Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 9728 0 пікір 24 Ақпан, 2010 сағат 06:31

«Капустин Яр». Ресей сынақ жасауды әлі күнге тоқтатқан жоқ

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін адамзат баласы жаңадан жойқын қару ойлап тапты. 1945 жылы Жапонияның Хиросима-Нагасаки қалаларына американдықтар атом қаруын сынаған сәттен бастап, бүгінге дейін жер бетінде 2,5 мыңнан астам ядролық жарылыстар болған екен. Осылардың төрттен бірі, яғни, 630-дан астамы қазақтың жерінде жарылған. Селеуі төгіліп, бәйшешегі жайқалған, нуына қаз қонып, аққу ұшқан құнарлы өңір - сынақ алаңына айналды.
Мұндай жойқын сынаққа даланың жүгірген аңы, ұшқан құсы да ұрынды. Ең үлкен қасірет - бұл даланы ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан қазақ баласына медлабораториялардағы сұр қояндар сияқты тірідей тәжірибе сынағы жасалды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін адамзат баласы жаңадан жойқын қару ойлап тапты. 1945 жылы Жапонияның Хиросима-Нагасаки қалаларына американдықтар атом қаруын сынаған сәттен бастап, бүгінге дейін жер бетінде 2,5 мыңнан астам ядролық жарылыстар болған екен. Осылардың төрттен бірі, яғни, 630-дан астамы қазақтың жерінде жарылған. Селеуі төгіліп, бәйшешегі жайқалған, нуына қаз қонып, аққу ұшқан құнарлы өңір - сынақ алаңына айналды.
Мұндай жойқын сынаққа даланың жүгірген аңы, ұшқан құсы да ұрынды. Ең үлкен қасірет - бұл даланы ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан қазақ баласына медлабораториялардағы сұр қояндар сияқты тірідей тәжірибе сынағы жасалды.

Ұлтымыз үшін аса қатерлі дүние 1940-шы жылдардан бастап қазақ даласының 34 жеріне атом, сутегі қаруларын сынақтан өткізетін әртүрлі полигондар орнатты. Бұлардың бәрі тек қана қазақтар қалың қоныстанған өлкелерге арнайы қондырылған.
Атағы жер жүзін үрейлендірген Семей жеріндегі атом сынақ полигонын былай қойғанда 1950 жылдары  Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының аумағында  әскери-техникалық «Азғыр» атом полигон жүйесі құрылды. Соңынан үрейлі «Капустин Яр» полигонына айналды. Осыған байланысты Орда ауданы таратылды. Халқы күшпен жер аударылды.
1957-1962 жылдары «Капустин Яр» әскери полигонында  қуаты 983,4 к/т тең, биіктігі 300 шақырымға жетеқабыл   11 әуе жарылысы болды. Осы әуедегі ашық жарылыстардың қуаты 1945 жылы Жапонияның Хиросима қаласына тастаған атом бомбасынан 65 есе зор болған.
1966-1979 жылдар араалығында«Азғыр» полигонында 160-1500 метр  тереңдікте 17 жерасты  ядролық жарылысы жүзеге асты. 1966 жылы 22 наурыз күні 500 тұрғыны бар  «Азғыр» ауылының дәл іргесіне 1,5 шақырым қашыққа әкеліп атом қаруын сынап, бейшара халыққа тәжірибе жасады.
Қысқасы, жоғарыдағы полигондарда қолдан басқарылатын 25 мың ракета жарылып,177 түрлі әскери техника сынақтан өткен. Осынау тәжірибелерден кейін әр жерде шашылып қалған 700 тонна әскери-техника қалдықтары соңғы жылдарға  дейін далада ашық-шашық жатты. Соның салдарынан  су мен топыраққа  қорғасын,    мыс, мырыш, кадмий сияқты  зиянды металдардың  қоспасы жайылды. Радиациядан қорғау және экология  институтының зерттеуіне қарағанда: бұл жердің топырағы мен суында қорғасын - 80 мың, мыс - 8 мың, мырыш - 270 мың есе  көп екендігі  анықталды.
Бүгінгі таңда  полигонға жақын орналасқан аудандарда 1600-дей кемтар бала  есепте тұрады. 3700 адам  мүгедектігі туралы жәрдемақы алады. «Азғыр» полигоны маңында тұратын тұрғындардың деннсауулығы облыстың өзге аудандарымен салыстырғанда  2-3 есе төмен. Өйткені, бұл полигонның салдарынан пайда болған улы заттың мөлшері 10 миллионнан астам  кюриді құрап отыр.
Батыс Қазақстан облысының 1500 гектар жері әлі күнге дейін «Капустин Яр» полигонының қарамағында. Ресей әлі күнге сынақ жасауды тоқтатқан жоқ. Күн сайын дүрсілдеген алапат жарылыстарды жергілікті халық естіп отырады.
Жоғарыда атап өткеніміздей «Капустин Яр» полигонын орнату үшін Кеңес Одағы кезінде Орда ауданы таратылып, халқын күшпен жер аударды. Бұл әлі айтылып, жазылмай келе жатқан зор нәубеттің бірі.

