Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 7598 0 пікір 29 Қараша, 2013 сағат 04:53

Камал Әбдірахман. Қаракерей ме, әлде, қарақытай ма?

Ғаламтордың әртүрлі беттерінен қазақ руларының түпкі аталарына ревизия жасау тағы да көріне бастады. Көшпелі Азияға шекесінен қарайтын батыс пен кей тұсы күмәнді қытай деректеріне, өз арамыздағы тарихтан гөрі әдебиетке етене кейбір бауырларымыздың айтқандарына сілтеме жасайды көпшілігі. Ұлттық деңгейге шығуға өресі жетпей, рулық деңгейде малтығып жатқан коментшілерге азық табылды. Қазақтың арғын, найман, керей, жалайыр, уақ, қыпшақ, маңғыт, сіргелі, шапырашты сияқты іргелі руларын бір бейшара «мыңғұл» деп, екінші байқұс «қарақытай» деп тартысып жатыр. Әсіресе, арғын мен найманды жілік майына дейін шақпақшы. Бірақ, өрелері жетпей бұлғақтап жүр. «Арғын өздерін Қодан биден таратады. Осы атаудағы «о» әрпінің орнына «и» әрпін қойсаң қидан (қарақытай) деген сөз шықпай ма? Бұдан артық не дәлел керек? Шыңғысханның тұсында арғын ауызға алынбайды. Демек, қидан- қарақытайлар осылар» деп жер тепкілепті. Арғындардың ол заманда қайда екенін Шәкәрім қажы 1911 жылы жарық көрген шежіресінде айтып кетті (Шакарим Кудайбердиулы. Родословная... Алма- Ата, «Жазушы», 1990 г. 77 стр) Бір ғасыр өтіпті. Ең болмаса соны білмесе тарихта несі бар екен?


Ғаламтордың әртүрлі беттерінен қазақ руларының түпкі аталарына ревизия жасау тағы да көріне бастады. Көшпелі Азияға шекесінен қарайтын батыс пен кей тұсы күмәнді қытай деректеріне, өз арамыздағы тарихтан гөрі әдебиетке етене кейбір бауырларымыздың айтқандарына сілтеме жасайды көпшілігі. Ұлттық деңгейге шығуға өресі жетпей, рулық деңгейде малтығып жатқан коментшілерге азық табылды. Қазақтың арғын, найман, керей, жалайыр, уақ, қыпшақ, маңғыт, сіргелі, шапырашты сияқты іргелі руларын бір бейшара «мыңғұл» деп, екінші байқұс «қарақытай» деп тартысып жатыр. Әсіресе, арғын мен найманды жілік майына дейін шақпақшы. Бірақ, өрелері жетпей бұлғақтап жүр. «Арғын өздерін Қодан биден таратады. Осы атаудағы «о» әрпінің орнына «и» әрпін қойсаң қидан (қарақытай) деген сөз шықпай ма? Бұдан артық не дәлел керек? Шыңғысханның тұсында арғын ауызға алынбайды. Демек, қидан- қарақытайлар осылар» деп жер тепкілепті. Арғындардың ол заманда қайда екенін Шәкәрім қажы 1911 жылы жарық көрген шежіресінде айтып кетті (Шакарим Кудайбердиулы. Родословная... Алма- Ата, «Жазушы», 1990 г. 77 стр) Бір ғасыр өтіпті. Ең болмаса соны білмесе тарихта несі бар екен?

Жүрек ауырады. 1897 жылғы патша санағындағы бар- жоғы 535 мың өзбектің бүгін 30 миллионға тақады. Өзбек жеріндегі барлық ұлттарды өзбектендіріп, өзбек деген біртұтас ұлт құрды. Балталасаң бөлінбейді. Біз сол санақта өзбектен 8 есе көп едік. Қазір 12 миллионға әзер жеттік. Өзбек 56 есе өсті. Біз 4- 5 есе. Өзбек бүгін шар болаттай пісіп- ұйысқан, ажырамайды. Ал бізді жұмсаң саусақ арасынан құмдай сусып түсіп қаламыз: мыңғұл- сұңғыл, қытай- мытай, пәлен- пәштүген деп шашыратып тастаймыз. Пушкиннің мұсылман негрдің жалғыз ұлы екенін, орыс басына көтеріп отырған қолбасшылары Суворов, Кутузов, Нобель сыйлығының лауреаттары Павлов, Мечниковтың, данышпан Менделеевтің, атақты Третьяков, Шереметьевтердің Көк Түріктің ұлдары екенін қай орыс мойындайды. Соларды орыс өзінен бөле ме? Біліп тұрса да, «орыс» деп қарысып қалады. Қайтсек басымыз құралады, қашан тас- түйін түгенделер екенбіз? Санасыздықтан қашан құтыламыз?

Барлық қазақ рулары туралы айту қиын- ақ. Бірақ жекелеген, әркім өзі зерттеп жүрген тайпалары туралы білгендерін, тарихи негізделген деректерін ортаға салса, өткенімізге әрқайсымыз үлес қоса алады екенбіз. Қаракерей Қабанбай батырдың тарихи тұлғасын зерттей бастаған отыз шақты жыл ішінде Баба руы жайлы біраз дерек жинадым. Бір ізге түсіріп қойғанмын. Осы туралы айтпақпын.

