Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3612 0 пікір 21 Қараша, 2013 сағат 03:54

Айнұр Әбдірәсілқызы: «Рух тарихы – ұлт тарихы»

ҚР Дін істері агенттігі Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының бастығы, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат

– Айнұр Әбдірәсілқызы, өзіңіз білетіндей қазір елімізде «Халық тарих толқынында» атты тарихты жаңа көзқараспен пайымдаудың игі үдерісі басталды. Өзге ғылым саласының өкілі ретінде ұлттық тарихты қайта зерделеуден сіз қандай нәтиже күтесіз?
– Ұлттық тарихты қайта зерделеу үдерісі бірінші кезекте рухани тарихымыздың даму жолын толыққанды түрде саралап, шынайы бағасын беруге, руханиятымыздың тарихи дәуірлердегі және қазіргі келбетін айқындап, лайықты деңгейде ұлықтауға зор мүмкіндік береді деген сенімдемін. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» деген болса, осы әділетті баға бірінші кезекте біздің рухани тарихымызға қатысты айтылған деуге болады.
Баршаға белгілі, ұлт тарихы ажырамас екі негізден құралады. Бірі – егемендік жолындағы ерлік күрестерден құралған азаматтық тарих, ал екіншісі – ұлттың идеологиялық бағдарын орнықтыру жолында жасалған рухани тарих. Біздің азаматтық тарихымыз көптеген іргелі зерттеулерге арқау болды. Жеткілікті түрде назар аударылмай келе жатқан үлкен бір бағыт – рухани тарихымыз дер едік.

ҚР Дін істері агенттігі Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының бастығы, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат

– Айнұр Әбдірәсілқызы, өзіңіз білетіндей қазір елімізде «Халық тарих толқынында» атты тарихты жаңа көзқараспен пайымдаудың игі үдерісі басталды. Өзге ғылым саласының өкілі ретінде ұлттық тарихты қайта зерделеуден сіз қандай нәтиже күтесіз?
– Ұлттық тарихты қайта зерделеу үдерісі бірінші кезекте рухани тарихымыздың даму жолын толыққанды түрде саралап, шынайы бағасын беруге, руханиятымыздың тарихи дәуірлердегі және қазіргі келбетін айқындап, лайықты деңгейде ұлықтауға зор мүмкіндік береді деген сенімдемін. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» деген болса, осы әділетті баға бірінші кезекте біздің рухани тарихымызға қатысты айтылған деуге болады.
Баршаға белгілі, ұлт тарихы ажырамас екі негізден құралады. Бірі – егемендік жолындағы ерлік күрестерден құралған азаматтық тарих, ал екіншісі – ұлттың идеологиялық бағдарын орнықтыру жолында жасалған рухани тарих. Біздің азаматтық тарихымыз көптеген іргелі зерттеулерге арқау болды. Жеткілікті түрде назар аударылмай келе жатқан үлкен бір бағыт – рухани тарихымыз дер едік.
Отандық тарих ғылымында рухани тарихты рухани мәдениет арқылы сипаттау қалыптасқан. Бірақ біз бір нәрсені ұмытпауға тиіспіз: Мәдениет нәтижелерден құралады, ал тарих – үдерістің өзі. Ненің болғанын мәдени мұрадан танимыз, ал қалай болғанын тарих танытады. Бұл екеуі бір болмаған жерде толыққанды тарих болмайды. Сондықтан азаматтық тарихтың ажырамас бөлігі ретінде рухани тарихтың даму барысы да біз үшін кейінгі кезекте қалмауы тиіс.
Рухани тарих – ұлт тәжірибесінде жинақталған рухани ілімдер, рухани құндылықтар, ұлттық және мемлекеттік идеологиялар тарихы. Азаматтық тарих оқиғалардың сыртқы қалыбынан құралса, рухани тарих оның ішкі мазмұнын, мәнін, болмысын құрайды. Басқаша айтқанда, рух тарихы дегеніміз – ұлт тарихы, себебі ұлттың негізгі өлшемі формалық емес, мазмұндық өлшем.
– «Рухани тарих» дегенде алдымен дін еске түседі. Ұлттық тарихты қайта зерделеуде дін тарихы қай деңгейде қаралуы тиіс деп санайсыз?
