Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4173 0 пікір 30 Қазан, 2009 сағат 04:49

Сүмбіле қазанда туады... (Жас қаламгерлердің республикалық ІІ форумы хақында)

Жер бетінде гүлдер қағанатының дәуірі аяқталар тұста, қазақтың рухани кеңістігіндегі әдебиет патшалығында аста-төк той болды. Бұл той жүрегінің ұшында тамайын-тамайын деп тұрған мөлдіреген шық-өлеңі бар, мидың қатпарларында тынысыңды тарылтатын, үрей мен қуанышқа бөлейтін қым-қиғаш сюжеттер жасырынған жас қаламгерлердің тұсауын кесуге арналды.

Көркем сөз табалдырығынан аттай алмай еңбектеп жүрген, былдыр-былдыр еткен сүйкімді қылығы бар жас ақын-жазушыларды қолтығынан демеп, «Әдебиетке адал бол, құлыным!» - деп аяғына ала жіп байлайтын жер ретінде киелі Оңтүстік Қазақстан өңірі тандалыпты.

Сансыз бап пен әулие-әмбиелер мекені, тұнық көгінде Алаштың арыстан  хандары мен барыстай баһадүрлерінің рухтары қалықтап жүрген қасиетті Оңтүстікте тұсауы кесілген жас ұрпақтың сөз өнеріне арнаған ғұмыры баянды болады деп ырымдадық. Жол болсын дегендерге, «Әлей болсын!» - деп қазанның 20-шы жұлдызы жарқыраған күні бүтін бір ұлттың үмітін 30-ға тарта жас қаламгердің иығына артып, керуенді қазақтың жерұйығы - Оңтүстікке бұрдық.

Жер бетінде гүлдер қағанатының дәуірі аяқталар тұста, қазақтың рухани кеңістігіндегі әдебиет патшалығында аста-төк той болды. Бұл той жүрегінің ұшында тамайын-тамайын деп тұрған мөлдіреген шық-өлеңі бар, мидың қатпарларында тынысыңды тарылтатын, үрей мен қуанышқа бөлейтін қым-қиғаш сюжеттер жасырынған жас қаламгерлердің тұсауын кесуге арналды.

Көркем сөз табалдырығынан аттай алмай еңбектеп жүрген, былдыр-былдыр еткен сүйкімді қылығы бар жас ақын-жазушыларды қолтығынан демеп, «Әдебиетке адал бол, құлыным!» - деп аяғына ала жіп байлайтын жер ретінде киелі Оңтүстік Қазақстан өңірі тандалыпты.

Сансыз бап пен әулие-әмбиелер мекені, тұнық көгінде Алаштың арыстан  хандары мен барыстай баһадүрлерінің рухтары қалықтап жүрген қасиетті Оңтүстікте тұсауы кесілген жас ұрпақтың сөз өнеріне арнаған ғұмыры баянды болады деп ырымдадық. Жол болсын дегендерге, «Әлей болсын!» - деп қазанның 20-шы жұлдызы жарқыраған күні бүтін бір ұлттың үмітін 30-ға тарта жас қаламгердің иығына артып, керуенді қазақтың жерұйығы - Оңтүстікке бұрдық.

Шымкент таңғы шұғыласын аямай шашып, бізді жылы қарсы алды. Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдығы және облыстық газеттің 85 жылдығына орай ұйымдастырылған «Оңтүстік-2009» жас қаламгерлердің ІІ Форумын облыстық Ж.Шанин атындағы драма театрында ашып та жібердік. Ашылу салтанатында сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов мырза форум делегаттары мен құрметті қонақтарға «қош келдіңіздер!» - деп, ақ тілегін жаудырды. Осыдан екі жыл бұрын Пейіштің жердегі прототипі - Баянауылдың әкімі Қорабай Шәкіров қазақтың хас ақындарының өлеңдерін жатқа соққанда бір сүйсінгеніміз бар. Енді міне, Оңтүстік әкімінің әр сөзінен әдебиетке деген құштарлығы мен сүйіспеншілігі сезіліп тұрғаны бізді тағы бір қуантты. Заманауи сұлтандар мен болыстардың киелі сөз әлеміне махаббаты барда, Қас Сақ әдебиеті жетімсіремейді деп бір түйіп қойдық.