Қазақ наймандары бүгін он ата- Балталы, Бағаналы, Көкжарлы, Бура, Саржомарт, Терістаңбалы, Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл. Ұраны- «Қаптағай». Таңбасы- Ү (бақан). Алайда, Түркістан, Қызылорда, Ақмола- Астана түбінде өздерін «Дүрмен- найманбыз» дейтін үлкен қауым бар. Айтуларынша Түркістанда ғана төрт мың шаңырақтай. Неге екенін әзірше дәп баса алмадық, бұлар қазақ наймандарының Шежіресіне енбеген. Сонда, дүрбендермен он бір ата. Өзбекстанның Самарқанында дүрмендер тіпті мол. Өзбекпіз дейді және анау- мынау емес, Ақсақ Темірді дүрмен- найман ішіндегі барластан таратады. Украч (Өкіреш), Қара, Қызыл найман деген ауылдар кезінде Москва ұжымшары болған екен. Кеңес құласымен Әмір Темір атына өзгертіп алыпты. Самарқанның түбінде таяқ тастамда. Осыны қазақ зерттеушілері назарда ұстауы тиіс- ау. Ал түбі бір түркілердің ішінде, өзім аралаған өзбек, қырғыз, қарақалпақ, татар арасында, сонымен қатар түркімен, ноғай, естек (башқұрт), алтайлықтар, тіпті, тәжіктегі лоқай- қазақ пен мыңғұл ішінде де наймандар мол. Шеттегі жиырма шақты найман тайпасы туралы «Өкіреш Шал», «Төлегетай баба», «Қабанбайдың атасы- Тоқтарқожа» атты еңбектерімде жаздым. (Камал (Камил деп шығады ара- тұра) Абдрахман. Naiman.KZ блогі) Қайталап жатпайық.

Ғаламторда даулы пікірлер мен талас туғызған кітаптар жөнінде басын алдымен ашып алатын нәрсе бар. Онда барлық найман, арғын, уақ, шөмекей, сіргелі, шапырашты туралы айтылмайды. Осылардың ішіне сіңген азды- көпті топты көздейді. Меніңше бұған шамданбау керек. Кейбір коментшінің жаны шырылдап, «Тағы бөлдіңдер ме аз қазақты?» деп отырғанын түйсінемін. Билік қазақтың басын қосу үшін бүгін еш шара қолданбай, бей- жай отыр. Орыс тілін, сол арқылы орыс тілділерді шыр- пыр қорған әлек. Осындай шақтарда ұлтшыл адамдар белсенділік танытып, ұйтқы болып кететіні әлімсақтан бар. Десе де қай ел, қай руды алсаңыз да кірмесіз, сіңбесіз емес. Қазіргі қазақ рулары, тіпті, ХҮІІІ ғасырда да толыққан. Бір рудан екінші руға қосылып кету күні кешеге дейін жүрген. Қазір Ұлы Жүз, Орта Жүз, Кіші Жүзбіз, үйсін, дулат, қаңлы, найман, арғын, сіргелі, уақ, шөмекейміз деген соң, қайсысы нақтысы, қайсысы кештеуі екенін қопсытудың қажеті жоқ.

Жоғарыдағы он ата найманның ірілерінің бірі- қаракерей. «Қара» және «керей» деген екі сөздің қосындысы секілді. Тек, «қара» сөзі не мағына беретінін түсіне бермейміз. Біреулер «Қидан (қарақытай) мемлекетін найманның Күшілік ханы 1211 жылдан билей бастады. Сөйтіп, шын мәнінде ол мемлекет құлап, наймандандыру басталды, қарақытайдың бір тобы найманға сіңіп, найман ішінде қалған кереймен араласып, «қаракерей» аталды. Мысалы, қазақ ішінде қытай- қыпшақ, маңғыт- қытай, сіргелі- қытай, уақ- қытай деген тайпалар бар» деседі. Өзге де тон пішулер көп. Бірақ осылардан сан алуан сұрақ тудырады.

1.Ру атауы- қаракерей. Егер қарақытай мен керейдің қосындысы болса мағынасы, көздеп, көрсететіні бар «қытай» сөзі қолданысқа еніп, ру аты- қытайкерей немесе керейқытай аталуы шарт. Алдындағы қыпшақ- қытай, маңғыт- қытай секілді. Бұларда кіммен кімнің қосылғаны анық тұр. Ал «қарақытай» сөзінің «қара» бөлігі қолданысқа еніпті десек, нақ осы жерде «қара» сөзінде пәлендей мағына жоқ. Өзін- өзі ақтамайды. Кіммен кімнің қосылғаны ашылмаған. Тамырсыз. Бұл қалай?

