Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4356 0 пікір 27 Желтоқсан, 2013 сағат 07:35

Қазақ зиялыларына тән ортақ қасірет – ақыл айтуға құмарлық

Астанада өткен алқалы жиында бір академик ағамыз мынадай ой айтыпты.

  «...Әр халықтың екі тарихы болады. Бірі – мамандандырылған, типтендірілген мифологиялық тарих; екіншісі – реальдық шынайы тарих. Біздер тәуелсіздік алғаннан кейін мифологиялық тарихқа ұрынып кеттік...»

  Шамасы, бұл ол кісінің соңғы кезде жиі көтеріліп жүрген Қазақ Елінің тарихын жаңа көзқарас тұрғысында қайта қарау мәселесіне байланысты білдірген пікірі сияқты. Меніңше, түпкі мақсат айтпаса да түсінікті!..

  Дұрыс айтасыз, тарих пен тарихи оқиғаға қатысты әр түрлі көзқарастар мен пікірлер болуы мүмкін. Бірақ шындық – біреу ғана!.. Және ол біз қалай жасырып-жапсақ та, ертелі-кеш бәрібір жарыққа шығады. Тарих та солай!..

Астанада өткен алқалы жиында бір академик ағамыз мынадай ой айтыпты.

  «...Әр халықтың екі тарихы болады. Бірі – мамандандырылған, типтендірілген мифологиялық тарих; екіншісі – реальдық шынайы тарих. Біздер тәуелсіздік алғаннан кейін мифологиялық тарихқа ұрынып кеттік...»

  Шамасы, бұл ол кісінің соңғы кезде жиі көтеріліп жүрген Қазақ Елінің тарихын жаңа көзқарас тұрғысында қайта қарау мәселесіне байланысты білдірген пікірі сияқты. Меніңше, түпкі мақсат айтпаса да түсінікті!..

  Дұрыс айтасыз, тарих пен тарихи оқиғаға қатысты әр түрлі көзқарастар мен пікірлер болуы мүмкін. Бірақ шындық – біреу ғана!.. Және ол біз қалай жасырып-жапсақ та, ертелі-кеш бәрібір жарыққа шығады. Тарих та солай!..

  Әрі қарай ағамыз өз ойын былай түйіндейді: «...Біз дала ұлты болып, дала халқы болып қалыптасқанбыз. Еуропалықтар келді де неше түрлі нәрсе әкелді. Иммунитет жоқ бізде... Солар әкелген «аурудың» бәрі бізге жұқты. Енді не істеу керек?! Дала мен қаланы жақындату керек. Өйткені, далада жүрген қазақ үлкен саясаттан, үлкен өндірістен, үлкен мәдениеттен, үлкен сауда-саттықтан тыс қалады. Себебі, осының бәрі қалада жасалады. Сонда қазақ далада жүріп бәрінен тыс қалу керек пе?! Неге қазақ қалаға келіп мәдениетті, өндірісті меңгермейді?! Бізде үлкен-кіші 20 қала бар. 20 қалада 75-80 пайыз қазақ тұрса, қазақ тілі мәселесі өзінен-өзі шешілер еді. Қазақ қалалық ұлт болып қалыптаспайынша, біз оңбаймыз. Менің қазақ ақындарына жыным келеді. «Ауылды сағындым, ауылды сағындым» деп сарнай береді. Ал өзі онда тұрмай, бейшара қазақты ауылға байлап қойғысы келеді. «Алтын бесігіміз» деп қашанғы жата береміз, кіндікті кесу керек ауылдан!..»

  Сөз-ақ!.. Жалпы, бәрі дұрыс... Бірақ, қалай?! Барлық кілтипан сол «бірақтан» басталады!..

  Урбанизация – біздің еркімізден тыс жүріп жатқан қоғамдық процесс. Және ол Қазақ елі тәуелсіздік алған соңғы 20 жылда ерекше қарқынмен дами бастады. Бұның бірнеше объективті және субъективті себептері бар. Атап айтар болсақ, жұмыссыздық, күн көріс қамы. Күні кеше ғана қаншама қазақ жан бағып, нәпақа тауып отырған ауыл шаруашылығы өндірісінің күйзеліске ұшырап, жұмыссыз қалған жастар жаппай қалаға ағылды. Нарық үрдісі тудырған жабайы сауда-саттық, қаптаған базарлар мен қалалық жерлерде қарқынды дами бастаған құрылыс саласы, тағысын тағылар...

  Осыдан 20-30 жыл бұрын жөн сұрайтын адам таппай қиналатын кешегі Алматы мен бүгінгі Астананың қазақ қаласы болуы соның арқасы.

