Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6824 0 пікір 2 Қараша, 2013 сағат 12:13

Отыншы Көшбайұлы. Табиғат көркі – тағылар

Жер бітіп су аққалы, сонау ықылым замандардан бері адамзат баласы табиғаттың берген мол сыйлығы - даланың тағы аңдарын өз қажеттіліктеріне пайдаланып келеді. Олар көп уақытқа дейін бұл байлықтың шегі таусылмас мол қоры бар деп есептеді. Алайда оның да
қорының азаятын, тіпті кейбіреулерінің көздерінің таусылатын да күні бар екен. Кейбір деректерге көз салып қарайтын болсақ, көптеген жан-жануарлардың жер бетінен жоғалып кеткеніне бірнеше жүздеген жылдар өтіпті. Әдебиеттерде бұдан бірнеше мың жыл бұрын
есепсіз аулаудың нәтижесінде кәзір біз естіп білмеген, көрмеген хайуанаттардың жоқ болып кеткендігі жайлы жазылады. Ғалымдардың айтуы бойынша 1600 жылдан бері сүт қоректілердің 75 проценттен астам түрлерінің және құстардың 86 процентінің жер бетінен
жойылып кетуіне адамдар себепші болыпты. Бұларды енді қайтадан қалпына келтіру мүмкін емес. Табиғаттың орны толмас ойсырауы деген осы. Ал «табиғатты бағындырамыз» дегенді желеу етіп, орманды жерлерді балтамен шабу,
құнарлы жерлерді техникамен жыртудың да зияны болмай қалған жоқ. Біздің Қазақстанда тың игеру кезінде қаншама жер жыртылды. Оның да кезінде табиғаттың өзгеруіне, оны мекендеген аң-құстардың азаюына, басқа жаққа қоныс аударуына әсері болды.

Жер бітіп су аққалы, сонау ықылым замандардан бері адамзат баласы табиғаттың берген мол сыйлығы - даланың тағы аңдарын өз қажеттіліктеріне пайдаланып келеді. Олар көп уақытқа дейін бұл байлықтың шегі таусылмас мол қоры бар деп есептеді. Алайда оның да
қорының азаятын, тіпті кейбіреулерінің көздерінің таусылатын да күні бар екен. Кейбір деректерге көз салып қарайтын болсақ, көптеген жан-жануарлардың жер бетінен жоғалып кеткеніне бірнеше жүздеген жылдар өтіпті. Әдебиеттерде бұдан бірнеше мың жыл бұрын
есепсіз аулаудың нәтижесінде кәзір біз естіп білмеген, көрмеген хайуанаттардың жоқ болып кеткендігі жайлы жазылады. Ғалымдардың айтуы бойынша 1600 жылдан бері сүт қоректілердің 75 проценттен астам түрлерінің және құстардың 86 процентінің жер бетінен
жойылып кетуіне адамдар себепші болыпты. Бұларды енді қайтадан қалпына келтіру мүмкін емес. Табиғаттың орны толмас ойсырауы деген осы. Ал «табиғатты бағындырамыз» дегенді желеу етіп, орманды жерлерді балтамен шабу,
құнарлы жерлерді техникамен жыртудың да зияны болмай қалған жоқ. Біздің Қазақстанда тың игеру кезінде қаншама жер жыртылды. Оның да кезінде табиғаттың өзгеруіне, оны мекендеген аң-құстардың азаюына, басқа жаққа қоныс аударуына әсері болды.
Өсімдіктер мен жануарлардың азаюы дүниежүзі ғалымдарын, жанашыр жұртшылықты үнемі толғандырумен келеді. Осыған байланысты оларды сақтап, қорғап қалу үшін 1966 жылы «Қызыл кітап» жарық көріп еді. Жойылып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктер
осы кітапқа тіркеліп қамқорлыққа алынатын болды. 1974 жылы КСРО «Қызыл кітабы», 1977 жылдан бастап Қазақстанда «Қызыл кітап» ұйымдастырылды. Оған республикамызда сирек кездесетін және жойылып кету қаупіндегі жануарлардан сүт қоректілердің 31-і, құстардың 43, бауырымен жорғалаушылардың 8, қосмекенділердің 1 және балықтың 4 түрі тіркелген еді. Алайда мұндай сирек аңдарды тек «Қызыл кітапқа» тіркеп қоюдан ештеңе шықпайтыны белгілі. Сондықтан қорықтар ұйымдастыру, ол жердегі аң-құстарды мазаламау, өсіп- өнуіне еркіндік, мүмкіндік жасау ғана жақсы жағдай туғызады.
Біздің өлкемізде де осы мақсатта құрылған бірнеше қорықтар мен қаумалдар (заказниктер) бар. Бұл қорықтардың құрылуы жер қойнауындағы қазба байлықтарға өте бай Маңғыстау жері үшін тиімді болатын. Өйткені дәл осы қорықтарды ұйымдастыру арқылы ғана
аңдарды, құстарды, өсімдіктерді сақтап қалуға болатын. Оған кезінде облыстың басшылары да, аудан, совхоздардың жетекшілері де оң көзбен қарап, жаңадан құрылған қорықтарды техникамен, қызметкерлермен қамтуда көп көмек көрсетті. Әсіресе облыстың
табиғат қорғау саласында 27 жылдан астам уақыт басшылық жұмыста болған Қоданов Оңғарбай Шаңдыгерейұлының еңбегі ерекше болды. Өлкеде құрылған барлық қорықтар соның еңбегінің, тынымсыз ізденісінің арқасында іске асты десек артық айтқандық, әсіре
мадақтаушылық болмайды. Маңғыстау топырағында туып өсіп, өзінің бар білігін де, білімін де осы бір табиғаттың байлығына арнаған Оңғарбай талай түнді ұйқысыз өткізді. Өйткені табиғатқа жыртқыштықпен қарайтын браконьерлермен тынымсыз күресуге,
түсінік жұмыстарын жүргізуге тура келді. Өзінің қарамағындағы ғылыми қызметкерлермен, аңдар ісін жүргізушілермен керіліп жатқан ұлан байтақ өлкенің қаншама жерін араламады дейсің. Сол тынымсыз, ұйқысыз жұмыстардың қайтарымы -
аңдардың көктем кезінде төлдерін ертіп жыл сайын өсе түскенін көріп мәртебесі өсетін.
Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген, азайып бара жатқан аңдардың 60 процентінің Маңғыстау облысында сақталғанын ескерсек, осы жұмыстарда Оңғарбайдың өзіндік қолтаңбасы қалғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Табиғат жанашырымен кездесіп туған топырағымыздағы андардың, құстардың сақталуы жөнінде сұрағанымызда Оңғарбай Шаңдыгерейұлы төмендегі әңгімені айтып еді. Табиғат ресурстары - халық шаруашылығын дамытудың қайнар көзі. Су, жер, орман,
ұшқан құс, жүгірген аң адамзаттың материалдық қажеттіліктерін өндіруде шешуші роль атқарады. Туған табиғатымызды шама келсе бүлдірмей сол күйінде кейінгі ұрпаққа мұра қылып қалдыру біздердің асыл парызымыз болып табылады. Осыған байланысты
табиғатты қорғау бағытында істелер жұмыстар аз емес. Біздің негізгі тіршілігіміз өзімізді қоршаған ортаға, табиғатымызға тікелей байланысты екендігі кім-кімге болса да аян.
Осылардың ішінде жануарлар және өсімдіктер дүниесінің алатын орны ерекше. Маңғыстау облысы өзінің табиғи байлығымен күллі әлемге белгілі екендігін кез келген көзі қарақты адам біледі. Өлкеміз тек жер асты қазба байлықтарымен ғана шектелмейді.
Бұл жерде жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің де мол қоры бар. Сонымен қатар ерекше бөліп айтатын бір жай - республикамыздың басқа аймақтарына қарағанда бізде аңдар мен өсімдіктер дүниесі түрлерінің барлығы да дұрыс сақталған. Осы байлықтарды
бағалау, оны дұрыс пайдалану және қорғау, ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдыру осы таңдағы табиғат қорғау саласында қызмет атқарып отырған мекемелер мен мамандардың басты мақсаты және оларға жүктелген ең жоғарғы жауапкершілік екендігін есімізден
шығармауымыз керек.
Өлкеміз еліміздің басқа аймақтарымен салыстырып қарағанда өзіндік ерекшелігімен көзге түседі. Түбегімізді қоршап Каспий теңізі жатыр, көптеген жерлеріміз далалық, құмды, сорлы, тау-тасты болып келеді, халықтың қоныстануы да сирек. Жаз айлары аптапты,
ыстық қыс айлары желді, шымыр аязды болып келеді. Облыс көлемінің 13 млн, 720 мың га жері аң құстардың мекендейтін аймағына жатады. Осы аймақтарда біздің табиғатымызға бейімделген жануарлар мен өсімдіктер дүниесі тіршілік етеді. Олардың
ішінде сүтқоректілердің 51, құстардың 350-ге жуық, бауырымен жорғалаушылардың 15-ке жуық, балықтың 130-ға жуық түрлерінің кездесетінін айта аламыз. Бұлардың ішінде ең бағалы, құнды аңдарға жабайы Үстірт қойы (муфлон), қарақұйрық құлан, киік, қабан, қарақал, сабаншы, ала күзен, ала жертесер, ит аю, қара кірпі, шағыл мысығы жатады.
Құстардан: аққу, қоқи қаз, жек, дуадақ, бүркіт түрлері, аққұйрықты, жез құйрықты су бүркіттері, жұртшы, дала қыраны, жылан жегіш, ителгі, қарабауыр, бұлдырық, құтан түрлері, үкі, жорға дуадақ, шүрегей, жылқышы, кең маңдай т.с.с. түрлерін атауға болады.
Сонымен қатар облысымыздың жерінде Қазақстан қызыл кітабына кіргізілген аң құстардың 60 процентке жуығы кездесетіні қуанарлық жағдай екенін ашып айту керек. Бұл сонымен қатар оның әрбір тұрғынынан үлкен жауапкершілікті талап ететін, осы бір
аялы табиғатты сақтай білу әрбір адамның парызы екендігін де қатерімізге береді. Соңғы кезеңдері өлкеміздің түкпір-түкпірінен жер асты байлықтарының ашылып, олардың кең көлемде игерілуі жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне айтарлықтай
зиянын тигізіп, соның әсерінен кейбіреулерінің көздерінің азайып бара жатқанын да жасыра алмаймыз.