Аталған  оқиғаның ортасында болып, жер аударылған азаматтардың бірі - танымал ақын, шебер аудармашы Қайрат Жұмағалиев ағамыздың әңгімесіне құлақ түрелік енді:

- Қайреке, атақты «Капустин Яр» полигоны орнайтын болып, Нарынның бойын жайлаған жұртты жер аударғанда сіз ішінде болдыңыз. Осы оқиға жайлы айтып берсеңіз?
- Орда ауданының «Азғыр» дейтін ауылындағы мектеп-интернаттың 8-ші класында оқып жүргем. Кенет сабақты тоқтатып бізді 100 шақырым жерде орналасқан өзіміздің ауыл Айғырқұмға алып келді. Бұл 1952-ші жыл болатын. Ауылға келсек адамдар: «бізді Шымкент жаққа көшіреді екен», деп дүрлігіп жүр. «Шымкентте қорғасын зауыты бар сақамызға қорғасын құйып ойнайтын болдық», деп балалар қуанып әлек. Олар алдында қандай тағдырдың күтіп тұрғанын қайдан білсін.
Содан бір түнде көшірді. Дүние астан-кестен, не болып, не қойып жатқанын ешкім білмейді. Жан-жақтан жиналған әкім-қаралар дік-дік етеді. Жарытып жауап та бермейді. Барлығымызды «Судабекр» дейтін әскери машинаға тиеп алып теміржолға қарай алып жөнелді.
- Қанша адам жер аударылғаны туралы нақты дерек бар ма?
- Басқасын білмеймін, тек біздің колхозда 250-ге тарта отбасы бар еді. Аудан көлемінде осындай үлкенді-кішілі 52 елді-мекен бар деп ойла. Сонда қанша адам болады. Іштей есептеп көргін. Ауданды түгін қоймай таратты. Қазақ топырағындағы тұңғыш мектеп осы ауданда ашылған. Өткен ғасыр басындағы ұлт зиялыларының бетке ұстар қаймақтары осында оқып, білім алған нағыз қазыналы мекен еді. Оның сыртында тұңғыш банк мен баспахананың тағаны да осында қаланған. Оны аз десеңіз, алғаш рет еуропалық стандартпен емдейтін медкурстар ашылған...
Ордадағы мектепте оқыған қазақтар арасынан атақты ғалым-ағартушы Мұхамед-Салық Бабажанов, Петербор университетінің шығыс тілдері, заң, математика факультеттерін бітірген - Бақтыгерей Құлманов, Сәлімгерей Жантөрин, ағайынды Батырқайыр, Әбділкәрім Ниязовтар, Қазан, Саратов университеттерінің медицина факультетін бітірген Мәжит Шомбалов, Махмұт Шолтыров, Батырғали Жүсіпқалиевтар шығыпты. Бұлардан басқа әскери генералдар шықты. Соның бірі - Ғұбайдолла Жәңгіров патша заманында министр дәрежесіне көтеріліп, Ресейдің Думасына сайлауға түскен қазақ депутаттарына қаржылай көмек көрсетті.
Бұлардан кейінгі Ордада оқыған қазақтар толықтай Алаш қайраткерлері атанды. Былайша айтқанда, ХІХ ғасырда Батыс өңірде тұтастай қазақтың ұлтшыл-зиялы тобы қалыптасты. Дәл осы қазақтың руханияты қайнап шығып жатқан жерге әкеліп полигон орнатты. Қазақ: «Шөптің өзі жер таңдап өседі» дейді емес пе. Сол сияқты еліміздің екінші қиыры - Абай-Шәкәрім-Мұхтарлар туған нәрлі топыраққа апарып тағы бір алапат полигон орнатты. Осылай ұлттың рухы қайнап-пісіп, түлеп-жетіліп жатқан топырақты тамырына дейін құртты...
- Сонымен сіздерді сыпырып-сиырып теміржолға қарай ала жөнелді...
- Ұлардай шулап кетіп барамыз... Күні бүгінге дейін көз алдымда - елдің бәрі еңіреп-жылап, иттер ұлып, түйе боздап, сиыр мөңіреп сұмдық болды. Туған топырағынан еріксіз кетіп бара жатқанын мал екеш, мал да біледі екен. Көрші үйдің сары іңгені боздағанда оның дауысын естіген жұрттың төбе құйқасы шымырлады. Жәудіреген қос жанарынан саулаған жас желкілдеген шудасын жуып кетті. Анам жарықтық зар жылаған аруанаға қарап тұрып:
Көшкенде құм Нарынды қия алмадым,
Көл қылып көз жасымды тыя алмадым,
Есімді көпке дейін жия алмадым,
Үстіне қара жердің сыя алмадым, - деп көріс салды.
Үлкендер жағы: «Бұл жерден жеті жұрт көшіп еді, сегізінші болып біз көшіп бара жатырмыз», деп көшкен елге басу айтумен болды.
- Үй-жай, мал-мүліктеріңізді не істедіңіздер?
- Ол кезде қайбір жетіскен жиһаз бар дейсің. Оны-мұны дүниемізді алдық. Үй-жай сол күйі қалды. Қолдағы малдарымызды жиып-теріп басқа аудандарға айдап кетті.
- Үй-жай мен малдың орнына өтемақы берді ме?
- Әр отбасының басшысына 1000 рубль, қалған жан басына 250 рубль ақша берді. Бәрі осының ішінде...
Содан бізді топырлатып «Сайқын» деген стансаға алып келді. Осы жерге келген соң мал тасуға арналған қызыл ағаш вагондарға тиеді. Вогандарда терезе жоқ. «Адамдарға обал-ау» деп есіркеп жүрген жан баласы болсайшы. Ақырып-зекіріп, кәдуілгі мал айдағандай зіркілдейді...  Шымкентке дейін тура 17 күн жүрдік. Жолда кез келген өткізу пункттеріне тоқтаймыз. Қашан қозғаламыз, қайда барамыз ол жағы беймәлім. Ырғатылып келіп пойыз тоқтағанда жапа-тармағай түсе қалып, самауыр жағып, шай қайнатып ішеміз. Кейде шай қайнағанша пойыз жүріп кетіп, ыстық суды жерге төге салып, әрең ілінеміз. Қозғалған пойызға асығыс отырам деп жүріп, бір адам темір дөңгелекке басылып қаза тапты.
Вагонның ішіндегі ыстық ми қайнатады. Тоқтаған станциялардан бір шелек суық су әкеліп, қабырғаларға шашқанда өзінен-өзі қайнап, буланып ұшып кетеді. Қазір ойласам, тамыздың шіліңгір ыстығында елді көшіре ме екен, әдейі істелген қастандық сияқты.

