Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 7869 0 пікір 3 Желтоқсан, 2013 сағат 04:42

Еуразияшылдық - идея, Кедендік одақ – факт, ал Еуразиялық одақ ше? (басы)

Еуразияшылдық идеяның мән-мазмұны туралы пікірталас


Еуразияшылдық идеяның мән-мазмұны туралы пікірталас

Бүгінгі әлемді жайлаған экономикалық дағдарыстың әсерінен аймақтық бірлестіктің озық үлгісі саналатын Еуро Одаққа ыдырау қаупі төніп тұр. Осындай өліара кезеңде Ресей, Қазақстан, Белорусь батылдықпен Кедендік одақ құрды. Оған бір жыл толғанда олардың арасында Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптаса бастады. Жақын келешекте көптен бері айтылып келе жатқан Еуразиялық одақ та құрылмақ. Дегенмен, бұл мәселеге қатысты қоғамда әлі күнге дейін ортақ пікір орын алмай отыр. Еуро Одаққа кірерін кіріп алып, ортақ евро валюта тиімсіз, одақтан қайтадан шығамыз деп жатқан Грекияны, қарызға батып, күйзелген Испания мен Португалияны, Ирландия мен Италияны және күнделікті жалпыхалықтық ереуіл жайлаған Еуро одаққа үрке қараушылардың саны артуда. Яғни, мұндай одақтық бірлестікке деген сенім жоқ. Нәтижесінде, оптимистік ой-пікірге қарсы салмақ туындап, скептиктер Еуразиялық одақ Еуро одаққа бәсекелес болмақ түгілі, соның кебін киіп, тоқырып жүрмей ме десе, тоталитарлық стереотиптен арылмағандар еуроазияшылдық идея бұрынғы Кеңес Одағы сияқты саяси құрылымға ұласып кетпей ме деп қауіптенеді. Осы жерде, көпшілік қауымның Еуразиялық идея мен Еуразия одағының ара-жігін ажырата алмай, бір ұғым ретінде қарайтыны байқалады. Қоғамдық пікірдегі мұндай жаңсақтықты түзеуге бұрындары да талпыныстар жасалды, мысалы, «Заң газетінің» 2004 жылғы 31 наурыздағы санында А. Әлімұлының «Еуразия идеясы мен Еуразия одағы екі басқа түсінік» атты мақаласы жарияланып, онда автор біраз мәселенің мәнін ашып берген болатын. Біз осы мақалада сол қозғалған мәселені одан әрі өрбітуді мақсат тұтып отырмыз.

Жалпы, ғылыми ортада Еуразияшылдық идея мен Еуразия Одағы туралы ғалымдар мен сарапшылардың арасында қызу пікірталас үздіксіз жалғасып келеді. Бұл тұрғыда аталған мәселелер жөнінде сан-алуан көзқарастар туындағанына қарамастан, бажайлап қарасақ, оларды бірнеше топқа жүйелеп жіктеуге болады. Бірінші топ - Еуразияшылдық идеяның негізін салушы классиктердің теориялары. Олар Европа мен Азия континеттері географиялық жағынан ғана емес, тарихи, мәдени, саяси тұрғыдан да тұтасып жатқан бірегей өркениет болып табылады, сондықтан да, ол екеуін бөліп-жармай, Еуразия деп атау қажет деген сарындағы тұжырымдаманың негізін қалады. Мұндай теоретиктер негізінен орыс ойшылдары болғандықтан, олар еуразиялық ықпалдастықтағы Ресейдің орны мен рөлін ерекшелеп көрсетуге тырысты. Екінші. Еуразия Одағы туралы оң пікір білдірушілер саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық тұрғыдағы бірлестік объективті қажеттілік, интеграциялық байланыстың түпкі жемісі деп танитын прагматиктер тобы. Үшінші. Еуразия Одағын құру туралы ұмтылысты ХХ ғасырда жетпіс жыл бойына екі полярлы әлемде таразының бір басын салмақтап, коммунистік тоталитарлы идеологиямен суарылғанымен, горбачевтік «қайта құру» және «жариялылық» науқанымен, Қазақстан жағдайында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен бастау алып, 1990 жылдары құрамындағы ұлттық мемлекеттердің тәуелсіздік парадымен ыдыраған Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қалпына келтіру деп жағымсыз бағалайтындар. Төртінші. Еуразиялық Одақтың болашағы жоқ, өйткені Еуропалық Одақтың саяси тәжірибесі дәлелдегендей, әскери-саяси, әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, мәдени-рухани әлеуеті әр түрлі мемлекеттердің бірлестігі жақсы нәтижеге қол жеткізе алмайды дейтін нигилистік бағыттағы скептиктер.

