Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4517 0 пікір 27 Қараша, 2013 сағат 08:25

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» (жалғасы)

6.

Иә, Ұлы отан соғысындағы жауынгерлерге: «Сендерді Абылайдың, Кенесарының, Наурызбайдың әруақтары қолдасын!»,– деп ұран тастағанын Ж.Шаяхметовтің өзі де мойындай сөйлеп, оған идеология хатшысы І.Омаровты жанай кінәлап өтті. Скворцов, Қазақпаев, Оңдасынов, Әбдіхалықов та Кенесарыны ауызына алып, атой салған. Тіпті Сталиннің өзі де Иван Грозныйдың әруағын шақырған болатын. Жеңіске жеткеннен кейін енді сол әруақтарды қарғыспен кебіндеп, қайта көмгілері келді. Зады әруақтар оларға да тыныштық бермесе керек.

Кенесары ұлт-азаттық қозғалысы туралы мәселе Қазақстан Компартиясы ОК-нің ҮІІІ пленумында арнайы қаралып, бірінші хатшы Ж.Шаяхметов «Республиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсартудың шаралары туралы» баяндама жасады. Сол кездегі партиялық принцип пен пікірдің, қоғамдық ойдың қандай дәрежеде екендігін көрсету үшін баяндаманың қажетті-ау деген тұсын ықшамдап бердік. Онда жалпы идеологиялық майданға шолу жасай келіп Ж. Шаяхметов:


6.

Иә, Ұлы отан соғысындағы жауынгерлерге: «Сендерді Абылайдың, Кенесарының, Наурызбайдың әруақтары қолдасын!»,– деп ұран тастағанын Ж.Шаяхметовтің өзі де мойындай сөйлеп, оған идеология хатшысы І.Омаровты жанай кінәлап өтті. Скворцов, Қазақпаев, Оңдасынов, Әбдіхалықов та Кенесарыны ауызына алып, атой салған. Тіпті Сталиннің өзі де Иван Грозныйдың әруағын шақырған болатын. Жеңіске жеткеннен кейін енді сол әруақтарды қарғыспен кебіндеп, қайта көмгілері келді. Зады әруақтар оларға да тыныштық бермесе керек.

Кенесары ұлт-азаттық қозғалысы туралы мәселе Қазақстан Компартиясы ОК-нің ҮІІІ пленумында арнайы қаралып, бірінші хатшы Ж.Шаяхметов «Республиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсартудың шаралары туралы» баяндама жасады. Сол кездегі партиялық принцип пен пікірдің, қоғамдық ойдың қандай дәрежеде екендігін көрсету үшін баяндаманың қажетті-ау деген тұсын ықшамдап бердік. Онда жалпы идеологиялық майданға шолу жасай келіп Ж. Шаяхметов:

«Идеологиялық жұмыста қателер мен ұлтшылдық бұрмалаушылықтар болатындығының себебі мынада: Орталық комитеттің бюросы және Орталық комитеттің бірінші секретарымен, саяси және шаруашылық жұмысты ұштастыру туралы Сталин жолдастың нұсқауларын ұмытып, идеологиялық жұмысқа жеткілікті көңіл бөлмедік, кейбір тарихшылардың, әдебиет зерттеушілердің, кейбір басшы партия және совет қызметкерлерінің еңбектеріндегі қателер мен бұрмалаушылықтарды дер кезінде көрмедік және партиялық принциптік жағынан сынамадық, сонымен бірге «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген белгілі мақаласын талқылауда және бұл мақалада көтерілген мәселелер жөнінде республиканың партия ұйымдарында түсінік жұмысын жүргізуде үлкен шабандық істедік.

Мен 1944 жылы Амангелді Имановтың кайтыс болуына 25 жыл толуына арналған, «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған мақаламда елеулі саяси қате жібердім. Қазақ жауынгерлерін неміс-фашистерге қарсы күресуге шақыра отырып, мен оларды өздерінің даңқты бабаларына лайықты болуға шақырдым, сөйтіп, Сырымның, Исатайдың, Махамбеттің, Амангелдінің есімдерімен қатар, Абылайдың, Кенесары мен Наурызбайдың аттарын да атадым. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясында 1944 жылы апрельде жасаған баяндамасында Оңдасынов жолдас та осындай қате жіберді.
Орталық комитеттің насихат және үгіт мәселесін басқаратын секретары Омаров жолдастың идеологиялық жұмыспен шұғылдануы қанағаттанғысыз болды, буржуазиялық-ұлтшылдық сыпаттағы қателерді дер кезінде аша білмеді және ол қателерді Орталық комитет бюросының талқылауына салмады. «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуының бас редакторларының бірі бола отырып, Омаров жолдас Бекмахановтың қателері туралы дабылдарға құлақ қоймады және «Қазақ ССР тарихының» Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы тарауын жазуды соның өзіне тапсырды»,– деп («Әдебиет және искусство», 1951, № 10) «мойындады».

Айтылған пікірлерге орай Жазушылар Одағының партия ұйымы:
«Сұлтан Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысы революцияға дейінгі және кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінде кеңінен көрініс тауып келді: ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің реакциялық романтизм ағымындағы өкілдері Нысанбай, Досқожа т.б., сонымен қатар буржуазияшыл-ұлтшыл алашордашылар Кенесарының қозғалысын – ұлт-азаттық қозғалыс, ал Кенесарының өзі мен оның айналасындағыларды – ұлттық батырлар деп жырлады. «Қаншайым», «Жасауыл қырғыны» атты халықтық дастандарда және жазушы-демократ Мұхамеджан Сералиннің «Топ жарған» дастанында суреттелгеніндей, қалың бұқара Кенесарының қозғалысына қарсы болғанына қарамастан, қазақ әдебиеттанушылары сарай ақындары Нысанбай мен Досқожаның туындыларын қазақ әдебиетінің тарихына қатысты көптеген еңбектерінде мадақтап келді. Кенесарышыл алашордашыл-жаршылардың сартабан соқпағымен жүрген жазушылар Әуезов, Бекхожин, Аманжолов, Тоқмағамбетов және тағы да басқалар Кенесары Қасымовтың реакциялық, феодалдық-монархиялық қозғалысын мадақтайтын көркем шығармалар жазды.

