Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5675 0 пікір 30 Қараша, 2009 сағат 06:44

Ермұхамет Ертісбаев: “Малшының ұрпағы екенімді мақтан тұтам”

Газетіміздің өткен («Жас қазақ», 13 қараша 2009 жыл, №43 (251)) санында «Зомбидің» оралуы» деген мақала жарық көрген болатын. Ондағы әңгіме -   Михаил Сытник деген әлдебіреудің regnum.ru ақпарат сайтына берген сұхбаты, одан соң centrasia.ru сайтында жарияланған мақаласы төңірегінде.

Осыдан он жылдай бұрын  «Орыс тілінің пырағы және қазақ өркениетенің өгіз арбасы»  атты мақала жазған М.Сытник Қазақстанның тәуелсіздігі, мемлекеттік тілі, мәдениеті, тарихы туралы шамға тиерлік кертартпа ойларын жариялапты. Осыған орай еліміздің болашағына бей-жай қарай алмайтын ұлтжанды азаматтар өз пікірлерін білдіріп жатыр. Солардың арасында  Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, саясаттану ғылымының докторы, профессор Ермұхамет Ертісбаевтың пікірі де бар. Осы мақаланы ықшамдап жариялауды жөн көрдік.

Газетіміздің өткен («Жас қазақ», 13 қараша 2009 жыл, №43 (251)) санында «Зомбидің» оралуы» деген мақала жарық көрген болатын. Ондағы әңгіме -   Михаил Сытник деген әлдебіреудің regnum.ru ақпарат сайтына берген сұхбаты, одан соң centrasia.ru сайтында жарияланған мақаласы төңірегінде.

Осыдан он жылдай бұрын  «Орыс тілінің пырағы және қазақ өркениетенің өгіз арбасы»  атты мақала жазған М.Сытник Қазақстанның тәуелсіздігі, мемлекеттік тілі, мәдениеті, тарихы туралы шамға тиерлік кертартпа ойларын жариялапты. Осыған орай еліміздің болашағына бей-жай қарай алмайтын ұлтжанды азаматтар өз пікірлерін білдіріп жатыр. Солардың арасында  Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, саясаттану ғылымының докторы, профессор Ермұхамет Ертісбаевтың пікірі де бар. Осы мақаланы ықшамдап жариялауды жөн көрдік.