- Сонымен сіздерді қайда әкелді?
- Ол кездегі атаумен Шымкент облысы, Жетісай ауданының «Тельман» дейтін колхозына алып келді. Жаңадан құрылып жатқан шаруашылық екен. Бізден бұрын Жамбыл жақтан адамдар көшіп келіпті. Мақта өсірумен айналысады...
Келген күннің ертеңінде даланың тасбақасын теруге шықтық. Себебі, мақта дәні алғаш өсіп шыққанда, қылтиған жасыл жапырағын тасбақа жұлып жеп қоятын көрінеді. Бүкіл даланың тасбақасын жиып-теріп өртеп жібердік. Әрбір тасбақа үшін бізге бес тиын ақша төлейді.
- Колхоз көшіп келгендерге баспана берді ме?
- Қайдағы баспана, анам екеуіміз бұрын көшіп келген бір қазақтың «времянкасын» жалдадық. Ең үлкен қасіретті айтайын: сізге өтірік, маған шын, жаңадан көшіп келген елден күніне төрт-бес адам өліп тұрды.
- Неліктен олай болды?
- Өйткені, біз қоңыржай климатта, жер асты ылғалынан сүзіліп шыққан құдықтың суын ішіп үйренгенбіз. Мұнда келіп еріксіз арықтың суын іштік. Осыдан іш ауру пайда болып, әсіресе балалар қынадай қырылды. Көп кешікпей батыстан көшіп келген елдің 65 пайызы қырылып қалды. Тең жартысынан астамы.
Өлімнің көптігі соншалық адамдар бір-біріне көңіл айтудан қалады екен. Шіркін, осының бәрін кезінде айта алмадым. Бұл ұзақ әңгіме, қарағым!
Заң қатты ешкімді себепсіз жұмыстан босатпайды, шіркін-ай өліктерді жерлеудің өзі сын болды ғой. Өлік көп, жерлейтін адам жоқ. Қандай қасірет еді! Осылай біздің арқамызда ауылдың шетінде айналасы ат шаптырым қорым-зират пайда болды. Зираттың үлкейгені соншалық білмейтін адам оны «жаңадан орнаған үлкен ауыл екен» деп қалатындай дәрежеге жетті. Өйткені, қабірдің қасындағы біздің колхоз көзге көрінбей қалды.
Осылай шырағым, Оңтүстікке келген ордалықтар бұл өңірде бұрын-соңды болмаған аса қысқа уақытта үлкен зират орнатып бердік.
- Қашып-пысып көшкендер болды ма?
- Тағы бір сұмдықты айтайын: біздің бәрімізде паспорт жоқ, құжатымызды жинап алған, адам санатында емеспіз. Төлқұжат жоқ қайда барамыз. Бірлі-жарым қашып кеткендер болды. Содан аңду қойды. Өз көзіммен көрдім 15 баласы бар бір әулет 15-ін бірдей жерге беріп, ері мен әйелі ғана тірі қалды. Осы кісілердің сондағы зарлағаны әлі күні құлағымнан кетпейді.
Қашқандардың өзі малын қорасына байлап, отын жағып қойып, ешкімге білдірмей айлы түнде соқа бастарын алып, кетіп жатты.
- Қашқан адамдар қайда барып паналады екен. Туған жеріне қайтып барғандары болды ма?
- Болғанда қандай. Жоғарыдағы адамдар анда-мұнда жан сақтап жүріп, жиырма жылдан кейін 1972 жылы Орда ауданы «Бөкей Орда» болып қайта ашылғанда елге барыпты. Рахметолла Егізбаев дейтін ауданның бірінші хатшысы болды. Бұрын Жәнібек ауданында бірінші хатшы болған екен. Жаңадан ашылған ауданға сұранып келіп, күллі Қазақстан жеріне шашылып кеткен ордалықтарды жинады.
Туған жердің құдіреті бөлек-ау, сонау Өскеменде, Талдықорған жақта мансапты жұмыс істеп жүрген бөкейліктер бәрін тастап көшіп келіп, қара жұмыс істеп-ақ күндерін көрді.

