Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5846 0 пікір 26 Желтоқсан, 2013 сағат 05:42

Қуандық Шамахайұлы. Моңғолиядағы қазақ әдебиеті

Белгілі бір халықтың бірлігі мен тұтастығын айқындайтын маңызды әрі басты фактор ретінде оның тілі мен мәдениетін ерекше атап көрсетуге болады. Ал, тіл мен мәдениеттің негізгі саласы көркем әдебиет екендігі еш дау тудырмаса керек. Олай болса, Монғолиядағы қазақ әдебиетінің пайда болып, дамуын заңдылық ретінде қарастырған абзал.

Монғолиядағы қазақтың саны екі жүз мыңға жетпесе де олар өз мәдениетін сақтап, төл әдебиетін дамытты. Бұл тұрғыдан келгенде, Ресей аумағында өмір сүрген миллионнан астам қазақ диаспорасынан оқ бойы озық тұр. Мұның өзі айналып келгенде, әдеби үдеріске қозғау салу, рухани құндылық дүниелерін жасау санда емес,  сапада екендігінің айғағы іспетті.  

Мейлі, социалист реализм болсын, компартия идеологиясының сойылын соқты делінсе де онда қазақ диаспорасының белгілі бір дәуірдегі ел тарихы мен мәдени өмір көріністері сақталғаны анық.

Монғолиядағы қазақ әдебиеті де халық ауыз әдебиетінен нәр алды, кейін жазба түріне ауысып, сөз өнерінің іргелі саласына айналып, дамыды, қалыптасты. Ондағы қазақ әдебиетінің түрлі жанрлар бойынша қанат жайып дамуына өздері өмір сүрген рухани ортасы Монғолия әдебиеті де, мәдени байланысы тығыз сабақтасқан Қазақстандағы ұлттық төл әдебиет те оң ықпал еткен елеулі фактор болып келді. Қай тұрғыдан келсек те, оны біртұтас қазақ әдебиетінен бөліп қарауға еш негіз жоқ.

Белгілі бір халықтың бірлігі мен тұтастығын айқындайтын маңызды әрі басты фактор ретінде оның тілі мен мәдениетін ерекше атап көрсетуге болады. Ал, тіл мен мәдениеттің негізгі саласы көркем әдебиет екендігі еш дау тудырмаса керек. Олай болса, Монғолиядағы қазақ әдебиетінің пайда болып, дамуын заңдылық ретінде қарастырған абзал.

Монғолиядағы қазақтың саны екі жүз мыңға жетпесе де олар өз мәдениетін сақтап, төл әдебиетін дамытты. Бұл тұрғыдан келгенде, Ресей аумағында өмір сүрген миллионнан астам қазақ диаспорасынан оқ бойы озық тұр. Мұның өзі айналып келгенде, әдеби үдеріске қозғау салу, рухани құндылық дүниелерін жасау санда емес,  сапада екендігінің айғағы іспетті.  

Мейлі, социалист реализм болсын, компартия идеологиясының сойылын соқты делінсе де онда қазақ диаспорасының белгілі бір дәуірдегі ел тарихы мен мәдени өмір көріністері сақталғаны анық.

Монғолиядағы қазақ әдебиеті де халық ауыз әдебиетінен нәр алды, кейін жазба түріне ауысып, сөз өнерінің іргелі саласына айналып, дамыды, қалыптасты. Ондағы қазақ әдебиетінің түрлі жанрлар бойынша қанат жайып дамуына өздері өмір сүрген рухани ортасы Монғолия әдебиеті де, мәдени байланысы тығыз сабақтасқан Қазақстандағы ұлттық төл әдебиет те оң ықпал еткен елеулі фактор болып келді. Қай тұрғыдан келсек те, оны біртұтас қазақ әдебиетінен бөліп қарауға еш негіз жоқ.