– Алдымен «дін» ұғымына қатысты мына жайтқа назар аударған жөн: Дін тек сенім мәселесіне ғана емес, рухани құндылықтар, соның ішінде әсіресе мораль (ахлақ) мәселесіне де тікелей қатысты. Моральдың негізі ұстаным болса, ұстанымның тірегі – сенім. Бейнелей айтқанда, діннің жартысын сенім, жартысын ахлақ құндылықтары құрайды. Ата дініміз исламның ұлы тұлғасы Мұхаммед пайғамбар Алла мен адамдар арасындағы елшілік қызметіндегі ең басты міндетін: «Мен көркем мінез-құлықтарды жетілдіру үшін келгенмін» деп түсіндірген. Бұл хадис сенім мен мораль мәселесінің тікелей байланысты екендігінің айғағы. «Дін дегеніміз – насихат» деген Мұхаммед пайғамбардың хадисі де бар. Насихаттың мақсаты да сенімді уағыздай отырып, ахлақты түзету мен тәрбиелеуге саяды.
Ислам діні қазақ даласына таралғаннан бастап, ғасырлар бойы халықтың өміршең рухани-моральдық құндылықтарымен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен кірігіп, дін мен дәстүр бірлігін құрады. Өз болмысында мораль мәселесіне баса мән беретін ислам діні рухани құндылықтарды пір тұтқан қазақ төлтума руханиятымен үндескенде, дін мен дәстүрдің асқақ адамгершілік ұстанымдарға негізделген қайталанбас бірегей сұхбаты қалыптасты. Дін тарихын таразылау барысында осы ерекшеліктерді талдап, түсіндіріп, негіздеп беру қажет. Бұл мың жыл бойы халықтың өзімен бірге жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәпсірмен түсіндіріп, халықтан алыстатып бара жатқан қазіргі теріс пиғылды ағымдар идеологиясына тосқауыл болар тарихи негізді қалыптастырады. Сол арқылы қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған арандатушы әрекеттерге ғылыми пайымды жауап берілмек.
Таразының бір жағында сенім, екінші жағында рухани құндылықтар тұрғанын біз естен шығармауға тиіспіз. Иман таразысы теңелуі үшін оның екі басы бірдей болуы қажет. Дәстүр дінсіз, дін дәстүрсіз өмір сүрмейді. Сондықтан да дін тарихы дегеніміз біз үшін – мәдениет тарихы, ұлт тарихы, рух тарихы.
– Кезінде мектеп оқулығынан араб жаулап алу соғыстары туралы оқитын едік. Қазір «ислам діні қазақ жеріне бейбіт түрде таралды» деген пікір жиі айтылады. Қайсысы дұрыс?
– «Ислам дінінің қазақ даласында таралуы бейбіт түрде жүзеге асты» дейтін жалған тарих жасаудан сақ болуымыз қажет. Исламның абыройын жалған тарих арқылы көтере алмаймыз. Керісінше қазақ даласында белгілі бір тарихи кезеңдерде өмір сүрген діндер арасынан оқ бойы озып шығып, жеке-дара таңдалып, ұлт дініне, ата дінге айналуы исламның шын мәніндегі озықтығын айқындайды.
Қазақ даласында исламға дейінгі дәуірде түркілердің төл діні – тәңірлік сенім салтанат құрып тұрды. Тәңірлік сенімнің діліміздегі, дәстүріміздегі, мәдениетіміздегі іздері әлі сайрап жатыр. Сонымен қатар еліміздің жекелеген өңірлерінде исламға дейін христиан діні мен зороастризмнің (отқа табынушылық) де белгілі бір тарихи мерзім ішінде өмір сүргені белгілі. Олар исламдық деректердің өзінде «тарса» (христиан) және «мұғ» (отқа табынушы) қауымдар ретінде атап көрсетіледі.
Исламның алғашқы кезеңінде бейбіт жолмен дінге бет бұрмаған елдерге исламды таратудың бір жолы қарулы күрес болды. Дін тарату жолындағы соғыстардың Орта Азия жерінде де көптеп жүргізілгенін біздің тарих тұрмақ, араб-парсы тарихи деректері де жоққа шығармайды. Өзіміз мектеп оқулығынан білетін Мауараннахрда дін жорықтарын жүргізген араб қолбасшысы Қутайба ибн Муслимнің мазары қазіргі Өзбекстан жерінде әлі тұр. Қазақ даласында қаншама араб әскербасыларының қабірі қалды.