Енді, мәселеге жоғарыда тұжырымдалғандай тұрғыда келсек, бірінші бағыттағы пікірдің астарында еуразияшылдық идеяның жатқанын байқауымызға болады. Еуразияшылдықтың қайнар көзі ХІХ ғасырдан бастау алған. Бұл туралы П.Н. Савицкий «Евразийство» атты еңбегінде: «Определяя русскую культуру как "евразийскую", евразийцы выступают как осознаватели русского культурного своеобразия. В этом отношении они имеют еще больше предшественников, чем в своих чисто географических определениях. Таковыми в данном случае нужно признать всех мыслителей славянофильского направления, в том числе Гоголя и Достоевского (как философов-публицистов). Евразийцы в целом ряде идей являются продолжателями мощной традиции русского философского и историософского мышления. Ближайшим образом эта традиция восходит к 30-40-м годам XIX века, когда начали свою деятельность славянофилы» - деп тұжырым жасайды (мәтінінің мән-мазмұнын өзгертпеу үшін түпнұсқа орыс тілінде беруді ұйғардық).

1869 жылы орыс ойшылы Н.Я. Данилевский «Ресей және Еуропа» атты кітабында мәдени-тарихи типтердің концепциясын жасап, аймақтық өркениеттер теориясын негіздейді. Оның ойынша, барлық мәдени-тарихи типтер өздерінің бірегейлігі жағынан тең, олардың басты тарихи міндеті - төл ерекшеліктер мен өзіндік болмысты дамыту. Осылай дей келе, ол Ресей Европадан ешбір кем емес, оның ерекше әлеуеті мен даму жолы бар деген салыстырмалы талдау арқылы, өзіне дейінгі славянофильдік дәстүрді жалғастырды. Әсіресе, Н. Данилевский Ресей өркениетінің басты ерекшелігі - оның полиэтникалы құрамы деп атап көрсете отырып, дегенмен де, уақыт өте келе мұндай көпұлттылық орыс ұлтының басымдылығы арқасында бірте-бірте жойылады деп ой түйеді де, орыстық шовинистік пиғыл байқатады. Одан ары қарай, еуразияшылдық идеяны этнограф әрі славист В.И. Ламанский 1892 жылы жазылған «Азиялық-Европалық материктің үш әлемі» атты кітабында өрбітіп, ол Евразия континентінің өркениеттік дамуындағы Ресейдің өзіндік тарихи орнын айшықтап көрсетуді мақсат тұтты. В. Ламанский Египет және Мезоамерика өркениеттері сияқты Евразияны да ұлы өркениеттердің алтын бесігі деп атай келе, сан-алуан өркениет үлгілерінің туындауына игі ықпал еткен Еуразия континентінің бірегейлігі, оның географиялық тұрғыда қолайлы болуында деп түсіндіреді.

В. Ламанский ұлан-байтақ Еуразия кеңістігін Европа, Азия, және екеуінің ортасында жатқан, не шынайы Европа емес, не нағыз Азия да емес үшінші – Еуразиялық Ресей деп үш әлемге бөледі. Оның ойынша, еуразияны Ресей Империясынсыз көзге елестету мүмкін емес. Яғни, Еуразия кеңістігінде славяндық рух пен православие құндылықтары маңызды рөл атқарады.