Алтай тауының күнгейі мен теріскейін алма кезек мекен етіп жүрген қазақ ішіндегі онекі ата Абақ Керей мен Уақ, Найман руынан тарайтын қандастарымыз 1867 жылдан бастап, Монғол елінің батыс өңіріне тұрақтай бастаған.  Осылайша, көшіп-қонып жүргенде ауызша тараған өлең, жырларын жазбаға, жазбашаны кітап етіп бастыруға көшті. Осының өзі әдеби процестің даму заңдылығы аясындағы шынайы құбылыс болып танылады.  

Жазба әдебиеттің көшбасшысы Ақыт қажы Үлімжіұлы Алтай тауының қос өңірін кезек мекендеген Шыңжаң мен Монғолиядағы қазақ диаспорасына ортақ тұлға. Балалық шағында ауыл молдасынан, кейін Бұқар медресесінде дәріс алып араб, парсы тілдерін, сондай-ақ шариғат пен тәжуитті үйренген. 1908 жылы Алтай, Қобда аймақтары қажылар тобының тілмашы болып, Меккеге барған.

1910 жылы туған жеріне оралған соң, Сарытоғай ауылында мешіт салдырып, медресе ашып бала оқытқан. 1939 жылы Шың Шицайдің үкіметіне қарсы шыққан халық көтерілісіне белсене қатысқаны үшін тұтқынға алынып, мешіті талқандапып, кітаптары өртелген, 1940 жылы түрмеде азаптап өлтірілгені туралы тарихи дерек бар.

1891-1914 жылдары Санкт-Петербор, Қазан баспаларынан Ақыт қажының «Жиһаншаһ», «Ахиретбаян», «Сәйпілмүлік – Жамал» дастандары, «Абият ғақидия», «Сейітбаттал  Ғазы», «Ишан Махмұд» аталатын кітаптары бірнеше мәрте жарық көрді. Оның шығармалары «А. Алтайский» деген бүркеншік атпен «Айқап» журналына да жарияланып тұрған. Ақыт өлеңді алуан ырғақта насихат, назира, ғақлия түрінде жазған. Ой толғауда Абай мәнеріне ден қояды. Абай өлеңдерін үлгі ете отырып, «Дәлейлул-ғақылия» (Ақыл түбі) өлеңдер топтамасын жазып шыққан. «Адамның жасы», «Асан ата», «Шыңжан қаритасы», «Керей шежіресі», «Ер Жәнібек», «Алтай» деп аталатын туындылары ел арасына кеңінен таралған. Бүгінге дейін Ақын Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақовтан бастап осы өңірдің 30-дан астам халық ақындарының шығармалары жинастырылып, зерттеліп, ел игілігіне айналғанын зерттеушілер дәлелдеп отыр.

А.Үлімжіұлы жастарға білім, тәлім-тәрбие беруге, ұлтымыздың ой-пікірінің қалыптасуына  ықпал еткен, қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан кесек тұлғалы данағөй.  

Жалпы осы өлкедегі қазақтардан жиналған ауыз әдебиеті үлгісіндегі 5 томдық кітап басылып шыққанын атап айтқан жөн.

Осындай бай мұрадан бастау алған Монғолиядағы қазақ әдебиетініңнің жазбаша үлгісі 1940 жылы Баян-Өлгий аймағы құрылған кезден бастап дамудың жаңа жолына түсті. Елдің мәдени өмірі жаңаша дамуға, әлем өркениетінің көшіне бет түзеуге бағыт тапты. Осы орайда елдегі қазақ әдебиетінің даму тенденциясын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:

Біріншіден, 1891-1914 жылдары Ақыт ақынның кітаптары басылып шығып, жазба әдебиеттің пайда болуы. Халық арасында медреселерде сауат ашқан жандардың көбеюі, кітап оқу үрдісінің біртіндеп қалыптасуы аталмыш кезеңнің басты ерекшелігі ретінде танылады.