2. Т. Жұртбай «Қидан мемлекетін кім қалай атап, сан саққа жүгіртсе де, ол құрамына найман, қоңырат, уақ, жалайыр, керей, арғын, қаңлы, адай, телеуіт, қыпшақ тайпаларын біріктіріп отырған қазақ халқының алғашқы құрамасы» деп өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары- ақ жазған. (Дулыға. Алматы, 1994 жыл. Екінші кітап, 191 бет) Шындығы да осы. Қидандардың бір тобының найманданып, кейін қазақ атанғаны кімге залалын тигізіп, бауырына батыпты? Түркі- қазақтардың көбейгенінен кім запы тартыпты?

3.Осыны да «Тарихи шындық үшін» деп ақтала ма? Қидан мемлекетінің жойылғанына 750 жылдай өтіпті. Одан бері 30 ұрпақ ауысты. Ендеше қайдағы қарақытай?

Соңғы екі сұрақтың жауабын соны жазушылардың ар- ұятына тапсырайық. Өзіңіз де ойланып көріңіз. Бірінші сауалға бірлесіп жауап беріп көрейік. Ол үшін өзбектегі Самарқанға, Әндіжанға сапар шегеміз. Самарқанның тура түбіндегі Қаранайман ауылына соғамыз, Самарқанның терістігіндегі осы облыстың ерекше өлкесін алып жатқан Қаранайман ұлттық паркіне (қорығына), қатар- қатар отырған қаранайман қышлақтарына түсеміз, Қаракерей Қабанбай батырдың түпкі ата жұрты- Жұпар сайда дамылдаймыз. Ақтайлақ би шежіресінде «Найманның (Өкіреш Шал- авт) Тоқмақ деген жалғыз ұлы өліп...» дейтіні бар. (Ақтайлақ би. Алматы. 1991 ж. 66 бет) Тұп- тура осы аттас Тоқмақ ауылына тоқтап, жөн сұраймыз. Сөйтеміз де таң қаламыз. Самарқан маңында Қаранайманға қоса Балталы, Бағананлы, Қарабағаналы, Наймансарай, Бесбала, Наймантепе, Найманауыл (өзбектер қышлақ дейді емес пе), Өкіреш, Садыр, Сарықұл, Төртуыл, Жанғұлы, Қарақұрсақ, Бешнайман, Бешбала аталатын таза найман руларының атымен аталатын, Самарқан уаялатының картасында қаз- қатар тізіліп тұрған қышылақтарды аралап шығамыз (Справочная политико- админстративная карта. ГНПП «Картография». Ташкент, 2008 г.). Осы елді мекендердің бәрінде өзбек наймандары, оның ішінде қаранаймандар тұрады. Сөз реті келгенде атай кетейік бұл маңда сондай- ақ Тарақты, Керей, Қаракесек, Қанжығалы, Балғалы, Қоңырат, Барлас, Қият, Қатаған, Қаңлы, Жағалбайлы, Шанышқылы, Шапырашты, Шөмекей, Үйсін, Жамбай тәрізді қазақ руларының атын алған қышлақтар бар. Кейбірі екі- үш рет қайталанады (аталған картаны қараңыз). Негізі «өзбекпіз» дейді. Ал Қаранайман атауы Самарқанның төрт тарабынан да кездеседі.

Енді Әндіжанның жанындағы қара, пәскі (кішкене), орта наймандарға жол тартып, қатар отырып палау жесе де болады. Бірақ, өзбектегі қаранаймандардың ешқайсысына «керей» қосақталмаған. Олармен ұзақ әңгімелестік. Екі күн қонақ болдым. Қызығы- туғандарындай қарсы алып, бар жұмсағын алдыма тартты. Өзбектік- ұлттық рухты санасына әбден сіңірген, жатты төріне жуыта бермейтін өзбек наймандарының бойындағы екі мың жылдық қандары ойнап шыға келді. Сонау 1330- 1340 жылдары Өзбек ханның атымен аталып, ұлт болуға бет алғандарынан бері аттай 700 жылдай уақыт өтсе де, біз 1460 жылдардан бері «көшпелі өзбектерден» ат құйрығын біржола кесіп кетсек те, туған бауырлардай сырластық. Өзбектің палаудан басқа да неше түрлі ұлттық асы барлығына, сүттен- айран, қатық, құрт, ірімшік және де басқа алуан түрлі тағам жасайтынына көзім жетті. Сыйлы адамдарына көп жыл сақталған бал беретініне таңдандым. Өзбек шежіре, ру білмейді деген бос сөз екен. Үлкендер жағы іркілмейді. Жастары да қай ру екенін толық айтады. Наймандар, оның ішінде қаранаймандар туралы мол дерек алдым. Осы қаранаймандардың айтуымен Әндіжанға тиіп тұрған қырғыздың Ошына соқтым. Жанында «Еркін» агрофирмасы болыпты. Сонда қырғыз қаранаймандары тұратынын біледі екен. Бұларды да таптық, рас бар қаранаймандар, өздерін қырғыз атайды. Және қырғыздағы чантеке, жуан бұт, сар, көкші, тағы да басқа наймандардан өздерін паң ұстайды. Себебін кетер сәтте сұрап алдық.

