Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7823 0 пікір 21 Қараша, 2013 сағат 04:07

Ұлттық мүдде – мемлекеттік мүдде

Бәрін айт та, бірін айт, қалай дегенмен уақыт тоқтап тұрмайды, өмір өзен зулайды. Дүние – дүрмек. Сол дүрмекті жаһан дейтін болсақ, оның өзі тасыған теңіз секілді. Тасыған теңіздің толқыны шыдас бермейтіні баршаға аян. Енді осы толқынды толығымен уысында ұстап, кемесі кемшін, ескегі әлсіз, қайықшысы қауқарсыз болса, қағып, қиратып кететін пиғылды танығандайсыз...

Бәрін айт та, бірін айт, қалай дегенмен уақыт тоқтап тұрмайды, өмір өзен зулайды. Дүние – дүрмек. Сол дүрмекті жаһан дейтін болсақ, оның өзі тасыған теңіз секілді. Тасыған теңіздің толқыны шыдас бермейтіні баршаға аян. Енді осы толқынды толығымен уысында ұстап, кемесі кемшін, ескегі әлсіз, қайықшысы қауқарсыз болса, қағып, қиратып кететін пиғылды танығандайсыз...
Жер бетіндегі қай мемлекетті алсаңыз да сол толқынды бағындыратын бағдарламаларын іске асыруға көшкенін бір сөзбен жаһан деп жүрміз. Жаһан – мылтықсыз майдан, саналар соқтығысы десек те, Қазақ мемлекеті үшін жаңару және жаңғыру мүмкіндігі. Жаһанның жарыса жарнамалаған жаңылуларына жоламайтын, талғап қарап, талдап қадам басуды білетін тілі, діні, ділі бар, «Мәңгілік ел» атты ұлы ұстанымдағы ұлт – адамзат тарихындағы үлкен құбылыс және өтпелі кезеңнен бірлік, ынтымақ, татулықпен өтіп келеді. Аз ба, көп пе, оны уақыт көрсетер, жаһан атты мәдени алмасу, ұлы көш аяқталуы тиіс-ау деген ой келеді. Жарыса жанталасқан жаһанның түбіне бір жетерміз. Ол күнді біз көре алмасақ та, кейінгі ұрпақ куә болар. Алайда, жаһан аяқталғанда ықпалдыға ермеген, әсеріне елтімеген, жеңілдің жетегінде кетпеген, бейнелегенде, толқынға шыдас берген кемелердегі кемелді елдер ғана қалады. Қазақ мемлекетінің тәуелсіз кезеңі осы ұлы көшке сәйкес келіп тұр. 2050 жылға дейін ғаламдағы ең ірі отыз елдің бірі болуға қойылған мақсаттың түбінде терең де ұлы мүдде жатыр. «Нұр-Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Бұл - біздің ана тіліміз бен ата дәстүріміздің, ұлттық мәдениетіміздің мәңгілік жаңғыру дәуірі. 2025 жылға дейін мектептегі балалар түгелдей қазақша оқып шыққан кезде барлығымыз қазақ тіліне көшеміз деп айттық. Конституциямызда жазылған екітілділік деген мәселе бар. Бұл елдің бірілігі, сырытымыз бен ішіміздің бүтіндігі, тыныштық үшін жасалып отырған амал. Басқа жол бізге жоқ еді. Тәуелсіздік алған кезде халқымыздың қанша пайыз болғанын білесіздер. Ал қазір қазақша сөйлейтін халқы 70%- дан асқан өңірдің барлығы қазақ тіліне көшу керек. Ал одан аз қазақша сөйлейтін өңірлеріміз де бар. Ол жерлерде екі тілді сақтау керек. Ол облыстың ішіндегі аудандар да бар. Сол аудандар ептеп-ептеп көшу керек. Ел үйрене береді, біз алға қарай жылжи береміз, аманшылық болса, болашақта барлық арманымызға жетеміз. Қазақ тіліне барлық әкімшіліктер көңіл бөліп, оқытып, аппараттың адамдарын үйретіп, мәселен, Корпус А-дағы негізгі 500 шенеунікті таңдаған емтихан кезінде мемлекеттік тілді білу барлығының парызы болды. Осылай қадамымызды дұрыстап баса берсек, бұл арманға да жетеміз. Сондықтан «Нұр-Отан» мемлекеттік тілді нығайтуға, қазақтың дәстүрі мен мәдениетін жаңғыртуға байланысты қоғамдық-саяси жұмыстардың тиімді жүйесін жасауы тиіс»-деді. Демек, ұғысып, тұтасып, жаппай ұлттық мүддеге қызмет ететін кезеңге келдік. Ұлттық мүдде – мемлекеттік мүдде. Кейде, ұлттық мүддені қазақ ұлтының жеке мүддесі ретінде қабылдап, ұран салып жүргеніміз жасырын емес. Бұл жерде қазақ ұлтының мүддесін айтпау керек деген ұғым тумайды, керісінше, ұлттың мүддесін мемлекеттік деңгейге көтеріп, меншіктеп емес, өзгелерді де сол өзекке топтастыру арқылы алпауыттардың азуына ілікпеудің жолдарын Жолдауға терең зер салып қараған азамат ұқса керек-ті. Ұлы дүрмек, аласапыран айналым ағылшын тілінде жүріп жатыр. Әрине, бүгіндері біз ол айналымға қазақ тілі арқылы кіре алмаймыз және ана тіліміздің үстемдігін құра алмаймыз. Бірақ болашақта ағылшын тілінің орнында қазақ тілінің халықаралық дәрежеде осылай үстемдік құруын армандап, мақсат тұтуымыз керек. Өткен ғасырларда қыпшақ тілінің әлемдегі қолданысы тарихтан белгілі. Көне қыпшақ тілі дегеніміз – бүгінгі қазақ тілі. Демек, қазақ тілінің халықаралық дәрежеде болғандығы жөнінде үлгі бар екен. Бұл – түпкі мүдде. Дәл бүгін ағылшын тілін білуге мәжбүрміз. Алайда, оны бірінші сыныптан кіргізу керек пе еді, деген келесі мәселе, басқа әңгіме. Ол – білім-ғылым саласының шындап айналысатын шаруасы. Жаһандық айналымға кіру үшін қажеттілік тудырып отырған ағылшын тіліне басымдық беру – мемлекеттік тілдің дамуын ұмыт қалдыру деген сөз емес. Ағылшын тілін үйрену тіршілікке, өз мақсатымызға жету үшін жаһандағы өз орнымызды анықтауға амал, қажет құрал болып тұр, ал мемлекеттік тілдің үстемдігі – мәңгілік ел болу жолындағы ұлы мақсат. 2025-жылға дейін Қазақстан жүз пайыз мемлекеттік тілге көшу керек деген Елбасының міндеттемесінің белгіленген межеге дейін механизімін табу мінберлердегі лауазымды тұлғалардан бастап, әрбір азаматтың парызы. Ағылшын тілінің қажеттілігі мұндай болғанда, орыс тілінде сүйреңдеп үйренген әдетімізден қаншалықты қиыншылық туып жүргендігін көріп жүрміз. Орыстілділердің ұғым-түсінігін ұлы мақсатқа тоғыстырғанша бүгінгі жастың самайын ақ шалып, әлеуетті әріне әжім түсетін уақыт кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан да әрекеттер аттап-пұттағандай әсер қалдыруы мүмкін. Аптығып-асықпай, жөнімен, жолымен жүрсек болмай ма, деген сын-ескертпелердің болуы заңдылық. Алайда, жаһан айналымы асықпасаңыз қоянды қуып жеткізбек емес. Заман талабы, дәуір қағидалары, жаһан заңдылықтары күннен күнге өзгеріп, толығып жатқандай...
Қазақ тілінің бай, көркем, сөздік қоры мол, шұрайлы тіл екені және заңдылықтары қалыптасқан, тарихының тереңдігі дәлелденген. Демек, дәлелденген дүниені қайта талқылаудың қажеті шамалы. «Туған тілім – тіршілігімнің айғағы, Тілім барда, айтылар сөз ойдағы, Өссе-тілім, мен де бірге өсемін, Өшсе-тілім, мен де бірге өшемін» деген Әбділда ақынның айтқанын тереңнен ұғынғанымыз абзал. Ұлттық мүдде – мемлекеттік мүдде деуіміздің сыры да осында. Ынтымақ, бірлік, татулық тек сөз жүзінде емес, іс арқылы көрініс табуы тиіс.
