Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 8061 0 пікір 30 Желтоқсан, 2013 сағат 14:08

Бауыржан Халиолла: АЙТЫСПЕН ОЙНАҒАН АДАМНЫҢ ЕШҚАЙСЫСЫ ОҢҒАН ЖОҚ. МЫСАЛЫ САУДАБАЕВ ҚАЙДА ҚАЗІР?

Енді айтысқа шығу, шықпауым неғайбыл
 

Енді айтысқа шығу, шықпауым неғайбыл
 

– Қазір қайда жүрсіз? Бұлай сауал қойып отырғаным, соңғы айтыстарда сізді сахнадан емес, көрерменнің қатарынан көріп жүрміз... 
–  Күзде Астанада өткен «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» атты айтысқа қатысатын айтыскерлерді көрермен онлайн дауыс беру арқылы таңдапты. Ол тізімде мен болмадым. Ал жуырдағы «Жырың болып төгілемін, елім» деген тақырыптағы республикалық айтысқа да сондай іріктеу болды. Ол іріктеуде ақындардың бір жыл бойғы жүлделерінің рейтінгі жасалды. Рейтингі мықты ақындар осы айтысқа жолдама алды. Сөздің шынын айту керек, жыл бойы мен ешқандай айтысқа қатысқан жоқпын. Бірақ жүлделі орындар алып жүріп те, тізімге ілінбей қалған айтыскерлер бар.  Мейірбек Сұлтанхан, Сырым Әуезхандар ол тізімге кірмей қалды. Әйтпесе екеуі де кейінгі айтыстарда жақсы көрініп жүрген, талантты жастардың бірі. Сол жігіттердің Астанадағы айтысқа қатыспағаны аздап жанға батты.
–  Бір жыл бойы айтысқа қатыспауыңызға не себеп? Былтырғы Д.Қонаевтың 100 жылдығына арналған айтыста қатты айтам деп, біраз адамға жақпай қалғаныңыздан емес пе?
–  «Бұдан кейін айтысқа шықпайсың» деп, маған ешкім шектеу қойған жоқ. Жыл бойы айтыстан көрінбесем, ол өзімнің шаруаларыма, уақытымның болмағанына байланысты. Қызылордада өткен республикалық айтысқа Жүрсін ағам шақырған. Бірақ Алматыда өзімнің шығармашылық кешімді өткізетін болғандықтан реті келмеді. Одан бұрын да бір-екі айтысқа уақыт таппағаным бар. Ал кейінгі айтыстарға шықпаған себебім, айтыс «Нұр Отанның» қарамағына өткелі партияның айтысына менің қатыспайтыным белгілі. Бірақ, обалы не керек, Бекболат аға: «Егер қатысамын десең, тізімге қосайық» деп айтқан. Ол кісіге рахметімді айттым. Әйткенмен батыстан айтысқа шығып жүрген мен ғана емес қой: Маңғыстауда – Нұрлан Мұсаев, Атырауда – Сағадат Нұрманов, Ақтөбеде – Аян Сейітов, Қайнар Алагөзов, Оралда Жансая Мусина бар. Батыс Қазақстанның 4 облысынан бірде-бір ақынның сахнадан көрінбеуі көңіліңе келе ме, келмей ме? Өзім жанкүйер болып залда отырдым. Мені танитын айтыс жанкүйерлерінің біразы: «Батыстан неге ешкім шықпаған?», – деп менен келіп сұрады. Не дерімді білмедім... Осындай жайлардың орын алғаны көңілге келеді әрине.
–  Айтыстағы, ұйымдастырылуындағы, өткізілуіндегі соңғы өзгерістер сіздің көңіліңізге қона ма?
–  Бір сарынды айтыстан гөрі, ара-тұра жаңалық болып тұрғаны жақсы ғой. Бірақ күні кеше Астанада өткен айтыста өздерінше жаңалық жасағысы келіп, жарты сағат сөз қағыстырған ақындарға іле-шала тақырып беріп, қайта жарыстыру қаншалықты көңілге қонымды екенін ұға алмадым. Бір сағат бойы екі ақынды тыңдаудан қалай десек те халық жалығады. Сосын осы айтыстың бел ортасына «Құлмамбет айтысын» енгізіпті. «Құлмамбет айтыс» үлкен аудиторияға алып шығатын айтыс емес, меніңше. Бұл жиын-тойда күтпеген жерден үш-төрт ақынның басы қосылса, елдің көңілін көтеру мақсатында бір-біріне әзіл-қалжың айтып, сөз қағыстыратын айтыс. Ал кешегіндей айтыста 4-5 ақын сахнада саясаттан басқа не айтады? Біз «Құлмамбет айтыстың» табиғатын бұзып алғандаймыз. Астанадағы айтысқа бардым, өзгерістерді көрдім. Көрдім де, өзімше ой түйіп қайттым. Түйген ойым келесі айтысыма керек болады-ау деп ойламаймын, бірақ. Енді айтысқа шығу, шықпауым неғайбыл.