Жаңа келген дін қаншалықты озық әрі өркениетті болса да, ешбір халық мың жыл ұстанған ата-баба дінінен айнып, тағынан түсіп, оған бірден бойұсына қоймайтыны белгілі. Исламға дейінгі дәуірде жоғары дәрежеде ұйымдасқан әкімшілік-басқару жүйесі, жауынгерлік өнерді терең меңгерген әскері, тас кітаптарға тарихын таңбалаған жазу мәдениеті болған, адамгершілікті ту еткен мол рухани мұраға, жарты әлемді жаулап, «бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» даңқты тарихқа ие түркі жұрты жаңа дінге қарсылықсыз бас иді деу қисынға келмейді. Бойұсыну болмаған жерде қақтығыс міндетті түрде болады. Қазақ жерінде де, әсіресе қазіргі Өзбекстанмен шектес өңірлерде талай қарулы қақтығыс болды. Қарумен бағындыра алмаған тұста бітімге тоқтап, бейбіт дін тарату келісіміне келген оқиғалар да орын алды. Мұның барлығы рухани шежірелерде де, кешегі кеңестік тарих оқулықтарында да тәптіштеп жазылған болатын. Кеңестік биліктің дінге көзқарасы теріс болғанымен, тарихи фактілердің бұрмалауға көне бермейтіні баршаға белгілі.
Оңтүстік өңірге орныққаннан кейін қазақ даласының қалған өлкелеріне исламның таралуы бейбіт жүзеге асты деуге болады. Байырғы тәңірлік сенім мен жаңа ислам дінін бірқұдайлық қағидалары мен имандылық ұстанымдары біріктірді. Ислам діні мен тәңірлік сенімнің астасуы ғасырлар бойы жүрді. Нәтижесінде дүниенің бір түкпірінен тау асып, тас басып жеткен ислам діні ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен терең үйлесім тауып, бірте-бірте біздің мәдениетімізді құрушы, болмысымызды қалыптастырушы дінге айналды.
Діндердің аралас-құраластығы, сенімдердің шарпысуы, белгілі бір кезеңдерде жекелеген діндердің басымдық алуы тарихымызда талай болған. Сондықтан Қазақстан аумағындағы діни сенімдер тарихы кешенді түрде зерттеліп, шынайы бағаланғаны жөн.
- Қазақ жерінде таралған исламның өз ерекшеліктері бар делінеді. Бұл ерекшеліктер неден танылады?
– Ескеруге тиіс басты мәселе сонда – ислам қағидаларының сенімге (ақидаға) қатысты тұстары өзгермейді (пайымдау ерекшеліктері – бөлек мәселе). Ал тұрмыс-тіршілікті, қарым-қатынасты реттейтін құқықтық нормаларға (фикһқа) қатысты бөлігінде уақытқа, мекенге (ортаға) сәйкес өзгерістер орын алуы мүмкін. Осындай өзгерістер ислам тарихында бірнеше мазхабтың қалыптасуына негіз болды. Бүгінде әлем мұсылмандарының басым бөлігі ұстанатын, Қазақстан мұсылмандары үшін де дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабының іргесін қалаған имам Ағзам Әбу Ханифа ілімінде ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтардың салт-дәстүріне баса мән берілді. Ханафи мазхабында әдет-ғұрыптар исламдағы пәтуа шығарудың, яғни белгілі бір мәселеге қатысты діни үкім берудің бір негізі ретінде саналады. Демек, жергілікті халықтың дәстүріне тән қандай да бір әдет немесе ғұрып ислам шариғатына қайшы келмесе, оны қолдануға, сол бойынша іс-әрекет етуге ешбір шектеу қойылмайды. Құран үкімдерінде, хадистерде, ислам ғұламаларының пәтуасында қарастырылмаған қандай да бір жағдайға қатысты жергілікті халықтың әдет-ғұрпы арқылы шешім берілген болса, сол әдет пәтуа ретінде қабылданады.