Екіншіден, 1940-1980 жылдар – жаңа үлгідегі әдебиеттің қалыптасу кезеңі. Бұл кезең ел тарихындағы елеулі бетбұрыстармен ерешеленді. Жеке аймақ құрылды. Қазақ баспа ісінің негізі қаланды. Алғашқы газет, журнал шығарылды. Аймақта әдеби үрдіс қарыштап дамуына себепкер болған басты фактор халықтың жаппай сауатты болуы еді. Монғолия мемлекеті криллица әрпін қолдануға көшуі, Қазақстанмен мәдени қарым-қатынастың жолға қойылуы, қазақ тіліндегі газет-журнал, әдеби кітап, оқу құралдарының тікелей жеткізіліп тұруы аймақтың төл әдебиетінің, ақын, жазушыларының туып, қалыптасуына игі ықпал етті.

Үшіншіден, 1980 жылдан бүгінге дейінгі даму кезеңі. Әдеби орта жаңа буын өкілдерімен толығумен қатар шығармаларын монғол және қазақ тілдерінде қатар жазатын жазушылар шоғыры пайда болды. Нәтижесінде көркем аударма саласы қарқынды дамыды. Абай, Жамбыл жырларынан бастап, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды классиктер шығармалары түпнұсқадан монғол тіліне тікелей аударылса, ежелгі монғол әдебиетінің аса құнды мәдени мұрасы – «Монғолдың құпия шежіресінен» бастап Д. Нацагдорж, Б. Ринчен, Ц. Дамдинсүрэн, Ч. Лодойдамба бастаған жазушылардың туындылары қазақ тіліне аударылып, жарыққа шықты.

Аталмыш үш кезеңнің біріншісін жоғарыда айттық. Оның бірден бір көрнекті өкілі Ақыт қажы Үлімжіұлы екендігінде дау жоқ. Ал, екінші кезеңнің ең негізгі тарихи оқиғасының бірі ретінде Монғолия жазушылар одағының 1948 жылы өткен құрылтайы қабылдаған шешім болатын. Онда Баян-Өлгий аймағында қазақ әдебиеті үйірмесін ашу көзделген. Көрнекті ақын  Ақтан Бабиұлы, қазақ диаспорасының аса дарынды жазушысы Құрманхан Мұқамәдиұлының шығармаларын монғолша аудармасы арқылы танып мойындаған монғол жазушылары осылайша аймақта жазушылар бөлімшесінің негізін қалады. Сол тұстағы одақ төрағасы Б. Сэнгээ  бастаған өкілдер аймаққа арнайы ат басын бұрып, қазақ қаламгерлеріне арналған үйірмені ашып беріп кеткен.  

Дербес аймақтың құрылуымен бірге музыкалы драма театры, ана тіліміздегі «Өркендеу» газеті (кейін «Жаңа өмір» аталды), 1957 жылдан бастап, маусымдық «Жаңа талап» альманағы (қазіргі «Шұғыла») секілді ұлт руханиятының мәдени ошақтары шаңырақ көтерді. 1968 жылы 28 желтоқсанда Моңғол халық Республикасы жазушылар одағының қазақ бөлімшесі ресми түрде құрылып тұсаукесерін жасады.   

Енді, жаңа заман әдебиетінің көрнекті өкілдері жайында бірер сөз. Ескінің соңы, жаңаның басы болған Ақтан Бабиұлы жастайынан ақындықпен көзге түскен екен. Айтыста топ жарып, өзінен бұрыңғы ақын-жыраулардың шығармалары мен ауыз әдебиетінің туындыларын жаттап, өз өлеңдерімен қоса айтып жүреді. Кейін ақындық жолында өз өрнегін сала бастайды. «Кедей күй», «Билерге», «Тұқан биге», «Төре Сағидолдаға», «Ордабайға», «Халел мен Мәлік молдаға», «Әттең, шіркін қазағым», «Қарау байға» өлеңдері халықтың мұңын жоқтап, мүддесін қорғауға бағытталды.