Ең алдымен, Сытниктің жуық арадағы алты-жетi жылда Қазақстаннан кем дегенде 1,5 миллион славян үдере көшеді дегені күмән тудырады. Славяндар негізінен КСРО құлағаннан кейін кеткен. Соңғы он жылда олардың эмиграциясы кенеттен азайды және басым бөлігі Қазақстан азаматтығын алды. Қазақстаннан кетуге мемлекеттік тілмен байланысты ешқандай маңызды себеп жоқ деп есептеймін. Бұл ретте, орыстар өздерін Украина, Грузия немесе Балтық жағалауындағы елдердегіге қарағанда әлдеқайда жайлы сезінетінін жақсы түсінеді. Бәрі де салыстыру арқылы анықталады.
Сытниктің «қазақ тілі кәсіби жарамсыз және лингвистикалық жағынан дәрменсіз» дегені - құр сандырақ, нонсенс және миға қонбайтын ақымақтық. Сытник тіпті ең қарапайым нәрсені де білмейді: қазақ тілі, бір жағынан, халықаралық тіл болып табылады. Біз қазақ тілінде қырғыз, өзбек, түрікмен, башқұрт, татар, әзірбайжан, түрік және басқа да халықпен емін-еркін сөйлесе аламыз. Түріктілді лингвистикалық қауым 200 миллиондай. Қазақтар ежелден көшіп-қонып қана жүрген жоқ, сонымен бірге Қытай, Ресей, Орталық Азия хандықтарымен сауда, экономикалық, шаруашылық, дипломатиялық деңгейде қарым-қатынас жасаған. «Қазақ тілі жаңа ғылыми және кәсіби терминдерді бойына сіңірмеген» деу - оны айтқан адамның мұрнына қазақ тарихының исі де бармайды деген сөз. Әрине, индустриялық-ақпараттық қоғам кезеңінде, ғылыми-техникалық төңкеріс заманында әлемдік тілдер -  ағылшын, испан, араб, қытай, орыс және француз тілі (БҰҰ жұмыс істейтін тілдері) суырылып алға шықты. Алайда орыс тілін алсаңыз, ол да қазір жартылай латын және шет тіліндегі сөздерден құралған. Лев Толстой мен қазіргі Виктор Пелевиннің тілін салыстырсаңыз, орыс тілі қаншалықты өзгергенін және дамығанын байқайсыз. Ештеңе де бір орында тұрмайды, тіл де дамиды.
Қазақстанда орыс тілінің қолданыс аясы тарылғаны туралы кім байсалды әңгіме айта алады? Парламенті мен Үкіметінің барлық отырыстары тек қана украин тілінде өтетін Украина туралы сөз қозғалса, онда түсінікті. Сөздің қысқасы, осының бәріне түсінік беру маған  тіптен қызық емес. Бұл - жай ғана кезекті саяси ойын.
Сытник жүйелі ойлаудан ада. Ол мәселенің түп-тамырына бойламайды. Өзіңіз ойлап қараңыз. Ол: «Әрбір этностың тілі еңбек және кәсіптік қызметпен, ғылыми шығармашылықпен бірге дамиды», - деп жазады. Бәрі дұрыс. Бірақ 1917-1991 жылдар аралығында қазақтар қайда еді? Ай шарлап жүрді ме? Төңкеріс, индустрияландыру, ұжымдастыру, мәдени төңкеріс және кенеттен қоғамды урбанизациялау қазақтарды әлеуметтік-экономикалық үрдістердің мүлдем жаңа аясына тартты. Сытник  «Бейімбет Майлин, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов өздерінің мәңгілік туындыларын дүниеге келтіргенде, әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалықтар ашқан кезде орыс тілінде ойлаған» деп пайымдайтын шығар, бәлкім. Ол қателеседі. Олар ана тілінде ойлап, ана тілінде жазған.
Сытниктің шопандар мен малшылар туралы кемсіте айтқан тұсы көңілге келеді. Ол - біздің ата-бабамыз. Аруақтар, жауынгерлер мен батырлар ұлты.  Шағын ғана қазақ халқы өз тәуелсіздігін тек жоңғарлармен соғыста ғана сақтап қалған жоқ. Шағын ғана қазақ халқы әлемде көлемі жағынан 9-орын алатын жерді игерді.  Сытник қазақ тарихына, біздің ата-бабамызға кішіпейілдік пен ықылас танытуы тиіс. Атақты поляк төңкерісшісі және жазушысы Адольф Янушкевич 1931 жылы Ресейге қарсы көтеріліске қатысты. Ақырында тұтқындалып, қазақ даласына жер аударылды. Ол өз өмірінің 25 жылын осында өткізді. Қазақ даласы - өзі үшін жаңа мектеп және көшпенді өмірінің жаңа жалғасы екенін түсініп, қазақтың тілі мен дәстүрін бәрінен артық меңгеріп алды. Ағылшынның гуманист ғалымы Ф.