–  Не себепті? Айтысты «Нұр Отан» қолға алғандықтан ба?
–  «Нұр Отанның» айтысына қатыспайтыным, қатыстырмайтыны белгілі ғой. Өзімнің көңілім қаламаған айтысқа шыққым да келмейді. Әріптестеріме тілеулес болып, «Сенің жырың мінбеге шыққан күні, Мен үйімде шаттықтан жылап жаттым» деп Шаханов айтқан, солардың жеңісіне ортақтасып, жеңілсе жанына жылы сөз айтуға жарасам да жетіп жатыр мен үшін. Ал Жүрсін Ерман айтыс ұйымдастырып, «келіп қатысып қайт» десе, бас тартпас едім.
–  Сіз бұған дейін де «Айтпайын десең айтқызады» деген мақала жазып, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Астанада өткен халықаралық ақындар айтысының да ұйымдастырылуын, өткізілуін сынағансыз.  Айтыскерлердің арасындағы бірден-бір «оппозиционер» болып көрінесіз... 
–  Айтыстың «кухнясын» бір кісідей білетіндіктен сынаймын. Айтқан сыным алдымнан шығып, жолымды кес-кестеген кезі де болды. Қазаққа жағу қиын ғой өзі. Асқар Сүлейменов айтпақшы, «Қазақ болу қиын әрі қызық». Айтыстың ұйымдастырылуын сынап мақала жазсам, ол өзімнің атымды шығару үшін, пиар үшін емес. Айтысты кім ұйымдастырса да, әділ өткізсін. Қазір «Нұр Отан» партиясы айтысты қолға алып, өткізіп те жатыр ғой. Партия қолға алды деген сөз – айтыс биліктің қолжаулығы болды деген сөз. «Нұр Отанның» айтысты эфирден қыспай-ақ, басқа ісіне араласпай-ақ қолдауына болар еді. Билік айтысқа тиым салмаса, қағажу көрсетпесе, айтысқа демеуші боламын деген адам табылмайды емес. Айтыс жасағысы келетін адам жетіп артылады қазір. Мен осының бәрін күйінгендіктен айтамын. Жалпы айтыспен ойнаған адамның ешқайсысы оңған жоқ, оңбайды да деп ойлаймын. Өнердің, өлеңнің киесі ұрады. Айтысты ашып-жауып, білгенін істеген Қанат Саудабаев қайда қазір, мысалы?.. Айтысты эфирге жібермей, жолын кескен сол еді ғой... Осыдан-ақ көп жайт түсінікті деп ойлаймын. Әйтпесе айтыстың ұйымдастырылуын, өткізілуін сынау маған жақсы атақ әпермейді.
–  Сіздің есіміңіз аталса болды: «Ақиқатты айтамын деп, таяқталып қалған ақын» деген бір тіркес қоса айтылатын болды.  «Бауыржан Халиолла айтыста билікке сын айтамын деп, соққыға жығылыпты. Ойбай, пышаққа түсіпті» деген әңгімелер бір кездері елдің аузында жүрді. Артынан «мұндай оқиға болмаған екен» деген де сөз тарады. Сізге сұхбатқа келіп тұрып, осыдан біраз уақыт бұрынғы болса да, осы бір дақпырты көп әңгіменің ақиқатын білмей кету әбестік шығар...
–  Мен бұл сұраққа жауап бермеймін... Өйткені жауап беретін адамдарға, тиісті құзырлы орындарға жауап бердім кезінде. Бір айтарым бұл оқиғаға, бұл ойынға мен араласпадым. Бұл істі бастаған адамдар артынан «мұндай оқиға болған жоқ» деген ресми жауапты да өздері таратты.

