Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4518 0 пікір 15 Желтоқсан, 2009 сағат 11:14

Дос КӨШІМ: Қайраттың соты арқылы ұлттық ар-намысым оянды

- Дос аға, сіздің Қайрат Рысқұлбековтың сотында тілмәш болғаныңыздан хабардармыз. Ең алғаш Қайрат ағаны қайда көрдіңіз?

- 1985 жылы біреулер атақты актер Талғат Нығматуллинді ұрып өлтіріп кетті. Өлтіргендердің бірі - ұмытпасам, Мырза Қымбатбаев деген қазақ екен. Ол маған «істі қазақша аударып бер» дегесін, тергеушімен кездесіп, сол істің барлығын алты күн отырып қазақшаға аударып бердім. Содан кейін облыстық прокуратура мені аудармашы есебінде тұрақты шақыратын болды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін «басбұзар-ұлтшылдарды» соттау науқаны басталды да, прокуратура мені жиі мазалауға көшті. Бірде тергеу бөлмесіне, бірде түрмеге шақырылып, бірнеше іске қатысып, мемлекеттік көлемде жүргізілген жазалау шараларының куәсі болуға тура келді. 1987 жылы мені прокуратура Қайрат Рысқұлбековтың ісін аудартты. Бұйрықтан бас тарту деген жоқ, ректор мені сабақтан түгелдей босатты. Аударып болғасын барып маған «Енді сен сотта тілмәш боласың» деді. «Бармаймын» дегеніме қараған жоқ.

- Дос аға, сіздің Қайрат Рысқұлбековтың сотында тілмәш болғаныңыздан хабардармыз. Ең алғаш Қайрат ағаны қайда көрдіңіз?

- 1985 жылы біреулер атақты актер Талғат Нығматуллинді ұрып өлтіріп кетті. Өлтіргендердің бірі - ұмытпасам, Мырза Қымбатбаев деген қазақ екен. Ол маған «істі қазақша аударып бер» дегесін, тергеушімен кездесіп, сол істің барлығын алты күн отырып қазақшаға аударып бердім. Содан кейін облыстық прокуратура мені аудармашы есебінде тұрақты шақыратын болды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін «басбұзар-ұлтшылдарды» соттау науқаны басталды да, прокуратура мені жиі мазалауға көшті. Бірде тергеу бөлмесіне, бірде түрмеге шақырылып, бірнеше іске қатысып, мемлекеттік көлемде жүргізілген жазалау шараларының куәсі болуға тура келді. 1987 жылы мені прокуратура Қайрат Рысқұлбековтың ісін аудартты. Бұйрықтан бас тарту деген жоқ, ректор мені сабақтан түгелдей босатты. Аударып болғасын барып маған «Енді сен сотта тілмәш боласың» деді. «Бармаймын» дегеніме қараған жоқ.

Сонымен сотта тілмәш болдым. Сот менің жанымды құлазытып кетті. Осы сот арқылы ұлттық ар-намысым оянды. Сол кезден бастау алған қоғамдық көзқарас мені саяси күреске алып келді. Сотта Қайрат Рысқұлбеков, Жамбыл Тайжұмаев, Қайыргелді Күзембаев, Түгелбай Тәшенов төртеуі тұрды. Ең қызығы, мен прокуратурада істі аударып жатқанда-ақ қызметкерлер «Қайратқа өлім жазасы, ал қалғандарына он бес жылдан беріледі» деп айтып жүрді. Сот бітіп, солардың айтқаны тура келгенде жағамды ұстадым. Қайратқа өлім жазасы берілді, Жамбыл мен Түгелбайды он бес жылға, ал Қайыргелдіні сол уақытта баласы туылғаны үшін бір жыл қысқартып, он төрт жылға кесті. Жамбыл Тайжұмаев орысшаны сәл-пәл біледі екен, ол өзі сөйлесті. Мен Түгелбай мен Қайраттың сөзін аударып отырдым. Есімде қалғаны, Қайрат сотта екі өлең оқыды. Бірі - «Ей, прокурор!» деп басталып, түрмедегі жағдайын баяндайтын өлең, екіншісі - «Ақтық сөзі», яғни баршамызбен қоштасуы еді. Соттың төрағасы Ефим Грабарник деген еврей маған «Өлеңді аударып бер» деді. Мен: «Өлең аударылмайды. Ол әке-шешесімен қоштасу бағытында жазылған», - дедім.