Ғаламторда пікір жарыстырушылар қадым замандардан бері қаранайман деген осынша мол, салымды рудың ең ежелгі наймандармен қатар жасап келе жатқанын, олардың кей рудан ілгері болуы да мүмкін екенін білмеген немесе білгісі келмеген. Қазақ жерінде қаранайман кездеспеген соң қол жетімдегі «қарақытай» жұртының «қара» сөзін алып, «керей» сөзін қосып, «қаракерей» руын оп- оңай тудырған. Тарихта ешнәрсе әншейін бола салмайды, халықтың қасіретімен, тар жол- тайғақ кешуімен келеді. Лақап іздеушілер Т. Жұртбай атаған рулардан өзге, Елүй Дашының заманынындағы- ХІІ ғасырдың ортасындағы, меркіт, теле, кете, ұранқай, байжігіт, байыс, тумат, тоқас және де басқа тайпалардың арасынан найманның бес бірдей руын аңдамайды. Себебі- зерттемеген. Күні бүгінге дейін найманда байыс, семіз найман (Семіз бұқаның найманы деп білген жөн- авт), байжігіт, кетік (кете), тұмат (тума), тоқас (тоғас) рулары аман- сау сол замандардан бері келеді.

Сонау Арық Бұқа, Семіз Бұқа тұсындағы- ҮІІ ғасырдағы найман ұлысының ең қабырғалысы Қара наймандар болған. Олар 1204 жылғы, алғашқы Шыңғыс хан- Найман соғысынан бастап, найманның соңғы ханы Күшіліктен бір елі қалмай Тәжікстандағы Таулы Бадахшанға дейін соғыса шегініп, 1218 жылы Күшіліктің жекпе- жекте өлгенін өз көзімен көрген. Сонша жан алып, жан берісуінің нақты себебі бар. Найман хандары тап осы қаранайман тайпасынан шыққан. Басы Арық Бұқа мен Семіз Бұқадан тартып, Инанығ Білге Бұқа хан, оның ұрқы Бай бұқа, соңғы найман ханы Күшілікке дейін түгелдей қаранайман руынан. Мұны өзбек пен қырғыздың қаранаймандары әлі күнге ұмытпай, мақтан көріп, көсіліп айтады. Екі ұлт- өзбек пен қырғыз тату тұрмағанын бәріміз білеміз. Бүгін де дүрдараз. Бірақ өзбегі- қырғыздағы, қырғызы- өзбектегі қара наймандарын, екеуі ар жақтары қаракөк екенін ұмытпаған. Сонау ҮІІ ғасырдағы төл атауларын сақтап отыр. «Біздер- Қаранаймандар хан әулетіміз. Мына пәскілер бізге дәрет су дайындап беретіндер» деп кесікті сөйлейді. Пәскілер мойындайды. Біздіңше пәскілер төлеңгіттер сияқты.

«Қара» сөзі жеке талдауды қажет етеді. Мысалы- Қара шаңырақ. Түсіндіруді талап етпейді, әулеттің басты отауы. Қара Ертіс- Ертістің негізі. Қара мал- үлкен мал. Қаранөпір- өте көп. Қарақұрым- аса көп. Қаражол- кең, үлкен жол. Сонда «қаранайман» деген- найманның ең сыйлы, ең үлкен, ең молы, бар найманның ұйытқысы- Найман хандары шыққан ру деген мағанада. Қаракерей- найман ішіндегі сөз басы «қара» деп басталатын жалғыз ру емес. Қаранайман, қарамолда, қаратұмар, қарабағаналы, қарамойын, төртқара, қаратай, қараауыл рулары және бар. Осылардың негізі қаранаймандардан бөлініп, жеке аталып кеткен тайпа секілді көрінеді. Сондықтан найманға керей сіңіп- қаракерей аталды деген қорытынды өзі сұранып тұр. Оның үстіне, керей найманды сіңірсе ол керей ішінде жүруі керек қой. Бұл жерде бәрі басқаша. Біршама керей қара наймандарға сіңгені анық.

Алуан пікір айтылғаны да жақсы. Түбі ақиқаты шығады. Сондай шындықтың бірі былай секілді: «ҮІІ ғасырға қарай наймандарда ұлыс (мемлекет- авт.) құру ахуалы пісіп- жетіліп, нәтижесінде хан басқарған дербес мемлекет тарих сахнасына келді. Жаңадан құрылған конфедерацияның құрамына сегіз тайпа- найман, татар, қатагин, салжиут, мергит, дурбет, ыбыра, тайжиут енді» (Е. Сәлімбай. Ата- баба тарихы. Алматы, 2007 ж. 34 бет). Ру аттары күні бүгінге дейін аса өзгермепті: найман- найман, татар- татар, қатагин- қатаған, салжиут- саржомарт, мергит- меркіт, дурбет- дүрмен, ыбыра- бура, тайжиут- тайчиут. Саржомарт пен бура- сол заманнан бүгінге дейін найман. Дүмендер де. Ал конфедерация басындағы найман руы осыларды құраған, ұйтқы, негізі, көпшілігі болған және сол кездегі бірнеше тайпаны біріктіріп, ортақ атауды иеленген, бүгінгі наймандардың тұтастай біріккен сол замандағы түрі- қаранаймандар десек шындықтан аса алыс кетпейтіндейміз. Осы найманның ішінде бүгінгі он бір ата найманның барлығы бар болуы да мүмкін. Кейін конфедерацияның әлсіреуінен қаранаймандар әр түрлі найман руларына бөлініп, негізі қаранайман атауын сақтап қалған. Қаранаймандардың Күшілік хан өлген өлкеден бері тартып, найманның соңғы ханзадасы Өкіреш Шал жерленген жерлерді жағалай отыру себебі де сонда. Ата- мұратқа адалдықтарында. Қаранайманның соңғы ханзадасы Өкірештің маңайына топтасқанында.