Өзімді  айтыс ақыны деп санамаймын

 

–  Жүрсін Ерманның сізді «34 жасқа дейін қақтығыс пен соқтығыстарға, төбелеске толы өмірбаянын қалыптастырып үлгерген ақын» дейтіні бар. Қандай қақтығыс-соқтығыстар ол сонда?
–  Көз алдында жүрген соң айтқаны ғой. Тентектеу мінезім бар. Ақылға емес, ашуға салынып кететін кездерім көп. Сондай сәттерді айтқан шығар...
–  «Ақындық қиқар мінезіне бола Бауыржан Халиолла қалыпты адамдарша белгілі бір мекемеде жұмыс істемейді. Мемлекеттік мекемеде қызмет етуіне мінезі кедергі» деген әңгімені сізге сұхбатқа келерден бұрын көп естідім. Шынымен де солай ма?
–  Бұл рас енді. Мені жақсы білетін адамдар болмаса, көп адаммен сыйыса алмаймын.  Мінезімнің нашар екенін біраз адам бетіме де айтты. Өзімді тәрбиелеп те көрдім. Бірақ әу бастағы болмысыңнан аса алмайды екенсің. Үкіметтің жұмысында университет бітіргеннен кейін аз уақыт істегенім болмаса, одан кейін тұрақты  бір мекемеде жұмыс жасаған емеспін.
–  Бұған дейін сізді айтыс асырап келді ме сонда? Әлде асаба болып тойға шығасыз ба?
–  Баспахана деуге келмес, дегенмен өзімнің шағын баспам бар. Тапсырыспен кітаптар, буклеттер, брошюралар жасап, қалт-құлт етіп жүріп жатқан жайымыз бар. Шынымды айтсам, мен өзімді айтыс ақыны деп санамаймын. Айтыскерліктен гөрі жазба поэзияға көңілім көбірек ауады. Қатты қиналған кездерде «не алсам да» деп, айтысқа қатысқан кезім болды. Материалдық жағдайға мұқтаж кезімде домбыра ұстап, айтысқа шығып кеттім. Асаба болғым-ақ, ақша тапқым-ақ келеді. Бірақ қолымнан келмейді. Алғаш және соңғы рет асаба болған бір той есіме түссе, әлі күнге ұяламын. 2005 жылы Қайрат Сатыбалды бастап, Мұхаметжан Тазабековтердің ықпалымен біраз ақын кіші қажылыққа бардық. Өз басым Меккеге иегіме сақал жапсырып, қажы болып қайтайын, тақуа болып оралайын деген мақсатпен барған жоқпын. Өйткені оған дайын емес едім. Қажылыққа таудан биік, теңізден терең күнәларым үшін кешірім сұрауға бардым. Содан қажылықтан келген бойда дін жолындағы мұсылман бауырымыз: «Қажылыққа барып, біраз адамның әңгімесін тыңдап келдің ғой. Тойымда сенің асаба болғаныңды аттай қалап отырмын» деп болмады. Мен шырылдап, қолымнан келмейтін іс екенін айтсам да, көнер емес. Халал той болғандықтан ерлер мен әйелдер бөлек отырады екен. Музыка, би болған жоқ. Дана, ақылгөй адамдардың ізгілікті сөздерін айтып, өлеңдерін оқып отырысты басқарып беруім керек екен. Қолымнан келмейді десем де, әлгі кісі табандап отырып, қолыма әжептәуір ақша ұстатты. Бірақ содан кейін асабалыққа жолаған емеспін.  Ал «келінімнің бетін ашып бер, тойымда арнау айтып бер» деп хабарласқан кісілердің бетін қайтарған емеспін. Әсіресе Ақтөбе, Ақтау, Атырау өңірлеріне мені жиі шақырады. Қонаевтың айтысынан кейін Ақтау мен Атырау жаққа қатты «авторитет» болып кеттім. Ал өзіміздің Оралда менің тойға шықпайтынымды бәрі біледі, сондықтан шақыртулар түсе қоймайды.
–  Сізді айтысқа ащы судан сілтеп шығады дейді. Осы рас па?
–  Адасып жүрген кезімде ащы су ұрттап сахнаға шығып кеткен кездерім болған шығар. Бірақ үнемі ұрттап шығады дегенге келіспеймін. Сахна киелі нәрсе, өйткені. Егер дәл осы кемшілікті басқалардан да іздесек, айтыскерлердің біразының арты ашылып қалады.