Партия жиналысы, әсіресе, Есмағамбет Исмаиыловтың Кенесары Қасымов қозғалысының «прогрессивті» екені туралы жазған кітаптары мен мақалаларында контрреволюцияшыл-алашордашылардың кеңес өкіметіне жаулық сыпатындағы идеясын жүйелі түрде насихаттап келгенін ерекше атап өтеді. Е.Исмаиыловтың осы партия жиналысындағы сөйлеген сөзі коммунистерді ешқандай да қанағаттандырмайды, өйткені Е.Исмаиылов өзінің сөйлеген сөзінде өзінің қателігін толық мойындамады, оның әдебиеттану және сын саласындағы еңбектеріне қаратыла айтылған әділ сыннан партиялық принципті қорытынды шығара алмады.

Партия жиналысы сонымен қатар Әуезовтің, Мұқановтың, Жұмалиевтің қазақ әдебиетінің тарихына байланысты еңбектерінде жіберілген қателер мен бұрмалаушылықты да атап өтті.
Бірқатар әдебиеттанушылардың қазақ әдебиетінің тарихына байланысты бірқатар еңбертерінде және жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылығында қарақшы және қалың бұқараның жауы Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысын бағалауда жіберілген өрескел қателіктері мен бұрмалаушылықтарын жою үшін Қазақстан Кеңестік Жазушылар Одағының партия жиналысы Қаулы қабылдады».
Талқыға салынған пікірталастары мен әшкерелеудің негізінде «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» атты мақаласын және ҚК(б)П Орталық комитетінің осы мақала туралы қаулысын басшылыққа алып, бұлжытпай орындау үшін»:

«1. Хан Кенесары Қасымовтың феодалдық-монархиялық, реакциялық қозғалысының мәнін ашып бере алмаған жазушылар мен әдебиеттанушыларды әшкерелеуде жетекшілікке алынсын. 2. Хан Кенесары Қасымовтың феодалдық-монархиялық, реакциялық қозғалысы қатаң сынға алынып, Жазушылар мен әдебиеттанушылар көпшілік арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізсін. 3. «Әдебиет және искусство» журналында Кенесарының қозғалысын суреттеген әдебиеттерді әшкерелеу бағытында сыни мақалалар жарияласын. 4. Әдебиеттанушылар – Қазақ әдебиеті тарихының көп томды тарихы мен мектеп оқулықтарында кеткен қателіктерді түзету үшін әдебиеттанушылар Қазақ ССР ҒА Тіл және әдебиеттану институтына және Қазақ ССР оқу ағарту министрлігінің жұмысына белсене атсалыссын. 5. Жұмалиевтің, Бекхожиннің, Әуезовтің, Мұқановтың өзінің қателіктерін мойындағаны ескеріліп, оларға шығармаларында, оқулықтарында, қазақ әдебиеті тарихында кеткен қателіктерін тез арада түзету тапсырылсын. 6. а/ Қазақ ССР тарихы мен Қазақ әдебиеті тарихы мәселесі бойынша жазушыларға арналып лекция оқылсын. б/ Осы қаулының орындалуының барысы туралы ай сайын партия жиналысына хабарланып отырсын»,– деген (сонда, мазмұндалып беріліп отыр) қаулы қабылданды.

Алайда бұл қаулы көпшіліктің назарын жай ғана алдарқату еді. Мұндай қаулыны көні кеуіп барып, жібіген былғарымен ғана салыстыруға болатын.
Өйткені Қ.Жармағамбетов жазып, қолын қойған осы жиналыстың қорытындысы бойынша Кенесарыға қатысты әдебиет саласындағы барлық айып Есмағамбет Исмаиыловқа тағылды. Жоғарыдағы

Е.Исмаиыловтың «азсынған еңбегін көпсінтіп», бас-басына талдап көрсетіп шықты. Соның ішінде мына мәселелерді батыра айтты:
«ҚК(б)П Орталық комитетінің осы қаулысында БАК-қа: ұлтшылдықты насихаттаған ғылымға жат, тарихи шындықты бұрмалаған, зиянды еңбегі үшін профессор атағын, ғылым докторы және ғылым кандидаты дәрежесін Бекмахановтан алып тастауды өтінген шешім бар. Орталық комитеттің бюросы Қазақ ССР Ғылым Академиясының партия ұйымына: Бекмахановтың өзінің қателігін мойындауға селсоқ қарағандығын, «Правда» газетіндегі мақаланы теріске шығаруға ұмтылғандығын ескере отырып, Бекмахановтың партиялығы мәселесін қарауды тапсырды. ҚК(б)П Орталық комитеті өзінің қаулысында Қазақ ССР Ғылым Академиясының төралқасын: «Қазақ ССР тарихының» бірінші томын қайтадан қарап шығып, Қазақстан тарихының кеңестік кезеңін кеңінен қамтуға міндеттеді. Орталық комитеттің бюросы бізді, әдебиет майданының қызметкерлерін: қазақ әдебиетінің тарихын қайта қарап шығып, ондағы Кенесарының қозғалысына қатысты қателіктерді түзетуге міндеттеді. ҚК(б)П Орталық комитеті бюросының бұл нұсқауы: әдебиет майданы қызметкерлерінің Кенесары Қасымовтың қозғалысын бағалауда жіберілген өрескел қателіктерді түзетуді талап етеді.
Кенесары Қасымов қозғалысы революцияға дейін де, кеңес жылдарында да қазақ әдебиетінде кеңінен көрініс тапты. Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысының революцияға дейінгі қазақ әдебиетіндегі көрінісін бағалауда екі бағыт орын алып келді.

