Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2996 0 пікір 22 Қараша, 2013 сағат 04:16

Мұрат Алмасбекұлы. Дипломаттардың деңгейі қандай?

Қарашаның 18 күні кешке Астанадағы «Rixos» қонақ үйінде Оман Сұлтанаты ұлттық күннің құрметіне арналған қабылдауы өтті. Қазақстандағы дипломатиялық корпустың не бір майталман елшілері, халықаралық ұйымдар басшылары мен өзге де қонақтар келіпті. Байқалып тұр, шетелдік дипломаттардың бәрі мәдениетті, ізетті. Өз елінің мүддесін өзгеше ұлықтайтындығын да аңғару қиын емес. Бірақ, олқылық біздің дипломаттан шықты...
Жасыратыны жоқ, соңғы кездері қазақ дипломаттары тарапынан біраз қателік жүз берді. Әрине, дипломат атаулының бәрін күстаналаудан аулақпыз. Олардың арасында сыртқы саясатта мемлекет атын өрге сүйреп жүргендері, біліктілер де көп. Иә, жақсылық әр қашан айтылады, ал, кемшілікті үнемі түзетіп отырған оң. Әйтпесе, ол ұлғайып бүкіл елдің бетіне шіркеу келтіретін жағдайға жетеді. Тақырыпқа тұздық ретінде сондай келеңсіз жағдайлардың бірнешеуін қысқа қайра кетейік.