Ханафи мазхабы бойынша сонымен қатар исламға дейінгі шариғаттар да пәтуа шығарудың негізі бола алады. Бұл жағдайда да белгілі бір халықтың исламға дейінгі ұстанған сеніміне сәйкес қалыптасқан дәстүрлер мен іс-әрекеттердің ислам шариғатына қайшы келмеуі басты өлшем болып саналған. Осының барлығы Әбу Ханифа негізін салған мазхабтың икемділігін, жергілікті жағдайларға бейімделгіштігін, дәстүрдің озығы мен тозығын ажырата отырып, ақыл-парасатқа негізделгендігін аңғартады. Осы мазхабты ұстанған қазақ халқының бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері ислам қағидаларымен үйлесіп, кірігіп кетті.
Халқымыздың дәстүрлі құқығы болып табылатын әдет-ғұрып заңдары өз бастауын сонау ерте кездегі тайпалық дәуірлерден алатыны белгілі. Мемлекет басқару жүйесінен бастап, азаматтық қарым-қатынастарға дейін толығымен дерлік әдет заңдарымен реттелді. Ғасырлар бойы ауызша қолданыста болған заңдардың бертінде жазбаша нұсқалары да қалыптасты. Көк Түріктердің «Төре бітігі», Шыңғыс ханның «Ясасы», Өзбек хан мен Едіге бидің «Низам» жүйесі, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің «Жеті жарғысы» заманалар бойы қолданылған әдет заңдарын жүйелеп, жаңғыртып, ішінара өзгертіп жеткізіп отырған құқықтық құжаттар болды. Жергілікті жағдайларға, басқару жүйесі мен құқықтық қатынастарға сәйкес туындаған әдет заңдарына ислам шариғаты күрт өзгеріс әкеле қойған жоқ. Керісінше әдет заңдары ислам дінімен қатар даму барысында мазмұндық жағынан бірте-бірте бейімделуге ұшырады деуге болады. Ал ислам арқылы түбегейлі өзгерістер енгізілген тұстар негізінен ғұрыптық жерлеу рәсімдері секілді нақты діни сипатқа ие жораларға қатысты орын алды.
Жоғарыда айтылған ислам діні мен қазақ дәстүрінің ғасырлар бойғы астасу үдерісінің нәтижесінде шариғат пен әдеттің қатар өмір сүру формалары қалыптасты. Қазақ жерінде Ресей отарлық саясаты нәтижесінде құрылған сайлау жүйесі мен кеңестік кезеңдегі заң билігі дәстүрлі әдет-ғұрып институттарының күшін жоюдың негізгі сатылары болды. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында ресми дін өкілдерінің өз қызметін жүзеге асыруына мүмкіндік беруге мәжбүр болған кеңестік билік органдары сонымен бір мезгілде шариғат пен әдет үндестігіне балта шабудың барлық шараларын қарастырып отырды. Осы мақсатта ресми дін өкілдері атынан әдетке бейімделген тариқаттарға қарсы үкім шығарғызылды. Шариғатты әдетке қарсы қою – дінді өмір сүру формасынан айыру, дінді өлтіру арқылы ұлтты өлтіру әрекетінің бастауы еді. Кезінде бірқатар ориенталистік зерттеулер де осы мақсатқа бағытталды. Өкінішке орай, әлі де сол арандатушы саясаттың, негізсіз пікірлердің әсері жойылған жоқ. Осыны ескере отырып, рухани тарихты зерделеуде осындай ақтаңдақтар қайта қаралып, өскелең буынға орнықты бағыт берілуі қажет деп санаймыз.
– Халықтың рухани дүниесін қайта зерделеуді тарих ғылымының аясында жүзеге асыру қаншалықты негізді?
– Бұл жерде әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың барлығы дерлік кешенді сипатқа ие екенін ескеру керек. «Рухани әлем» мәселесін мәдениеттану, философия, әдебиеттану, тарих, этнография, т.б. ғылымдардың кез келгенінің аясында сол ғылымның өлшемдеріне сәйкес белгілі бір дәрежеде зерттеп-зерделеуге болады. Тарихқа қатысты алғанда бұл тақырып рухани тұлғалар әлемімен тікелей байланысты болуы мүмкін. Себебі тарихты тұлға жасайды, ал тұлғаны халық тудырады. Тарихи тұлғаның рухани әлемі өзін өсірген ұлттың әлемінен бөлек қалыптаспайды.