Бірінші): революция қарсаңындағы демократиялық бағыттағы М.Сералин бастатқан зиялылар мен халықтың қалың көпшілігі Кенесары Қасымов қозғалысының реакциялық жағын басым көрсетті (бұдан кейін Қ.Жармағамбетовтің баяндамасындағы «халық өкілдерінің» «Топжарған», «Жасауыл қырғыны» дастандары мадақталып, Досқожа, Нысанбай, Көкбай сияқты «халық жауларының» дастандары мысалмен аталып өтіп, әшкереленеді – Т.Ж.).

Кенесарының және оның айналасындағылардың жалған ерлігін желеу еткен қазақ ұлтшылдары – феодализм мен Қазақстандағы хандық билікті әшекейлеушілер, социализмнің қас жауы, алашордашылар бұлардан да асып түсті. Алашорданың контрреволюцияшыл ақындары Жұмабаев, Дулатов, Байтұрсынов Кенесарының дәуірін алтын ғасыр деп бағалады, Кенесарының өзін қайталанбайтын батыр және халық бақыты үшін күрескен соңғы хан деп жырлады. Өздерінің контрреволюциялық насихаттарында халық жаулары – ұлтшылдар өздерінің алдына Кенесарының хандығын қайтарып әкелуді мақсат етіп қойды. Алашордашылардың Кенесарыны насихаттауы 1930 жылға дейін жалғасты. Алашордашылардың уағызының ықпалымен және олардың қолпаштауымен ақын Иса Байзақов «Қойшының әңгімесі» дастанын жазды, онда Кенесарының қарақшыларының бірі Ағыбайды әспеттеді. 1928 жылы Әуезов «Хан Кене» пьесасын жазды, онда автор ұлтшылдардың ұстанымымен Кенесарының қозғалысын және оның қырғыз халқына шапқыншылығын басынан бастап аяғына дейін ақтап шығады»,– дей келіп абайтану және Абайдың ақындық мектебіне жанай шолу жасап, қаулының түсініктемесіне енгізе кетеді.
Оның бұл пікірін осы мәселеге қатысты тұста пайдаланатын болғандықтан да бұл арада назардан тыс қалдырамыз. Оның есесіне баяндамада қамтылмаған, әсіресе, Е.Исмаиыловтың мұның пікірін «жалақор» деп мойындаудан бас тартқанына шамданған Қ.Жармағамбетов оның «жаулығын әшкерелейтін тың деректер» келтіреді.

«ҚК(б)П Орталық комитеті бюросының нұсқауын орындау барысында: әдебиет майданының қызметкерлері оқулықтар мен қазақ әдебиеті тарихының көп томдығын Кенесары Қасымовтың жалған қаһармандығы мен ерлігін мадақтайтын пікірлерден тазартуы тиіс, Кенесары Қасымов қозғалысының ұлтшылдық және реакциялық-монархиялық сипатын әшкерелейтін мақалалар жазып, баяндамалар жасауы керек, бұл мәселе жөніндегі өздерінің де қателерін партиялық салиқалы сын мен өзара сын тұрғысынан бағалауы тиіс.

Бұл реттен алғанда алғашқы істер жүзеге асып жатыр. 1951 жылы 4-көкек күні (яғни, мәжілістен он төрт күн бұрын – Т.Ж.) «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған Ғұмарова жолдастың «Кенесары қозғалысының әдебиеттегі әспеттелуіне қарсы» атты мақаласында Кенесары қозғалысын бағалауда және зерттеуде қателіктер жіберген әдебиеттанушылардың қателіктері дұрыс сыналған. Ғұмарова жолдас Исмаиыловты: ҚК(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы 21-қаңтар күнгі «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтындағы өрескел қателер туралы» қаулысындағы тікелей Исмаиыловтың өзіне қаратыла – өзінің буржуазиялық-ұлтшыл ұстанымын мектептегі оқулықтар мен әдебиет теориясы туралы және басқа еңбектерінде енгізіп, насихаттағаны үшін партиялық ескерту жасағанын, алайда оның партия-кеңес жұртшылығының мұндай батыл ескертуінен қорытынды шығармағанын – орынды сынаған. Мұның барлығына қарамастан қаулы шыққаннан кейін сол қатесін тағы да қайталап, «Қазақ әдебиетінің тарихының» бірінші томында Кенесарыны әспеттеді.

Менің ойымша, коммунистер мен жазушы жұртшылық Исмаиыловтан бір нәрсені сұрауға: ол буржуазиялық-ұлтшыл идеяны насихаттауын қашан доғарады?,– деп сұрауға толық қақы бар. Біз бұл сұрақты оның бетіне тура қарап тұрып: қазақ әдебиетінің тарихы мәселесін буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғысынан көрсететін өзіңнің ұстанымыңнан түбінде бір қол үзесің бе, жоқ па?,– деп сұрақ қоюға міндеттіміз.

Ғұмарова жолдас өзінің мақаласында: біздің әдебиеттанушыларымыз өздерінің оқулықтары мен өзге де еңбектерінде – Кенесарының қарақшыларының тонаушылық шапқыншылығын тікелей немесе жанама әшкерелеген революцияға дейінгі шығармаларды қасақана айналып өткенін дұрыс көрсеткен. Мысалы, «Жасауыл қырғыны», «Топ жарған» дастандары талданбады, оның есесіне Кенесарының қарақшыларының қырғыз халқына жасаған шапқыншылығын суреттеген Нысанбайдың дастанын талдау барысында оның өмірлік шындығы ашылмады».

Осы арада Қ.Жармағамбетовтің «бармағының астына басып отырған бір қулығын» ашуға тура келіп тұр. Сол Есмағамбет Исмаиыловтың тапсырмасымен торғайлық халық ақыны Нұрхан Ахметбеков те «Жасауыл қырғыны» атты дастан жазып, онда Наурызбайдың жасағының қырғынға ұшыраған қасіретті оқиғаны толғайды. Мұны білетін Қ.Жармағамбетов халық ақынына сол дастандағы оқиғаны мүлдем өзгертіріп, «бүгінгі күннің көзқарасы тұрғысынан» қайтадан өңдеп жаздыртады да өзі басқарып отырған «Әдебиет және искусство» журналына жариялап, сол шығарманы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынады. Қылышының жүзі Кенесары мен Наурызбайдан бетер қылпып тұрған Қайнекей Жармағамбетовтің бетіне кім қарсы шыға алсын, әрине, халық ақыны лауреат атанды. Сондай шеберлікпен орындалған дастанды қадағалап оқыған адам соның ішінен Наурызбайға қаратыла қолданылған сүйсіністі теңеулерді қазір де аңғара алады. Міне, осы арада бұрын халыққа таралмаған дастанды халықтық нұсқа етіп көрсетуінің астарында осындай бір «қазақы күрес тәсілі де» бар еді.

