Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5713 0 пікір 26 Желтоқсан, 2013 сағат 04:38

Смағұлды еске алу

1-cурет: Смағұл Сәдуақасұлы

2-сурет: Смағұл Сәдуақасұлы мен Мұхтар Әуезов

3-сурет: Смағұл Сәдуақасұлы мен Мұхтар Әуезов және тағы басқа Алаш азаматтары

4- сурет: Смағұл Сәдуақасұлы мен жары Лиза Әлиханқызы

5- сурет: Әлихан Бөкейхан мен жиені Ескендір Смағұлұлы

6-сурет: Ескендір Смағұлұлы

7- сурет: Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлі Астанаға жеткізілген сәт

8- сурет: Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлін жер қойнына тапсыру (жерлеу) сәті

9-сурет: Астанада жерленген Смағұл Сәдуақасұлының зираты басындағы құлыптас

 

Жас Смағұл үздік туған бала екен,
Байтақ елге асқар таудай пана екен.
Сол баладан, сол панадан айырылған,
Қайран қазақ, орны толмас жара екен.

Мағжан Жұмабаев, 1933 жыл

 

Осы мақалаға жоғарыдағы атты қойдым да ойланып қалдым.  Мен не Смағұлды көрген бе едім?.. Жоқ, әлде көргендерді көрген бе едім?

Құдайға шүкір, біз Смағұлды көргендерді көрген екенбіз. Ол кісілер қазір марқұм. Сондықтан бұл жолдарды көргендердің ұрпағы жазды деп түсініңіздер.

1-cурет: Смағұл Сәдуақасұлы

2-сурет: Смағұл Сәдуақасұлы мен Мұхтар Әуезов

3-сурет: Смағұл Сәдуақасұлы мен Мұхтар Әуезов және тағы басқа Алаш азаматтары

4- сурет: Смағұл Сәдуақасұлы мен жары Лиза Әлиханқызы

5- сурет: Әлихан Бөкейхан мен жиені Ескендір Смағұлұлы

6-сурет: Ескендір Смағұлұлы

7- сурет: Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлі Астанаға жеткізілген сәт

8- сурет: Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлін жер қойнына тапсыру (жерлеу) сәті

9-сурет: Астанада жерленген Смағұл Сәдуақасұлының зираты басындағы құлыптас

 

Жас Смағұл үздік туған бала екен,
Байтақ елге асқар таудай пана екен.
Сол баладан, сол панадан айырылған,
Қайран қазақ, орны толмас жара екен.

Мағжан Жұмабаев, 1933 жыл

 

Осы мақалаға жоғарыдағы атты қойдым да ойланып қалдым.  Мен не Смағұлды көрген бе едім?.. Жоқ, әлде көргендерді көрген бе едім?

Құдайға шүкір, біз Смағұлды көргендерді көрген екенбіз. Ол кісілер қазір марқұм. Сондықтан бұл жолдарды көргендердің ұрпағы жазды деп түсініңіздер.

Беріде, 90-жылдардың ортасында қайтқан Смағұлмен ауылдас, ағайындас Ғаббас Тоғжановтың туған інісі марқұм Уақап Садуақасұлы қария айтушы еді: «Смағұлдың сүйегі асыл еді ғой. Өзі - иманы мол, байлығы жоқ молда Садуақастың баласы. Менің әкем – бай Садуақас. Қаладан келгенде сол әкем «Смағұлжан, керегіңе жарат» деп қаржы береді екен. Кейін не болды? Ғаббас әкемнен «бай табы» деп безгенде, Смағұл Ақтөбеге айдалған әкемді іздеп барды. Бұл не сонда? Жүрек пе? Имандылық па? Меніңше, екеуі де. 1916 жылы ақшасы жоқ, талабы бар Смағұл Омбыға барып оқуға түскенде, достары ортасынан ақша шығарып оқытқан. Міне, достарының қарызын қайтарамын деп, көпшіл, елшіл, иманды болды...» деп.