Ұлттың рухани әлемі сонымен қатар оның тарихи дәуірлерде қалыптасқан біртұтас құндылықтар жүйесінен де танылады. Сондықтан ұлттық тарихты қайта зерделеуде қазақ халқының рухани әлемі назардан тыс қалмауға тиіс. Тұтас бір халықтың рухани-құндылықтық бағдарын белгілеген ілімдерді дүниеге әкелген әл-Фарабиден бастап, өзіне дейінгі ұлттың рухани қазынасын ой елегінен өткізіп, өз заманының танымымен қайта сараптап, қорытқан Абайға, кеңестік кезеңнің өзінде классикалық дәрежедегі теологиялық туындыларды, зерделі зерттеулерді дүниеге әкелген Сәдуақас Ғылманиге дейінгі аралықтағы тұлғалар әлемі зерттелуі қажет.
Бірақ бұл үрдісте тек ғалымдар мен ағартушы зиялылар ғана емес, діни тұлғалар (дін ғалымдары, дін қызметкерлері), рухани көсемдер (ұстаздар, пірлер, абыздар), халықтың сөз ұстарлары (би-шешендер, ақын-жыраулар) туралы дербес зерттеулер жүргізіліп, жан-жақты зерделеу жұмыстары іске асырылуы қажет. Сонымен қатар ұлттық тарихи тұлғалардың – қазақ хандары мен қаһарман қолбасшыларының діни келбетін, рухани құндылықтарын зерделеу керек. Осы айтылған зерттеу бағыттарынан қорытылған нәтижелер ұлттың рухани әлемінің тұлғалар болмысындағы нақты көрінісі ретінде тұжырымдалып, ол жайында тарих оқулықтарында толыққанды мәліметтер беріліп отырса, рухани әлеміміздің тұтастығы, рухани құндылықтарымыздың терең тамырлылығы және сабақтастығы жөнінде шынайы, дұрыс түсініктер қалыптасар еді.
– Сөз арасында рухани шежірелер туралы айтып қалдыңыз. Олардың тарихымыздағы орны қандай?
– Шежіре – біздің ұлттық тарихтануымыздың, көшпенділердің тарихи танымының төлтума ерекшеліктерінің бірі. Қазақ дереккөздерінің үлкен бөлігін шежірелер құрайды. Оларды генеологиялық және рухани шежірелер деп бөлуге болады. Ұлт шежіресі, ру шежіресі, тарихи тұлғалар шежіресі генеологиялық сипатқа көбірек ие. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба орталығында сақталған тарихи шежірелердің өзі 6000 бетке жуық мол материалды құрайды. Бұл бағытта мәтінтанулық тұрғыдан аталған институт «Бабалар сөзі» сериясы аясында бірнеше томдық шежірелік дастандар жариялады, ал деректанулық тұрғыдан Алаштану институты шығарған шежірелердің маңызын ерекше атап өтуге болады.
Рухани шежірелер – силсилалар негізінен рухани ілімді жеткізуші тұлғалар тізбегінен, яғни дін дүниесіндегі ұстаздар мен шәкірттер тізімінен, олардың дін жолындағы қайраткерлігі жөніндегі аңыз-әңгімелерден тұрады. Рухани шежірелердің генеологиялық және тарихи шежірелермен астасып кететін тұстары да бар. Мысалы, Қожа Ахмет Яссауидың ата-тегі таратылып айтылатын генеологиялық шежіре – «Насабнамада» оның ілім алған ұстаздары мен шәкірттерінің рухани шежіресі де, сол дәуірдің тарихи тұлғаларын атап көрсеткен, орын алған оқиғаларды жүйелі түрде сипаттаған тарихи шежіреге тән ерекшеліктер де, ауыз әдебиеті дәстүрімен аңыздау сарыны да бар. «Садр ад-дин шайх рисаласы», «Тәзкире-и Бұғрахан», «Манақиб-и Қожа Ахмет Яссауи» секілді рухани шежірелерден де сол дәуір тарихына, танымына, дәстүріне қатысты мол мәліметтер алуға болады.