Форумның ашылу салтанатында сөз алған халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев пен Жазушылар Одағы басқарма Төрағасының бірінші орынбасары, көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай жас өркенге сәт сапар тіледі. Мұхтар Шаханов та жастардан көп үміт күтетінін айтып, олардың тіл мен ұлт алдындағы парызын тағы бір еске салып қойды. Залда отырған ел алақанын аямай, мінберге шыққан әр қаламгер аға-апаларымызды жанарымен аялап отырды.

Бұл форумның өткізілуі осы өңірдің тағы бір ұлан-асыр тойы - «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 85 жылдығымен тұспа-тұс келді. Іргесін Т.Рысқұлов, С.Қожанов, О.Жандосов пен О.Исаевтар қалаған оңтүстік көсемсөзінің қара шаңырағы - «Оңтүстіктің» жетістіктері жиналған жұртты бір тамсантты. Бұл газетте әйгілі Асқар Тоқмағанбетов, Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Аян Нысаналин, Мархабат Байғұт, Нұрғали Ораз сынды ақын-жазушылар, Бейсенбай Кенжебаевтай көсемсөзші, Садықбек Адамбековтей сықақшы еңбек жолын бастапты. Құттықтау сезімі мен шарықтау тілегін біз де жүрегіміздің ішінде әлдилеп жүрдік.

Істің басына жас келсе, кез келген шаруа дамудан басқа жолы болмай қалады. Басылымның Бас редакторы Бейсенбай Тәжібаев өзінің алғырлығымен, көпті көргенге тән парасаттылығымен, бойын боямасыз  ұстауымен бәрімізді тәнті етті. Біз газеттің жарқын болашағын көз алдымызға елестетіп, Тәңірге шүкіршілік айттық.

Форумды ашу салтанатын әдемі бір дәстүр жапты. Баянауылда басталған Жас қаламгерлер форумының эстафетасын Оңтүстік Қазақстанға киелі Керекуден арнайы келген талантты ақын Ерлан Ахметов табыстады.

Тәуелсіз елдің тәккаппар әдебиеті

Осы күннің екінші жартысында Форумның жұмысы қыза бастады. М.Әуезов атындағы университетте өткен «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет: бүгін және ертең» атты дөңгелек үстел жас қаламгерлердің қарымын байқау үшін арнайы ұйымдастырылған-ды. Шараның жүргізушілері талантты ақын-қаламгер Бейбіт Сарыбай мен осы жолдардың авторы ортаға терең астарлы, жүгі ауыр, күрделі сауалдар тастады. «Айтпаса, сөздің атасы өледі» - демекші қатысушылардан жасқа тән албырттықты күткенбіз. Басында жасқаншақтыққа тап болдық. Күтпеген сұрақтардан тосырқап қалған жас таланттарды ағаларымыз құтқарды. Жүректері лүпілдеп отырған үлкен әдебиет үміттерінің томағасы шешілген соң, қызды-қыздымен тынысы ашылып, жүйкесі қозған жас ақын-жазушылар сөз көкпарын ары қарай іліп әкетті.

Сөз алған әр жастың пікірін мұқият тындап, қойын дәптеріне түртіп отырған ұлт өлеңіне лирикалық ағыс әкеліп құйған Исраил Сапарбай дөңгелек үстелдегі айтыс-тартысты сөзін сабырлы бастап, сүйкімді түйіндеді. Жастар Исағаңа дән разы!

Аталған пікір-таласқа қатысып отырған «Қаламгер» Медиа орталығының директоры, ақын Жанарбек Әшімжан әр сөзін нығарлай айтып, байыпты қорытты.

Біздің осы шарадан түйгеніміз - әдебиеттегі тентектікті (жақсы мағынасында), «төбелес» пен мінезділікті жақтырмайтын, Тәңірге тәубе айтатын, жанның ішкі сәулесінен туған сөз арқылы елін ізгілікке шақыратын имани әдебиеттің өкілдері дүниеге келіпті. Ол да болса, қазыналы қазақ сөз  өнерінің бір жетістігі деп білейік.

Ұлы әдебиеттің түйсігінде жаңа саналардың жарығы қылаң берді.

Дөңгелек үстел ертеңгі күні өткен секцияларға жалғасты. Үлкен ағаларымыз жастардың шығармашылығымен танысып, бағаларын берді. Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығару, грант беру мәселесі де осы тұста шешілді.