1973 жылы біздің өлкеміз облыс болып өз алдына шаңырақ көтерді. Көп ұзамай-ақ 1975 жылы аңдарды, құстарды, өсімдіктер дүниесін қорғау бағытында облысымызда алғашқы аңшылар инспекциясы құрылды. 1980 жылға дейін бұл мекемеге Бондарев ВТ, Симоненко
А.В, Асанов К С сияқты азаматтар басшылық етті. Әрине бес жыл ішінде үш адамның келіп, кетуі мекемеде айтарлықтай жұмыстың жүрмегенін көрсетеді. Жаңадан құрылған мекеменің мақсаты - қаскерлермен (браконьерлермен) күресу, оларға қарсы әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғау, табиғатты қорғау заңдылықтарының орындалуын қадағалау, аң аулау ережесінің сақталуын қамтамасыз ету еді. Сол кездегі есеп бойынша Маңғыстауда қарақұйрық 1,2 мыңдай, жабайы Үстірт қойы (муфлон) 800-дей бар деп есептелінетін. Атырау облысына қараған кезімізде Маңғыстаудағы аң қорғау қоғамында не бары 2 адам ғана қызмет жасайтын. Бұл жағдайда бүкіл Маңғыстаудың аймағын толық қамтып, қорғаудың мүмкін еместігі өз-өзінен белгілі нәрсе. Ал жаңадан құрылған облыстық инспекция жұмысы 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басында өзіндік нәтижесін бере бастады. 1991 жылы аңдарға республикалық санақ жүргізілді. Әуе жолы арқылы жүргізілген үкіметтік комиссияның есебі бойынша облысымызда қарақұйрық саны 20 мыңға немесе одан бұрынғы есептен 10 есе өскендігі анықталды. Сол кезде бүкіл еліміз бойынша 40 мыңдай қарақұйрық болса, соның 50 проценті біздің өлкеге тиесілі еді. Арқардың саны 6 мың болып 6 есе, киік саны 170 мыңға жеткендігі бұл жаңадан ашылған ұжымның атқарған жұмысының нәтижесі, қол жеткен жетістіктері болатын. Облыстық атқару комитетінің жарлығымен өлкеде тыныштық аймақтарын (зона покоя) белгілеу, облыс көлемінде айлық қорғау жұмыстарын өткізу, қоғамдық, мемлекеттік мекемелерге көмектер беру жөніндегі жұмыстар көп көмегін тигізді.

Қоғамдық инспекцияда 50-ден астам адам еңбек етіп, жұмыстағы жетістіктер мен кемшіліктерді орталық штабта ай сайын қадағалап отыру басты назарда ұсталды. Өз ісіне түсіністікпен қарап, табиғат байлығын сақтауда қоғамдық инспекторлар Радченко Г. Г,
Лавренчук И.С, Шишко А.Ф, Голованов Г.А. Нестеров А.К, Парфенов В.И, Шершнев Н.М, Мұхамедалиев М.Х сияқты азаматтардың еңбектерін айтуға болады. Сондай-ақ жануарлар, өсімдіктер әлемін қорғап, өсіріп, өндіру үшін ерекше қорғау аймақтарын Маңғыстау облысы көлемінде ұйымдастырып ашу біздің негізгі мақсатымыздың бірі, тіпті арманымыз болды десек те болады. Бірақ бұл мәселелерді шешу оп-оңай болмайтын. Жоғары жақтың, үкіметтің арнайы қаулысымен ғана орындалатын жұмыстар еді. Өйткені ерекше қорғау аймақтарын ашу үшін алдымен жергілікті атқару органдарының келісімі, шешімі керек. Тиісті құжаттарды дайындауда совхоз басшылары, ауылдық, аудандық, облыстық атқару комитеттерінің шешімдерін шығарту сияқты сатылы жұмыстарды орындау да оңайға түспеген болатын. Бұрын Қазақстанның басқа аймақтарындағы қорықтарды, заказниктерді (қаумалдарды) әлгіндей бірнеше сатылы органдардың шешімін алып құру үшін 10-15 жыл мерзім уақыт кететінін сол кездегі Министрлер Кеңесі жанындағы біздің басқарманың қызметкерлері айтатын. Ол рас та еді. Өйткені қорық ашу үшін құжаттарды жинау көп қиыншылық келтіретін. Болашақ қорыққа қаражат табу, жердің пайдалану тәртібіне келісу (жер бөлімдері мен оның иелерімен), ерекше қорғау аймақтарының қажеттілігін дәлелдеу, аң-құстардың өсіп өнетін жерлерінің шекара, көлемдерін анықтау, қорғау аймақтарын таңдаудың табиғи, ғылыми, техникалық, экономикалық негіздемелерін сауаттылықпен дайындау сияқты жауапкершілігі үлкен жұмыстарды атқару оңай емес еді. Ал осылардың бәрін дайындап оны үкіметке өткізіп, келісімін алу өз алдына алынбас кедергі болатын. Бірақ біз қолға алған ісімізді орындау үшін аянып қалмадық. Тынымсыз ізденіс, мігірсіз жұмыс ақыры өз нәтижесін берді. 1982 жылғы желтоқсан айының он екінші жұлдызындағы Министрлер Кеңесінің № 500-ші қаулысымен біздің облысымызда алғаш рет Ақтау-Бозашы мемлекеттік табиғи зоологиялық заказнигі (қаумалы) құрылды. Бұл Түпқараған ауданы көлемінен Ембі, Жалбарт, Бөлектаутауларын, Каспий теңізі жағалауы бөліктерін алып жатқан кең аймақты қамтыды. Муфлон, қарақұйрық, киік, қарақал, аққу, қоқиқаз, сабаншы т.с. сияқты көзі жоғалып бара жатқан аңдар мен құстарды, өсімдіктер дүниесін қорғау мақсатында құрылған республикалық маңызы бар, 170 мың га жерді алып жатқан ерекше қорғау аймағы болатын. Бұл жерде аң-құс аулауға толықтай тыйым салынды. Жаңадан ашылған қорыққа арнайы көліктер, 8 адамнан тұратын қызметкерлер бөлінді. Қорық ашылып іске кіріскеннен кейінгі жетістіктерді көзімізбен көргеніміз қуанарлық жай еді. Сол кезеңдерде республикалық Ғылым академиясына, зоология институтына алты жылдың үстінде жазған өтініштеріміз бен қажеттілікті дәлелдеу нәтижесінде 1992 жылдың аяғында 1832 жылдан көзі жоғалған құлан Маңғыстауға қайта оралды. Барсакелмес мемлекеттік қорығынан 32 бас құлан әкелінді. Сөйтіп облыс көлемінде бағалы аңның жаңа 51-ші түрі қосылғаны біздің жетістіктеріміздің бірі болатын. Бұрынғы ата-бабалары мекендеген Маңғыстау жерін құландар жатсынбады, тез үйреніп жерсініп кетті. 1997 жылдары Бозашы бетінде олардың
саны 132 басқа жетті. Олар кез келген адамның көз қуанышына айналған жеріміздің сәні болатын.