«Шежіре тарихи дерек көзі бола ала ма?» деген сауалға келгенде, мынаны ескеру керек. Біздің тарихымыздың ортағасырлық мәліметтері толығымен дерлік шежірелік сипатқа ие. Солардың негізінде тарих жазылуда. Ал ғасырлар бойы ауызша да, жазбаша да таралып келген рухани шежірелерде субъективтілік пен көп нұсқалылық басым екені анық. Бұл оларға сынмен қарауға негіз болғанымен, сыртқа тебуге негіз бола алмайды. Оларды бізге белгілі тарихи шындықпен салыстыра талдай отырып, ұрпақтың игілігіне жарату қажет. Қазба қалдықтарын жаңғыртып, материалдық тарихымызды құрайтынымыз секілді, рухани шежірелерді саралап, рухани тарихымызды құрауға тиіспіз.
Аңыздар мен шежірелер – ұрпақтар сабақтастығының баяны, өшпейтін рухтың кепілі, көшпенділер өркениетіне тән тарихнама әдісі. Далалық ауызша тарихнама туралы зерделі зерттеулер қалдырған этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің салааралық зерттеулеріне тарихшылардың осы тұста жіті назар аударғаны жөн болар еді. Аңыздар тарихтың жаңғырығы ретінде сақталуға тиіс, себебі ол – көркем тарих, елдің көңілінде жатталып, көкейіне қонған тарих. Сондықтан да аңыздардың шындыққа қарағанда ғұмыры ұзақ. Жалқы жол тарихи мәлімет сақталмаған дәуірлерден бізге телегей-теңіз аңыздар жетті. Сол аңыздардың түбі ақиқат екенін кейін жат жұрттарда сақталған талай тарихи деректер дәлелдеді. «Жазылмаған тарихыңның жолдарын Ауызекі аңызыңнан іздедім» деп кешегі Мұқағали ақын бекер жырлаған жоқ. Қорыта айтқанда, тарихи-этнографиялық, филологиялық мәліметтерге өте бай, азаматтық тарих пен рухани тарих ажырағысыз бірлікте егіз өріліп, қатар көрініс тапқан рухани шежірелер қазақ тарихы мен мәдениеттануындағы лайықты орнын алуға тиіс.
Біздің бала кезіміздегі орта мектеп оқулықтарында бір игі дәстүр бар еді. 6-сыныптағы «Ежелгі дүние тарихы» оқулығында көне грек, рим, үнді халықтарының тарихы баяндалған тарауларда қосымша мәлімет ретінде сол елдердің көне мифтерінен үзінділер беріп отыратын. Соның нәтижесінде оқушылардың есінде аталған халықтардың азаматтық тарихынан гөрі аңыздық тарихының көбірек сақталғанына күмән жоқ. Тарихи тамыры терең осы халықтар өз мифтеріне қиял-ғажайып аңыз деп емес, кешегі күннің шындығы деп қарады. Солардың негізінде ортағасырлық тарихына тамыр тартатын жолдарды анықтады, әдебиет тарихын қайта дәуірлерді, көркем фильмдер шығарып, тарихи танымын жаңғыртты, тіпті сол аңыздар арқылы гректер археологиялық зерттеулер жүргізіп, атақты Троя қазынасын да тапты. Аңызға абай болу, оны қастерлеу, қажет кезінде сене де білу – өрелі өркениеттік сананың бір деңгейі. Біз соның бір сатысын болса да игеріп, мектеп оқулықтарына өзіміздің тарихи және рухани аңыз-шежірелерімізді көптеп енгізсек, мың рет естігенше, бір рет оқығаны өскелең буынға өшпес өнеге болары анық.
Осы арада айта кететін тағы бір мәселе бар. Мектеп қабырғасында болсын, жоғарғы оқу орнында болсын, тарих және әдебиет пәндерінің сабақтастығын дамыту қажет. Әдебиет – ұлт тарихының көркем шежіресі, рухани тарихтың көркем көрінісі. Әдеби мәтіндерге жиі сілтеме жасау арқылы әдебиетке, сол арқылы рухани тарихқа деген қызығушылықты жандандыру қажет.
– Сіздің мазар мәдениетіне қатысты толымды зерттеулеріңіз жарық көруде. Рухани тарих бұл бағытпен қаншалықты байланысады?
– Мазар мәдениеті – біздің материалдық және рухани мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Тарихына құрметпен қарай білетін алыс-жақын мемлекеттерде мазар мәдениеті тарих ғылымының терең тамырлы тұтас саласы ретінде әлдеқашан дербес зерттеу нысанына айналған. «Мазар мәдениеті» деген атпен көптеген еңбектер жарық көріп, мазар құжаттары өз алдына зерттеп-зерделенуде.