«Барсың ба, тірісің бе?» деп сұраған адамнан қисап жоқ
 

–  Осы уақытқа дейін «Жұмбақ қыздың жанары», «Нәзік бұлт көшіп барады», «Жұлдыз жауған жарық түн» атты үш бірдей жыр жинағыңыз жарық көріпті. Бірақ неге екенін ағалар тарапынан немесе әдебиеттегі сыншылардың аузынан сіздің шығармашылығыңыз туралы пікір естімейміз. Үш кітап жазған ақынның есімі неге жастар поэзиясы өкілдерінің аты аталғанда, солардың қатарында айтылмайды сіздіңше?
–  Ілікпейтін себебі, бар жазығым айтыс ақыны болғандығымда деп ойлаймын. Жазба ақындардың айтыс ақындарына реніші, қызғанышы бар. Біздің бір айтыста бір көлік мініп кететінімізді көбісі көре алмайды. Бұл – бір.  Екіншіден, мүмкін өлеңдерім нашар шығар. Ауызға ілікпейтіні содан болуы мүмкін.
–  Үш кітабыңыз өз қаржыңызға шықты ма, әлде мемлекеттік тапсырысқа ілінген кезі болды ма?
–  Иманғали Тасмағамбетов премьер-министр болып тұрғанда жүз жас ақын-жазушының кітабын мемлекеттік тапсырыспен шығарды. Одан хабарсыз жүр едім, Жанарбек Әшімжан досым сол тізімге қостырып жіберді. Сөйтіп алғашқы жинағым «Жұмбақ қыздың жанары» мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. Соңғы екі кітабымды тапқан-таянғанымды жиып, өз қаржыма шығардым. «Жұлдыз жауған жарық түн» атты соңғы жинағым өзіме аса ұнаған жоқ. Баспахананың сапасы да көңіліме онша қонбады, кітапта грамматикалық қателер де кетіпті. Бұл кітапты шығаруыма басты себеп: екі жыл бұрынғы Д.Қонаевтың жүз жылдығына арналған айтыстан кейін мен туралы дақпырт әңгімелер көбейіп кетті. Өзіме тікелей хабарласып: «Барсың ба, тірісің бе?» деп сұраған адамнан қисап жоқ. «Жазба поэзияда да өзіңді байқатып жүргеніңді білеміз. Кітабыңды жарыққа шығарсаңшы?» деп өтініш айтқан жандар да өте көп болды. Үшінші кітапты шығарудағы мақсатым – «Бауыржанды атып кетіпті, шауып кетіпті» деген әңгімелерге нүкте қою. Әрі бар екенімді, тірі екенімді білдіріп, халықтың алдында кеш өткізіп, есеп те бердім.

«Есенқұлды Бауыржан өлтірді» деп гуілдетіп жіберуі де мүмкін еді...
 