1984 жылы 12 шілдеде Үкіметіміздің № 294-ші қаулысымен (Ол кезде Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Ә.Назарбаев болатын) Қарағия ауданынан Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы құрылды. Бұл 223,3 га жер көлемін қамтыған Үстірт бойындағы ерекше қорғау аймағына айналған, Қазақстандағы жетінші қорық еді. Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының негізгі міндеті - оңтүстік-батыс Үстірттің теңдесі жоқ тамаша табиғатын қорғау, қалыптасқан табиғи комплекстерді қаймағы бұзылмаған күйде сақтап, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесінің табиғи түрде өніп өсуіне қажетті жағдай жасау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, табиғатты қорғау шараларының ғылыми негіздерін әзірлеу, оны іс жүзіне асыру және жергілікті тұрғындарға табиғат қорғау жұмыстарының маңызы туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болатын. Қорық Қарағия ауданының шығыс бетінде орналасқан. Онда Маңғыстау өлкесінде кездесетін табиғи комплекстердің барлығы шоғырланған. Мұнда тау да, қыр да, тік құлама жарлар да, айдын сорлар да, сылдырап аққан бұлақтар да, ұсақ-ұсақ көлшіктер де, суы тұщы құдықтар да бар. Бұл табиғаттың ерекше бір жомарт сыйлығы. Осында өсімдіктердің 300-ге, құстардың 120-ға, сүтқоректілердің 30-ға жуық, бауырымен жорғалаушылардың 15 түрлерін кездестіреміз. Қорық шөлді аймақта орналасқан, табиғи
климаттық жағдайы қатал болып келеді. Осы табиғатқа үйренген жан-жануарлар, өсімдіктер әлемі өмір сүреді. Ашып айтып кететін бір нәрсе қорықтың орналасқан жері оның меншігі болып табылады. Оның сол кездегі Ералиев совхозының директоры Жүнібеков Аман сияқты азаматтың табиғатқа жанашырлық көзқарасы, қамқорлығы арқасында іске асқанын ыстық ықыласпен еске аламыз. Сондай-ақ Қарағия ауданы басшыларының, облыстық атқару комитетінің сол кездегі төрағасы В.Д.Горшениннің көмегі көп болды. Олар біздің пікірлерімізді қолдай отырып, қорықтың құрылуына, орналасқан жердің қорық меншігінде қалуына ат салысты. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Х.А.Ахтанов бастаған комиссияның әділ шешімі, бізге көрсеткен зор көмегі еді. Ол кезде жерді басқа мекемеге меншікке беру өте қиын мәселелердің бірі болатын. Жаңадан құрылған қорыққа арнайы көліктер бөлінді, 40-қа жуық қызметкерлер берілді.
Қорықтың құрамына; Кендірлі, Басқараған, Қаражар, Тасөткел, Қарамая, Табан ата, Қарынжарық, Өнере, Көгесем, Айманащы тағы басқа аймақтар кірген болатын. Қорықтың орталығын Жаңаөзен қаласында орналастыруға тура келді. Өйткені қызметкерлер
отыратын бөлмелер, ғылыми қызметкерлерге арналған лаборотория, қару-жарақ сақтайтын, автокөліктерге, басқа да техникаларға арналған гараждардың болуы керек еді. Үстірт табиғи қорығының қорғау аймақтарының қашықтығы 250 шақырымға жуық еді.
Қорықты қорғауды көліктермен жүрмелі түрде үш бағытта ұйымдастыруға тура келді. Бұған Қаражар, Басқараған, Кендірлі, Өнере т.б. аймақтар кірді. Алыстан мұнартып көрініп тұратын, арқарлардың ұясы деп айтуға болатын Қарамая тауы қорықтың солтүстік бөлігінің орта тұсында орналасқан. Шығыстан батысқа қарай ұзындығы 15 шақырымдай, ені екі шақырымдай қырат. Осы Қарамая қыратының солтүстігі - Табаната, шығысы - Көгесем, оңтүстігі Кендірлі деп аталатын оңтүстік-батыс Үстірт жерлерінің шыңдарымен қоршалған. Ал батыс жағынан Қарынжарық құмы өтеді. Қарамая қыратының тек батыс етегінен басқа жағы Кендірлінің сорымен жалғасады. Бұл қыраттың Қарамая деп аталуының өзі алыстан қарағандағы сыртқы келбетіне дәл келетіндей. Яғни, алыстан көрінгенде қоңырдан гөрі қаралығы басым қарамая тәрізді. Көк мұнар ортасынан өркештеніп көрініп тұрады. Бұл оның тек сыртқы көрінісі ғана. Ал қыраттың ішкі көрінісі тіпті тамаша. Оны ерінбей, зер салып қарасаңыз көзіңіз жетеді. Өзге жерлерге ұқсамайтындығымен кім-кімді де өзіне еліте тартып, өзгеше әсер қалдырады. Ертегілер еліне келгендей, болмаса басқа бір планетада жүргендей боласыз. Тіпті бұл жердің өзіндік ерекшелігін сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Бір өкініштісі осы жерді зерттеген ғалымдардың еңбектерінде Қарамая қыратының адам таңқаларлық әдемілігі туралы деректер өте аз. Осы Қыраттың ішінде онға жуық ащы бұлақтар бар. Айналасына қалың қамыс, жыңғыл, сораң, т.б шөптер өскен. Арқарлардың, қарақұйрықтың негізгі тұрағы да осы жер. Сонымен қатар қасқырлардың мекені болып та
табылады.