Осы жерде даукес, әрине, «Батырым- ау, қаракерей шежіреде Өкіреш шалдан тарайды. Өкіреш ХІҮ- ХҮ ғасырда өмір сүрсе, ҮІІ- ХІІІ ғасырда қайдағы қаранайман- қаркерей» деп орынды сұрақ қояды. Рас, шежіре бойынша қаракерей, матай, садыр, төртуыл Өкіреш Шалдың бесінші ұрпағы. Бірақ бұл шежіре ғана. Ал шынайы тарихта матай мен садыр (шато) ҮІІ ғасырда саржомарт, бура секілді нақтылы тарихқа енген. Өкіреш ХІҮ ғасырда найманның бір тобының басын құрап, соларға тұтқа болған әулие. Бұл өз алдына жеке тақырып.

Керей қазір негізінен Ашамайлы және Абақ болып, екіге тарамды. Меніңше, керей екіге емес бірнешеге бөлінген тәрізді. Арысы Шыңғысхан, берісі «Ақтабан шұбырынды...» кезінде. Үшінші бөлігі бағзыда қара наймандарға сіңіп кеткен. Бүгін қайсымыз таза найман, қайсымыз керейміз деп сұрау- ақымақтың ісі болады. Отқа салып- өртеп, төске салып- шауып, қаракерейді ортасынан жара алмайсың.

Өзбек пен қырғыздағы найман рулары берген ақпар ойландырады. Біз кез- келген руды қазақтан өзге ұлттардың арасында жүргендермен салыстыра, қатар қоя зерттеуіміз керек екен. Себебі оларда бізге белгісіз жайттар болуы әбден мүмкін. Мысалы, қазақ арасында түсініксіздеу болып келген «Өкіреш» өзбекте- Кіші Бұқа- (ханзада- авт.) деген мағына береді екен.

Мұны Өкіреш Шал моласы сақталған Украч найман қышлағының украч наймандары естерінде ұстап отыр.
Кіші Жүздегі «керейттер» мен керейлердің ұқсас айтылуы жай ғана ма? «Т» әрпі көнеден бері көптік жалғауын да береді. Мысалы біз бұғылы десек, қалмақ бұғыты, біз алмалы десек, қалмақ алматы, біз ырғайлы десек, қалмақ ырғайты т. б. дейді. Жоғарыдағы «тумат» руы да бұған бір мысал. Қаракерейдің- тумасы. Керейді егжей- тегжейлі талдасақ арасынан кімдер шығар еді. Бүгінгі керей ішіндегі меркіттер- кеше Шыңғысханның қатыны Бөртені тартып әкеткен жаубасар жеке ру еді ғой. Қазір мыңғұл ғалымдары Жошы ханды нақ осы меркіттің Жилгу батырынан туғанын мойындады деген жазылып жатыр. Меркіт қашан керей атанды? Мынадай жауап бар секілді. Әбден кектесіп, қаны қарайған Шыңғыс меркітті түп- түгел қырып салмаққа бекінгені белгілі. Осы сәтте біршамасы керейден пана тауып, керейміз деп кетуі әбден мүмкін.

Ел арасында сенім тудырмаған «Түп- тұқияннан өзіме шейін» деген кітапта «Мен, меркіт, шапырашты баласымын. Үйсін- керей екеуінің таласымын» деген жолдар жүр (Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Алматы, 1993 ж. 96 бет). Меркіт ҮІІ ғасырда найман конфедерациясының құрамында бар. Шапырашты бертін, Бәйдібек баба тұсынан, ХІҮ- ХҮ ғасырдан айтыла бастайды. Осыны ескерсек, кітапта біреудің қолымен әке мен баланың орны әдейі ауыстырылғанын, әкені қасақаны бала жасағанын тану қиын емес. Мұндай жағдай көшпелілер арсында орын алып тұрған. Қалмақтың да басынан өткен. Ар жағынан қытай қырғыны келгенде біраз қалмақ Аякөздің оң жағалауында тақау отырған найман, шапырашты, шанышқылы секілді рулардан пана тауып, солардың қолтығына кіріп кетті, шабындыдан аман қалды. Ғажап! Не деген кең пейіл халықпыз! Ата жауды ығына қондырған қазақтан басқа жұрт бар ма екен! Қазір арамызда олардың кім екенін ажырату мүмкін де, қажет те емес. Білетіндердің аузы берік. Әсілінде, рулардың бірде бөлініп, бірде қайта қосылып отыруы тарихта жиі кездеседі. Найман да бұл үрдістен шет қалмаған. Жырақтап кетіп, қайта табысып отырғандары, да бұрынғы орындарында қалып қойып, жаңа атау алғандары да толып жатыр. Мысалы наймандағы төртқара, төртуыл, ақтаз, кенжебай рулары Кіші Жүзде, арғында, қыпшақта, дулатта жүр. Сіргелі- уақ пен Ұлы Жүзде. Қаракесек- Кіші Жүз бен арғында. Бұл жеке әңгіме.