Бүгінгі жаһандану заманында болашағының мығым, келешегінің кемел болуын ойлаған ғаламдағы барша жұрт ұлттық ұстаным жолында бірігуден басқа бағыттың жоқ екенін ұқты. Тарихын танып, дәстүрін жаңғыртып, салтын саясатпен сабақтастырған жағдайда ғана жаһанға жұтылып кетпейтінін түсінді.
Техника мен ғылым дамып, өркениеттің үлгілісіне ұмтылған ұлттар адамзат бастауын басқалардан емес, өзінен іздеуді жөн санайды және бастау-бұлақты өзі арқылы өзгеге телу үшін мемлекеттігінің айбынды, үстем болуын қалайды. Қандай жағдайда да өзгені өзіне тәуелді етуге тырысады. Өзіңмен-өзің күн кешіп, басқалардан саяқ жүргіңіз келсе де, бұл таңдауыңызға қол жеткізе алмайсыз. Себебі, жаһанның негізі, ұстыны мен ұстанымы сонда. Демек, қай ұлт, қай мемлекет болмасын, мүмкіндігінше ықпалды болудың жолын жан-жақты қарастырып, түрлі сипаттағы әркеттерге барады. Алпауыт елдердің әрекеттері әсерлерден тұратынын байқап, бағамдағандай болдық. Мәселен, мәдениеттің үстемдігі. Күнделікті күйбең тірліктегі әдеттер, жүріс-тұрыс, киім киіс, дүниелік ауыс-түйіс маңайындағы ұғым ала-бажақ, әртүрлі. Өткен замандарда жаугершілік, бодандық күйін кешкен, егемендік алып, алыс-жақын шетелдермен тәуелсіз байланыс жасап, қарым-қатынасқа түскен, қайта түлеп, жаңа сатыға көтеріліп, болашақта ғаламдағы дамыған отыз елдің қатарына қосылмақ биік мақсаттағы Қазақ мемлекеті қоғамындағы бүгінгі ұғым-түсінік қандай? Мәселен, көлік міну, жиһаз жинау, үй салу, жүріп-тұру, сөйлеп, күлу секілді адамзатқа қажетті һәм тән дүниелер мен әрекеттердің ерекшеленіп, көпшілік арасында ұғым қалыптасып, біріне-бірі еліктеудің жиынтығынан мәдениет шығады. Ұлттық болмыспен біріктіруді қалайтын ұлтжанды ұғымдағы топ көп пе, аз ба? Көп десек, неге тіліміздің мемлекеттік статусы бола тұрып, өз дәрежесінде емес. Демек, ұлттық ұстынды қалайтындар көп болғанымен, қазақылыққа жат әдеттер ықпалының басымдығын еріксіз мойындаймыз. Сол ықпалдар тәуелсіз елді талғамсыздыққа ұшыратып, қоғамдық, мәдени, ұлттық құндылықтардан алшақтатты деген түйін жасаймыз. Ұлттық негізден ажыратушы, болмыстан бөлектеуші әсерлі құралдар жұмыс істеп жатқанына осы жаһан заманында көз жеткіземіз.