Қ.Жармағамбетов (қаулының түсініктемесінің жалғасы): «Осы жылдың 19-көкек күні (яғни, мәжілістен бір күн бұрын – Т.Ж.) «Ленинская смена» газетінде Ә.Тәжібаевтің «Қазақ әдебиетінің тарихы мәселелерін бағалаудағы өрескел қателіктерді жояйық» деген мақаласы жарияланды. Автор Кенесары қозғалысын бағалауда жіберген әдебиетшілер мен жазушылардың өрескел ұстанымдары мен қателіктерін партиялық позиция тұрғысынан сынайды. Менің ойымша, Тәжібаев ақын Бекхожиннің шығармашылық әрекетін дұрыс сынаған. Менің ойымша, Бекхожин жолдас өзінің сөзінде ол: хандар мен сұлтандарды жырлаумен өзгелердің бәрінен бұрын әуестенгенін және өлеңдері мен дастандарында алашордашыл Жұмабаевтің теңеулері мен жолдары кездесетінін – мойындауы тиіс болатын. Рас, Бекхожин жолдастың 1946 жылы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Буржуазияшыл ұлтшылдардың қорғаушысы (адвокаты)» атты мақаласында Кенесарыны буржуазияшыл ұлтшылдардың қатарына жатқызған болатын. Соған қарамастан ол сол кезде Кенесарының атасы – Абылай туралы дастан жазып жүрді.

...Біз, коммунистер және Қазақстан жазушыларының ұжымы Кенесары Қасымовтың реакциялық-монархиялық қозғалысын тура немесе жанамалай насихаттағандардың барлығын да қатаң да қатал сынға алып, сол арқылы партиямызға идеология саласындағы буржуазияшыл-ұлтшылдардың әдебиет майданындағы қалдықтары мен сарқыншақтарынан тазартуға көмектесуге тиіспіз, алдыңғы қатарлы кеңес әдебиетіне кеңестік құрылысқа зиян идеялардың сіңіп кетпеуінен сақтандыруымыз керек»,– деп жауапты хатшы қаулының соңына өзінің қолын қойды.
«Кенесарының жолындағы талмайтын күрескер, оның меншікті қорғаушысы, және хан тұқымдарының тұрақты алдияры» атанған Е.Бекмаханов, Е.Исмаиылов, Қ.Мұхамедханов, Б.Сүлейменовтің қатарында Қ.Жұмалиевтің өзі де қамаққа алынып, жиырма бес жылға кесіліп, Семейге жер аударылды.

Ал басты кенесарышыл Е.Бекмахановтың тағдыры туралы сөзді тағы да оның шәкірті Ә.С.Тәкенов дегдарға береміз:
Ә.Тәкенов: «Бекмахановтың репрессияға ұшырауы да осыдан басталды. Ол барлық қызметінен босатылып, партия қатарынан шығарылды, барлық атақ-дәрежелерінен айырылды. 1951 жылы ол мектеп оқытушысы болып Алматы облысының Нарынқол ауданына, кейін Шу ауданына жіберілді. 1952 жылы 5-қыркүйекте қамауға алынып, 4-желтоқсанда 25 жылға сотталып, алыстағы ГУЛАГ-қа айдалды. Ең дарынды ғалым кезіндегі үлкен тарихшылар тобына ортақ көзқарасты жақтағаны үшін құрбан болды. Ол тұста оған ешкім ара түсе алмады.

1951 жылы ҚК(б)П Орталық комитеті арнайы комиссия құрып, «Правданың» 1950 жылғы 26-желтоқсандағы мақаласы негізінде шаралар белгілеп, 10-көкекте қаулы алды. Кейін партияның V съезінде И.Храмков комиссия жұмысы барысында I.Омаров Бекмахановты қорғаштады деп сынға алды. Ал Орталық комитет бюросында Бекмахановты партиядан шығару туралы ұсынысты Ж.Шаяхметов өзі енгізіпті. I.Омаров хатшылық қызметінен босатылды. Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы саяси зиянды деп табылып, барлық дүкендер мен кітапханалардан алынды. Тарих, әдебиет саласында кадрларды қудалау басталды. 1951 жылы тіпті КСРО Ғылым академиясының тарих институтында Т.Шойынбаев – Х.Ғ.Айдарова – Якуниннің мақаласы талқыланып, бұрынғы Бекмахановпен пікірлес ірі ғалымдардың өзі (Панкратова, Вяткин, Дружинин) «әшкерелеушілікке» ұшырап, қателерін «мойындауға» мәжбүр етілді.

1951 жылы 31-шілде де ҚК(б)П Орталық комитеті өзінің 1945 жылғы 14-тамыздағы қаулысында Кенесарыға берген бағасын өзгертіп, ол бастаған қозғалысты феодалдық-монархиялық, реакцияшыл деп біржақты бағалап шықты. Сол қаулыда Кенесарыны дәріптеген материалдар кіргендіктен қазақ әдебиетінің барлық оқулықтарына тиым салынды. 1952 жылы мамырда Тарих, археология және этнография институтында Қазақстандағы ұлттық қозғалыстардың сипаты туралы пікірталас өтті. Бірақ бұрынғы екі ұдай пікір болмады. Пікірталастың қорытынды құжатында XVIII-XIX ғасырлардағы көтерілістердің бәрі, Сырым мен Исатай-Махамбет көтерілісінен басқасы реакцияшыл деп жарияланды. «Правданың» 1950 жылғы 26-желтоқсандағы мақаласы барлық оқу орындарында, кәсіпорындарында да талқыланды. Талқылау біржақты, сөзсіз мақұлдау, ұлтшылдықты әшкерелеу сарынында ғана жүргізілді».