  Алайда, сол қазақтың бәрі қалалық болды ма, мәселе сонда.

  «...Неге қазақ қалаға келмейді?..» - дейсіз... Неге келмейді, келіп жатыр. Келгенде қандай! Тек тұрақтап қала ала ма?! Бұл – басқа мәселе.

  Айтыңызшы, қалада оны кім күтіп отыр?!

  «...Қазақ қалалық ұлт болып қалыптаспайынша, біз оңбаймыз!..» - депсіз. Жөн-ақ!..

  Жаңылмасам, кешегі кеңес дәуіріндегі статистикалық мәлімет бойынша, Қазақстан халқының шамамен 47 пайызы ауылды жерде тұрады дейтін дерек болатын. Қазіргі санақ бойынша – 43 пайыз. Демек, 20-25 жыл ішіндегі қол жеткізген жетістігіміз – 4-ақ пайыз. Аз ба, көп пе, шамалай беріңіз. Осы қарқынмен «қалалық» болсақ, сіз айтқан межеге жету үшін (75-80 пайызға) әлі қанша жыл керек?  Яғни, жоғарыда атап өткен Алматы мен Астанамызға «қазақи келбет» берген қара халық – «сайда саны, құмда ізі жоқ» уақытша қазақтар. Не үйі, не күйі жоқ жанкештілер. Не есепте, не санатта жоқ құқықсыз жандар. Сонда да олар тырысып жүр... «Қалалық» болудан үміт үзбейді.

  Баяғыда бір байдың баласы «Бұның бәрі сүркүріш жемей неге аштан өліп жатыр?» деген екен. Сіздің сөзіңіз еріксіз соны есіме түсірді.

  Бұдан шығатын қорытынды, егер, шынымен қазақты қалалық қылғымыз келсе немесе қалалармыз қазақи болсын десек, оған мемлекеттік камқорлық қажет. Сонда өзіңіз айтқандай, бар мәселе өзінен-өзі шешіледі.

  Ойыңызды: «...Менің қазақ ақындарына жыным келеді. «Ауылды сағындым, ауылды сағындым» деп сарнай береді. Ал өздері онда тұрмай, бейшара қазақты ауылда байлап қойғысы келеді. «Алтын бесігіміз» деп қашанға жата береміз, кіндікті кесу керек ауылдан!» - деп аяқтайсыз.

  Рахмет!

  Мен – сол сіздің жыныңыз келетін қазақ ақындарының бірімін. Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесімін. Құдай қаласа, бір-екі айда 53-ке келемін. Сол азды-көпті 53 жыл ғұмырымның жартысына жуығы, дәлірек айтсам 20 жылы пәтер жалдап, кісі есігінде жүрумен өтті.

  Ұл ержетті, қыз бойжетті. Енді сол мен көрген азап пен қорлықты солар тарта ма деп қорқамын. Сенімсіз тірлік, үмітсіз өмір. Ал сіз «қалалық» бол дейсіз!

  Біз бас құрап, шаңырақ көтерген кезде «Қайта құру» басталды. Оның аяғы социализмнен капитализмге кейін шегінген қоғамдық өзгеріске ұласты. Нарық келді. «Жарлы байға, бай Құдайға жетсем» деген қайырсыз заман туды...

  «Көппен көрген – ұлы той», өтер-кетер деген үмітпен жанталасып жүргенде 20 жыл да өте шықты. Енді ес жиып, алды-артыма қарасам, өткен – өтірік, болашақ – күмәнді... Бұдан өткен мазақ, бұдан асқан азап болмас!..

  Әлемдегі әлеуетті елу елдің қатарына қосылдық, Құдай жазса күні ертең көшбасшы боламыз дейміз. Лайым, айтқаны келсін!. Тек, кім?! Қазақ па, басқа ма?!

  Қазақстан Жазушылар Одағында 700-ге жетер-жетпес ақын-жазушы бар. Ал олардың елуден асқанша тап мен сияқты үйсіз-күйсіз жүргені, тіпті, саусақпен санарлық. Бәлкім, мүлде жоқ та шығар!..

  17 миллион қазақстандыққа 700 жазушы аз ба, көп пе? Айта алмаймын.

  Анық білетінім, өз ақынын 53-ке келгенше кісі есігіне телміртіп қойған елдің ертеңінен не қайыр, келешегінен не үміт?! «Ел ерге, ер жерге қарайды» деген – осы.

  Осы арада кешегі экс-министр, бүгінгі қашқын, әлемге аты-шулы алаяқ Мұхтар Әбілазов туралы айтылған әртүрлі деректер еріксіз ойға оралады. Ұмытпасам, ұрлаған ақшасы, тыққан мүлкі мен «ұшақ-тышақтарын» есепке алмағанның өзінде, бір басында 800-ден астам пәтері болыпты.