Молда Садуақас отбасында өскен марқұм Аронұлы Рақымжан ағамыз айтатын: «Досқа адал, ұлтына бауыр, жауға өш, имансызға қас Смағұл ағатайымды неге өлтірді екен?» деп әлі ойланамын. Әлиханқызы Лиза жеңгей қандай бауырмал еді? Мәскеуге түскен сайын бізге бәйек болатын. Смекеңнен қалған қолжазбаның бәрін – Мұхтар Әуезовке, біраз суреттерді бізге берді. «Сақтаңдар!» деп. Өкімет Смағұлды бір өлтірді, әке-шешесін сорлатып екінші рет өлтірді, маңырап қалған жәдігері Ескендірді бесіктен белі шықпай жатып фашизм жалынына айдап үшінші рет өлтірді, жалғыз қарындасы Орынбасарды тұлдыр жетім қылып қаңғыртып өлтірді... Смағұл ит өкіметке не жазды? Халықты қынадай қыратын Голощекиннің пиғылын сезгені үшін жазықты болды ма? Бай қызына үйленгендер әйелін тастап жатқанда Алаш көсемінің қызын алғаны үшін айыпты болды ма?..» деп.

Осы сөздер есіме түссе, менің де көзіме жас келеді. 1937 жылы Смағұлдың әкесін – молда Садуақасты «баласы үшін» НКВД оққа байлағанда, сол кісімен қосақталып әкем Айтуғанұлы Сүлеймен де жазықсыз атылған еді...

Биыл С.Садуақасұлының қайтқанына 80 жыл толды. Ол тура Қазақ елі кейін Тәуелсіздік алатын күні – 16 желтоқсанда қайтыпты...

Өлімімен Тәуелсіздіктің болатынын айтып кеткендей.

Енді смағұлтанудың әліппесіне үңілейік. Ол кім еді? Ол қайда туып, қайда өсті? Не қызмет атқарды? Алды қалай, арты қалай болды?..

Садуақасұлы Смағұл – аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш тұлғасы. 1900 жылы Ақмола облысы, Шарлақ уезі, Қарой болысының (қазір Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы) Жарқын ауылында дүниеге келді. Ол жасында әкесі Садуақас молда мен Қуанышұлы Әбіл молданың алдынан оқиды. 1912-1915 жылдары Полтавкадағы орыс-қырғыз училищесінде білімін толықтырады. 1916-1918 жылдары Омбы ауылшаруашылық училищесінде, политехника институтының кооперация курсында, ауылшаруашылық институтының кооперация факультетінде оқиды. Сонымен бірге қысқаша курстарда дәріс беріп, Ақмола облыстық Жер-су басқармасында (Омбы) қазақ бөлімі оқу ісінің меңгерушісі болады. Саяси күреске 1916 жылдан-ақ араласады. Алаш жастарының «Бірлік» ұйымында, сонан кейін «Жас азамат» ұйымында қайраткерлік шыңдалудан өтеді. 1917-1918 жылдары Ақмола облысында Алаш комитетін құруға атсалысады. 1918-1920 жылдары қазақ экономикасына септігін тигізу мақсатында «Центросибирь» бірлестігінде (Омбы) нұсқаушы болады. 1920 жылы Сібір   жастар   комитетінің (Омбы) мүшесі, «Жас   азамат», «Еңбекшіл жастар», «Кедей сөзі» (Омбы), «Ұшқын», «Еңбек туы» (Орынбор) газеттерінің жауапты шығарушысы, алқа мүшесі, Күншығыс жастары кіндік бюросының (Мәскеу) мүшесі, Жалпы қазақ кеңестері I съезінің делегаты,   ҚазОАК  Төралқа мүшесі, Жастар одағының хатшысы.

1921 жылы Семей губерниясын, 1923-1924 жылдары Қазақстан жоспарлау комитетін, 1925-1927 жылдары Халық ағарту комиссариатын басқарды. Негізгі қызметімен қабат «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» басылымдарына редакторлық жасады. «Сәрсенбек» романы, «Салмақбай-Сағындық», «Күміс қоңырау» повестері, «Салмақбай, Махамбет», «Аптономия» әңгімелері мен әдеби-сын мақалалардың, танымдық кітаптардың авторы.