Ал Д.А.Қонаевтің естелігінде: бұл науқанды өршітуге ұйытқы болған және осы мәселеде дұрыс бағыт ұстамаған – Ж.Шаяхметов басқарған Орталық комитеттің өзі,– деген емеуірін танылады. 1951 жылдың желтоқсан айында Ж.Шаяхметов шақырып алып өзіне Ғылым Академиясының президентінің орынын ұсынған. Соған орай Қ.Сәтбаевтің орынынан алынуының себебін Д.А.Қонаевқа:
«– Орталық комитеттің сегізінші пленумында «Республика партия ұйымдарындағы идеологиялық жұмыстардың жайы және оны жақсарту туралы» мәселе қаралды. Ігерілеу аз. Әсіресе, Ғылым Академиясында. Сонымен қатар, Академияның президиумы мен оның президенті Сәтбаев бұқараның сыни ескертпелерінде көрсетілген қателерді түзету үшін ешқандай шара қолданбады, тіпті, нольге тең. Академияда барып тұрған берекесіздік анықталды, онда феодальдық-байшылдық қарым-қатынас орнаған, кадрлар жершілдік сыпаты бойынша жұмысқа алынған, мемлекет қаражатын үлкен мөлшерде шығындаған. Академиянының президиумының қолдауымен президенттің көмекшісі Оспанов пен іс басқарушысы Садықовтың тарапынан үлкен қателіктер жіберілген. Олар сотқа тартылды. Мұның барлығына қоса, Сәтбаев кезінде «Алашорда» үкіметінің насихатшысы болған. Сәтбаевтің әрекетіндегі осындай аса ірі қателіктердің барлығын ескере келе Бюро оны атқарып отырған міндетінен босатуды ұйғарды»,– деп түсіндіріпті.

Саяси қайраткерлердің, оның ішінде кеңестік идеология мен коммунистік этика мектебінен өткен тұлғалардың мемуарларының дені – сол тұстағы қаулы-қарарлардың, хаттамалардың негізінде жазылатын жазылмаған дәстүр бар. Д.А.Қонаевтің пікіріне де БК(б)П Орталық комитеті үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушылары П.Апостолов пен Б.Н.Митрейкиннің және партия, кәсіподақ пен комсомол ұйымдары бөлімінің инструкторы А.Петровскийдің БК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Г.М.Маленковқа жазған «Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы ұлтшылдықтың орын алуы және саяси тұрғыдан жат мамандармен былықтырылуы (засоренности – Т.Ж.) туралы» мәлімхаты, «Правда» газеті және оның Қазақстандағы меншікті тілшісі А.Черниченко ұйымдастырып, оның бас редакторы Ильичев арқылы М.А.Сусловқа жолданған айыптау мағлұматы және жоғарыдағы «домалақ арыздың классигінің» формулировкалары сөзбе сөзге жуық негіз етіліпті. Әдетте, уақыттың ыңғайына бейімделе баяндауға әдеби өңдеушілер жиі жүгінетін бұл тәсіл – мемуар иесінің шынай көзқарасын білдіре бермейді.
Осы жолдардан кейін Д.Қонаев өзінің көзқарасын:

«Бұл хабарды естігенде үстіме суық су құйып жібергендей болды. Сәтбаевті аса ірі геолог ретінде білетінмін, оған үлкен құрметпен қарайтынмын. Енді, аяқ астынан оны босатпақшы. Біраз үнсіздіктен кейін Шаяхметов: Орталық комитеттің боросында ақылдаса келіп, республика Ғылым Академиясының президенттігіне мені ұсыныпты. – Сіз бұған қалай қарайсыз?,– деді. Мен: – Сенімдеріңізге рахмет, бірақта мен бас тартамын,– дедім. Сонымен тарқастық. Екі айдан кейін мені Орталық комитетке Шаяхметов тағы да шақырды. Ол тағы да маған Академияны басқаруды ұсынды. Сол кезде Орталық комитеттің екінші хатшысы (Круглов – Т.Ж.) кірді, ол да Шаяхметовтің ұсынысын толық қолдады, ұзақ әңгімеден кейін мен келісім бердім. Жиырма күннен кейін мен Мәскеуге бардым. БКП(б) Орталық комитетінің ғылым бөліміндегі Ю.А.Жданов (А.А.Ждановтың ұлы) менімен ұзақ әңгімелесті, кеңес берді, Сәтбаевті сынады, әңгімелесу сәтті өтті»,– деп білдіріпті.

Қаныш Сәтбаевқа қарасты: «кадрлар жершілдік сыпаты бойынша жұмысқа алынған»,– деген арызға орай комиссия мынадай анықтама берген: 1951 жылы академияда 1785 адам қызмет еткен, оның 289 адамы қазақ, яғни, 14,5%. Батыс Қазақстаннан – 33, Павлодардан – 29, Семейден – 28, Алматыдан – 20, Ақтөбе мен Қызылордадан – 13, Қостанайдан – 12, Гурьевтен – 11, Ақмола мен Оңтүстік Қазақстаннан – 10, Жамбылдан – 8, Талдықорғаннан – 7, Шығыс Қазақстаннан, Көкшетаудан – 5, Солтүстік Қазақстаннан – 4, сондай-ақ республикадан сырт жерден келгендер – 18 қазақ.

Сонда Кремль мен домалақ арызқой осы 14,5% қазақты қазақтың Ұлттық Ғылым Академиясына қимай отыр ма? Сондықтан да бұл арыз дәлелденбегендіктен де Қ.Сәтбаевқа мүлдем басқа кінә таққан, яғни, жаңадан ашылған маманы тапшы академияға 1937-1938 жылдары саяси қуғынға ұшыраған, мерзімін өтеп келген 42 ғылым докторы мен кандаидаттарын, сирек маман иелерін қызметке алғанын айып ретінде таққан. Сонда әлгі «жершілдік дерті» мен «ұлтшылдық пиғыл» қайдан туындап отыр? Біздің пайымдауымызша БКП(б) мен ҚК(б)П Орталық комитеттеріне де, Министрлер кеңесіне де, әлгі домалақ арыз иесіне де Сәтбаев пен Тәжиевтің төмендегі ұсынысы «жершілдік пен ұлтшылдық» болып көрінген сияқты.