  Сол пәтерлерді бізге берсе, қанша қазақ «қалалық» болар еді. Тіпті, тегін бермей-ақ қойсын. Ақысына. Тым болмаса, түбі сатып алу құқығы қарастырылған, ақылға қонымды жалақыға. Әйтпесе, біз сияқты адамдардың бүгінгі несие тәртібімен бұл өмірде баспаналы болуы мүмкін емес.

  Жақында жолдасым екеуміз елден келіп, сауда-саттықпен айналысып жүрген бір танысымызға жолығу үшін Астанадағы «Шанхай» базарына бардық. Әйеліме: «Өзің барып сөйлесе бер. Мен осында күтем» - деп, аялдамада қалдым. Жұмысымыз ауысып Астанаға қоныс аударған алты-жеті ай ішінде екі-үш пәтер ауыстырып, хабарландыру оқу әдет боп қалған ба, жарнамаларға қалай назар аударғанымды өзім де байқамай қалдым. Пәтер іздеген бір хабарландырудың астына былай деп жазыпты. «Үйің бар ма, жайың бар ма? Астанада шешеңнің ... бар ма?!»

  Төбемнен суық су құйғандай болды. Не күлерімді, не жыларымды білмеймін... Тура маған айтқандай!..

  Сол сезім ақыры өлең боп өрілді...

 

       *   *   *

                                         «...Үйің бар ма, жайың бар ма?..

                                           Астанада шешеңнің ... бар ма?!»

 

                                                      (Аялдамадағы жазу)

 

Қала барсақ бірдеңе шыға ма деп,

Бізге де бір ырыс-құт жұға ма деп,

Ит байласа тұрғысыз Астанада

Қанша қазақ қаңғып жүр дуана боп!..

 

Дер кезінде жанатын жалын шашып,

Дер кезінде соғатын дауылдатып,

Бір інім жүр мұз күреп, қоқыс теріп –

Бір қызым жүр көшеде арын сатып!..

 

Әлдилеген әркімнің арманы бар,

Дер шағында қол бастап, орда бұзар,

Бір ағам жүр әркімге қолын жайып –

«Қашан тояр екен, - деп, - жалмауыздар?!.»

 

Амал қанша Алланың жазғанына,

Адасқандар өмірде аз ба мына?..

Қарап тұрып қан жұтам, сорлы елімнің –

Озғаны ма бұл, әлде, тозғаны ма?!

  Р. S.

 Соңғы сөз. Жоғарыда аталған жиынның негізгі тақырыбы – «Ұлттық интеллигенцияның жалпы қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі».

  Пленумда сөз сөйлеген тағы бір танымал ағамыз осы орайдағы ойларын ортаға сала отырып, марқұм Әнуар Әлімжановтың «Қазақ ұлтшылдықтан да, рушылдықтан да өлмейді. Мен қазақ болашақта екіге бөлініп кете ме деп қорқамын. Ол – қала мен дала балалары» деген сөзін тілге тиек етсе, Сіз өз пікіріңізді «Алтын бесігіміз» деп қашанғы жата береміз, кіндікті кесу керек ауылдан!..» деген ұсыныспен түйіндепсіз... Міне, осылай барлық мәселені бір-ақ күнде шешкіңіз келеді.

  Онда маған мынаны айтыңызшы, ауылдан кіндігі кесілген қазақтың Қазақ боп қалатынына сенімдісіз бе?! Тек сіз бұдан қорықпаңыз... Ғалымдардың айтуынша, қалалық болу үшін ең кемі екі-үш ұрпақ ауысу керек екен. Демек, Сізге оның ешқандай қатыс-түйісі жоқ. Түбі дегенім ғой. Немере, шөберелеріңіз болмса...

  Ал Әлімжанов айтқан күдіктің бүгінде шындыққа айналғаны күмәнсіз. Әйтпесе, Тұрсын ағамыз бұл сөзді тектен-тек еске алмайды.

  Өкінішке қарай, қазіргі қазақ зиялыларына тән ортақ қасірет – ақыл айтуға құмарлық. «Кім кінәлі?» деген сұрақты көтереді де, «Не істеу керек?» деген сауалға келгенде жұмған аузын ашпайды. Бастан жақ та ажырайды. Ақыры айтқан екенсің, ашыла айт. Болмаса... жармақ бақыт, жалған махаббат, жартыкеш шындықтың ешкімге қажеті жоқ!

Тұрмағанбет Кенжебаев.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.

Abai.kz      

0 пікір