Бэконның (1561-1626) айтуынша, «тілін білмеген елге саяхатқа аттанған адам саяхатқа емес, мектепке сапар шегеді». Біз де, Жер тұрғындары  -  ұлы көшпендіміз. Неғұрлым көп соқпақ пен жол салып алсақ, бір орыннан екіншісіне көшуіміз, басқа халықпен танысуымыз, олардың дәстүрі мен өмір салтын қабылдауымыз соғұрлым жеңілдей түседі. Иә! Дәл осы номадтардың ұлы мәдениеті қазақтарға трагедиялы ХХ ғасырды бастан кешуге, өмірдің барлық саласындағы жаңа үрдістерді меңгеріп, тез үйренуіне септігін тигізді. Міне, сол Янушкевичті атақты айтыстардағы қазақ ақындары тамсандырған. ХІХ ғасырдың 30-жылдарында ол былай деп жазған:
«Осының бәрін мен бүкіл әлем жабайы және тағы деп санайтын халық арасында, далада өз құлағыммен естіп тұрмын ғой деп ойладым! Осыдан бірнеше күн бұрын мен өзара жау партиялардың арасындағы пікірталасына куәгер болдым. Сонда мен Демосфен мен Цицерон туралы өмірі естімеген шешендердің сөзіне таңдана қол шапалақтадым. Ал бүгін менің алдымда не оқу, не жазу білмейтін, бірақ өз талантымен тамсандыратын ақындар өлең оқуда. Әндерінің жан-жүрегіме айтары көп. Бұлар жабайы тағылар ма? Бұл ғұмыр бақи түкке тұрғысыз малшы болу үшін жаратылған, болашақтан ада халық па? Жоқ! Ақиқатында солай! Жаратушы осындай қабілет берген халық өркениеттен жұрдай болып қала алмайды: оның рухы шөл далаға енеді, мұнда жарық сәулесін түсіреді. Үндістанның жоғары жақтағы қоғамдық топтары бақытсыз парилерге қалай қараса, көшпенділерге дәл солай жоғарыдан төмен қараған халық арасында көшпенді құрметті орынға ие болатын кез келеді...» (А.Янушкевич, «Күнделіктер мен хаттар», Алматы, 2005 жыл, 96-бет).
Қандай тамаша және қандай сәуегей сөз! Жателдік осыдан 150 жыл бұрын қазақ даласында Демосфен мен Цицеронды, дарынымен таң қалдырған халықты көре білді! Қарапайым малшының ұлы болашағын көре білді. Өйткені олардың тілін меңгерді, олар үшін өз жүрегі мен жан дүниесін аша алды. Көшпенді мен малшы ата-бабамызды жабайы тағы деу дұрыс емес. Біздің, қазақтардың,  ұлы тарихы бар. Біздің шетсіз-шексіз даламызға жан-жүрегі ашық біреу келсе, біз де оларға өз жан-жүрегімізді ашқанбыз.
Жалпы, өз қара басым Сытникке жауап бергім келмейді. Мақаласы аса дөрекі, үстірт және сауатсыз. Ұлы көшпенді өркениетін жоққа шығару -  надандықтың шегі. Орыс мемлекетінің бастауында варягтар (викингтер) тұрғанын, орталықтандырылған орыс мемлекетін құру негізінде Алтын орда хандарының құрылымы мен тәжірибесі жатқанын Сытник біле ме екен? Русь пен Ұлы Дала бір-бірімен шайқасып қана қоймай, мыңдаған жылдар бойы бірін-бірі байытып келгенінен хабары бар ма? Еуропаға жол ашқан Ұлы Петр заманынан бері Ресей жоғары лауазымды қызметке  немістерді, голландтарды, шетеліктерді тартқанын, Батыстың инженерлік-техникалық және өндірістік технологияларын серпінді енгізгенін біле ме? Әлде ол бұрынғысынша алғашқы паровозды - ағайынды Черепановтар, алғашқы радионы  - Попов, алғашқы ұшақты Можайский ойлап тапты деп есептей ме? Бүгінде бұл кімді қызықтырады? Компьютер, факс, интернет, ұялы байланысты кім ойлап шығарғаны кімге қызық?