Қарашаның 18 күні кешке Астанадағы «Rixos» қонақ үйінде Оман Сұлтанаты ұлттық күннің құрметіне арналған қабылдауы өтті. Қазақстандағы дипломатиялық корпустың не бір майталман елшілері, халықаралық ұйымдар басшылары мен өзге де қонақтар келіпті. Байқалып тұр, шетелдік дипломаттардың бәрі мәдениетті, ізетті. Өз елінің мүддесін өзгеше ұлықтайтындығын да аңғару қиын емес. Бірақ, олқылық біздің дипломаттан шықты...
Жасыратыны жоқ, соңғы кездері қазақ дипломаттары тарапынан біраз қателік жүз берді. Әрине, дипломат атаулының бәрін күстаналаудан аулақпыз. Олардың арасында сыртқы саясатта мемлекет атын өрге сүйреп жүргендері, біліктілер де көп. Иә, жақсылық әр қашан айтылады, ал, кемшілікті үнемі түзетіп отырған оң. Әйтпесе, ол ұлғайып бүкіл елдің бетіне шіркеу келтіретін жағдайға жетеді. Тақырыпқа тұздық ретінде сондай келеңсіз жағдайлардың бірнешеуін қысқа қайра кетейік.
Естеріңізде болса, 2011 жылы Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменовтың кеңесшісі Валерий Толмачев деген азамат бүкіл Еуропаны бір дүр еткізгені бар. Парижден Римге бағыт алған ұшақта ол стюардессаны бас салып, кеңірдегіне пышағын төсеп кепілге алған еді. Содан самолетті Ливанның Триполи қаласына қарай бағыттауды талап еткен оны ұшақ бортындағы қауіпсіздік қызметкерлері ұстап, әрең тоқтатқан. Негізі, ұлты еврей бұл азамат О.Сүлейменовтың жан жолдасы Г. Толмачевтың ұлы. Үлкен дуға айналған бұл іс ақырында әрең жабылып, ұшақ барымталаушы дипломат шетелге кетіп тыныш болған. Сонда бүкіл әлемге ғылым, білім, өнер, мәдениетімізді нәсихаттайтын өкілдігімізде осындай адамдар қалай жұмыс істейді деген ой келеді. Айтпақшы, ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігінде қазақ тілін білетін бір-ақ қызметкер бар екен. Қалғандары басы О.Сүлейменовтан бастап, мемлекеттік және ана тілден мақұрым. Қазақтың тілін білмейтін адамдар ЮНЕСКО көлемінде қазақтың мәдениетін, құндылығын қалай әспеттеп, насихаттайды деген сұрақ та алдан шығады...
Германиядағы Франкфурт қаласындағы Бас консулымыз А. Алпысбаев пен оның көмекшiсiнің жайын да айдай әлем біліп болды. Аталған дипломаттар анау-мынау емес, темекі өнімдерінің заңсыз саудасымен шұғылданыпты. Айтуды қойып, елестетіп көрудің өзі үлкен масқара жағдай.
Әр дипломат ең алдымен жеке адам. Ал, өзге елде басқалар оны тұтас бір мемлекеттің өкілі, бет-бейнесі ретінде таниды. Дипломатқа қарап еліңнің мәдениетін, нарқы мен парқын айырады. Оның тәрбиесі, білім-білігі, дипломаттық этиканы, қағидаларды қалай сақтайтынын да сол сырт көз сынайды. Өкінішке қарай, Оман Сұлтанаты елшілігінің қабылдауында біздің дипломат оңай жерден сырт көзге сыр алдырып қойды. Салтанатты шарада Қазақстан Сыртқы істер министрлігі тарапынан шақырылған, ресми лауазымы жағынан үлкен СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Сүлеймен Үсен болды.
Сонымен, Оман Сенімді өкілі Абдулла Аль-Сүлеймани мен Сүлеймен Үсен ресми сөз сөйлеу үшін мінбеге көтерілді. Біздің көзімізге оғаш көрінген бір жағдай – Ү.Сүлейменнің бұрынғының совхоз директорларынша қоңыр папкісін қолтығына қыса шыққаны болды. Бекер сезікенбеппіз, мәселе де сол қоңыр пәпкіден басталды. Алдымен Оман Сұлтанатының гимні орындалды. Кезек Қазақстан гимніне келді, тәртіп бойынша бәріміз оң қолымызды кеудемізге қойып, гимніне қосылып айта бастадық. Осы кезде көзіміз биік мінбедегі Сүлейменге түсіп кеткен еді, ойпырмай, Үсен мырза қоңыр пәпкіні оң қолтыққа қысқан қалпы, сол қолын кеудесіне қойып қасқайып тұрмасы бар ма. Өне бойымыз ду етіп, беті-басымыз қызарып кеттік. Енді ше, білдей дипломат, Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшіміз бүкіл дипломатиялық корпустың, республика интелегенцияның алдында жүрегінің қай жақта екенін білмей тұр. Жүрегінің «мекен-жайын» былай қойшы, мемлекеттің басты символы Мемлекеттік гимн орындаған кезде негізгі тәртіпті ұғына алмай тұр. Қазақстан азаматтарының барлығы оң қолын кеудесіне қойғанда, дипломат Сүлейменнің сол қолын ғана пайдаланды, яғни ол Конституцияны оқымаған болып шықты.
Енді кезек сөзге келді. Абдулла Аль-Сүлеймани мырза алдымен өзінің отанына мен ұлтына құрмет ретінде сөзін арабша сөйледі де, қалған аз бөлігін ағылшынша толықтады. Тұрғандардың дені араб емес, қазақ, жапон, неміс, ағылшын, қытай, үнді .... бәрі бар. Арабша сөйлегені дипломатқа айбын бітіріп, басқалардың алдында биік көрінді. Ендігіде сөз қазақ дипломаты Ү. Сүлейменге берілді. Жаңағы оң қолды «байлаған» қоңыр пәпкінің сырын енді білдік. Ішінде сөз жазылған қағаз бар екен. Қарады, бастады. Алғашқы екі сөзі қазақша «құрметті қауым» болды. Көңіліміз иіп сала бергені сол еді, ары қарай ағылшынша сөйлей ала кеп жөнелгені. Қазақстар тағы жерге қарады. Дипломат алдымен оратор болуы керек емес пе!? Жарайды, ондай қасиет біздің дипломатта болмай-ақ қойсын, бірақ айтатынын бүкіл бір пәпкіге салып көтеріп шықпай, қалстасына қыстыра салған тілдей қағазға түртіп алса да ерсі болмас еді. Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшінің деңгейі осы болса, қалған қазақ дипломаттардың патриотизмі қандай екен, деп ойладық.
Ірікіп қалғымыз келмеген мәселе ол да емес, дипломаттың өз елінде тұрып, өзінің мемлекеттік тілінде сөйлеуге өресі жетпеген жетесіздігі. Осындайда еріксіз араб дипломатына шын риза боласың. Басқа мемлекетте болса да өз ұлтының тіліне деген зор құрметін титтей де төмен түсірмеді. Ал, біздің дипломат және мемлекет шенеуніктер ше? Ең алдымен ол мемлекеттік қызметкер ретінде Конституцияны өрескел бұзып, мемлекеттік тілді жерге таптады. Екіншіден, ағылшын тілінде сөйлеу арқылы өзінің ұстанымы әлсіз, басқаларды өзін құрметтеуге үйрете алмайтын этикасыз адам екенін дәлелдеді. Бұл жердегі дипломат ұстанатын қатаң принцип – Конституцияны сақтай отырып, мемлекеттің мүддесіне, абыройына титтей де болса көлеңке түсетін қадамға барудан аса сақ болу. Мұндай ресми шаралар ҚР СІМ протокол тарапынан бұрында да орын алып келетін.
Иә, бір кезде Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов дипломатия тілі орыс тілі мен ағылшын тілі болады деп «дүрбелең» тудырғаны бар еді. Ақыры сол кездегі депутаттар мен қоғамдық ұйымдардың наразылығынан соң бұл ауыр мәселе тоқтатылған. Мына жағдайға қарағанда Е.Ыдырысов мырза басқаратын ведомство бұрынғы райынан әлі қайтпаған сынды. Ү.Сүлеймен қаумалаған шетел дипломаттарының алдында бұл министрдің идеясын ісжүзінде дәлелдеп те берді. Шет тілін үйренгенде өз ана тілі, мемлекеттік тілде сөйлемейтін дипломаттар Отанының мүдесін қорғай ала ма деген ой туады.
Біздің көргеніміз бір шарадағы жағдай ғана. Рас, басқа дипломаттардың қалай қызмет етіп жүргені бір құдайға аян. Әрине, мемлекетіміздің бетіне шіркеу келтіретін қимылдан аулақ болсын деп тілейміз. Дипломаттардың қадірсіз қылығын көрсе, өзге ел Қазақстанды құрметтей қояды деу қиын. Себебі, дипломат бүтін елдің бет-бейнесі. Ал, бет-бейнең жағымсыз болса, кім-кімнің де көңілі суық болары анық.
Abai.kz

0 пікір