Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3555 0 пікір 1 Ақпан, 2010 сағат 07:12

"Заречное" уран кенішінің жұмысын тоқтату керек!

Қазақстан  Республикасының  президентi   Н.Ә.Назарбаев  мырзаға хат

Құрметтi  президент!

Қазақстан  Республикасының  президентi   Н.Ә.Назарбаев  мырзаға хат

Құрметтi  президент!

"Қазатомөндiрiс" АҚ-ның бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкiшовтың бастамасымен "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi  мемлекеттiк  бас­қару  туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  6 бабына  сәйкес  бұрынғы аудан әкiмiнiң  ұсынысын  қарап, жергiлiктi мәслихаттың 13.12.2004  жылғы  шешiмдерiнiң негiзiнде, үкiмет қаулысы шығып Ресей-Қыр­ғыз-Қазақстан коммерсанттарының қатысуымен құрылған мемлекетаралық  бiрлескен "Заречное"  жабық  акционерлiк  қоғамына (бұрынғы "Табақбұлақ" уран кенiшi) Отырар  ауданы  жерiнен  уран  өндiруiне  мақұлдап  қолдау  бiлдiрiлдi. Кеңес өкiметi кезiнде негiзгi қорының 85 пайызы алынып қойылған бұл уран кенiшiн ашуға жергiлiктi халық пен Оңтүстiк Қазақстан облысындағы қоғамдық ұйымдар қарсы болды. Оның басты себебi, қоршаған  орта  мен  жергiлiктi  тұрғындардың  денсаулығына  орны толмас ойран әкелген "Табақбұлақ" уран кенiшi кеңес өкiметiнiң  соңғы  жылдары қоғамдық  ұйымдар мен  жергiлiктi  халықтың  талап етуiмен жабылған болатын.  Бiрақ, халықтың наразылығына қарамастан сол кездегi Д.Ахметов үкiметi "Қазатомөндiрiс" АҚ басшысының және министр В.Школьниктiң қолдауымен жоғарыдағы аталған шешiмдердi  арқаланып, елiмiздегi өте маңызды тарихи өркениет мұрасы бар, халықаралық ЮНЕСКО назар аударып отырған, әрi Қазақстанның басты туризм орталығына айналып та үлгерген жерге өте жақын орналасқан "Заречное" деп аталатын уран кенiшiн қайта ашуға мұрындық болды. Бұған қарсы бiлдiрiлген  наразылықтар республикалық  БАҚ-та  қаншама  рет  көтерiлдi.

1973 жылғы  қанқұйлы кеңес атомшыларының Отырар ауданы жерiнде жасаған "Кетпенқалған" ядролық жарылысының зардабының әлi де жойылмағанын және  жыртқыштық немкеттiлiкпен өндiрiлген уранның айналаға тараған радиоактивтi сәулесiнен қаншама адамның өмiрiн жалмағаны да ескерiлмедi. Сол уақыттардан  берi, әсiресе соңғы 1-2 жылда аудан мен облыс көлемiнде медицинаның шамасы келмейтiн рак, жүрек, қан-тамырлары аурулары асқындап және  нерв  жүйесi  қызметiнiң  бұзылуынан  өз-өзiне қол салу (суицид), соның iшiнде жастар арасында өте көп орын алуы да алаңдатарлық  жағдайда.

Құрметтi президент!