Қорғаушы солдаттардың бастығы бізде сырттай оқитын. Сол жігітке барып: «Маған Қайраттың дәптерін алып бер», - деп өтіндім. Әйтпесе, олардан ештеңе алғызып, бергізбейтін. Ол әкеліп берді. Мен оны сол жердегі Қайраттың інілеріне тапсырдым. Сосын үкім оқылды. Анасы айқайлап жатты. Үкімді оқырдың алдында алдыңғы қатарға әскерлерді әкеліп отырғызды. Қайраттың соңғы сөзі «Мен кінәлі емеспін, апа!» болды. Сонымен сотталғандарды алып кетті. Соттың екі жағында екі заседатель отыратын. Біреуі орыс, біреуі қазақ жігіті болды. Сот аяқталған соң далада адамдар айқайлайды деді ме, бізді шығармай қойды. Прокурорлар басқа есіктен шығып кетті. Мен қазақ заседательге барып: «Аға, қолыңызды қанға боядыңыз ғой. Неге өлім жазасын бердіңіздер?» - деп ем, «Мен көнбеп едім, бірақ мыналар болмады ғой» деді. Кеңес өкіметінің кезеңі емес пе, ол кісінің де халін түсінуге болар.

Сотта жалғыз Қайрат емес, Тайжұмаев та, Күзембаев та өздерін өте жоғары ұстады. Төртеуінің қасқиып тұрған суреттері де бар емес пе? Сосын есімде қалғаны: сот басталардың алдында бұлардың барлығын мойындатпақ болыпты. Сотқа телевизия өкілдерін шақырып: «Сендер кінәлі екендеріңді мойындайсыңдар ма?» - дегенде, жігіттердің барлығы «Мойындамаймыз!» дейді бірауыздан . Сот бірден үзіліс жасап, келесі бөлімінде телевизия өкілдерін шығарып жіберіпті. Өздерінше мойындағандарын түсіріп алайын деген ғой. Олар мойындаған жоқ, сол мойындамаған күйінде кетті. Қайратты «Савицкий дегенді ұрып өлтірді» деп айыптады ғой. Ол өлтірілген кезде Қайрат мүлде басқа жерде жүрген. Қасында куәлары да бар. Куәлары сотқа келгенімен, олардан еш пайда болмады. Қайрат «Менің жанымда пәленше, пәленше деген жігіттер бар еді» дейді. Ол жігіттерді шақырып: «Егер сіздер қатысқан болсаңыздар, осындай баппен сотталасыздар», - деп ескертіп алады да, «Сіз сол күні Қайрат Рысқұлбековпен бірге шықтыңыз ба?» дейді. Ол «Иә» десе сотталайын деп тұр, сосын «Жоқ» дейді, әрине. Сонымен куәлардың барлығы бас тартты. Қайрат, Жамбылдардың «Ей, пәленше! Біз бірге шықтық қой!» дегендері әлі есімде. Ал жігіттер жерге қарады. Қазір сіздерге түсініксіздеу. Ол уақыттағы саяси жүйе мүлде бөлек еді қой.

- Қайрат Рысқұлбеков орыс тілін жетік білген дейді...

- Аса жетік білді деп айта алмаймын. Ол біраз нәрсені өзі айтатын да, кей уақытта маған бұрылып «Нақтылап берсеңіз» дейтін. Түгелбай мүлде орысша білмейтін. Бір сөздің өзі бірнеше мағына беруі мүмкін ғой. Мысалы, сотталып жатқан адам «Менің қолымда таяқ болып еді» дейді, оны мен сәл-сәл тігісін жатқызып «У него в руках была доска» деймін. Доскамен адам өлтіре алмайды. Ондайда ана жақта отырған прокурор айқай салады: «Ол «доска» деген жоқ, оның қолында дубинка болған!». Ал онымен адам өлтіруге болады. Бір сөздің өзі бірнеше мағынада аударылады. Сондай уақытта тілмәш есебінде мен араласатынмын. Прокурор «дұрыс аудармады» деп шу шығарса, Грабарник оларға: «Тілмәштың кандидатурасын ұсынғанда ешкім қарсы болған жоқ. Сол себепті мен тек соның аудармасын ғана қабылдаймын», - деп бірден басып тастайтын.