Өнере Үстірт мемлекеттік қорығының оңтүстік шекарасында орналасқан Маңғыстаудағы ең ірі бұлақтардың бірі. Бұлақтың шығысы мен оңтүстігін оңтүстік-батыс Үстірттің шыңы айналдыра қоршап тұр. Ал батыс бетінде Қарынжарық-Сақсорқаның, солтүстігінде Кендірлінің соры орналасқан. Өнереден өнетін бұлақ суы осы сорға келіп құяды. Бұл бұлақтың суы ащы, химиялық құрамы жағынан Каспий теңізінің суымен бірдей. Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының ғылыми қызметкерлерінің зерттеу нәтижесі бойынша, бұлақтан тәулігіне 18 мың шаршы метрдей су өнеді. Бұлақтың ағысы алдынан бөгет салынып, оған диаметрі 40см екі құбыр орнатылған. Құбырдан шыққан су 4 метрдей төменге құлап, сарқырама тәріздес көрініс береді. Бұлақ жер бетіне бүлкілдеп шығып жатқан бірнеше бөлек көлшіктерден бастау алады. Халық арасында Каспий теңізі мен Арал теңізі арасында жер асты байланысы бар деген аңыз ертеден айтылады. Ал кейбір зерттеушілер осы аңызды жоққа шығармай оған қолдау көрсетіп, Өнереден шығып жатқан бұлақ көзі өз бастауын сол байланыстан алып жатқан болар деген болжамдарды қолдап, дәлелдемек бе болған. Жалпы Өнере бұлағы Маңғыстау жерінің табиғаттан туындаған бір ғажабы екендігіне ешкім де күмән келтіре алмайды. Үстірт табиғи қорығының жұмысын алға апаруда осы қорықтың алғашқы басшыларының бірі, ұзақ мерзім қызмет жасаған Едігеев Хасеннің еңбегінің ерекше болғанын айту керек. Ол 90-шы жылдардағы қиыншылық мезгілдерде ұжым жұмысын ұйымдастыра білді. Сонымен қатар қорықтың ғылыми жұмыстарын ұйымдастыруда, оның фауна, флорасын зерттеуде үлкен жұмыстар жүргізген Константин Плахов болатын. Қорық бастығының орынбасары болды, кейін осы бір тамаша білімпаз жігіт Алматыға зоология институтына ауысты. 1986 жылы наурыз айының үшінші жұлдызында Үкіметтің қаулысымен Қарағия ауданы және Түпқараған ауданы жерлерінен республикалық маңызы бар 137,5 мың га жерді қамтыған Қарағия-Қаракөл мемлекеттік табиғи зоологиялық заказнигі (қаумалы) құрылды. Ол Қарағия тауларын, Қарағия ойпатын, Сор Батыр, Қаракөл тағы басқа
аймақтарды алып жатыр. Мұндағы мақсат осы өңірдегі көзі азайып бара жатқан муфлон, қарақұйрық, қарақал, ала күзен, жек, аққу, қоқиқаз, қарабауыр, ителгі, бүркіттің түрлерінің сақталуына, оның көбеюіне мүмкіндіктер жасау болатын. Заказник елді мекендер арасында орналасқандықтан қорғау әдістері жүрмелі түрде тексеру арқылы жүргізілді. Жұмыс нәтижесін беріп, аң-құстардың саны бірте-бірте көбейе бастады. Біздің жұмысымызды тексеруге министрліктен келген А.Д.Каргополов бастаған комиссия қала түбіндегі Қарағия тауынан арқарларды, Қарағия ойпатынан қарақұйрықтардың үйірінің жиі кездескенін көріп таң қалса, Қаракөлдегі құстардың бірнеше түрін, 15 мыңға жуық аққулардың қала маңында қыстайтындығын, оған қала тұрғындарының жем беретінін көріп ризашылығын білдіріп еді. Бұл өлкеміздегі жануарлар дүниесін қорғау жұмыстарының өз мәнінде екендігін көрсетеді. Аз ғана жыл ішінде өлкемізде бірнеше қорықтардың құрылуында, олардың жақсы көрсеткіштерге жетуіне, жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуына сол кездегі Министрлер
Кеңесіндегі біздің Бас басқарманың басшылары Әмірғазы Жұмаділовтың, Төлеген Байғожаұлы Көпбаевтың сіңірген еңбектері көп болды. Басқармадағы бөлім бастықтары Виталий Сотников, Флора Арынбаевалар Маңғыстау жерінде ашылар қорықтардың мақсатын түсініп, бағалай білді. Әрине жұрттың бәрі әулие емес. Қарауыңдағы адамдардың өз жұмысына немқұрайлы қарайтындары да, тапсырылған істерді атүсті атқаратындар да кездеседі. Өтіп кеткен жылдар кәзір көзіңе ыстық көрінеді. Шаршаған да, бір-бірімізбен ренжіскен
уақыттарымыз да болды. Бірақ қай-қайсымыз да ондай жағдайларға түсіністікпен қарадық. Еңбектерімізді бағалай білдік, қатар жүрген жолдастарымыздың қолдан келсе мәртебесін көтеруге ұмтылдық. Аңдар ісін жүргізуші Петр Миронович Ланкиннің, аға
инспектор Виктор Георгиевич Ракитиннің, инспектор Түгелбай Жұманазаровтың ерекше еңбегін тек біздер, жұмыстастары ғана емес, қалың көпшілік, Маңғыстау халқы түгел біледі десек өтірікші болмайтынымыз шындық. Әсіресе Виктор Георгиевич Ракитинді
айтсаңызшы. Оның өлке жеріндегі әрбір аң мен құсты өз баласындай мәпелеп қорғай білгендігі, қолы қаралы адамдарға көңілшектігінің жоқтығы, күнді түнге, түнді таңға ұрып тау-тасты кезіп жүретіні халық арасында жыр болып айтылатын. «Ракитин келіпті» деген