–  Өлеңдеріңізде Алматыны аңсайсыз, Алатаудың бөктерін сағынасыз. Бірақ ақын-жазушылардың ордасы Алматы мен Астанадан жырақтасыз. Сіз жүрген жақта, Оралда әдеби орта бар ма?
Алматыда әдемі естеліктерім қалған. Алматыны қатты сағынам. Адамдарын емес бірақ, табиғатын ғана. Сағынатын санаулы адамдарым ғана бар. Алматыда 2-3 күннен артық тұра алмаймын. Ал Астана маған ұнамайды. Тас қала болып көрінеді. Суық. Оралда әдеби орта жоқ деп айта алмаймын. Ақұштап апамыз бар, Жанғали Набиуллин, Ғайса-Ғали Сейтақ, Қазыбек Құттымұратұлы сынды тамаша ақындар бар. Олардың соңынан ерген ақын жігіттер қаншама?! Бірақ, неге екенін мен олардың ешбіріне қосылмайды екенмін. Өзіммен өзім, саяқ жүргенді ұнатамын.
–  Алматыдағы әдеби орта мен елдегі әдеби ортаның қайсысы таза сіздіңше?
–  Әрине, елдегі әдеби орта. Семейдегі Тыныштықбек Әбдікәкім, Қарағандыда Серік Ақсұңқарұлы, Шымкентте Бақытжан Алдияр, Ақтөбеде Бауыржан Бабажанұлы сияқты шайырлар Алматыдағы ақын-жазушылардың ырду-дырдуынан ада. Күні кеше өмірден өткен өзімнің ұстазым Есенқұл Жақыпбек те тазалығын сақтап қалған кісі. Шынайы,  өзінің таза қалпында жүрген адам еді.
–  Ұстазыңыз Есенқұл Жақыпбек туралы айтып қалдыңыз. Алматыға келгеніңізде іздейтін бірден-бір адамыңыз сол кісі еді-ау...
–  Иә... Есағам қайтыс болардан бұрын Сарыағашта біраз күн емделіп, Шымкенттен пойызға отырып, Алматыға тарттым. Пойызға мінер кезде Есағама хабарласып: «Ауылдасыз ба? Мен Алматыға бара жатырмын. Ертең жолығысып әңгімелесейікші» дегем. 15-қараша күні Қаламқас Орашеваның шығармашылық кешінде екеуміз сахнаның екі жағынан шығып, өлең оқымақшы да болғанбыз. Телефон соққанымда Есағам ертең өзін «Айтылмаған әңгімеге» шақырғанын, күні бойы түсірілімде болатынын, оның үстіне жеңгеміздің туған күні екенін айтты. Қат-қабат шаруалардан босай алмасын білсем де, күні ертең ол кісіні үзіліп кетеді деп кім ойлаған?! Әңгіменің соңы мен «Айтылмаған әңгімеде» ол кісіге арнаған өлеңімді оқып беретін болып, түсірілімнен шыққасын екеуміз Алматыны аралап, қыдыратын болып келістік. Бірақ ертесіне белгілі бір себептермен түсірілімге бара алмай қалдым. Қазір  неге сол күні «Айтылмаған әңгімеге» бармадым, Есағаммен неге ақырғы рет кездесіп қалмадым деп өкінемін. Бірақ кездеспегеніміз де дұрыс болды ма деп ойлаймын кейде. Өйткені түсірілім біткесін біздің бір жерге барып, әңгіме айтып, кеңірек отыратынымыз анық еді. Есағам сол хабардан кейін сегіз сағаттан кейін үзілді. Егер ол кісі менің қасымда қайтыс болған болса, біздің қазақты білесің ғой... «Есенқұлды Бауыржан Халиолла өлтірді» деп гуілдетіп жіберуі де мүмкін еді... Сондай әңгімеден бір періште қаққан шығар, бәлкім.
–  Прозадан Тынымбай Нұрмағамбетов пен Нұрғали Оразды жиі оқиды екенсіз. Ал ақындардан кімдерді жиі парақтайсыз?
–  Жазушылардан аты аталған ағаларымыздан бөлек, Әкім Тарази мен Роза Мұқанованы, Төлен Әбдіковты сүйіп оқимын. Поэзиядан Тыныштықбектің «Ақшам хаттарын» жиі оқимын, бірақ кейінгі жазғандарын қабылдай алмаймын. Әлде түсінуге менің өрем жетпей ме, білмеймін. Есенғали Раушанның өлеңдерін ұнатамын. Есенғали ағамыз мен мектепті аяқтап, арман арқалап Алматыға келгенімде топтама өлеңдерімді оқып, «Шынымен мынау өз өлеңің бе, үлкен адамның жазғаны сияқты өлеңдерің» деп алғашқыда маған сеніңкіремеген. Өзімдікі дегесін, риза болып «Жалын журналына» топтамамды бергізді. Есенғали ағамның өлеңдерін қатты сыйлаймын. Ақындардың өлеңін ғана оқып, өзіне жақындамау керек. Бауыржан Бабажанұлы, Бақытжан Алдияр, Жанарбек Әшімжан, Жанат Әскербекқызы, Танакөз Ілиясовалардың өлеңдерін жиі парақтаймын. Өзімнің замандастарымның, жастардың «Тыныштықбекшілеп» күшеніп жазғандары ұнамайды.
–  Қазір неге екенін ақын мен әкім ұғымдары қосақталып жүретін болды. Жағдайы болмай жүрген шығармашылық адамы болса,  ең алдымен сол өңірдің атқамінер ағаларына сын айтып жатамыз. Сіздің өңірде ақындарды, жалпы шығармашылық адамдарын азаматым деп сыйлай ма?!
–  Сыйлайды деуге болады. Өзім сарай ақындары құсап, оларды мақтап, арнау айтқан емеспін. Қазіргі әкіміміз Нұрлан Ноғаев жас жігіт қой. Хабарласып, хал-жағдай сұрасып тұрады.