Саяси қайраткерлігінің елеулі белесі  - Мәскеу Қазақстанды басқаруға жіберген Ф.Голощекинмен ашық күресі. Ол қазақ жағдайын мүлде білмейтін большевизм функционеріне қарсы ұлт зиялыларын көтере білді. Қайраткер 1927 жылдан бастап саяси қызметтен қуғындалды. Ол біраз уақыт Ташкенттегі Қазақ пединститутын басқарғаннан кейін жұмыстан босатылды. 1928 жылы Мәскеуге кетіп, сондағы темір жол құрылысы институтына түседі. Мұны 1932 жылы бітіріп, Мәскеу-Донбасс темір жолында инженер болады. Қайраткер 1933 жылы 16 желтоқсанда Кремль ауруханасында қапыда дүниеден озып, сүйегінің күлі Мәскеудегі ескі крематорий қабырғасына қойылады. Қайраткер сүйегінен қалған бұл мәйіт 2011 жылы 21 қаңтарда Астанаға әкелініп (жерлес туысы ретінде өзім басы-қасында болдым), «қара моладан» кейінгі елдік дәстүрге сәйкес, Хан Кене сарбаздары қорымына жерленді...

Осы жерге келгенде тағы да ойланып қалдым. «Айтсам ба екен, айтпасам ба екен?» деп.

Дұрыс, «айтпаса, сөздің атасы өледі». Қазақ елі тарихында қайраткерді қайта жерлеу – бұрын-соңды аз қайталанған оқиға екен. Смағұл – Алаш қайраткерлері арасында жаппай репрессияға дейін өлтіріліп, сүйегінің күлі әупірімдеп сақталынып қалған бірден-бір тұлға. Солай болған күннің өзінде біз оның сүйегін мемлекеттік деңгейде лайықты әкеліп, лайықты жерлей алмадық... Өткенге – салауат!..

Смағұл аруағы алдында парызын орындаған азаматтарды атаусыз қалдырған орынсыз. Олар: Н.Сансызбаев, Б.Дәрімбетов, М.Қойгелдиев, Д.Қамзабекұлы, С.Қасымов, Р.Елмырзаева т.б.

20-жылдары бірнеше этнографиялық экспедицияға қатысқан  елге сыйлы Сансызбайұлы Омар атты немере ағам болды (белгілі экономист Нұрым Сансызбаевтың ағасы). Ол кісі былай дейтін: «Смағұлмен асық ойнап, тай-құлындай тебісіп бірге өстік. Бала күнінен өжет еді. Мұндай дәрежедегі адам тек ел басқаратын шығар. Омбыда оқып жүргенде, қазаққа теңдік әперемін деп жанып жүретін. Қаладағы жақын достары оны «Біздің Кенесары» дейтін. Өз бетінше көп оқитын. Білімі дария болатын. Өресі биік-тін. Сол кезде қазақ тәуелсіз ел болса, Смекең сөзсіз басшы бола алар еді. Білімді, парасатты, айтқан сөзінен айнымайтын бұл қайраткер маңдайымызға сыймай кетті. Талантты әртістерді Қызылордаға жинап, ұлт театрын кім ашты? Смағұл ашты. Алғашқы университетті кім ұйымдастырды? Смағұл ұйымдастырды. Қазақ Госпланын кім қазаққа бұра алды? Смағұл! Алаш зиялыларына кім қамқор болды? Смағұл! Кейін жаһанға танымал болатын Бейімбет, Жүсіпбек, Мұхтарларды орыс тілі арқылы бірінші кім танытты? Смағұл танытты. 20-жылдары Абай мен Сұлтанмахмұт өлеңдерін жинатуға кім мұрындық болды? Смағұл! Қазақты қынадай қыруды ойластырған Ф.Голощекин саясатына кім алғаш қарсы тұрды? Смағұл! Сонда осындай Смағұлды кім деп бағалаймыз? Ол – қазақтың намысы мен иманы. Ол – ұлттың нағыз қайраткері. Оны ұмытсақ, ұлт тарихын ұмытқанымыз...».

Алаш үшін биыл да – тарихи жыл. «Қазақ» газетінің 100 жылдық мерейтойы. А.Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы өткеніне – 90 жыл... Сол мерейтойда С.Садуақасұлының арнайы баяндама жасағанын да ұмытпалық.

Қайтқанына 80 жыл толғанын еске алып, Смағұлдың аруағына дұға бағыштар шамада азаматтық деңгейдегі игілікті үш жұмыс атқарылғанын айрықша айтпақпын.

Оның бірі – 3 томдық шығармалар жинағының елордалық «Нұра-Астана» баспасынан (директоры – Қ.Назырбаев) шығуы. Көп томдықты ғылыми алғысөз, түсінігімен әзірлеген - ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Дихан Қамзабекұлы. Бұған тұңғыш рет Смағұлдың көркем аудармалары мен жаңадан табылған баяндамалары енгізілген.