хабар естілсе болды, түн жамылып аң аулайтындар оның көзіне көрінбеуге тырысатын. Өйткені Виктор Георгиевич Маңғыстаудың ой-қырын жетік білетін, «аңшысымақтардың» қай жерде жүргенін құлағына құдай сыбырлағандай дөп басатын. Осындай жұмыстар арқасында Қазақстандағы аң. құстардың 70%-ке жуығы біздің облысымызда кездесуі, сақталуы аң қорғау мекемесінің негізгі жетістіктері еді. Аңдардың көбеюі әсіресе 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басында анық байқалды. Соңғы кезеңдері Маңғыстау өңірінің хайуанаттар дүниесінің табиғи шаруашылығына, әрі оның тұқымдарының асылдығына көптеген шетелдіктердің қызығушылығы арта бастады. Осыған орай облыстың аң шаруашылығы саласын дамытуға арналған жұмыстар жүргізіле бастады. Алғашқы аңшылық шаруашылығы үшін 1987-1990 жылдар аралығында Кендірліден 19,0 мың га, Қарағиядан 20,0 мың га жер бөлініп берілді. Біздің басқарма 2005 жылдың бірінші жартысында сонымен қатар аң аулайтын алқаптарды жеке және
заңды тұлғаларға бөліп берумен де айналысты. Қазақстан Үкіметінің 2005 жылғы қаңтардың бірінші жұлдызындағы № 40-шы қаулысына сәйкес Бостанқұм, Қаратау, Қияқты, Көкалқап-Саура, Ащысор, Қаражамбас, Жағалау, Желтау-Көлеңкелі сияқты аймақтардан конкурс ережесімен заңды тұлғаларға 813 мың га жер бөлініп берілді.
Кендірлі және Қияқты аң шаруашылықтары «Ақтау орманы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына бекітіліп берілген еді. Алайда бұл мекеме өзіне тиесілі міндеттерді орындай алмағандықтан тарап кетуге мәжбүр болды. Бөлінген аймақтарды тиісті құжаттары бар адамдарға ғана аң аулауға рұқсат етілді. Қыркүйек-желтоқсан айларында көгершін, кептер, жабайы үйректер, қаздар, су құзғыны, шәукілдек, шілдерді аулауға рұқсат етілсе, қоян, қарсақ, түлкілерді 1 қарашадан 15 ақпанға дейін, сирек те болса кездесетін қабандарға қыркүйектен желтоқсанның аяғына дейін аулауға мүмкіндік берілді. Ауыл шаруашылығына орасан зор зиян келтіретін қасқыр, шибөріні жыл бойы аулауға болатын еді. Облысымызда аңшылар қоғамының 3070-тен астам мүшесі болды. Олардың көпшілігі Ақтау және Жаңаөзен қаласының тұрғындары, Малшылардың көбі аңшылық қарумен қамтамасыз етілген қоғамның мүшелері болып табылады. Шетелдік аңшылар алғаш рет 1990 жылы республикамызда Қарағанды және Маңғыстау облыстарында болды. Шетел азаматтарының облысымызға алғаш рет келуіне байланысты олардың қозғалыстары, жүріс-тұрыстарының заңға сәйкес болуын IIБ, прокуратура және қауіпсіздік комитеті қызметкерлері қадағалап отырды. Өйткені шетел азаматтарының біздің жерімізге аң аулауы бұрын болмаған жай екені белгілі. Аңшылықты ұйымдастырудың дүниежүзілік президенті Крисс Кляйнбюргер өзімен бірге жеті адамды ертіп келді. Олар екі күн ішінде үкіметіміздің берген рұқсаты бойынша жеті арқарды атып алды. Ол кезде облыс көлемінде 6 мыңға жуық арқар бар болатын.
Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінде болып көрген бұл аңшылар осыншама көп арқардың бір аймақта шоғырланғанын көрмегенін айтып, таңданыстарын жасырмаған еді. Қонақтармен бірге жүрген республика Министрлер Кеңесі жанындағы Бас басқарманың
бастығы Валерий Витальевич Савинов біздің аң қорғау саласындағы қол жеткен жетістіктерімізге, осы шараны жоғары дәрежеде ұйымдастыра алғанымыз үшін ризашылығын білдіріп, біздің ұжымға 4 УАЗ, 1 Нива автокөліктерін бөлді. Бұл әрине жұмысымыздың одан әрі жүруіне, ерекше қорғау аймақтарын толық қадағалап, қаскерліктің жолын кесуге көп пайдасы тиді. 1993 жылы тұңғыш рет облыс көлемінде киік аулауға рұқсат етілді. Бейнеу ауданында киік аулау бөлімшесі жұмыс жасады. Тіпті жеке адамдарға да рұқсат берілді. Облыстың
дүкен сөрелерінде киік еті сатылып, халықтың керегін қамтамасыз етті. Бұл әрине өлкемізде киік санының өсіп 170 мыңға жеткен кезі болатын. Сол кезде Бозашы беттегі Ақшы, Мырау, Тас орпа, Ерназар қазыққа барсаң да, Үстірт үстіне көтерілсең де, Қарағия,
Түпқараған ауданы жерлеріне барсаң да үйір-үйірімен жүрген мыңдаған киіктерді кездестіретін едің. Табиғаттың осы бір жан қуантарлық әдемі көрінісі мерейіңді өсіре түсетін. Шіркін-ай, - деп ойлайсың сонда. Егер кез келген адам табиғаттың осы бір
жомарт сыйлығына жыртқыштықпен қарамай, аялы алақанын төсей білсе қаншама байлық өз дастарханына ырыс болып құйылар еді.