Отырар  ауданы мен Оңтүстiк Қазақстанның  жерi  қазақ  халқы  мен  бүкiл  түркiлер  әлемi  түгiлi, адамзат  тарихында  өзiндiк  ерекше  орны  бар  өлке екенi  дүйiм  жұртқа  белгiлi. Бұл  өлке, қазақ  халқының  және бүкiл түркiлер  әлемiнiң  орталығы  есебiнде және де қайталанбас Ұлы Отырар өркениетi  ретiнде де әлi адамзат өркениетi алдында да өзiнiң шын  тарихи бағасын алып үлгерген  жоқ. Отырар  ауданы жерiнде әлемдiк  маңызы  бар тарихи ескерткiштер мен жәдiгерлердiң саны өте көп. Солардың бiрегейi Отырар шаһары мен оның айналасындағы қалалар мен Сырдария өзенiнiң ғасырлар бойы арнасының өзгеруiне байланыс­ты, құм  астында толығымен  сақталып  қал­ған қалалар мен орта ғасырларда дүние жүзi патшалары зияратқа келiп тұрған киелi "Бесторан­ғыл әулие", Байтоғай, Қожатоғай елдi мекендерiнде орналасқан "Дастарқоба", "Дас­тарбасы" сияқты Қазақ Қаһан мен Он Алты тайпа көсемдерiнiң iздерi мен таңбалары қал­ған киелi орындар әлi-ақ дүние жүзiнен келетiн туристердiң орталығына  айналары сөзсiз. Оның үстiне  исi мұсылман елдерiнiң  пiр тұтар әулиесi Арыстан Бабаның және халқымыздың  бiртуар Абыздары мен Ұлы Билерi, Ұлы Хандары мен батырларының кесенелерi орналас­қан аудан орталығы Шәуiлдiр қалашығы уран кенiшiнен бар болғаны 51 шақырым жерде болса, қасиеттi Түркiстан қаласы 78 шақырым жерде орналасқандығына да, және бұл аса қауiптi  радиактивтi жүктердiң тарихи орындар мен аудан орталығы арқылы автожүккөлiк­терiмен тасылып жатуына билiк басындағы шенеунiктердiң асқан  жауапсыздықпен қарауы да "Елiм, Жерiм, Отаным!" - деген азаматтарды қатты алаңдатуда. Оның үстiне, бұл уран кенiшiнiң әлемдегi әрбiр алтыншы қандасымыздың, Қазақстандағы әрбiр төртiншi қандасымыздың  тұратын Оңтүстiк Қазақстан облысының орталығы, миллионға таяу тұрғыны бар Шымкентке де (145 шақырым) жақын  орналас­қандығы және 365 күнге тең бiр жылдың 185 күнiнде батыстан тұратын  желдiң жолай Арыс қаласына, Шымкентке, қасиеттi де, киелi "Атажұрт Қазығұртқа", қасиеттi Ұлы Кер Сақ Аб "Сансыз Бабамыз"  жатқан  киелi шаһар Сайрамға, әлемде теңдесi жоқ "Ақсу - Жабағылы" қорығына дейiн радиациялық шаң-тозаңды әкелетiнiн тиiстi министрлiктер мен билiк  орындарының  ескермегендерi  де  өте  өкiнiштi!

Бұл  барланған  қоры  бар  болғаны  25 мың  тоннаны ғана құрайтын, кеңес өкiметi кезiнде негiзгi қоры алынып, 899 уран ұңғылары әлi күнге дейiн жабылмай ашық қалған "Заречное" уран кенiшiн қайта пайдалану Құрметтi президент, Өзiңiздiң тапсырмаңызбен елiмiзде  дамытылуға  тиiстi  "Туризм" кластерiнiң  негiзгi бас­ты тармағы  болып табылатын  ежелгi  Жiбек  Жолы бойындағы Сайрам - Шымкент - Қазығұрт - Ердәуiт - Қалаш - Қараспан - Отырар - Түркiстан - Сауран - Кентау - Созақ - Бәйдiбек - Домалақ Ана - Шымкент туризм бағытына да орасан зор  кесапатын  тигiзуде?!

Қазiрдiң  өзiнде  жандана  бастаған  рухани туризмнiң өзi, тек елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен  күн сайын Арыстан Баба - Әзiрет Сұлтан (Түркiстан) бағытында ғана мыңдаған  адамдарды  тартуда.

Ал бұл уран кенiшi өз кезегiнде (онда бар болғаны үш жүз адам ғана жұмыспен қамтылған) осылай жұмысын жандандыра  берсе, келешекте алыс-жақын шетелдерден миллиондаған туристердi тартып, ондаған  мың  жұмыс  орындарын  ашатын  маңызды туризм саласына да  орасан, зор зиянын  тигiзбек. Бұл  ел  қазынасына түсуге тиiстi  миллиардтаған АҚШ долларынан және қасиеттi Оңтүстiкте ондаған мың жұмыс  орындарының  ашылуына басты кедергi  болуда?!