Қара наймандар бар наймандармен қатар жасасып келе жатыр. ҮІІ ғасырда кездесетін салжиут (саржомарт), ыбыра (бура), дербен (дүрмен) наймандардың басын қосып, ұлыс құрды. Д,Осоннан бастап, И. Я. Шмидт, А. Позднева, В. В. Бартольд, В. П. Васильев қатарлы ғалымдар наймандарды ту баста моңғол тектес халықтар санатына қосты. Тіпті, наймандар мен керейлерді Хань Жу Линь, П. Рачневский, В. Кычанов секілді ғалымдар қырғыз халқының немесе Қырғыз қағанаты этносының бір бөлігі деп те қарастырды. Ал Рашид- ад- Дин бастаған Х. Ховарс, П. Поуха, А. Боривников, Г. Е. Грумм-Грижимайло, Л. Л. Викторова, Мурояма, Н. А. Аристовтер наймандардың түркі тектес екенін тастай етіп дәлелдеді. Әсіресе, өзі моңғол бола тұра найманды түркі тектес деген Грумм- Грижимайлонікі ерлік еді. Ол бүгінгі мыңғұл ішінде найман руы бар екенін жақсы білді. Бірақ нағыз ғалым адалына жүреді. Мыңғұл ішндегі наймандардың тамыры түрік тектес екенін жасырмады. Ал алдыңғы екі топ қазақтан, найманның өзінен «Сендер кімсіңдер?» деп сұрамағаны былай тұрсын, найманды қиял жетегіне ілестіріп әкеткісі келді. Өз туғандарымыз С. Аманжолов пен Ә. Марғұлан наймандарды түркі тегіне жатқызып, дәлелдеп шықты. Бүгін қырғыз ғалымы Т. Акперов наймандарды ежелгі үйсіндердің бөлініп кеткен ұрпағы дегенді ауызға алып жүр. Үйсін де түркі ғой. Бұл да талай зерттелер. Айтқандайын, осы тақілеттес пікірді Тұрсын Жұртбайдан да кездестіреміз: «Үйсіндер екі Күнбиге бөлінгеннен кейін хан хандығы оларға кейде бейбіт тыныштандыру саясатын, кейде күш көрсету арқылы зорлап көндіру саясатын қолданды, сонда да олар тыныштық бермеді» деп Үйсіндердің біздің дәуірімізге дейін екіге айырылғанын жазады. (Т. Жұртбай. Дулыға. Алматы, 1994 ж. 365 бет. 1 кітап) Сөйтіп біздің дәуірімізден бұрын, Ұлы Күнби Мойыншордың тұсында найман тарихқа енгенін, сол тұста юебань аталғанын көрсетті. Өткен жиырма жылда кітап үш рет қайта басылды. Екінші пікір айтқан ешкім жоқ. Бұл Тұрсын Жұртбайдың тарихи әфсанасын толық мойындау.

Қара наймандарды хан әулеті деуіме бірнеше себеп бар. Алдыңғысы- қырғыз, өзбек қара наймандарының аңыздары.