- Қайрат марқұм соңғы шешімді естіген уақытта өзін-өзі қалай ұстады?

- Ол кезде күрес дегенді, жалпы саяси күрес дегенді ешкім білмейді ғой. Бірақ олар өздерін кәдімгі ер-азаматтарша ұстады. Оның алдында алдап-сулап, қорқытып-үркітіп «Ұрып өлтіргенсің» деп мойындатқан болуы керек. Сотқа барғанда бұлардың барлығы бас тартты. Жігіттер «Біз кінәлі емеспіз» деп қасқиып тұрып алды.

- Сот аяқталған соң өзіңіз қандай күйде болдыңыз?

- Мен үшін бұл үлкен соққы болды. Сот өткен 21 күннің ішінде 7 келі салмақ тастаппын... Сосын бір-екі жылдан кейін қайта құру, тәуелсіздік деген сияқты сөздер шыға бастағанда, алғашқы толқынға менің де кіріп кетуімнің себебі осы шығар. Қайраттың сотынан соң «мынадай қоғамда өмір сүргенше, күресіп өтейік!» дедік. Бізге ешкім жол да берген жоқ. Біз алаштың адамдарының атын естіген де жоқпыз, олардың бір кітабын оқымадық та. Әке-шешеміз де бізге ешнәрсе үйретпеді. Желтоқсанның маған жасаған жақсылығы - мені оятқаны болар.

- Сотталып кеткендердің жағдайын кейін сырттай болса да бақылай алдыңыз ба?

- Семейге жолдасымның үйіне барғанда сондағы түрмеде істейтін бір капитан Қайраттың сол жерде өлгені туралы айтып берді. 1989 жылы 16 желтоқсанда Семейдің пединститутының жертөлесіне жиналып, құрбандарды еске алып ас беріп, Құран оқыттық. 1990 жылғы мамырда сол сотталып кеткендерді шығарып аламыз деп төрт жігіт парламенттің қасында ашаршылыққа жатты. Біреуі - Түгелбайды ағасы болу керек, бірі - Өткірбай атты азамат, енді бірі Михаил деген жігіт болатын. Оларды қуып шығайын деп еді, бір жігіт қайшыны алып, «Жақындасаң, өз ішімді жарамын» деді. Оларға милиция да жолай алмады. Соның арқасында үш күннің ішінде екі жігітті босатып жіберді. Тайжұмаев пен Күзембаев сол уақытта шықты, ал Тәшенов тәуелсіздік кезінде босады. Қайрат тірі болғанда, екі жылдың ішінде жігіттер шығарып алады екен де. Жігіттердің батырлығы ғой. Ол Қазақстанда алғаш жарияланған аштық еді.

 

ДӘМЕТКЕН апа, Қайраттың анасы:

ЖЕЛТОҚСАН - ЕЛГЕ МЕРЕКЕ ШЫҒАР, АЛ МАҒАН - ҚАЙҒЫ...

- Дәметкен апа, Қайрат кішкене күнінде қандай бала болып еді?

- Кішкентайынан зерек, біртоға бала болып өсті. Мектеп бітіргеннен кейін жанымызда қалып, бір жылдай көмектесті. Өте ұқыпты болатын. Сурет салғанды жақсы көретін. Бір-екі ауыз өлең шығарып, туған күнімізде оқып беруші еді. Бауырларының туған күнін де қалт жібермей, өлеңін открыткаға жазып, сыйлап отыратын. Болмаса аппақ параққа гүл салып сыйлайтын. Адамды қуантуға жаны құмар еді. Оқуды да үздік аяқтады. Әскерден келгеннен кейін оқуға түсуді қалады. Талпынысын көргесін біз де қарсы болмадық. «Мен сіздерден ақша сұрамаймын. Барып бағымды сынаймын. Түспесем қайтып келермін» деп кеткен-ді. Сол оқуға түскен жылы Желтоқсан болды...

- Мінезі қандай еді?