Мазарлар – біздің даңқты тарихымызға қойған ең көрнекті ескерткіштеріміз, өткеннен өнеге айтар тағылымды тастарымыз. Тарих –ұлттың болмысы, ал рух пен ар-ождан болмыстан бөлек дүние емес. Сондықтан тарихты қорғау – болмысты, рухты, ар-намысты қорғау деген сөз. Кезінде бейбітсүйгіш, дархан сақ жауынгерлерін шайқасқа шығуға мәжбүр ететін себеп таба алмаған парсы қолбасылары сақтардың ата-бабасының мазарын қиратып барып, соғысқа жол ашқан екен деген аңыз бар. Сонау ежелгі грек деректерінде сақталған мына оқиға да мазар мәдениетінің ішкі мазмұнын танытқандай: Скиф данышпаны, атақты емші Токсаридке (б.д.д. VІІ-VІ ғғ.) эллиндік (грек) ойшыл Мнесип мынадай сұрақ қояды: – Сендер ата-бабаларыңның рухына арнап ас бересіңдер. Сонда сендер оларға табынасыңдар ма? Бұл сұраққа Токсарид: – Біз ата-баба рухына табынбаймыз, ас беру арқылы оларды еске алып, тірілерге үлгі етеміз, жастарды тәрбиелейміз, сөйтіп, тірілердің рухын көтереміз, – деп жауап береді.
Ежелгі ғұндар мен сақтар дәуірінен тіні үзілмеген рухани тұтастық сайын далада талай қасиетті қабірстандарды дүниеге келтірді. Қауымдық мазараттарды былай қойғанда, ел қастерлеген елеулі тұлғаларды ғана жерлеген ұлттық пантеондар салу да атамекенімізде біздің дәуірімізге дейінгі кезеңдерден бастау алған екен. Мазар бар жерде тарих бар. Шекарасын ата-бабасының мазарымен белгілеген көшпенділер өркениетінің заңды мұрагері ретінде «мазар – менің тарихым» деп айтуға біздің толық негізіміз бар. Қазақ даласындағы мазарлар рухани тұрғыдан алғанда адамның өткенмен, өзімен, Алламен сырласу, арылу, есеп беру орнына айналған. Қазақтың қабірлерді ерекше қасиеттеуі, жиі зиярат етуі осындай себептерден туындаған.
Мазар мәдениетінің бір бөлігі болып табылатын мазар құжаттары бүгінге дейін дерек көзі ретінде ұлттық тарихымыздан өз орнын ала алмай отыр. Мазар құжаттарының үлкен бөлігін жоғарыда сөз болған рухани шежірелер құрайды. Одан тыс өз кезеңінің меншіктік-мүліктік қатынастары мен рухани көсемдердің өкілеттіліктеріне қатысты көптеген құжаттар та мазар мәдениетіне тән. Осы құжаттардың ескерусіз қалып, тарихи айналымға қосылмауының салдары тарихымыздағы тұтастай бір уақфтық мәдениеттің зерттеушілер назарынан тыс қалуына әкеліп отыр. Нәтижесінде біз көшпенділік қана емес, отырықшылық өркениетімізде де өз орнын алған, үлкен Түркістан мәдениетінің ықпалды бір бөлігі болып табылатын қайырымдылық қорлар мәдениетінен бейхабар болып отырмыз. Қазақ даласында сансыз көп сағаналардың тұрғызылуы мен шырақшылық дәстүрдің қалыптасуы да сол елеулі дәрежеде дамыған уақфтық мәдениеттің бір жемісі болатын. Ұлт тарихында ұсақ-түйек ұғымдар болмайды. Теңіздей тарихымызды тамшылап жинап, құрауда біз ұқыптылық танытуға тиіспіз.
– Тобықтай түйініңіз?
– Біз бір ұлттық тағдыры, жүз ұлттық тәжірибесі бар елміз. Себебі біз жүз ұлттың тілін тауып, тағдырын бөлісе білдік. Біздің тарих – руханият тарихы. Сондықтан да қазақ тарихы мен Қазақстан тарихы дербес жазылуға тиіс. Әр нәрсені өз атымен атауға тарихта да тиісті назар аударылуы қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!
Abai.kz

0 пікір