Ш.Шокин: «Қырық сегізінші жылы Алматыны Қарағандыға не Ақмолаға ауыстыру туралы мәселе республика деңгейінде талқыланды. Бастаманың иелері Сәтбаев пен Тәжиев (Қазақ ССР Жоспарлау комитетінің сол кездегі төрағасы) астананы көшіру туралы ұсынысты – тек соңғы екі қаланың Алматыға қарағанда жағырафиялық тұрғыдан республиканың орталығы болып есептелетіндігінен ғана жасаған жоқ. Орталық және Солтүстік Қазақстанда минеральды-шикізат қоры (темір, жез, боксит, сирек металлдар, көмір) аса мол мөлшерде орналасқан еді. Шикізаттарды кеңінен игеру тек қана республиканың ғана емес, бүкіл елдің өндіргіш күштерін еселеп өсіруге мүмкіндік беретін. Астананың Алматыдан көшірілуі Орталық және Сотүстік Қазақстанның өндіргіш күшіне ерекше екпін береді – деп жобаланды».

Иә, мұндай жалаң патриоттардың жаласының дәйексіздігі, сонау 1905 жылы Потанин мен Бөкейханов ұсынған бұл идеяның тарихи қажеттілігі тәуелсіздік тұсында жүзеге асырылды. Шындығында да, бұл сол кезде партия мен кеңес үкіметінің құқына қол сұққан өте одағай, «менменшіл ұсыныс» болып табылатын.
Ал өзіне төнген қауіпті сезісімен Қаныш Сәтбаев тікелей Сталинге:
«Осы күндері бір топ адамдар, менің жас кезімдегі кейбір деректерге теріс түсініктеме беру арқылы басымды саудаға салып, мені арандатумен айналысып жүр. Рухани сергелдеңге ұшыраған сәтімде, сізден: тиісті деңгейде байыппен тексеру үшін мен туралы материалдарды Мәскеуге алдырту туралы тікелей өзіңіздің нұсқау беруіңізді қатты өтіне сұраймын»,– деп жеделхат жолдады.
Іле өзінің жеке басына жабылған жала мен Ғылым Академиясындағы қалыптасқан қауіпті бағытты және оған саяси астар берілген, арандатушылардың қаскүнем пиғылдарын тиянақты баяндап хат жазды. Бұл жеделхат пен хаттың Қ.Сәтбаевтың тағдырына қандай ықпалы тиді, оны нақтылап айтатын дерек кезікпеді.

Сөйтіп, М.А.Суслов жетекшілік еткен БК(б)П Орталық комитеті мен «Правданың» дегені жоспарлы түрде жүзеге асырылып, 1951 жылы 23-қараша күні Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің бюросы:
«Қ.И.Сәтбаев жолдастың түсініктемесін тыңдап, талқылай келе Қазақстан К(б)П Орталық комитеті мына мәселелерді анықталған деп есептейді, Сәтбаев жолдас:
а) Партияға кірген кезде өзінің әлеуметтік жат тегін жасырған. Жолд. Сәтбаевтің әкесі бай шаруашылыққа ие болған;
б) КБП(б) Орталық комитетінің «Татар партия ұйымындағы көпшілік-саяси және идеологиялық жұмыстың барысы және оны жақсартудың шаралары туралы» қаулысы шыққаннан бастап соңғы кезге дейін 1927 жылы шыққан «Ер Едіге» кітабына жазған алғысөзіндегі өзінің ұлтшылдық қателерін мойындамай, оған сын көзімен қарамай келді, Сәтбаев жолдас онда Едіге туралы хандық-феодалдық эпосты насихаттаған және Едігенің өзін мадақтаған.
в) Қазақ ССР Ғылым Академиясын саяси сенім артуға болмайтын және ғылымға кездейсоқ келген адамдарға толтырып жіберді, Қазақстан К(б)П Орталық комитеті тарапынан Ғылым Академиясын бұл адамдардан тазарту және Академияның ғылыми жұмыстарының дәрежесін көтеру туралы берілген нұсқауларға орай тиісті шара қолданбады.
Қазақстан К(б)П Орталық комитеті қаулы етті:
1. Қ.И.Сәтбаев жолдас Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылсын және оған есеп карточкасына жазылған қатаң сөзгіс берілсін.
КБП (б) Орталық комитетіне бекітуге жіберілсін.
2. Сәтбаев жолдасқа өзінің өмірбаянына тиісті өзгерістер енгізу міндеттелсін.
3. Ерекше іске тіркелетін ескерту.
Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің хатшысы – Ж.Шаяхметов»,– деген шешім шығарды.
Сол күні «Ерекше істегі аса құпия»:
«3. Қазақ ССР Мемлекеттік Қауіпсіздік министрі Фитин жолдасқа: «Алашорданың» Семейдегі комитеті Қ.И.Сәтбаев жолдасты үгітші ретінде пайданғаны туралы материалдарды тексеріп шығып, оның нәтижесін Қазақстан К(б)П Орталық комитетіне хабарлаңыз»,– деген қатынас та тиісті мекемеге жолданды.
Қазақстан Орталық Комитетінің және жеке Ж.Шаяхметовтің бар қолынан келгені, академиктің кейінгі өміріне тікелей қатысы шамалы: тегін жасырды, 1927 жылы кітаптың алғысөзінде қателік жіберді, «халық жауы» болып ұсталып, мерзімін өтеп қайтып келгендерді жұмысқа алды – деген сияқты Қ.Сәтбаев тәрізді ірі ұйымдастырушы ғалым үшін бір үшкіруден қалмайтын «айыпсымақтарды» тағумен шектелуі еді. Осыдан кейін Қ.Сәтбаев СССР Ғылым Академиясының кезекті сессиясын желеу етіп Мәскеуге баспаналап кетуге мәжбүр болды. Онда барған соң Сталинге хат жолдады, бірақ оның жауапсыз қалатыны әу бастан белгілі болатын.

