Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7703 0 пікір 31 Қаңтар, 2014 сағат 07:59

СУРРОГАТ АНА БОЛУ ТИІМДІ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫ МА?

Жастардың өздерінің сау ағзаларын интернет арқылы аукционға салып, трансплатациялық операциялар үшін сататындығы «Айқын» газетінің алдыңғы санында (15 қаңтар, 2014) жазылды. 

Осы жолы интернет арқылы жарнамаланатын келесі бір «қымбат» медициналық қызмет түріне назар аудардық. Бұл – суррогат аналық немесе басқа адамдардың тапсырысымен дүниеге бала әкелу.

Қызыл дипломды педагог суррогат ана болғысы келеді

Өзін Динара деп таныстырған 22 жасар бойжеткен 25 мың долларға бөтен адамдар үшін бала тауып беруге даяр. Әзірге оның коммерциялық ұсынысымен ешкім келісе қоймапты. «Хабарласатындар жеткілікті. Бірақ әлі ешқайсысының шарттары көңілімнен шықпайды. Ақпан-наурыз айында осыны бастап кеткім келеді. Оған дейін біреулер табылатын шығар» деді Динара «Айқын» газетінің тілшісіне. Оның kazakh.ru сайтындағы «Сіздің сәбиіңізге СА (суррогат ана – ред) боламын» деп берген жарнамасында ұлтының қазақ екендігі, бойы – 167, салмағы – 65 кг, «зиянды дағдылардан ада, ішімдіктен аулақ, темекі тартпайтындығы, аурулары жоқ екендігі» тәптіштеп жазылған. Оған қоса болашақ суррогат ананың Алматыдағы жоғары оқу орындардың бірін қызыл дипломмен тамамдағаны көрсетіліпті.

Жастардың өздерінің сау ағзаларын интернет арқылы аукционға салып, трансплатациялық операциялар үшін сататындығы «Айқын» газетінің алдыңғы санында (15 қаңтар, 2014) жазылды. 

Осы жолы интернет арқылы жарнамаланатын келесі бір «қымбат» медициналық қызмет түріне назар аудардық. Бұл – суррогат аналық немесе басқа адамдардың тапсырысымен дүниеге бала әкелу.

Қызыл дипломды педагог суррогат ана болғысы келеді

Өзін Динара деп таныстырған 22 жасар бойжеткен 25 мың долларға бөтен адамдар үшін бала тауып беруге даяр. Әзірге оның коммерциялық ұсынысымен ешкім келісе қоймапты. «Хабарласатындар жеткілікті. Бірақ әлі ешқайсысының шарттары көңілімнен шықпайды. Ақпан-наурыз айында осыны бастап кеткім келеді. Оған дейін біреулер табылатын шығар» деді Динара «Айқын» газетінің тілшісіне. Оның kazakh.ru сайтындағы «Сіздің сәбиіңізге СА (суррогат ана – ред) боламын» деп берген жарнамасында ұлтының қазақ екендігі, бойы – 167, салмағы – 65 кг, «зиянды дағдылардан ада, ішімдіктен аулақ, темекі тартпайтындығы, аурулары жоқ екендігі» тәптіштеп жазылған. Оған қоса болашақ суррогат ананың Алматыдағы жоғары оқу орындардың бірін қызыл дипломмен тамамдағаны көрсетіліпті.

Газет тілшісімен әңгімесінде Динара биыл маусым айында педагогика мамандығы бойынша магистратураны үздік бағаға тамамдайтындығын жеткізді. «Барлық пәндер бойынша бағаларым жоғары. Бірақ қызыл диплом жақсы жұмыс таба алатыныма кепілдік емес. Материалдық жағынан қиын. 3 жасар балам бар. Ол әке-шешемнің қолында. Пәтерде тұрамын. Сондықтан суррогат ана болуға шешім қабылдадым» дейді бойжеткен.

Динараның жарнамада көрсетілген шарттарына сәйкес балаға «тапсырыс» беретін ерлі-зайыптылар босана сала оған 25 мың доллар сыйақы ұсынуы керек. Ал оған дейін жүкті кезінде ай сайын 500 доллар төлеп тұруы тиіс. Егер егіз бала тапқан жағдайда алғашқы соманың 30 пайызы үстеме ретінде берілуі керек. Динара бағаны түсірмейтіндігін және болашақ ата-аналармен келісім-шарт жасалынатындығын ескертті.

Қазақстанда мұндай аналарға заңды түрде келісімшарттар жасасып, психологиялық қызмет көрсететін арнайы компаниялар жұмыс істейді. Мәселен, Астанадағы «Болашақ» суррогат аналық орталығының бас директоры Данира Шоқанқызы суррогат ана болу заңмен рұқсат етілгенін еске салады. 2011 жылдың желтоқсан айында қабылданған «Неке мен отбасы туралы» заңға сәйкес денсаулығы мығым, жасы 35-ке дейінгі, дені сау баласы бар, зиянды дағдылары жоқ әйел суррогат ана бола алады.

«Болашақ» суррогат аналық орталығы өкілінің айтуынша, Қазақстанда бөтен әйелдің көмегімен бала сүйгісі келетіндер көп. Кейбір деректер бойынша, суррогат аналардың арқасында жылына шамамен 100-200 отбасы сәбилі болады.