Еуразияшылдық идея, ХХ ғасырдың басында жаңаша қарқын ала бастады. Оған І-ші дүниежүзілік соғыс пен патшалық самодержавиенің құлап, орнына пролетариат диктатурасына негізделген жаңа Кеңестер билігінің келуі ықпал етті. Большевиктерден қашқан орыс зиялы қауымы шетелде эммиграцияда жүріп Ресейдің басынан өткен соңғы тарихи-саяси аласапыранды саралап, ұғынуға тырысты. Осындай алмағайып кезеңде, Еуразиядағы Ресейдің рөлін жоғалтпау туралы ой толғау еуразияшылдықтың негізін қалаушылардың бірі - Николай Трубецкойдің 1920 жылы София қаласында жарық көрген «Европа және адамзат» атты кітабындағы европоцентризмді сынаудан бастау алады. Бұл еңбегінде ол, Г. Тардтың теориясына сүйене отырып, мәдени процесс бұрынғы қалыптасқан құндылықтар мен оларға еліктеу негізінде жаңа құндылықтарды жасаудың үздіксіз үрдісі деп көрсетеді. Яғни, дәстүрлілілік – жаңаша дамуға арқау болатын мәдени өзек. Оның ойынша, бөгде мәдени дәстүрді ендіру, осы мәдени өзекті өлтіріп, төл мәдениеттің бірегейлігін, табиғи тұтастығын бұзады. Бұл тұрғыда әсіресе Европа мәдениеті аса қауіпті. Осылайша, Н. Трубецкой Ресей мен орыс халқы үшін еуропалық мәдениеттің басымдығы қаншалықты қауіпті болса, Ресейдің құрамындағы өзге ұлттар мен шағын ұлыстар үшін орыс тілі мен мәдениетінің, діні мен ділінің экспанциясы соншалықты қауіпті екеніне басын ауыртпайды.

«Өзі өлудің алдында тұрған» германдық-романдық өркениетке тән рухани құндылықтардың экспансиясын Н. Трубецкой кез келген бірегей мәдениет үшін ұлы апат деп атады: европеизация ұрпақтар сабақтастығын бұзады, қоғамда жік туғызады, батыстық идеяларды бойына сіңірген интеллектуалды элита мен дәстүрлі ұлттық мәдениетті ұстанатын қарапайым халық арасындағы алшақтық ұлғаяды. Осылайша төл мәдениеттің креативті мүмкіндіктері жоғалады, өйткені, ескі мәдени қормен байланыс үзіледі, ал, жаңа туындайтын мәдени құндылықтар батыстық үлгіде болады. Сол сияқты, мұндай теріс үрдіс экономикаға да әсерін тигізеді: шаруашылық пен өндіріс Еуропаға қуалап жетудің әуре-сарсаңына түседі, ал, ол болса, өз кезегінде дамудың секіріспен жүруіне әкеліп соғады. Әрбір секіріс, дамудан бұрын ұзақ уақытқа созылатын регреске ұрындырады, түптеп келгенде қоғам европалық дамудың динамикасын емес, статикасын бойына сіңіреді. Шыныда, өткен тарихымыз бен қазіргі кезеңімізге зер салсақ, трубецкойлық тұжырымның ақиқаттан ауылы алыс емес екенін байқаймыз.

Н. Трубецкойдің «Европа және адамзат» кітабына «Русская мысль» журналында П. Савицкий «Европа және Евразия» деген тақырыпта рецензия жазып, ол өзінің сын-пікірінде болашақтағы еуразия туралы идеяларын тұжырымдайды. Н. Трубецкойдің осы кітабын одан әрі талқылау барысында Г. Флоровский, П. Сувчинский, П. Савицкий сияқты бірқатар орыс эмигранттарының қатысуымен София қаласында Еуразиялық үйірме қалыптасады. Үйірме ауқымында 1917 жылы Ресейде орын алған ақпан және қазан төңкерістерінің тарихи және геосаяси сабақтары мен салдары жан-жақты сараланады. Бұл үйірменің мүшелері «Исход к Востоку» атты мақалалар жинағын басып шығарып, еуразияшылдықтың негізін салады. Содан кейін, тағы бірнеше жинақ шығады, Ал, Н. Трубецкой «Шыңғысханның мұрасы» П. Савицкий «Россия - ерекше географиялық әлем», Г. Вернадский «Орыс тарихының еуразиялық сұлбасы» атты жеке кітаптарын жазса, 1926 жылы «Еуразияшылдық: жүйелі мазмұндау тәжірибесі» және 1927 жылы «Еуразияшылдық» атты екі ұжымдық манифест жарық көреді. Осылайша, орыс эмигранттары ұйымдастырған шағын үйірменің жұмысы жанданып, Европаға тарай бастайды.

Тіптен олар «Евразия» атты газет шығарып, 1932 жылы эмигранттардың Еуразиялық партиясын да құрды.