2001 жылы сәуірдің 25-ші жұлдызында Үкіметтік №382-ші қаулысымен Қарағия ауданынан 1 млн. 231 мың га жерді қамтыған орасан үлкен Кендірлі-Қаясан мемлекеттік қорық аймағы құрылды. Бұл көзі азайып бара жатқан, қызыл кітапқа енген ителгі, жек
дуадақ, қарабауыр, жылқышы, үкі, бүркіттің түрлері сияқты құстарды қорғап, сақтап қалу үшін құрылған еді. Сонымен қатар оның кейбір аймақтарында жек құсын аулауға шетел аңшыларын шақыруға мүмкіндіктер жасау болатын. Аймақты қорғау, шетел аңшыларын
қабылдау «Охотзоопром» мекемесіне жүктелді. Сонымен қатар облыстық аң шаруашылығы саласын болашақта дамыту үшін инвестиция көзін іздеу жұмысы да қолға алынды. Біздің бұл жұмысымызға халықаралық ғылыми қоғамдастықтар және шетелдік
мемлекеттер қызығушылық туғызды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 131-ші «Жорға дуадақтар жұмыртқасын жинау туралы» қаулысы шығып, осы Кендірлі-Қаясан қорық аймағынан дуадақтың 50 жұмыртқасы жиналды. Олар арнайы жылжымалы
инкубаторға салынып балапандар шығарылып, шартқа сәйкес әлгі балапандар Біріккен Араб Эмиратына жіберілді. Осы жұмыстарды орындауда біздің ұжымның бөлім бастығы Мұхамбет Аяпбергенов, бас маман Нұрлыхан Исмаилов, охотзоопром қызметкері
Жүсіпберген Құбығұлов бар біліктерін, тәжірибесін аямады. Әсіресе Алматыдағы зоология институтының ғылыми қызметкері Борис Михайлович Губиннің ғылыми-зерттеу жұмыстары, ұйымдастыру қабілеті қай істің де оңынан шығуына көп көмегін тигізді. Осы
бір терең білімді азамат біздің облысымыздың табиғатына, оның байлықтарына ерекше мән беріп, үлкен сүйіспеншілікпен қараған еді. Маңғыстау топырағына бірнеше рет келіп зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын.
Өлкеміздегі ерекше қорғау аймағының жалпы көлемі 1 млн. 762 мың га жерді алып жатыр. Осыншама аймақты қорғап, бақылау үшін біріккен келісілген жоспарлар жасалды. Оған ІІБ, кеденшілер, шекарашылар, ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқару мәселесі әкімшілікте бекітілді. Бұлар төрт бағытта жұмыс жасады. Бірінші топ - Бозашы, Қаламқас, Қызық, Ерназар аймақтарын, екіншісі - Үстірт, Төлеп, Оазис, Қаратүлей аймағын, үшіншісі - Ақтау-Бозашы, Қарағия- Қаракөл заказниктерін және Кендірлі-Қаясан аймақтарын, төртіншісі - Каспий теңізі жағалауларын қамтыды. Солай бола тұрса да өлкемізде өзен суларының жоқтығы, таулы-тасты, құмды шөлейт жерлердің көптігі қаскерлермен (браконьерлермен) күресте көп қиындық келтірді. Әсіресе көздері азайып бара жатқан киіктерді, қарақұйрықтарды сақтап қалу өте күрделі және ең негізгі мәселе болып қала берді. Олардың тез азайып кетуіне байланысты Үкіметтің 1999 жылы сәуірдің 29 жұлдызындағы № 527-ші, көп ұзамай 2001 жылы шілде айының 19 жұлдызындағы № 980-ші қаулылары шықты. Қаулыда киік, қарақұйрықты сақтап қалу республикалық «Охотзоопром» мекемесіне жүктелді. Бірақ ол мекеменің біздің облысымыздағы жұмыстары ойдағыдай атқарылмады. Тиісті қаражат, көліктер өз мәнінде бөлінбеді, жанар-жағар май, қосалқы бөлшектер алуға мүмкіндік болмады. Оның үстіне киік мүйізіне, оның етіне қызығып пайда табуды көздеген, карабин, автоматтармен қаруланған, астарына жақсы жүрдек көліктер мінген браконьерлер көбейді. Заң талаптары дұрыс орындалмай, әртүрлі табиғат мекемелері орынсыз ашыла бастады. Осының бәрі кері әсерін тигізіп, 90-шы жылдардың аяғында, 2000-ші жылдардың басында құнды аңдардың саны күрт азайды. 2004 жылдың 12-14 шілде аралығында Ақтау қаласында мемлекет аралық конференция өткізілді. Оған республика ауыл шаруашылық министрі А.И.Мырзахметов. Россия, Өзбекстан, Түрікменстан республикаларынан қонақтар шақырылды. Осы жиында киікті қорғаудың республика аралық келісім-шарттарын тез арада жасақтап, іске асуын жиынға қатысушылар толықтай мақұлдаған болатын. Біздің Үкіметіміз 2005 жылдан 2011 жылға дейін киік аулауға толықтай тиым салды.