Екіншісі – Хан Кене сарбаздары қорымындағы бейітіне ескерткіш қойылуы. Оны Астана зиялылары мен туыстары орнатты. Ескерткіштің сәулеттік, бейнелік нобайын жасағандар – Қазақстан Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, профессор Жандарбек Мәлібекұлы мен әлемге танымал талантты жас суретші Толқын Табысбек.

Маған ескерткіштегі екі бейне ерекше әсер берді. Ол – Смағұл сөзінен кейінгі қауырсын-қалам ішіндегі «Алаш» деген жазу мен қазақы тайтұяқтың суреті. Бұл «Смағұлдар көтерген Алаш мұраты ұрпаққа жалғаса береді» дегенді білдірсе керек.

Ескерткіштегі Смағұл сөзі мынау: «Артымызға – анық көңілмен, алдымызға ашық көзбен қарайық!..». Бұл да - күн сөнгенше сөнбейтін Алаш үшін рухани темірқазық сөз деп білеміз.

Үшіншісі – майлы бояумен кенепке салынған «Қайраткер Смағұл» атты туындының дүниеге келуі. Авторы – талантты жас суретші Жалын Бауырхан. Мұнда жас министр С.Садуақасұлы Оқжетпестің фонында бейнеленіпті. Жаңылыспасақ, бұған дейінгі оның бір көркем суреті көпшілік арасында дараланып «Егемен Қазақстан» газеті бас ғимаратының фойесінде тұр (Аманат Назарқұл, Сейсенхан Махамбет. «Ақ Ордадағы кездесу»). Ал, екі бюстінің бірі - Талшықта, екіншісі Көкшетау мемлекеттік университетінің С.Садуақасұлы атындағы агро-техникалық институты алдында тұр.

Бұған да шүкір дейміз! «Ынсап сайын – береке» дейміз.

Ойымды Смағұл Садуақасұлының 1922 жылы жарияланған «Қазаққа не керек?» атты мақаласынадағы көреген ұсынысымен аяқтағым келеді:

«Бірінші қазақ еңбекшілерінің ойлайтын ісі - өздерінің шаруашылық жайы. Бұрын қазақтың сүтін басқа біреуге емес, енді қазақ өз сүтімен өз баласын асырауға кіріссін. Біреудікін емес, өзінікін пайдалану ұят емес. Бізде толып жатқан жер астынан шығатын байлық бар. Әлі күнге шейін кездеме тоқитын бір фабригіміз жоқ, былғары илейтін бір зауытымыз жоқ.

Қазақтың жері неше мың шақырымға созылған кең дала. Салынған бір шойын жол жоқ. Шойын жолсыз шаруашылық ілгері баспайды. Осының бәрін қазақтың қазіргі хүкіметі істеу керек. Қазақтың теңдігі бес-алты жігіттің  төре болғанымен табылмайды, осындай жұрттың тіршілігін көркейтетін жұмыстармен табылады. Әділдікті құр ауызбен айтып қоймай, қолмен істесе әділдік болады.

Екінші қазақтың ескеретін ісі - оқу. Оқу - тұрмыстың зор тіреуі. Оқусыз адам уықсыз тігілген үй секілді.  Қазақтың еңбекшісі оқымай көпке қолы жете алмайтындығы айдан айқын. Басқа жұрт біздің ісімізді істеп бермейді. Істемегенде, қазаққа қастық ойлап емес, қазақтың тілін, ғұрпын білмегендіктен. Қазақша емес, басқа елдің адамы қазақтың балаларын оқыта ала  ма? Қазақша білмей қазаққа уағыз-насихат айта ала ма?  Қазаққа би бола ала ма? Қызметші бола ала ма? Қазақтың тілін білмеген кісі қазақ ішінде сақау адаммен бірдей. Сақау адам ауызбен сөйлемейді,  қолмен сөйлейді. Қолмен сөйлегендіктің қандай кемшілігі бар екенін түсіндірудің қажеттігі де жоқ» (2-том, 262-263 б.).

Мұның жазылғанына 91 жыл болыпты. Осының бәрі күні бүгін айтқандай.

Смағұл бабамызды еске ала отырып, оның ойлары азат елімізге рухани азық бола береді деген тоқтамға келдім.

 

Қапар Айтуғанов,

ҚР еңбек сіңірген байланыс саласының қызметкері
Abai.k
z

0 пікір