Құрметтi президент!

Пайдасы  экономикалық  жағынан тым  күмәндi, транспорт және  басқа да  коммуникациялардан өте қашықтықта орналас­қан, оның  үстiне стратегиялық маңызы  бар ашық су көздерi: Сырдария, Ызакөл, Арыс өзендерiнiң және басқа да үлкен магистралды каналдар үстiмен өтiп жатқан, стандарттарға сай  келмейтiн автожолдар арқылы уран шикiзатын тасымалдау және бұл жолдардың екi жағында орналасқан жерi от, мал  жайылымдары мен топырағы шұрайлы мақта, жүгерi басқа егiс алқаптарын да айналымнан шығаратын нағыз апаттың көзiне де айналдырып, қоршаған ортаға әкелер экологиялық қатердi де ондаған есе арттыра түсуде...

Темiржол және де  басқа  қажеттi  коммуникация  құрылымдары  бар, елдiмекендерден  қашықта  орналасқан Бетпақдалада барланған қоры  миллион  тоннадан  астам  уран шикiзаты кеңiнен өндiрiлiп жатыр. Бұл  кенiштерде өндiру  технологиясы  мен  қауiпсiздiк  шаралары  ойдағыдай қатаң сақталынып жатса, онда оған әрине таласымыз жоқ. Мемлекетаралық  шарттар  ең  бiрiншiден  халықтың  мүддесiн  ескеруi  тиiс және  қаншама  маңызды  болса  да, халықтың денсаулығы есебiнен  жүзеге  асырылмауы  керек деп  санаймыз! Мемлекет  деңгейiнде  атқарылуға  тиiстi мұндай маңызды шаралар  бiрiншiден  халқымыздың  өмiр  сүру  құқығына зардабын тигiзбеуi  керек, яғни  адамдарымыз тұтынатын  таза  ауа, таза  су, экологиялық  жағынан  таза  тамақ  өнiмдерi мем­лекет­тiк стандарттарға  сай  болуы  керектiгiн  Сiз  тұрақты  түрде  айтып  келесiз!

Құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы!

Сiзден қоғамымыздың әрбiр мүшесiнiң конститутциялық құқықтарының қорғаны деп, жоғарыдағы айтылған аса маңызды  тұжырымдар негiзiнде  экологиялық және  моральдық зияны елiмiзге шаш-етектен  болып  тұрған "Заречное" уран кенiшiнiң жұмысын үзiлдi-кесiлдi тоқтатуды жүзеге асыру  үшiн, осы  маңызды тапсырманы орындауға тиiстi  билiк  орындарына  шешiмдi түрде пәрмен  беруiңiздi  сұранамыз!

 

Ж.Өтеген, "АЗАТ" ЖСДП ОҚО филиалының төрағасы; А.Күмiсбек, Республикалық  "Ұлт Тағдыры" ОҚО облыстық филиалының  төрағасы; I.Байжанов Оңтүстiк Қазақстан облыстық "АҚИҚАТ - 1" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы; Ш.Пiрмат Республикалық ақпараттық - танымдық "ДIЛ" газетiнiң бас редакторы; Қ.Махан, Оңтүстiк Қазақстан облыстық "Арал-Эко" қоғамдық  қорының  төрағасы; Н.Шыңбаев, "АЛАШ РУХЫ" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы; Ж.Сейтiмбет, Демократия институттарын дамыту орталығы директоры; Х.Рахманбердиев, "Ел бiрлiгi" газетiнiң бас редакторы; К.Бақбергенов, "Синдикат" газетiнiң бас редакторы; С.Тұрлыбек, ОҚО Жазушылар одағынан; М.Мұхамеджан, саясаткер;  Ә.Ибрахим, Оралмандарды "Бейiмдеу" орталығы директоры; Н.Мамықова,  ОҚО "Қазақ Елi" саяси ұйымдар бiрлестiгiнiң хатшысы; Е.Пернеев, ҚКП ОҚОФ бiрiншi хатшысы; Н.Амирова, Қазақстан Компартиясының Шымкент қалалық Комитетiнiң хатшысы;  Т.Қанаев, "Болашақ" газетiнiң редакторы

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3607