Ел назарында

Оңтүстіктің халқы қашанда көңілі мамыржай, жаны жомарт әрі қонақжай. Қонақ үйдегі бөлмемізге «әй, шабыты келіп қалуы ықтимал-ау!» - деп ақ парақтар мен сиясы сұйық жорға қаламды әкеліп қоюға дейін ойластырған осы форумды ұйымдастырушылар, ертесі бізді үш топқа бөліп елге аттандырды. Қазақ елінің әр түкпірінен келген қаламгерлер елмен кездесу үшін қасиетті Төле би, үш жүздің басын қосқан Ордабасы және адамзат қайта тараған киелі Қазығұртқа тартты.

Сөз патшасы - өлең оқылды, сөз қазысы - проза өкілдері сөзден сурет салды. Рухани әңгімеге сусап отырған аудан жұртшылығы бір марқайып қалды. Біз де елдің алдына шығып, өлең ұшырғанымызда бақыттан басымыз айналып жүре берді.

Қаламгердің бағасын беретін - өзінің туған елі. Өлең мен айтылған сөзге баға ретінде алақандар түйісуінің жаңғырығы дәлел болды. Оңтүстік аймағындағы абыз Алаш жұртына иіліп сәлем беріп, кеудемізге қолымызды қойып, қимай-қимай Шымқалаға аттандық.

Әдебиет көгіндегі жаңа жұлдыздар

Елден алған әсерлерімізді ентіге баяндап, қуанып, арқа-жарқа болып, Форумның жабылу салтанатына, «ертең бәрі бітеді-ау» деген оймен, ішімізді тырнаған өкінішпен бардық. Осы жерде жоғарыда айтылған секциялар қорытындысы бойынша тапсырылған дүниелер белгілі болды. Түрін түстеп, атын атап шығуды жөн көріп отырмыз.

Сонымен Мәдениет және ақпарат министрлігінен арнайы келген өкіл Бекжан Сүлейменовтің уәдесіне қуанып, келесі жас таланттарға мемлекеттік тапсырыспен кітаптарың шығатын болды деп сүйінші сұрадық.

Олар: астаналық Ұларбек Дәлей - ақын, алматылық Қанат Әбілхайыр - жазушы, талдықорғандық Төлеген Меллат - ақын, алматылық Шырын Толқынова - ақын, алматылық Аршын Нұрбақыт - ақын, алматылық Сағадат Ордашева - жазушы, атыраулық Серікбол Хасан - жазушы.

Оңтүстік Қазақстан әкімшілігінің грантына ие болғандар: ақтөбелік Балтабек Нұрғали, маңғыстаулық Асылбек Жаңбырбай, шымкенттік Абай Қалшабек, форумның ең жас делегаты, ақын Алматы облысынан келген Қуаныш Жазай.

Жабылу салтанатының аяғы дербес жыр кешіне айналып кеткенді айта кеткен жөн. Жас қаламгерлермен қоса, шабыттары шалқып Бақыт Беделхан, Бақытжан Алдияр сынды ақындар әуеге шумақ-шумақ өлең-құстар ұшырды.

Қош бол, Шымқала!

Жанымызға ертеңгі Күн аспаннан үшкір сәулесін  сұққылап тұрды. Астана, Алматы һәм әр аймаққа аттанар алдында жас қаламгерлердің оңтүстіктен серпіле қанат қағып бара жатқанын сезіндік.

Пейілі кең, сөзі жұмсақ жұртты қимай-қимай, жасыл вагондарға отырып жатқан ақын-жазушылар «тағы бір келер ме еді!» деген ойдың үстінде болды-ау деймін.

Әлқисса! Қараша келмей туатын жұлдыз, бұл - Сүмбіле. Жоғарыдағы біз меңзеген сүмбіле-жұлдыздар Оңтүстіктің аспанында қазан айында туды. Ал оңтүстікте туған ол жұлдыздардың бүтін кеңістіке ұласатынын уақыт-ағзам таразылайтын болады.

Ақберен ЕЛГЕЗЕК, ақын, «Серпер» сыйлығының лауреаты.

Редакциядан: Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жас қаламгерлердің 2-ші республикалық форумына қатысқан ақындардың өлеңдерін жариялауға ынталы болып отырмыз. Ол үшін автор мақаланың соңындағы оқырман пікір айтатын тұсқа өз өлеңдерін жазып жолдап жіберсе болғаны. Қазақ поэзиясындағы ақ қауырсын жырлар abai.kz ақпараттық порталының аудиториясына да жете берсін.

 

0 пікір