Өздерін хан тұқымынан таратуы. Ал қазақ ішіндегі рулардан «Найман хандарынан тарадық» дегендерді естімеппін. Қаракерей Қабанбайдың және аталарының хан сайланғаны туралы шежірелік дерек қана кездеседі. Бірақ, көшпелі жұрттың таңбасы көп тарих айтады. Қаракерейлердің таңбасы- мүйіз. Ал, мүйіз десе көз алдыңа бұқа келеді ғой. Найман хандары ілкіден тартып өз аттарына «бұқа» сөзін қосып отырған. Арық Бұқа, Семіз Бұқа, Инанығ Білге Бұқа, Бай бұқа, кейінгі найман елтұтқалары- Кет бұқа, Кел бұқа, Өкіреш (Кішкене бұқа). Г. Потанин Алтай наймандарынан «Көк Бұқа» дастанын тауып, жазып алады да, «Наймандардың бір бөлігі өздерін әлі күнге Бұқадан таратады» деп атап көрсетеді. (Ғ. Байназарова. Қасиетті түркі елі. Алматы, «Өнер» баспасы, 1994 ж. 66 бет) Бұлар сөз жоқ- ежелгі қара наймандардың сынығы, қазіргі қазақ арасындағы қаракерейлер. Жалпы найманның таңбасы- Ү (бақан). Түптеп келсе осы бақан да мүйізден аса ары тұрған жоқ. Екеуі тым ұқсас. Қаранайманнан отау алып шыққан қаракерейлер бақанды сәл өзгертіп, мүйіз етіп алды десек қанша қиыс кетер едік? Қалай болғанда да қаракерейді көне найманнан ажыратып алу мүмкін емес. Осындай зерттеу мен дәлелдерден соң найманның қаракерейлері- нағыз наймандар екеніне көз әбден жетеді. Қаракерейлер Иса пайғамбар тумай тұрғанда тарихқа енген, бүгінгі қазақтың ең көне, ең ірі руының бірі- найманның өз төлі. Ал өзге түрік текті қандастарымыз найманға қосылып, қан араластырып жатса оның не жаттығы бар? Айтпақшы, жоғарыдағы Семіз Бұқа мен Арық Бұқа наймандар бір елді сол кезде- ақ екіге бөліп басқарған екен. Осы үрдіс әлі сорабын үзбеген. Қаракерей бүгін де екіге бөлінеді. Бірі- сөз басында айтқан Байыс, бүгінгі күнге сол Байыс атауын өзгерпей жетті (қазір сегіз ата). Ғажап қой! Ал екінші- Семіз Бұқа әлі негізін бұзбай, бүгінгі күні Семіз найман (Байсиық) атымен от түтетіп отыр (бес ата). Дәстүр он төрт ғасыр сақталып келеді!

Мына пікірге тоқталмаса болмайды. Өзім аса құрметтейтін бір жазушы ағамыз «қаракерей, садыр, матай, (найман шежірешілері садырды матайдан кейін қояды) төртуылды қытай табы» дей отырып, былай жазады «...кейінгі совет тұсындағы түзетілген шежіреде қытай намы көмескі тартқан, әдетте Төлегетай атымен көрінеді». Осы тұста ғұлама ағамыздың назарына ілікпей қалған екі жағдай бар. Біріншісі- Төлегетай сөзін талдаумен анықталады. Ағамыз «көмескі тартқан» деп отырған «қытай» сөзінің өзгеріске ұшырап, «Төлегетайдың» ішінде жасырын тұрғанын аңғармаған. Біз Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай дейміз. Ал турасы- Қаракерейдің Қабанбайы, Қанжығалының Бөгенбайы. Тілдік нормаларымызға сәйкес бірінші сөздегі ілік септігінің, екіші сөздегі тура толықтауыштың жалғаулары түсіп қалады. Шежіреге сәйкес Төледен Қытай туады. Қытай жиырма алты, кей шежіреде отыз үш жасында, елге танылмай тұрғанында, саятта жүргенінде, бүркіті өзіне түсіп, көз жұмыпты. Артында шежіреге сай, екі әйелінен Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл атты төрт ұл қалады. Атасы Төленің бауырында өседі барлығы. Былайғы жұрт Қытайды жыға танымай, оның ұлдарының кім екенін біле бермеген соң, оларды Сыр бойының датқасы, жұрт түгел танитын аталарының атымен «Датқа Төленің Қытайының төрт ұлы», «Төле- Қытайдың төрт ұлы» дескен. Кейінірек Төле сөзінің соңғы әрпі «е»- нің жұмсақ дыбысты болуына сәйкес Қытай сөзіндегі «қ»- әрпі жұмсарып, «г» әрпіне ауысады- Төлегетай сөзі туады (Ботакөздің- Ботагөз, Аманкелдінің- Амангелді деп түрленгені секілді). Бұған совет үкіметі ат салыспаған. Бұл қазақ тілінің нормасы. Сөйтіп, сол кездерден бері «Төле- Қытайдың төрт ұлы» деген тіркес, «Төлегетайдың төрт ұлы» болып, бізге жетті. Нанбасаңыз Төле- Қытай деген сөзді төрт қайталаңызшы. Өзіңіз де Төлегетай деп жүре бересіз. Бұған қидан- қарақытайдың ешбір қатысы жоқ. Шежіреге сай төрт ұлдың әкесінің аты- Қытай. Өкіреш жалқы, одан Белгібай жалқы, одан Сүгірше (Сүйініш) жалқы, оның ұлы Төле жалқы. Шежіренің айтуынша Сыр бойының Елназары- Сүгірше «қытайдай көбейсін» деп немересінің атын Қытай қойыпты. Қазақта Әзірбайжан, Орыс, Қырғыз, Сарт, Өзбек, Түрікпен деген аттар да баршылық.

