатқан қарды тазарту қиынға соғуда, жолдардың болмай жатқандығы сондықтан.

 

Қызылағаштан кейінгі қалың қазаға жанашыр жандардың қабырғасы қайысып отырғанда, Тарбағатайды да су басыпты деп естіп қатты түршіктік. Әйтеуір ел ішінен жаманат хабар құлағымызға тие қойған жоқ. Алдымен соған Тәубе дейміз. Бердібек Мәшбекұлы, жаңағы өзіңіз айтқан ескі техникалармен апат аузында отырған елді қалай көшіріп үлгердіңіздер?

 

-  Бiрiншiден, ол жерде алдын ала жұмыстар жасалған еді. Бiзге ауа райы күрт жылынады екен деген хабар жеттi. Және барлық аудандар мен ауылдарда арнайы штабтар құрылып,  жұмыстар атқарылып жатқан-ды. Халыққа жағдай түсiндiрiліп, төтенше оқиға бола қалса, қандай шаралар жасау керектiгi түгелдей ескертілді. Осындай «үгіт-насихат» жұмысының арқасында ауыл тұрғындары түн iшiнде мектепке жиналып, таңертең Төтенше жағдайлар министрлiгiнiң үлкен техникаларымен қауiпсiз жерлерге көшiрiлдi. Мәселен, Жәнтiкей ауылында бiрден 1 мың адамды құтқардық. Су тасқыны болған кезде жұртшылықты Ақсуатқа және жанындағы Сәтбаев ауылдарына орналастырдық. Жалпы, Тарбағатай ауданының өзiнде бiздер 5 мыңға жуық адамды көшiрсек, облыс бойынша 7 мың 300 адамды қауіпсіз жерлерге қоныс аударыппыз. Көшiру шаралары Күршiм, Зайсан, Тарбағатай, Абай аудандарында болды. Яғни, олардың барлығын маңайдағы қауiпсiз аймақтарға көшiрдiк.

Шығыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалғаныңызға көп уақыт өте қойған жоқ. Алдыға қойған мақсаттарыңызға алаңсыз кірісіп келе жатқан сияқты едіңіз, жұт келіп жұпыны жұрттың тірлігін жұқартып кетті. Енді көп шаруаны қайтадан бастауға тура келетін шығар. Сол шаруа шығынды есептеуден басталмай ма? Табиғат апаты облысқа қанша шығын әкелді?

 

-  Келген шығын мөлшерiн тексеру комиссиясының жұмысынан кейiн ғана айтуға болады. Бұл ретте асығыстық жасаудың қажетi жоқ, өйткенi кейбiреулер есепке алынбай қалып кетуi де мүмкiн ғой. Сондықтан жаңағы комиссия мүшелерi әрбiр ауылды, көшенi, баспананы түгел зерттейдi. Осыдан кейiн барып мынанша шығын келдi деп қорытындысын шығару керек. Келесi аптаның iшiнде бұл мәселе шешiлiп қалатын шығар.

 

- Жергілікті азаматтар сіздің табиғат апатына ерте бастан дайындалып тыным көрмегеніңізді айтады. Сол кезде «қар көрмеген қарағымның қарекеті ғой деп күліп едік» дейді. Расында апаттың боларын біліп отырдыңыз ба?

 

-  Бiз қардың қалың түсе бастағанын көрген соң дайындықты желтоқсан айынан бастап жібердік. Оның үстiне желтоқсан айынан бастап бiзде ауа температурасы минус қырық градустан төмендемей қойды. Өздерiңiз көрiп отырсыздар, көктемнің алғашқы айы аяқталды, бiзде әлi көктемнiң иiсi де жоқ. Сол себептi бiзге әрине алдын ала дайындалу керек болды. Жалпы, ең бастысы адам өмiрi ғой, бiздiң аймақтағы су тасқыны кезiнде адам шығынының болмауы осы әзiрлiктiң және бәрiмiздiң жұмыла жұмыс жасағандығымыздың арқасында деп ойлаймын.

 

Әлемнің бір түкпірінде қандай да бір қиын халге ұшырап жататын елге көмегімізді аямаймыз. Сондай дархан халықтың ұйысып отырған өңірі Тарбағатайға көмек көптеп келіп жатқан болар?..

 

-  "Жұмыла көтерген жүк жеңiл" дейдi ғой қазақ. Сол сияқты халықтың басына түскен қиындықты тек қана Ақсуаттың немесе Зайсанның адамдары ғана көтерiп отырған жоқ. Ең бiрiншi облыс болып, екiншi бүкiл мемлекет болып жәрдем беруде. Жан-жақтан келiп жатқан көмек көп деп айтуға болады. Әсiресе азық-түлік, киiм-кешек жағынан Алматыдағы, Астанадағы, көршiлес Павлодардағы бiздiң жерлес азаматтар көмек көрсетуде. Алматыдағы, Астанадағы жерлестеріміз «Шығысқа көмек» деген сияқты қорлар ашып қаржылай да жәрдем жасамақшы. Ал бiздер елді жанар-жағармай, техника, жем-шөп, азық-түлiк сияқты қажеттi дүниелермен қамтамасыз етiп отырмыз.

 

Сұхбаттасқан Дәурен Қуат

 

0 пікір