Ақын лирикасының негізгі тақырыбының бірі еңбек жайында болды. 1948-1949 жылдары халықты еңбекке, білімге шақырған өлеңдері «Өркендеу» газетінің әр санында жарық көрді. 1960 жылдардан кейінгі өлең, толғаулары халықтың сол ұйымшыл еңбегімен жасалған халық шаруашылығы мен мәдениетінің жетістіктеріне, ауылымыздағы өзгерістерге арналды.

Ақын өзінің ерен еңбегімен жаңа қоғам құрып жатқан адамдарымыздың қажырлы қимылын дәріптеді. Осы тектес «Өлгий», «Жаңа өмір», «Малшыларға», «Театрға қуаныш», «Сенен биік», «Мен де тілші болғанмын», «Алдыңғы толқын ағадан» қатарлы көп өлеңі ауыл экономикасы мен мәденитіндегі елеулі өзгерістерді бейнелеуге арналған. Ақын бұл тақырыпқа «Жақсы малшы мен жалқау малшының айтысы», «Аймақтың 20 жылдығына», «Тойға тарту» атты толғау, дастандарын да арнады.

Табиғат лирикалары да ақынның көп жырлаған тақырыптарының бірі. «Қобда өзен», «Бесбогданың қойнауы», «Туған өлке», «Бөкен тау», «Бес Богданың тұлғасы» секілді өлеңдерінде еджі мекеннің қойны толған байлығын, оны иегеріп, жер келбетін өзгертіп жатқан адамдарымыздың ерен еңбегімен  байланыстыра суреттейді. Ал «Көп әйел алушыға», «Хошуун дарғыға», «Қапышқа», «Түркістанға», «Еріншектерге», «Алдамшы», «Көрікбайға», «Бармақ басты, көз қысты», «Бір досқа», «Торсықпайдың толғауы» атты өлеңдерінде қоғам дамуын кері тартушы күштердің мінез-құлқындағы келеңсіз жайлар, мешеулік, мәдениетсіздік, тоғышарлық, жалқаулық, салақтық секілді келеңсіздіктерді  қатал сынға алады. Ол кісі «Өркендеу» газетінде журналист болып қызмет еткен кездерінде өлең формасындағы фельетонның жаңа үлгісін қалыптастырды. 

Ақтан шығармашылығында оның поэмалары елеулі орында тұр. Ол «Бүркіт» (1959 ж.), «Досымбек-Балқия» (1964 ж.), «Өмір жолы» (1972 ж)/ аяқталмаған поэмаларында Моңғолия қазақтарының революциялық жаңару алдындағы әлеуметтік тұрмысын терең ашып көрсетеді. «Бүркіт» поэмасы ақын поэзиясының шоқтығы биік белесі. Сонымен қатар Ақтан ақын Моңғолиядағы қазақ әдебиетінде драмалық шығармаға тыңға түрен салып, алғашқы драматург жазушысы атанды. Музыкалы драма театрдың пердесі тұңғыш рет ақынның тырнақалды драмалық туындысы «Ермалаймен» (1940 ж.) ашылды.

Мұнан басқа автор қаламынан «Қалқаман Мамыр», «Жас өрен», «Жамал», «Қалың мал», «Ақайша» сияқты драмалық шығармалар туды. Тума талант иесі, қаламы жүйрік ақын Ақтан шығармалары қазақ, монғол, орыс тілінде жарық көріп, бірнеше әдеби-көркем жинақтарға енді. Мерзімді  баспасөз беттері арқылы да қалың оқырманға жетті.  Оның көптеген өлеңдері словак тілінде жарық көрген екен. Якутияның түркі текті саха оқырмандары Ақтан өлеңдерін өз ана тілінде оқиды деген дерек бар. «Шығармалары» және «Таңдамалылары» монғол тіліне аударылып, бірнеше рет басылып шықты. Сондай-ақ, орыс, чех, қытай, вьетнам, буриад, саха, алтай, тыва тілдеріне аударылып жарыққа шығарылған.

Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Құрманхан Мұқамәдиұлы (1923-1964) Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Мұғалімдер мектебін бітіргеннен кейін 1948-1950 жылдары аралығында Мәскеуде әскери жоғары білім алған ол,осы уақыт ішінде орыс тілін жетік меңгерді. Соның арқасында ұлы орыс әдебиеті мен әлем әдебиетінің үздік туындыларымен жіті танысты. Кейін Баян-Өлгий аймағына оралған соң ел басқарып, ресми органдарда жауапты қызметтер атқарып,  саяси тұлғаға айналды. Сонымен қатар көркем әдебиет саласында қажырлы еңбек етіп, артында өшпес із қалдырған үлкен жазушы деңгейіне көтерілді.Оның «Жұт ала ма, жұрт ала ма?» деген көркем очеркі осы елдегі қазақ баспасөзіндегі дәстүрлі малшаруашылығының өззекті мәселелерін көтерген алғашқы сүбелі еңбек екендігі кезінде ғылыми диссертациямызға арқау болған.

Құрманхан  драматург, аудармашы ретінде де Монғолия әдебиетіне көп еңбек сіңірді. 1956 жылы монғол жерінде шаңырақ көтерген қазақ ұлттық театрының сахнасы «Кезең үстінде» атты пьесасымен кәсіби жаңа бағытқа бет түзеген. Жазушы ретінде Қ. Мұқамәдұлының қаламынан туған шығармалар аты аңызға айналған шығыстанушы, академик Б. Ринченнің аударуымен тыва, орыс тілдерінде жарыққа шығуының өзі оның қарымды қаламгер екендігін аңғартады. Ал, Құрманхан ағаның өзі Моңғолдың жаңа заман әдебиетінің негізін салушысы Д. Нацагдоржының әйгілі «Жұмбақ төбелер» операсының либераттосы мен бірнеше әңгіме, өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетті. Бұл да оның суреткер ретіндегі талғамы мен табындылығының деңгейін көрсетсе керек.

         Көрнекті жазушы, Монғолиядағы қазақ әдебиетінің негізін салушы Құрманхан Мұқамәдиұлының таңдаулы шығармаларының жеке жинақтары монғол тілінде Ұланбатырда, қазақ тілінде Өлгий қаласында бірнеше рет басылып, оқырман қауымның ықыласына бөленген болатын.

         Монғолиядағы қазақ әдебиетінің тарихында роман жанрын әкелген жазушылар қатарына Мағауия Сұлтанияұлы, Елеусіз Мұқамәдиұлы, Ислам Қабышұлы, Қауия Арысбайұлы, Жәмлиқа Шалұлы, Шерияздан Нығышұлы, Сұлтан Тәукейұлы сынды жазушылар жатқызылады.

         Жалпы аталмыш елдегі қазақ әдебиеті түрлі жанрлар бойынша кең өрістеп жан-жақты дамыды. Айталық, сатира саласында Ақтан ақын негізін салған үрдісті Кәкей Жаңжуңұлы, Батай Мақабылұлы жалғастырды. Кәкей аса талантты сатирик болумен қатар лирик ақын ретінде де танылған ірі тұлға.

         Кәкей Жаңжұңұлы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының 1971 жылғы түлегі. Өте білімді әрі дарынды қаламгер қазақ әдебиетнің жаңа сипатта дамып, қалыптасуына зор үлес қосты. 1982–1993 жылы Моңғолиядағы қазақ әдебиеті кеңесін басқарды. Әдеби «Шұғыла» журналының бас редакторы болып қызмет етті. Осы жылдарда әдебиет ауылына бет бұрған көптеген жастардың ішінде Кәкей Жаңжұңұлының тәрбиесін көрмегені кем де кем. Ол қаламының желі бар талай жасты әдебиет деген киелі әлемге тартып, оның қыр сырына баулыған еді. Ол кісінің тіл, әдебиет, тарих, этнография, өнер саласындағы білімінің телегей теңіз тереңдігіне талай жандар тәнті болды.