- Мінезі жақсы болғандықтан ғой, сыныпта комсорг болып жүргені. Салмақты жігіт еді. Қолынан бәрі келетін. Қора-қопсы, анау-мынауды өзі жөндеп, жасай білетін. Сәулет-құрылыс институтын да сол себептен таңдаған шығар. Қайрат сондай-ақ көпшіл, бауырмашыл еді. Бізге де «мынаны былай істейік» деп өз ойын айтып отыратын. Болашаққа деген құлшынысы зор еді. Кішкентайында «кім боласың?» деп сұрағанымызда: «Оқуды бітіремін. Сосын ауданымыздың бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков зейнетке кетеді. Мен соның орнына келемін», - дейтін. Арманына жетпей кетті ғой...

- Желтоқсан оқиғасының дүбірі ауылда жатқан сіздерге қандай сипатта жетті?

- Біз тек «Қазақ пен орыс қақтығысып жатыр» дегенді естідік. Бірінші басшының кетіп жатқанын да естімедік. Сол жылы Талғат пен Қайрат оқуға бірге барып, бірге түсіп келген еді. Желтоқсанның соңында Талғат үйге жалғыз келді. Одан Қайратты сұрап едім, «келеді» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Алаңға шыққандарын бізден жасырды. Жаңа жылда 1-і күні күттік - жоқ, 2-сі күттік - жоқ. Ақыры келмеді. Үлкен балам мен келінімді ауылдағы милицияға: «Оқудағы бала ғой, қайда жоғалып кетті?» - деп жіберсем, ол «Өй, оны 1 қаңтарда алып кеткен!» деп қарап отыр. Жаңа жылдан кейін менің ағамның үйінен алып кетіпті. Аға-жеңгем де ештеңені түсінбей: «А, Қайрат кетіп бара жатырсың ба? Мына айранды ішіп кетші», - деп алдына айран қойыпты. Оның жартысын ішіп, жартысын іше алмай кетіпті. Ал милиция оны «төбелесте болған-болмағаныңды ғана тексереміз» деп алдап алып кеткен.

Сонымен не керек, іздеп Алматыға бардық. Тауып алдық. «Соншама жылға кетеді, жібермей қояды» деген ой менің басыма мүлде кіріп-шыққан жоқ. Қамалған жеріне барып едік, тергеуші Желтоқсанда түсірілген суреттердің барлығын алдымызға ақтарып тастады. Қайраттың қолына таяқ ұстаған суретін түсіріп алыпты. Тергеуші маған «Аңшы аңға мылтығын ұстап не үшін шығады?» деді, мен «Аң ату үшін шығады» дедім. Ол тұрып: «Сол сияқты мына балаңыздың таяғын көрмейсіз бе, алаңға бәле іздеп шыққан. Бел ортасында жүрген», - деп қояды. Тергеушіден шығып бара жатқанда баламды дәлізден көрдім. Қолында кісен, екі жағында екі милиция. Маған «Апа, уайымдамаңыз, Алла қаласа, ақталып шығамын» деді. Оны бізбен сөйлестірмеді, ары алып кетті. Содан бір жарым жыл түрмеде жатты. Мамырдың 20-сынан бастап соты болыпты. Бізге ешкім жеделхат салмаған. «Қайраттың әке-шешесі неге жоқ? Неге келмей жатыр?» деп жанындағылардың ата-анасы сұрапты. Алып-ұшып Алматыға жетсек, соттың басталғанына бес-алты күн болып кеткен. Содан, не керек, 16 маусымға дейін созылды. Соңында өлім жазасына кесілді. Баламның шыңғырған дауысы әлі құлағымнан кетпейді. «Апа, мен кінәлі емеспін! Жаламен кетіп бара жатырмын! Баратын жеріңе бар, жазатын жеріңе жаз!» деп айқайлады. Қайратты ары алып кетті, мен сол жерде есімнен танып қалдым. Жалдаған адвокатымыз «Қорықпаңыз, апай, шығады» деп қояды. 14-15 жылға сотталған балалардың ата-аналары маған жұбату айтып жатыр. Олардың жазасы мен Қайраттың жазасының айырмасы қандай?..