Еуразияшылдар мемлекеттің мәжбүрлеушілік рөліне баса назар аударып, Еуразия халықтары үшін либерализм мен әлсіз билік мүлдем бөтен құбылыс деп санайды. Ресей үшін мемлекеттік құрылыстың озық үлгісі – халық ұсынатын «басқарушы әлеуметтік қабат» белгілі бір идеяға немесе доктринаға сүйене отырып халықты ұйыстыратын идеократия болуы тиіс деп ой түйеді. Ал, ондай қиын рөлді көпұлтты еуразияның әл-ауқатын арттыруды көздейтін ұлыдержавалық идея ғана ойнай алады. Алайда, еуразияшылдардың көп ұзмай «оңшыл» және «солшыл» болып екі жікке бөлінуі, одан іле-шала екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы бұл идеяның одан әрі дамуын тежейді.

ХХ ғасырдың екінші жартысында ұмытылуға айналған еуразияшылдық идесын жаңғыртқан Лев Гумилев болды. Ол «Этногенез және Жердің биосферасы», «Каспий төңірегіндегі мыңжылдық» и «Русьтан Россияға» атты бірнеше еңбектерінде еуразиялық тұжырымдаманы өзінің ойларымен одан әрі дамытты. Оның этногенез концепциясы еуразияшылдық идеясын байыта түсті. Неоеуразияшылдықтың негізін қалаушының ойынша, кез келген этнос біріншіден, белгілі бір мінез-құлық стереотиптерімен біріккен адамдар қауымы болып табылады; екіншіден, этнос пен оның мінез-құлық стереотиптері нақты географиялық-климаттық жағдайда қалыптасады және ол этностың өмір сүру ұзақтығымен бара-бар ұзақ уақыт бойы тұрақты болады; үшіншіден, суперэтностық тұтастықтар түрлі этностардың өкілдерін біріктіретін біртұтас суперэтностың жалпылама мінез-құлық стереотиптері негізінде қалыптасады; төртіншіден, суперэтностық тұтастықтың мінез-құлық стереотиптері тіршілік етудің белгілі бір жағдайларына жауап беретін болмысты танудың өзіндік тәсілі болып табылады. Әрине, мұндағы суперэтностық тұтастық Ресей болып табылады, Л. Гумилев бойынша Ресей - Европа мен Азияны қатар қамтитын бірегей өркениет ретінде көрсетіледі. Бірақ, идеяның қисынынан еуразиядағы өзге этностарды біріктіретін әрі оларға жетекшілік ететін суперэтнос та орыстар болып, православие құндылықтары шешуші орынға шығатынын аңғару қиын емес.

Еуразиялық одақ туралы пікірталас: империализм, прагматизм, скептицизм

Л. Гумилевтың идеялық ізбасары әрі неоеуразияшылдың бірі - Александр Дугин. Ол еуразияшылдықты ешқандай идеялық ағымға қосылмайтын, яғни, оңшыл православтық-монархиялық немесе солшыл – коммунистік, яки, социалистік те емес, либералдыққа да ешбір жанаспайтын, негізгі үш ұстанымдық тұғырға негізделген бірегей саяси философия деп түсіндіреді. Оның бірінші тұғыры - сыртқы саясаттағы көпполярлық теория да, екінші тұғыры - посткеңестік кеңістіктің интеграциясы, яғни, онда ТМД елдерінің ықпалдасуы аса маңызды орын алады, ол көпполярлы сыртқы саясаттың қисынды жалғасы болып саналады. А. Дугиннің ресейлік «Завтра» газетіне берген сұхбатындағы: «Вытекающий из многополярности императив - интеграция постсоветского пространства. Можно сказать, исторически - это восстановление Российской Империи и СССР на принципиально новых основаниях. Как Российская Империя была отлична от СССР, точно так же Евразийский Союз отличен и от СССР, и от Российской Империи. Другая идейная база, другие механизмы, другие акторы, другие модели интеграции. В одном случае колонизация, в другом — социалистическая революция, в нашем случае добровольная специфическая модель интеграции по типу Евросоюза» - деген пікір-тұжырымындай мазмұн-мәнде шығады. Ал, енді үшінші тұғырға келсек, оның мақсаты - Ресейдің әлеуметтік-саяси жағдайын оңтайластыру. Мұндағы еуразияшылдықтың ұстанымы – Ресей үшін оның құрамындағы барша этникалық мәдениеттерді бір қалыпқа түсіретін мемлекет-ұлт құру тиімсіз. Сол сияқты, Еуроодақтағыдай азаматтық қоғам құру да Ресейге тиімді емес. Сонымен қатар, тәуелсіздікті аңсайтын этникалық сепаратизм де қол емес. Ресей Федерациясының еуразиялық саяси жобасы – біртұтас стратегиялық басқару және этникалық мәдениеттердің көптүрлілігі. Бұл – Ресейдің ішінде саяси тәуелсіздіктің барлық түрінен – егемендік пен ұлттық республика мәртебесін беруден бас тарту. Сондықтан да, еуразиялық идея мен Еуразиялық одақ ұғымдарының ара-жігін аша білу қажет-ақ.