Орыс тілінің маңызы мен рөлін ешкім ешқашан жоққа шығарған емес. Ұлы Абылай ғана емес, қарапайым шопан да орыс білімінің, орыс тілінің мәртебесін түсінген. Бірақ Кеңес өкіметі кезінде қазақ мектептерінің саны күрт азайды. Бұл - нақты дерек. 1964 жылы Қарағанды облысында қазақша бір ғана мектеп-интернат болды. Қазақ тілі пәнінің сағат саны да күрт кеміді. Украинада украин тілі барынша тез үйретіліп, қалпына келтірілуінің сыры неде?  Украиндер ана тілінде білім беретін мектебін сақтап қалды, ал орыс мектептерінде украин тілі мен әдебиетінің  сағат саны екі, тіпті үш есе ұлғайтылды. Сытник: «Жалпы, орыс тілі қазақ тілін ешқашан жойған емес, дамуына кедергі келтірген жоқ», - дейді. Бұл туралы сөз болып тұрған жоқ қой! Әңгіме орыстандыру, орыс тілінің үстемдігіне құрылған саясат туралы. Егер 1991 жылдан билингвизмді (қостілділік) енгізе бастасақ, қазақ тілінің неғұрлым кеңірек қолданылуын қалпына келтіріп, қолдандық. Мұнда тұрған не бар? Сытник неге бұған сонша қарсы? Айта кетейін, мен қазақ тілін үйреніп жүрген бірқатар славян жастарын білемін. Ал кейбіреулері оны бір адамдай меңгеріп те алды.
Сытниктің   мақаласының  басты мақсаты не? Басты мақсат - екі мемлекеттік тіл бекіту - орыс және қазақ тілін. Яғни Кеңес өкіметі кезеңіне қайтып оралу. Славяндар және қалалық қазақ жастарының қазақ тілін үйренуге ынтасы жойылуы үшін. Мені бұл тақырып еш қызықтырмайды. Өйткені осыдан 20 жыл бұрын, мен Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып тұрған кезімде, осы тақырыпқа жиі сөз жарыстыратынбыз. Сол кезде барлығы - қазақтар мен орыстар, 25-тен астам ұлт өкілдерінен құрылған депутаттар корпусы дана да дұрыс шешім қабылдады - мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін бекітті. Бұл тақырып доғарылды. 20 жылдан соң Сытник аяқастынан бұл мәселені неге көтеріп отырғаны түсініксіз. Не үшін? Сытниктің «қазақтар орыс тілін үйренуге мәжбүр» деген сөзі күлкімді келтірді. Қазақтар орыс тілін баяғыда-ақ үйреніп алған. Орыс тілін түсінбейтін бірде-бір қазақ жоқ. Негізгі мәселе басқа: барлық қазақтар өз ана тілін меңгеріп, қалпына келтіру үшін не істеу керек? Алайда Сытник мұны түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. «Қазақ тілін ешкім үйренгісі келмейді» дегені де шындыққа жанаспайды. Көбі үйреніп жүр, қалпына келтіруде, сөйлейді. Білмейтіндер азды-көпті сөйлей бастады. Нашар білетіндер қазір тәп-тәуір меңгеріп алды. Ана тілінде сөйлейтін отбасыларда бұл үрдіс бұрынғыдан да жылдам. Тағы бір қайталайын, жүрегі мен жан дүниесін ашқан славяндар біздің тілді үйрене бастады. Бұл ретте қазақ тілінің мүмкіндігі көп, болашағы зор екеніне сенімдімін.
Сытниктің бір дәйексөзін келтіре кетейін: «КСРО ыдырағаннан кейін қазақтар өздерін мемлекетқұрушы ұлтпыз деп жар салды. Бірақ қазақ мәдениеті мен тілі кеңес дәуірінде де, КСРО құлағаннан кейін де мемлекетқұрушы болған емес. Өйткені Кеңес Одағынан кейінгі, ымырашыл мемлекеттіліктің барлық жүйесі 1991 жылдан орыс тілінде, орыс білімі және Кеңес (яғни Ресей) мемлекеттілігінің барлық дайын жүйесі негізінде құрылды». Ал қазақ тілі КСРО тарағаннан кейін тек этностық мәдениет пен тұрмыс қызметін атқарды. Қазақстанда капиталистік роман-германдық құқық бекітуге де, француз үлгісімен Ата Заң жасауға да, ымырашыл-монетарлы экономика қалыпстастыруда қаржылық немесе өндірістік-техникалық қызмет саласына да еш қатысы болған жоқ».