Жаһан – елдер арасындағы арпалыс, айқас, күрестерден тұратын – ұлы көштің, мәдениет алмасудың, ықпалдардың жалпы атауы. Жаһанның жақсы және жағымсыз жағы да бар. Жағымсызы – ұлттық ұстанымдарға уын дарытатын әрекеттер. Жаһан уыты бойға дарып, дертке айналуы мүмкін. Дерт меңдесе, өзінен-өзі жерінеді. Бұл қалып біздің елде, бүгінгі ұрпақта жоқ деп айта аламыз ба? Әрине, әсерлердің кесірінен дертке шалдыққандар кездеседі. Мәңгіүрт, көзқаман деген секілділер текке айтылып жүрген жоқ. Алайда, дертке шалдыққандарды кінәлауға да болмас. Оларды осындай дертке ұшыратқан әсерлі ықпалдар. Әсерлі ықпалдар не үшін жасалады? Ол үстемдік ету үшін жасалады. Талай ғасыр бодандықтың бұғауында болып, өз билігіне көп замандар бойы қилы қиындықтарды көріп, зарығып, тәуелсіздікке жеткен қазақтың ұлттық психолгиясы өзгеріске ұшырағанын жасыра аламыз ба? Бүгіндегі дертке ұшыраған еліктеуші жандар сол әсерлі ықпалдардың құрбаны және кеңес өкіметі кезінде жасалған жымысқы саясаттың нәтижесі екенін мойындауға мәжбүрміз. Ата-бабаларың жабайы болған, мәдениеттен жұрдай, өркениетке партия жеткізеді деген жалған пәлсапаның психологияға сіңуі – өз қағанағынан жерітті. Кеңес идеологиясы жалған болғанымен, имандай сенгендер әлі де соның шырмауынан шыға алмай келеді. Оны біз құлдық психолгия дейміз. Алайда, мәжбүрлікті мойындап қана қол қусырып отыра аламыз ба? Бүкіл ғалам өзінің ұлттық болмысына, гендік негізге топтасып жатқанда, қазақ елі де ұлттық ұстанымға бірігуі тиіс. Ұлттық ұстанымға бірігуші тек қана қазақ халқы емес, барша қазақстандықтар осы мүддеге топтасқаны аса қажет. Әрине, ұлттық болмыс, ана тіл, салт-дәстүр деп келсін-келмесін кез келген жерде айта бергеніңізбен ұғымы ауысып бара жатқан ұл-қызды қайтара алмайсыз. Керісінше, ұлттық негізден жирендіріп алуыңыз бек мүмкін. Өйткені ол жастың психологиясы басқаша қалыптасып келеді. Өзінен-өзі емес әрине, ықпалды күштердің әсерінен. Айшылық алыс жерлерде отырып, ұғым мен психологияға әсер етуші, ұлттық негізден ауытқуға алып келген ықпалдардың күшінің зор екенін мойындауға тағы да мәжбүрміз. Бұл жағдайларды сезетін, білетін, ұғатын ұлтжанды азаматтар көп. Бірақ неге түзелмейді? Егер әр қазақ рухани бай, ана тілін толық меңгерген, тарихын танитын, салт-дәстүрімен мақтанатын болса ғана ұлттық болмыстағы ұландардың қатары көбеймек. Бірақ, жаңағы айтқан ықпалдар мойын бұрғызуға жар бермейді. Олай болатыны ықпалды күштер бізге жат, ұлттық болмыстан жырақ, болашағы бұлыңғыр дүниелердің құндылығын жасанды арттырып, ойсыз, талғамсыз, талантсыз тараптарға тамсантуға күш салуда. Яғни, уақытша дүниелердің құндылығын қолмен арттырып, жағдайды да соларға жасап бағуда. Сөйтіп, рухани құндылықтардан гөрі, материалдық жағдайға ден қойған ұғым қалыптастыруда. Біз біле тұра, сезе тұра, көре тұра пендешілікпен нәпсімізді тия алмай, сол өтірікке еріп кетіп жатқан жайымыз бар. Демек, ана тілінің уызына жарымаған жанның ұлттық өзегі үзік-үзік, тілім-тілім болатыны ақиқат екен. Сол үзіктер мен тіліктер өз болмысын негіз етуге кесірін тигізуде.
Жаһан – ғаламдық құбылыс болғандықтан теріс пиғылды әрекеттердің әсерінен басқа елдер де ада емес. Бұл жағдай көптеген елдердің басында бар, бірақ бәрі содан құтылудың жолы ұлттық ұстаным, салт-дәстүр, әдет-ғұрып екенін ұқты. Біз де білеміз, ұғамыз, түсінеміз! Тек нәтижелі әрекет керек.

Еділ АНЫҚБАЙ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Ә.Байжанбаев атындағы сыйлықтың лауреаты
Abai.kz

0 пікір