Мәскеудегі одақтық деңгейдегі министр Тевосян мен СССР Ғылым Академиясының президенті Несмеянов Қ.Сәтбаевқа қамқорлықпен қарап, лауазымды қызметтер ұсынды. Анығында, БК(б)П Орталық комитетіне қалтқы тастап, қармақтың сабын ұстатып, астыртын ұйымдастырып отырғандар империялық өктем пиғылдағы, ұлы отан соғысы жылдарында он оқтың тоғызын шығаруды қамтамасыз еткен геолог-акдемиктің мәскеулік бақталастары еді.

М.-Х. және Ж.Сүлейманова: «Мәскеулік он академик, тау кен істерінің генералдары СССР Министрлер Кеңесіне: «академик Қаныш Сәтбаев халық шаруашылығына зиян келтіретін жалған болжаулар жасаумен шұғылданып жүр» – деген арыз жазған кезде, Ілияс Омаров тікелей байланыс арқылы Қара металлургия министрі Иван Тевосянға хабарласып, тағдыры тек Мәскеу арқылы шешілетін академик Сәтбаевті қорғауды өтінеді. Тевосян арызға қол қойғандардың барлығын өзінің кеңсесіне шақырып алып, оларды сол сәтте бөлмесінде отырған Қаныш Имантайұлынан кешірім сұрауға көндіреді. Ілияс Омаров телефон арқылы Сәтбаевқа Мәскеуде қала тұруға кеңес береді».
Бұл деректің шындығын академик Шафик Шокиннің мына естелігі растайды:

«Осыдан бұрын Сәтбаев пен Әуезовті Республикадан қудалап шығарған оқиғаның орын алғаны әркімнің есінде шығар. Ол елден кеткеннен кейін біраз уақыттан соң мен Қаныш Имантайұлымен Мәскеуде кезіктім. Ұстазым арандатуларды өте ауыр қабылдапты. Басшылар мен баспасөздің оған неге осыншама жабыла шүйіліп алғанын еш түсінбепті. Мен академиктің осыншама дәрменсіз, осыншама шарасыз күйге түскенін соған дейін де, содан кейін де көргемін жоқ. Сөйлесіп отырған сәттерімізде ол менен өзін демейтін қандай да бір сүйеніш, тым болмағанда, өзінің көңілін орнықтыратындай жұбату іздеп отырғандай сезілді. Қуғындалған ғалым маған: СССР Ғылым Академиясы екі қызмет – Академик-хатшының орынбасары мен СССР ҒА-ның Урал филиалының төрағалығын ұсынып отыр,– деді. Жалпы алғанда өте жоғары қызметтер, бірақ та мен оны осы екі ұсыныстан да бас тартуға көндірдім. Өйткені Сәтбаев – халықтың ортақ сүйіктісі. Оған ешқандай да жала дақ түсіре алмайды. Егерде ол осы екі ұсыныстың бірін қабылдай қалса, онда халықтың сенімі мен құрметіне кірбің түседі. Яғни, академик өзі құрмет тұтқан осы өмірдегі ең қымбатынан айырылады. Мен оған Жезқазғанға баруды ұсындым. Өмір жолын сонда бастады, ондағылардың бәрі мұны біледі әрі бағалайды. Сонда жұмыс істедіңіз, – дедім мен ойымды жалғастырып, – уақыттың өзі бәрін де орынына келтіріп, сізді Қазақстан ғылымына қайта алып келеді. Сәтбаев менің ұсынысыма қатты қуанды. Әңгіме «Москва» қонақүйінің бөлмесінде өтті. Әйелі Таися Алексеевна қосалқы бөлмеде желтанау болып ауырып жатқан. Қаныш Имантайұлы әйеліне: «Сенде ішетін бірдеңе бар ма? Жақсы ұсынысты жуу керек», – деп оны орынынан тұрғызды. Академиктің жұбайы да: «Несі бар, онда Жезқазғанға кеттік», – деді көңілденіп».

Қаныш Сәтбаевтің тағдыры ғылым мен мәдениет, әдебиет саласынағы көзқарас иелерінің бүкіл тағдырын анықтап беретін шешуші нысана боғандықтан да, қайта оралып жатпас үшін, оның кейінгі көрген қысымын келтіре кетеміз.

Ғылым Академиясының Жарғысы бойынша Орталық комитет орынынан алғанымен де, оның Президенті жалпы жиналыста сайлануы тиіс болатын. Бұл мәселе Орталық комитетті қатты алаңдатқан. Ақыры Қ.Сәтбаевті Сессияға шақырды. Қандай да бір ауызша уәдеге қарамастан басына төнген қатердің сейілгеніне сенбей Мәскеу мен Ленинградта жүріп күні кеше қол астында баяндама жасап жүрген, қазір Орталық комитеттің ғылым бөлімін басқарып отырған Н.Жанділдинге:
«15-көкекке белгіленді деген Ғылым академиясының мәжілісіне қатыса алмаймын... Егерде Орталық комитет қолдайтын болса, онда Академияның жалпы жиналысында жаңа президентті сайлардың алдында мына хатты оқып берулеріңізді өтінемін»,– деп хат жазды. Онда:

«Қазақ ССР Ғылым Академиясының дамуы мен өркендеу жолының күрделеніп бара жатқандықтан да, менің егде тартқан жасым мен сыр бере бастаған денсаулығыма байланысты жоғарғы жақтан бұдан бұрын да мені Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті сияқты жауапты жұмыстан босатуды өтінген болатынмын.