ҚАРА ХАЛЫҚ АҚ ҚАНДЫ
Күн кірпігін қаққанда тақыр Дала көрінген,
Қалаға да сол Тақыр қорқынышты өлімнен.
Қасқыр да жоқ ол жақта,
Арқар да жоқ - құрыған.
Тек,
Иттері мияулап,
Мысықтары ұлыған.
Жер төсіне сол жақта Атом сына қаққан-ды,
Мекендейтін халқы да қара халық ақ қанды,
Жаратқанға сенгендей, өздері тым аңғал-ақ,
Мал баққан боп жүреді маңдай тері сорғалап.
Өмір көші - баяғы өткен жылдар тұсында,
Соңғы аршаның қаны бар семсер - сәске
ұшында...
Енді ол жаққа бейкүнә құс та қанат қақпаған,
Ал, әуеде сөздер көп бірін-бірі мақтаған.
Күн кірпігін жапқанда, күбірлейді сол Дала
Не дейді екен, білсеңдер айтсаңдаршы,
жолдар-ау!..

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


«Намыс.kz» журналынан алынды.
Журнал 10 мың таралыммен Астана қаласында жарық көрді. Бағыты  ағартушылық. Ақылдастар алқасының төрағасы  Бекболат Тілеухан. Бас редакторы   Бекен Қайратұлы.

0 пікір