Ертеңіне кездесуге бардық. Ұлымның үстіне ала киім кигізіп, шашын тақырлатып алдырып тастапты. Ол терезенің ар жағынан, біз бер жағынан телефонмен сөйлестік. Балам үстіндегі киімін жұлқылап: «Мына киім маған лайық па еді? Үш күн емес, отыз жыл болса да, мен ақталамын, апа! Өлсем халқым үшін өліп-ақ кетейін. Бірақ мен ақталамын», - деді. Қайраттың жанындағы камерада отырған Мырзағұл Әбдіқұловты да ату жазасына бұйырып, аяғында 20 жылға ауыстырыпты. «Маған да ағаның жолын берсе екен, 20 жылға ауыстырса екен. Алладан тілейтінім сол» деді балам. Менің «Мәскеуге дейін барамын» дегенімді естіп, Қайратым: «Әуре болмай-ақ қойыңыз. Мына кісінің сексендегі шешесі Мәскеуге барған екен. Қақпасының сыртынан жылап-жылап, екі күн жатып қайтыпты. Сіз одан әулие емессіз, ол кісінің аппақ шашын сыйламағандар сізді сыйлай ма? Бармай-ақ қойыңыз. Құдайдың басқа салғанын көрерміз», - деді. Несін сұрайсың, қарағым? Оның барлығы - ішіміздегі жара.

Желтоқсанды біреу «мейрам» деп жатады, біреу «керемет қуаныш» деп жатады. Ал, бізге Желтоқсан - «қайғы». Желтоқсанды теледидардан айтқан, көрсеткен сайын жүрегім шаншиды, сыздайды. Қайраттың аты аталған сәттен дірілдеймін, төбе шашым тік тұрады. Желтоқсан жақындаған сайын жан дүнием алай-дүлей күйге енеді. Шақырған жерге бармайын десем, «Өзінше болып кетті» деп айта ма деп, намысқа тырысып барамын. Желтоқсан біз үшін - қасіретті ай. Қайтеміз, Аллаға шүкір, баламыздың аты аталып келеді. Өшпесе екен дейміз. Кейінгі ұрпақтарға өсиет-өнеге болса екен дейміз. Пешенемізге сыймай кеткен бала ғой, осының өзіне шүкіршілік жасаймыз. Одан басқа бізде не амал бар? Қайрат өмірден өткеннен кейін көп ұзамай әкесі де қайтыс болды.

- Ұлыңыздың ақталғанын қандай жағдайда естідіңіз?

- Ұлым тірі болмағасын бізге бәрібір сияқты еді. Өзі жоқ болғаннан кейін ақталғаны не, ақталмағаны не? Бұл біздің жаралы жанымызды жұбата алған жоқ. Кейін ғана бірінен кейін бірі «Балаңыз батыр болды!» деп келген адамдарға үйрене бастадық. Адамдар аяқ астынан ақылшы да, қамқоршы да болып кетті. Әйтпесе Қайрат ақталғанға дейін бәрі бізге «Халық жауының» отбасына қарағандай қарайтын.

- Дәметкен апа, басқа балаларыңыз бар, немере сүйіп те отырсыз. Арасында Қайрат ағасына ұқсайтындары бар ма?

- Аманбай деген қайным бар. Қайраттың әкесінің туған інісі. Соның немерелерінің бәрі - Рысқұлбековтер. Қайрат өзінің хатында Талғаттың әйелінің аяғы ауыр екенін біліп, «Ұл туса атын Қайрат қойыңдар, қыз болса Арайлым қойыңдар» деп жазып кеткен. Бірінші ұл болып қайнымның баласының келіншегі тура желтоқсанда ұл туды. Соны Қайрат деп атадық. Қазір ол Қайрат Рысқұлбеков 11-сыныпта оқиды. Өңі де Қайратқа келеді. Тәртібі де жақсы, оқуда озат болып өсіп келе жатыр. Иншалла, ертеңгі Қайраттар солар ғой. Одан кейін Талғаттың келіншегі босанды, оған Арайлым деп ат қойдық. Солай Қайраттың екі өсиетін де орындадық. Осылай жазғанына қарағанда Қайрат өлерін күні бұрын білген де сияқты.

- Батырдың анасы ретінде қазақ жастарына не айтасыз?

- Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын. Атың өшкір Желтоқсан қайталанардай жағдай тумасын. Қазақтың патриоттары көп болсын. Жейдесін жұлып жылағанда Қайратыма: «Сенің атыңды не үшін Қайрат қойды дейсің? Намысшыл, ержүрек болып өссін деп қойғанмын! Қайратты бол, қарағым!» - деп едім. Қазақтың сол сияқты Қайраттары көп болсын!

Сұхбаттасқан Марфуға ШАПИЯН

(«Жұлдыздар отбасы» журналы, №23, 2009 жыл)

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3618