Екінші, найман туралы Шәкәрім қажының, Құрбанғали Халидидің, Мұхаметжан Тынышбаевтің кітапқа түскен шежірелерін көне деп айтуға келеді. Бұлар совет үкіметі келмей тұрып тасқа басылған. Шәкәрім ата 1911 жылы шығарса, Тынышбаев 1911- 1914 жылдары жинақтаған. Ал ауызекі шежіре тіпті арыда. Және бұлардың бір де бірі қаракерейді қытайға да, керейге де соқтықтырмайды. Шежіре әлдекімдердің бұрмалауымен совет үкіметі тұсында түзілмеген, одан көп ілгері. Көнеден жеткен. Совет үкіметінің Шежірелерге еш қатысы жоқ.

Көне демекші, қарақытай сөзі қолданысқа Елүй Дашының атымен байланыса келді. Елүй Дашы 1087 жылы туып, 1143 жылы өлді дегенді ғылыми орта қабылдады. Енді қараңызшы, матай мен садыр (шато) ҮІІ ғасырда тарихқа жазылды. Қарақытай атауы бұдан аттай бес ғасырдан соң, ХІІ ғасырда ауызға алына бастайды. Ендеше, логика қайда? 500 жыл бұрын өмір сүріп келе жатқан найманның қара, матай мен садыры, 500 жыл найман болған рулар аяқ асты қарақытай бола қала ма? Әрине, болмайды. Болса, бүгінгі күнге ҮІІ ғасырдағы қара найман, бура, саржомарт, дүрмен, матай, садыр, төртуыл, байыс, байжігіт, тоғас, тума, кетік (кете), көкжарлы, балталы, бағаналы, терістаңбалы, семіз аттарымен жетпес еді. Осы тізімнің өзінен найманның кей рулары бірде қосылып, бірде жеке кетіп отырғаны көрінеді. Мысалы, сол заманда дербестігі бар тоғас, тума, кетік, байыс, байжігіт, семіз наймандар қазір бір ғана қаракерей руының құрамында. Бұдан олардың заты- наймандығы өзгерген жоқ. Демек, қарақытайдың бір бөлігі Күшілік ханның тұсында, одан бері таман найманға сіңіп кетті деген қай жақтан алсаңыз да дәлелді. Сондай- ақ керейдің де елеулі бөлігі қара найманға кірмеленіп, кейін келе біржола найманданды.

Оның үстіне найман хандығымен шекаралас жатқан қарақытай мемлекетінің құрамына наймандардың бір бөлігі кірген секілді. Бұған 1204 жылы Шыңғысханнан жеңілген найманның соңғы ханы Күшіліктің қарақытай ханы Жилгуге келгенінде оны танып қойғаны, өте жылы қабылдағаны дәлел. Қашып, жеңіліп келген адам демей қарақытай ханы үш- ақ күннің ішінде қызын беріп, күйеу бала жасайды және бар әскерін тапсырады. Неге? Себебі, екі мемлекеттің рулық құрамы ұқсас, тегі, тілі, дәстүрі бір, ежелден аралас- құралас- Көк түріктер. Қазір де шекаралық аудандарымызда өзбек, қырғыз, ұйғырмен араласып отырмыз. Рессей, қытай, өзбек, қырғыздың қазақпен шекарасында қазақ аз ба? Сонау замандарда да осылай болған. Ендеше, найманды қарақытай еді деу, білместік. Найман екі мың жылдан бері- найман.

Қайрат Зікірияновтың мынадай пікірін де айта кеткен орынды секілді. Аңыз Көк Түріктерді Қасиетті Бөріден таратады.

Байрағымыз- бөрі басты. Ең түпкі тұмар- тотеміміз де бөрі болған. Қазіргі қазақ руларының ішінде бөрі (қасқыр) таңбалы ру бар. Ол- матайлар. Одан бері Шыңғысханның бабалары өздерін «бөржіген» атайды, өздерін бөрімен байланыстырады. Осы үш жағдай жай ғана ұқсастық па? Көне түркілердің тотемін- тұмарын өзге ру емес, матай неге иеленеді? Матай- бөржігенмен, бөржіген- матаймен туыс емес пе? Матай- Шыңғысханның арғы аталары Бөржігендермен сонау Көк Түрік заманында бір тамырдан тарағандай көрінеді. Қайрат Зікіриянов өте дәлелді айтып жүр. Менің түсінігімде даладағы ғұн, түрік, қазақ рулары атам заманнан бері әбден қаны араласып кеткен, бір атаның баласымыз, бір қарыннан шыққан- қарындастармыз.

Аңғарған шығарсыздар қаракерей де, матай да Көк Түріктің, оның ішінде көнеден тамыр тартатын наймандардың кіндік төлдері. Ендеше, қаракерей мен матайдың қос інісі- садыр мен төртуылдың, бауырлары- балталы, бағаналы, көкжарлы, бура, саожомарт, терістаңбалы, дүрмендердің найман екеніне қандай шүбә болсын. Бесенеден белгілі осы жағдайды таразыға салу онша қажет емес еді. Алайда, Қазақ халқының, қазақ руларының шынайы тарихын зерттеуге тамшыдай болса да үлес қосылсын. Қателессек дау- шарға да барып қажеті жоқ. Ағат кетіп жатсам ғафу өтінемін. Нақтылы деректермен толықтырсаңыздар нұр үстіне- нұр!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541