Әділ сынның нәтижесінде: Ғылым Академиясының басшылығы мен Академияның президенті ретінде менің: кадрларды таңдау, қоғамтану институттарындағы ғылыми жұмыстарды қадағалау барысындағы елеулі идеологиялық бұрмалаушылықтар мен кемшіліктер жібергенім анықталғаннан кейін мен үшін бұл қадамның дұрыс екендігі тіпті анық бола бастады.
Сондықтан да мен Қазақ ССР Ғылым Академиясының жалпы жиналысынан мені президенттік міндеттен босатуды қатты өтініш етемін, сөйтіп менің бұдан былай өзімнің сүйікті геология ғылымы саласында бірыңғай қызмет етуіме мүмкіндік берулеріңізді өтінемін.

Қазақ ССР Ғылым Академиясының жаңа президенттігіне өз тарапымнан – кен орындарын өңдеудің ірі маманы, қазақстанның ауыр өнеркәсібінің даму мәселелерінің білгірі, мемлекеттік және ғылыми-өндірістік тәжірибесі мол, жас, денсаулығы жақсы, қуатты Димаш Ахметұлы Қонаевтің кандидатурасын ұсынамын әрі қолдаймын, оның жоғарыдағы қасиеттері Қазақ ССР Ғылым Академиясының ғылыми өмірі мен қызметін тиісті деңгейде басқаратынына үмітпен қараймын. Академик Сәтбаев»,– деп жазылды.

Сөйтіп, төрт жылға «өндірістік демалыс» алды. Әрине, мұның астарында үлкен жүректің үлкен күйзелісі жатты. Оған Ғылым Академиясының жаңа президенті Д.А.Қонаевтің:
«1952 жылы 16-17 көкек күні республика Ғылым Академиясының жалпы жиналысы өтті. Сессияның бірінші күні М.П.Русаков пен А.Қ.Жұбановты – академияның толық мүшелігінен, Қ.Ж.Жұмалиевті – мүше-корреспонденттік дәрежесінен айыру туралы мәселе қаралды. Русаков – Қазақстанның геологиялық ғылымына ерекше үлес қосты. Оны академияның құрамынан: «Кеңестік социалистік республикалар одағына қарсы бағыталған зиянкестік әрекеті үшін» – деген айыппен шығарды. 1952 жылы мұндай айыптың тағылуы соттың үкімімен тең еді. Өз саласындағы ірі ғалымдар Жұбанов пен Жұмалиевті – «Қазақ ССР Ғылым Академиясынан қол үзгені үшін» деген желеумен шығарды. Орталық комитет пен Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы М.Сужиковтың тікелей басшылығымен қабылданған бұл шешімді мен мүлдем қате, әділетсіз деп есептедім және солай деп есептеймін. Ол күндері мен әлі академик емес едім, сондықтан да ағысқа қарсы жүзе алмадым, алайда мен, өз кезегінде бұл шешімнің күшін жоятынымызды білдім. Солай болды да. Әрине, жіберілген қатені осы бір тамаша ғалымдардың бұрынғы құқын белгілі бір қиыншылықпен қалпына келтіруіме тура келді. Ашығын айтқанда, соғыстан кейінгі кезеңде де Қазақстанның көрнекті ғалымдары мен мәдениет қайраткерлеріне қарсы орынсыз қуғын жүргізу тоқтатылған жоқ. Тарихшылар Ермұхан Бекмаханов пен Бекжан Сүлейменов тұтқындалып, ұзақ мерзімге сотталды. Сонымен қатар ғалым-әдебиеттанушылар Есмағамбет Исмаиылов пен Қайым Мұхамедханов та сотталды, соңғысына Абайдың әдеби мектебін зерттеу мәселесінде жіберген «ұлтшылдық қателері үшін» деген айып тағылды». Өкінішке орай, Орталық комитеттің басшылары бір қатар ғалымдарға негізсізден негізсіз жағымсыз көзқараста болды»,– деген естелігі дәлел.

Сөйтіп, Д.А.Қонаев Ғылым академиясының Президенті ретінде өзінің №1 бұйрығымен: кеңес өкіметіне зиянкестігі үшін, академиямен байланысты үзгені үшін М.П.Русаковты, А.Қ.Жұбановты, Қ.Жұмалиевті Ғылым академиясының толық мүшелігі және корреспондент-мүшелігі атағынан айырды.

Жеме-жемге көшкенде Қ.Сәтбаев сияқты ірі ғалымнан айырылу – республиканың беделін түсіретін және ондай тәуекелге бара да алмайтын. Сондықтан да 1952 жылы Ж.Шаяхметов «Мәскеу» қонақүйінде сонда жатқан Қ.Сәтбаевпен оңаша кездесіп:

«Орталық басылымдардың мақалаларынан кейінгі аласапыранды оқиғадан соң сізді президенттік қызметте алып қалудың еш мүмкіндігі болмады. Алайда мен сізден Қазақстанға қайтып келуді табанды түрде өтінемін. Геология институтының директоры боп істеңіз. Егерде ол қызмет сізді қанағаттандырмаса басқадай орын табамыз. Қазақстан Компартиясының басшылығы сізге бұрынғыдай сеніммен қарайды. Сөгісті де алып тастаймыз, тек сабыр сақтаңыз. Бюрода қараймыз»,– деп ұсыныс жасаған болатын.

Ол өзінің бұл уәдесінде тұрды. Қазақстан коммунистерінің Ү сьезінде өнеркәсіптік маңызы зор кен орындарын барлаудың геологиялық картасын жасау міндеті Геология институтына жүктеліп, ғылыми жетекшілік ету академик Қ.Сәтбаевқа тапсырылатынын коммунистердің құрылтайына мақұлдатып алды. Сөйтіп, Д.А.Қонаев партияның қарарын орындау мақсатында шартты түрде өзінің №2 бұйрығымен Қ.Сәтбаевті геология институтының директоры қызметіне тағайындады.

Бұл кезде Мұхтар Әуезовтің де жеке басы таразыға тағы да тартылып жатты. Үш жылға созылған үлкен науқанның алғашқы талқысы, міне, осылай аяқталды.
Иә, бәрі де амалсыздың ырқы еді.
Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3549