Енді, екінші бағыттағы Еуразиялық одақ құру идеясын саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық тұрғыдағы интеграциялық байланыстың өмірлік қажеттілігі деп санайтын прагматиктерге тоқталайық. Бұл бағыттағылардың басты ерекшелігі – олардың қатарында жалаң теоретиктер емес, саясатпен етене тығыз айналысып жүрген тәжірибелі саясаткерлердің болуы. Әрине, олардың маңдай алдысы, посткеңестік кеңістікте Еуразиялық одақ құруды алғаш ұсынушы - Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаев. Елбасының ұсынған еуразиялық бағытындағы басты екі ерекшеліктің астын сызып айтқан жөн. Оның біріншісі – ұзақ уақыт бойына қиялдай болған еуразиялық идея Еуразиялық одақ құруға қарай ойысып, саяси шынайылыққа айнала бастауы; ал екіншісі – дәстүрлі еуразиялық идеяда негізгі орында болған Ресейдің басым рөлі туралы қағидаға өзгеріс жасалып, Еуразия төсінде Ресеймен қатар Қазақстанның да геосаяси рөлі зор екенін дәлелденді, осылайша қазіргі Еуразиялық одаққа «Ресей-Қазақстан» қос өзектілігі тән болуы. Атап айтқанда 1994 жылдың 29 наурызында Елбасы мәскеулік зиялы қауым алдында посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің болашағына қатысты өзінің көзқарасын білдірді. Сөйтіп, ТМД мүше мемлекеттерінің жаңа бірлестігі - Еуразиялық Одағын құру туралы бастама көтерді. «Евразийский союз необходим, - дей келіп, Қазақстан Президенті: ...Вопрос в том, что у некоторых политических лидеров, да и не только у них, существует политическая боязнь возрождения империи. Но на это уже никто не пойдет. Нам не нужно бояться слова «союз». Ведь существует же, к примеру, Европейский Союз. Мы все равны, и мой нынешний визит в Россию — признание этого равенства» - дейді. Елбасымыз, тығыз экономикалық ықпалдасудың ұтымды тұстарын жан-жақты баяндады.

Қазақстанның Елбашысы біріншіден, мәдени және өркениеттік факторлардың маңызын ешбір төмендетпестен, интеграцияны экономикалық прагматизм негізінде құруды ұсынды. Абстрактылы геосаяси идеялар мен ұрандар емес, шынайы экономикалық мүдделер интеграциялық процестердің қозғаушы күші болып табылады. Сондықтан да, болашақ Еуразиялық одақтың алғышарты – Біртұтас экономикалық кеңістік құру. Екіншіден, интеграция ерікті негізде жүзеге асуы. Жаһандану жайлаған бүгінгі әлемде оқшауланудың тиімсіз екенін әрбір мемлекет сезінуі тиіс. Өркениетті дамудың төте жолы – ел мен халықтың мүддесіне сәйкес келетін ерікті интеграция. Үшіншіден, Елбасымыз мақсат тұтқан Еуразиялық одақ – теңдік, ішкі істерге қол сұқпау, егемендікті құрметтеу, шекаралардың тұтастығы принциптеріне негізделетін мемлекеттердің бірлестігі. Төртіншіден, Н. Назарбаев Еуразиялық одақтың ұлт үстілік органдарын құруды ұсынды. Ол органдардың нақты өкілеттіктері болады, барлық мүше-елдердің мүдделерін консенсус негізінде есепке алып жұмыс істейді. Еуро Одақ тәжірибесі сияқты, интеграциялық серіктестердің теңдігі мен егемендігі әрдайым сақталады.

Елбасымыздың еуразиялық ұсыныстары саяси шынайылыққа айналып, бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық қауымдастықпен қоса Қазақстан, Беларусь және Ресейдің Кедендік одағы құрылып, нақты қызмет етуде. Биылғы қаңтардың 1-ші жұлдызынын бастап үш елдің арасында Біртұтас экономикалық кеңістік ашылды. Осы маңызды іс-шараның қарсаңында «Известия» газетінің 2011 жылғы 3 қазандағы санында сол кездегі Ресей Федерациясының Үкімет басшысы В. Путин «Новый интеграционный проект для Евразии - будущее, которое рождается сегодня» атты арнайы мақаласын жариялады.