Адам қиындықтан жынданып кететін болса, жынданатын жанның бірі мен едім...
 

–  Жеке өміріңізге байланысты да сұрақтар қояйын. Жарыңыз ақындықты, жалпы шығармашылықты түсіне ме?
–  Әйелімнің мамандығы – филолог. Шығармашылықты бір кісідей түсінеді. Кейде мен оны аяймын. Менімен өмір сүріп, менің мінезімді көтеріп жүргенінің өзі ерлік оның.
–  «Егер менен  өкінішіңіз не деп сұрар болса, анамды бақытты ете алмағаным» деген екенсіз...
– Мен әжемнің бауырында өстім. Әкем мен шешемді мойындамаған баламын. Анамның қадірін ол кісі дүниеден өтіп кеткен соң барып білдім. 1990 жылы әжем қайтыс болды да, мені қалаға, интернатқа берді. Содан кішкене тасбауыр, жатбауыр болып өстім. 1997 жылдан 2001 жылға дейін Алматыда оқыдым. Мен анама еркелеп те, жақсылық жасап та үлгере алмаған адаммын. Үнемі далада жүрдім. Әкем 1987 жылы қайтыс болды. Ол кісінің бейнесі еміс-еміс қана есімде. Адам қиындықтан жынданып кететін болса, жынданатын жанның бірі мен едім. Өйткені әжем мен әкем бірінің артынан бірі кетті. Анам қайтыс болды. Ол кісінің соңынан әкемнің інісі о дүниелік болды. Қайғы-қасірет біздің әулетті шыр айналдырды бір кездері. Менің ерте есеюіме осы жағдайлар әсер етті. Қу жетімек деген сөзді естігенде, қандай күйде болғаным әлі күнге көз алдымда. Мектепте анкета толтыру үшін әке-шешеңнің қайда істейтінін сұрап жатады ғой. Сондай кездерде ақырын сұранып, сыртқа шығып кететінмін. Әкем жоқ деп айту маған өте қиын еді. Сыртқа шығып жылап-жылап алып, сыныпқа кіретінмін.  Шешемнің бізді бағып-қағу үшін көрмегені жоқ. Қалаға келіп үй жалдап, балық сатқан кезі де болды. Ала дорба асынып, базарда пакет те сатты. 1995-1997 жылдары қатықсыз қара шәй ішіп, нанға зар болып қалдық. Жоқшылық жұтатып жіберді. Өксіп жылайтынмын. Баламын, қолымнан жылаудан басқа ештеңе келмейтін. Сол қиыншылықтың бәрін жалғыз өзі көтерген анама ескерткіш қойса да артық емес. Анамдай қайсар адамды мен көргенім жоқ. Қиындық мені ерте есейтті. Сондықтан да айтысқа шыққанда бірінші кезекте қарапайым халықтың мұң-зарын айтуға тырыстым.

Сұхбаттасқан –  Қарлыға ИБРАГИМОВА.
"Халық сөзі" газеті
0 пікір