Бұл - ұлы державаны көксейтіндердің баяғы әні. Ағылшындар жүздеген жыл бойы Ирландияны қанады,  жойып та жібере жаздады. Алайда Ирландия 1921 жылдан бері мемлекет ретінде күн көріп келеді. Өз тәуелсіздігі үшін оған көп және ұзақ күресуге тура келді. Польшаны Ресей, Германия және Автро-Венгрия сан мәрте бөліске салды. Бірақ поляк тілі мен мәдениетін жойып жібере алмады. Осман империясы сан ғасыр бойы Балқан түбегінде тайраңдады. Дегенмен грек, болгар, румын, серб және басқа да халықтар өз тілі мен мәдениетін сақтап қалды. Көптеген елдерде құлдықтағы халықтың тілі ұзақ уақыт бойы этностық мәдениет пен тұрмыс қызметін атқарды. Бірақ бостандыққа құштарлықты тұншықтыру мүмкін емес. Уақыт өте келе бұл халықтар еркіндікке қол жеткізді және олардың ана тілі этностық қызметтен мемлекетқұрушы қызметке ауысты. Тағы бір мәселе, аударма деген бар, бірнеше тіл білу деген бар. Егер Абай Пушкинді аударса, ал қарапайым шопандар «Татьянаның Онегинге хатын» жырласа, неге Сытникке өмірінде бір рет болса да бір қазақ мақалын аударып көрмеске? Роман-герман құқығы мен француз үлгісіндегі Ата Заң қазақ тіліне аударылғалы қай заман? Осындай қарапайым нәрселерді Сытник білуі тиіс. Оның «қытай немесе ағылшын тілі орыс тілін шеттетеді» дегені - шектен шыққан ақымақтық. Орыс тілі Қазақстаннан ешқашан жойылмайды. Екі тіл білу - бұл біздің күшіміз.
Бізде орыс және қазақ мәдениеті арасында қандай да бір тайталас бар дегенді үзілді-кесілді қабылдамаймын. Осы заманғы мәдени үдерістің сипаттамасы -  мәдениеттердің бір-біріне әсер етуі. Мәдениеттер мен дәстүрлердің тайталасы тоталитарлық кезеңде болған. Сөз жүзінде бәрі бірауыздан «халықтар достығын» жырлағанымен, іс жүзінде әрқайсысы өзінің ұлтының көшін кері бұрып әкетуді армандайтын. Соңғы 18 жылда, нарықтық экономика мен еркіндік дәуірінде, бұл тайталас едәуір азайды. Сытниктің «тәуелсіздік жылдары мәдениеттердің тайталасы күшейіп кетті» дегені орынсыз.  Бұл - бос сөз.
Тағы бір мәселе. Сытник өмірінде глобусқа, жағырафиялық картаға қарады ма екен? Ішкі Моңғолия қай жерде орналасқанын біле ме? Дұрыс, 5-сынып оқушысы: «Ішкі Моңғолия Солтүстік Қытайда орналасқан», - деп тақ-тақ етер. Бұл жерде Қазақстанның оған қандай қатысы бар?
Сытниктің түрлі идеяларды дәйексіз пайдалануы мен ашық құрастырмасы көп. Әсіресе, қазақ мәдениетін «мал бағушы», ал орыс мәдениетін «индустриялық-отырықшы» деп атағанда. Бұл не қылған бейпіл сөз?
Маған Сытниктің ашықтығы ұнады. Ол КСРО құлағанына өкінішін ашықтан-ашық білдіреді. Неліктен ұлы держава болуға ұмтылу керек? Қашанғы өткен дәуір тұрғысынан ойлаймыз? Ресей мен Қазақстан 18 жыл бойы ауылы аралас, қойы қоралас тұрып келе жатыр ғой. Гитлер Еуропаны күштеп Германияға бағындырғысы келді. Нәтижесі қандай болды? Нәтижесінде қазақ шопанының ұлы Қошқарбаев 1945 жылдың 1 мамырында Берлинде рейхстагқа ту тікті.
Сөз соңында айтарым, Сытниктің мақаласы төңірегінде шу көтерудің қажеті жоқ. Конституциямыздың 20-бабында: «Сөз және шығармашылық бостандығына кепілдік беріледі» деп жазылған. Сытник бұл тақырыпқа шығармашылық тұрғыдан келгенін мойындауымыз керек. Ол қателесуі, ашулануы, зығырданы қайнауы мүмкін. Оны түсінуге болады. Орыстардың Еуропаның жартысын және Азияның бір бөлігін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған қуатты держава болғаны рас. Славянтектес  қазақстандықтардың тіл мәселесіне қатысты наразылық білдіріп, «ұлы» халықтың өкілі ретінде терісіне сыймай жүруі де заңдылық. Дегенмен Сытник айтты екен деп, дабыра қылудың қажеті жоқ. Әрбірден кейін, бір кезде Солжиницын Қазақстанды «Оңтүстік Сібір» деп те атаған жоқ па? Оның қасында Сытник деген кім?
Барлық қазақтарды шыдамды, зиялы болуға шақырамын. Баяғыда-ақ мәдениетті ұлтқа айналғанымызды және мәдениетті диалог жүргізе алатанымызды көрсетейік. Мен өзімнің оныншы атама дейін білемін. Олардың бәрі малшы мен жау­ынгер болған. Сонысын мақтан тұтамын!

 

"Жас Қазақ" газеті

 

0 пікір