Интернеттегі жарнамаларға қарағанда, тапсырыспен құрсақ көтеру құны – 10-30 мың доллар. Суррогат ана болғысы келетіндердің басым бөлігі – жасы 30-ға толмаған жастар. Олардың арасында бір реттік қомақты сомамен бірге тоғыз ай тұратын баспанасын, киімін, тамағы мен дәрумендерін қоса талап ететін 22 жасар Зухра есімді әйел де, әркімнің «бергеніне қарай» бала көтеріп, сол үшін Ташкенттен көшіп келуге даяр 18 жасар Женя есімді қыз да бар. Дегенмен, Репродуктивті медицина институты сауалнамасының қорытындысы бойынша, суррогат аналардың 40 пайызы альтурист саналады. Яғни баласын құрсағында көтергені үшін ақша алмайтындар – ерлі-зайыптылардың туған-туыстары.

Кінәратсыз күнә

«Мен 20 жыл бойы бала көтере алмаған туған әпкеме суррогат ана болуға келістім. Олардан ешқандай ақша талап етпеймін. Тек әпкемнің бақытты болғанын қалаймын» деп жазады 35 жасар Назгүл kazakh.ru форумында. Оған әйелдің күйеуі де рұқсат берген. Бірақ оны осы әрекетінің ислам діні қағидаларына сәйкес келмейтіндігі ойландырады. «Ислам діні мұны құптамайды екен. Не істесем екен? Бірақ шегінуге жол жоқ. Зор күнәға батсам да, әпкемнің бақытты болғанын қалаймын» деп интернет пайдаланушылармен ойын бөліседі Назгүл.

«Суррогат аналық діни, имандылық көзқарас тұрғысынан алғанда да ақтауға келмейді. Ислам ғалымдары мұндай аналық түріне тыйым салынады (харам) деп тапты» дейді Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбай мешіттің ресми сайтында (muslim.kz). Оның айтуынша, Құранда балаға ұрық клеткасын беруші емес, оны жарық дүниеге әкелген әйел анасы саналатындығы жазылған: «Олардың аналары – оларды туған әйелдер ғана», «Біз адамға ата-анасына жақсы қарауды ғибадат еттік. Анасы оны құрсағында азаппен көтереді және азаппен дүниеге әкеледі» делінген киелі кітапта. Орыстың Правлослав шіркеуінің әлеуметтік тұжырымдамасында да «суррогат аналық бала көтерген әйелді де жаралайды, дүниеге келген бала да өзін-өзі тануда дағдарысқа ұшырауы мүмкін» деп жазылыпты.

Діни кітаптарда ғана емес, ғылымда да бұл мәселе әлі сұрақтар туғызады. Мамандар балаға құрсақ анасынан генетикалық ақаулардың (суррогат ананың ұрық клеткасы пайдаланылған жағдайда) берілу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сонымен бірге баланың психологиялық бейімделуі де мәселе ретінде қарастырылады. Егер ол өзін анасының емес, басқа әйелдің дүниеге әкелгенін білсе, бұл оны толғандыруы, психикасына кері әсер етуі мүмкін деп есептейді мамандар. Оған қоса кейбір аналардың тоғыз ай көтерген «баласын» туғаннан кейін оны биологиялық әке-шешелеріне бергісі келмей қалу оқиғалары да кездескен. 1988 жылы АҚШ-та сондай кикілжіңнен кейін Нью-Джерси соты баланың биологиялық әкесіне ата-ана құқын, суррогат анаға баламен кездесіп тұруға, оның тәрбиесіне араласуға рұқсат берген.

Дегенмен, балалы бола алмай жүрген көптеген отбасы үшін суррогат ана – жалғыз үміт. Былтырғы жылы 200 мың қазақстандық ерлі-зайыптының (15 пайыз) балалы болу мүмкіндігінің шектеулі екендігі жазылды. Суррогат аналықты қолдаушылар құрсақ аналардың ұрпағы жоқ әулеттерге қуаныш сыйлап, бақытқа бөлейтіндігіне сендіреді. Әйтсе де, интернет жарнамаларынан тегін суррогат ана болғысы келетін шынайы альтуристерді табу қиын.

Әлемде суррогат аналыққа қатысты көзқарас та біркелкі емес. Мәселен, Франция, Германия, Австрия, Норвегия, Швеция, АҚШ-тың кейбір штаттарында мұндай «жалған ата-аналыққа» тыйым салынған. Австралия, Ұлыбритания, Дания, Испания, Канада, Нидерланд секілді елдерде суррогат аналықты табыс көзіне айналдыруға рұқсат берілмейді. Беларуссияда суррогат ананың қызметін медициналық көрсеткіштер бойынша бала көтеруге физиологиялық мүмкіндігі жоқ әйелдер ғана пайдаланады. Ал Қазақстан, Ресей, Украина, Грузия, Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ-тың көптеген штаттарында суррогат ана болу, оның ішінде сол арқылы пайда көру заңмен реттелген.

"Айқын" газеті

0 пікір