Мақалада В. Путин Кедендік одақ пен Біртұтас экономикалық кеңістікті келешектегі Еуразиялық экономикалық одақтың негізі деп көрсетеді. Бұл ұйым уақыт өте келе қанатын кеңге жайатынын да болжайды: қазірдің өзіне бұл одаққа Қырғызстан мен Тәжікстан кіруге мүдделі болып отыр. Алайда бұған В. Путин тоқмейілсіп отырған жоқ, ол интеграцияның келесі жоғары деңгейі – Еуразиялық одақ ауқымында ықпалдасуымыз қажет деп амбициялық міндет қойып отыр.

Жалпы, В. Путин де Еуразиялық одақ ұсынысына қырын қараушылар мен одан қауіптенушілердің көп екенін сезіп, біліп отыр.

Шынында да, путиндік мақала посткеңестік ауқымда ғана емес, әлемдік деңгейде де қоғамдық пікірге қатты әсер етті. Сондай-ақ бүгін сан-алуан сарапшылар мақаланың мазмұнын өздігінше түсініп қана қоймай, ол туралы өздерінің көзқарастарын әлі де білдіруде. Ондай сарапшылардың пікірлерін үш топқа бөлуге болады: олардың біріншісі – Ресейде жаңа жыл қарсаңынан бері толастамай турған наразылық акциялары халықтың путиндік авторитарлы саяси-экономикалық жүйесінен шаршағанының дәлелі дейтіндер. В. Путин 2000 жылы билік басына келгенде «Ресей – энергетикалық супердержава», «Тізірлеген Ресейді тік тұрғызамыз», «Тоқсаныншы жылдардың хаосынан Ресейді тәртіп пен тұрақтылыққа жеткіземіз» дегендей ұрандармен атойлап шыққаны есімізде. Ельциндік жүйеден есеңгіреген қоғам серпіліп, қатаң саясатты қуана қуаттады. Уақыт өте келе, мұндай ұрандар ескірді, ал, қалыптаса бастаған орта тап өкілдері саясатқа қатысуға құлық таныта бастады. Яғни, В. Путинге деген халықтың сенімі дағдарысқа ұшырады. Осындай жағдайда халықты баурап алатын тың идея, жаңа ұран қажет болды. Бұл ұран – В.Путиннің жаңа президенттік сайлау алдында айтқан «Ресейдің жетекшілігіндегі Еуразиялық одақ құру» ұраны деп көрсетеді бірінші топтағылар.

Екінші топтағы көзқарас бойынша В. Путин ресейліктерді Еуразиядағы ерекше тарихи миссия атқаратын халық ретінде өзінің идеясына ұйыстыруды көздеп отыр. Бірақ іс жүзінде бұл оңай шаруа емес, Мәскеу басқаратын бұрынғы «кеңестік Еуразияны» қайта жаңғыртпақшы Кремльдің ойына кереғар келетін тежеуші факторлар да жетіп артылады дейді олар.

Үшінші топтағылар В. Путин еуропалық интеграция моделін посткеңестік кеңістікке көшіруге тырысуда деп бағалайды. Алайда мұндай жобаның бағы баянсыз, себебі Еуропа Одағы өзара теңдік ұстанымында интеграцияланған, ал, путиндік жобада ықпалдасушы серіктестерден Ресейдің айқын басымдылығы байқалып тұр. Басқасын айтпағанда, жер көлемі, халық саны, тілі мен ділі, экономикалық әлеуеті мен әскери күш-қуаты жағынан кез-келген одақта орыстар көшбасшыға айналып шыға келеді. Мұның барлығы одаққа мүше болып кіргісі келетін елдерді ойландырып, белгілі деңгейде тежейді.

Міне, прагматикалық саясатқа қанша бет бұруға тырысқанымен, жеме-жемге келгенде Еуразиялық одақ құрудың астары мен тысында қаншама ой-пікірлер бұғып жатқанын аңдау қиын емес. Енді, еуразиялық бірлестіктің құрылуын аяғына енді тұрып жатқан тәуелсіз әрі жас ұлттық мемлекеттердің түбіне жететін жағымсыз геосаяси құбылыс ретінде қарайтындарға қарай ойысайық.

Сейілбек Мұсатаев – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1580
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606