         Кәкей Жаңжұңұлы — Моңғолиядағы қазақ орта мектептеріне арнап әдебиет оқулығын дайындаған әдіскер ғалым да еді. Монғол жерінде айтыс өнерінің қанат жаюына өлшеусіз үлес қосты, этно ән өнерінің тобын құрып, халыққа насихаттады. Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін, асыл қазынасын жинап, бірнеше кітапты жарыққа шығарды.Өз қаламынан туған оншақты жыр жинақтары мен әзіл-сықақ әңгімелері қазақ және монғол тілдерінде жарияланды.

         «Жаңа өмір» газетінде тілші, жауапты хатшы, редактор, жазушылар кеңесінің меңгерушісі болған бүгінгі таңда Өлгий қаласында тұратын Шынай Рахметұлының да осы елдің әдеби өмірінде ойып тұрып алған орны бар. Шынайдың «Ой ұшқыр», «Арманым ақ тұлпарым», «Ерке киік», «Қарагер», «Киелі сақина», «Хүслийн оч» кітабы моңғол тілінде, «Әйел мұңы», «Оспан батыр», «Наурыз жыры», «Моңғолия қазақтарының ата-тек шежіресі» «Моңғолия Қазақтарының ақиқат тарихы» секілді көптеген кітаптарын жарыққа шығарған жазушы көркем әдебиеттің барлық жанрында дердік қалам тартты.

Аймақ театрында бірнеше пьесасы сахналанды. Көптеген монғол шығармаларын қазақшаға, І.Есенберлиннің «Қаһар» романын, О.Бөкеев, К.Сегізбаев әңгімелерін моңғол тіліне аударды. Моңғолия Қазақтарының әдеби мұраларын жинақтап, Ақыт Үлімжіұлының «Ғахлия», «Жиһанша» кітаптарын, «Моңғолия Қазақтарының дәстүрлік ауыз әдебиеті» көлемді ғылыми еңбегін жазған. «Ақбота» әңгімесіне «Жалын» баспасының, «Иман» поэмасына Ақтан Бабиұлы атындағы сыйлық берілген.

 «Моңғолиядағы қазақ халқы» (2007 ж.), «Алашапқын» (2008 ж.), «Дариға» повесть (2008 ж.), «Моңғол қазақ дәстүріндегі ұқсастық» ғылыми эссе (2009 ж.), «Салт-сана» (2011 ж.) еібектерін жарыққа шығарды.

Монғолиядағы қазақ әдебиеті сын, зерттеу саласы бойынша да өз қолтаңбасы бар қаламгерлер шоғырын қалыптастырды. Елдегі халық ауыз әдебиетін зерттеу саласына филология ғылымдарының докторы Қабидащ Қалиасқарұлы, филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы ден қойып өз еңбектерімен сүбелі үлес қосса, шығармашылық шеберлік мәселесін зерттеп зерделеуге, кәсіби тұрғыдан талдауға Яки Ілиясұлы, филология ғылымдарының кандидаттары: Қуанған Жұмаханұлы,  Есенгүл Кәпқызы, Қиналған Жылқыайдар атсалысты.

Көркем аударма саласында Қаһар Ойнақбайұлы, Жәмлиқа Шалұлы, Монғолхан Бестайұлы, Жүкел Қамайұлы, Абай Мауқараұлы және осы жолдардың авторы өзіндік үлесін қосқанын атап айту ләзім.

Монғолиядағы қазақ әдебиеті – бүгінге дейін біршама ғылыми-зерттеулерге нысан болған ауқымды сала. Дегенмен, әлі де болса оның қарастырылмаған тың салалары жеткілікті. Сондықтан, бірер ғылыми зерттеулер, диссертациялармен ол шектелмек емес. Оны кешенді түрде зерттеп, біртұтас қазақ әдебиетіндегі орнын белгілеуге арнайы ғылыми жобалар тағайындалып, дербес институт құрылып айналысса, қазақ руханиятына қосылған сүбелі үлес болар еді.

Abai.kz

0 пікір