Еліміздегі қоғамдық өзгерістер, бұрынғы бөлшектенбейтін бір ведомстводан кейбір бөлімдердің басқаларға қосымша берілуі, бытыраңқы тиянақсыз қорғау әдістері ақыры аңдар мен құстардың азаюына әкеліп соқтырды. Оған біздің облыстық басқармадағы соңғы кезеңдері қайта құрулардың көбеюі де зиянын тигізбей қалған жоқ. Бірқатар мамандар басқа қызметке ауысып кетті. Оның үстіне өндіріс орындарының көптеп ашылуы, кейбір шетелдік компаниялардың табиғат заңдылықтарына көп мойынсұна бермейтіндігі, аңдар мен құстарды мазалау факторының көбеюі де үлкен залалын тигізіп отыр. «Табиғатты, аңдарды, құстарды қорғаймыз» деген мекемелер көбейгенмен, оған жолшыбай адамдардың қызметке кіріп, өздерінің еркін қимылдауына жол ашылды. Осыдан барып табиғат ішіндік бәсекелестік пайда болды. Табиғатты қорғау мәселелерінде мемлекет аралық байланыстар әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмай келеді. Сонымен қатар біздегі орман шаруашылықтарының көлемі 242,3 мың га немесе облыс көлемінің 0,7 пайызын құрайды. Оған Сам және Бейнеу ауданындағы жерлер, Қарағия ауданының Сенек, Маңғыстау ауданының Ұштаған және Тұщықұдық елді мекендеріндегі сексеуілді аймақтар кіреді. Орман шаруашылығы 1992 жылдан бері ғана жұмыс жасайды. Бірақ бұл бағытта да өкінішті жайлар аз емес. Жер асты су деңгейінің төмендеуі, құм ішіндегі сүйекті бұталарды, сексеуілді отын үшін шауып алу экологиялық қатерге - құмдардың сусып көшуіне әкеліп отыр. Қаржыландырудың аздығына байланысты орман өсіру, оны қорғау да өз мәнінде емес. Елді мекендері көгалдандыру оның төңірегінен ерекше жасыл аймақтар құру ғана алда келе жатқан қиындықтардан құтқарады.
Табиғат бізден, адамдардан қатігездікті емес, жанашырлықпен қарауды керек етеді. Бұл орайда біздер өзімізден бұрынғы өткен қарапайым ауыл адамдарының, көпті көрген ақсақалдардың тәжірибесін есімізден шығармағанымыз дұрыс. Халық арасында бүркіттің:
«Мені адамзат қолына түсіре көрме. Түсіре қалған жағдайда тоғыз ұл, тоқсан айғырлыға (тоқсан үйір) тап қыл» деп тәңіріне тілек қылғаны айтылады. Себебі төрт құбыласы түгел, шалқыған дәулетті адам ғана оның бабын тауып әлпештей алған ғой. Ондай жағдай туғыза
алмайтын адамдар бұл іске ұрынбаған да. Баба қазақ жыл маусымын төртке бөліп, көктемде - көктеуге, жазда - жайлауға, күзде - күзеуге, қыста - қыстауға көшіп отырды. Сондағы ойы алдындағы малының жайы болатын. Шамасы келсе жер құнарын сақтап, мал
өрісін «тұяқ кесті» қылмау үшін жұмыстанды. Қойды байлық, жылқыны - қанат тұтты. Шалғай қоныстарға шалдықпай жетудің жолдарын қарастырды. Керек десе ауыл ауылдың көшу тәртібі, асар асуы алдын ала белгіленді. Сондағы ойы су көздері мен жолындағы
өсімдік атаулыны орынсыз рәсуа қылмау болатын. Бұл әсіресе шөлейт аймақтағы біздің маңғыстаулықтар үшін бұзылмаған қағида болды. Малды Үстірт үстіне шығарып барып төлдету, межелі жерге уақытында жету үшін де табиғат құбылысын жете меңгеру керек болды. Сонымен қатар олар жер құнарын қалай қадірлей білсе, көз қуанышы - түз тағылары ұшқан құс пен жүгірген аңды солай қастерлеген. Ұрпағын оның киесінен сескенуді үйретті. Бала кезімізде ауылдағы кішкене үйдің маңдайшасына қарлығаштар ұясын қорықпай сала беретін. Өйткені олар адамдардың қамқорына сенген еді. Үлкендердің айтқан әңгімесін, құлағына құйған өсиетін балалар жадына жастай тоқи білетін.
Кең дала көремісің сонау жатқан,
Жібектей жасыл шөппен бетін жапқан.
Асқар тау, айдын шалқар көл мен өзен,
Әне, сол анам еді мені тапқан,
дейтін Сәкеннің өлеңі табиғаттан адам тәлім алып, күнделікті тұрмысқа қажеттісін пайдаланумен бірге, алақанға салып аялауды, оның асыл мұрасын қадір тұтып, мол байлығын қорғай білуге шақырады. Күні кешеге дейін кейбір ауыл ақсақалдарының: «Қарақұйрық ауыл іргесінде малымызбен бірге өріп жататын» деген әңгімесін талай естідік. Орынсыз қуғын-сүргін көрмеген, өзіне деген қамқорлықты сезінген аңдар ғана осылай істейді. Ол кездегі аңшылар аңдардың күйекке түсу, төлдеу кездерінде қолына қару алмаған. Өсіп өркендеуіне жағдай туғызған.
Аңдардың күйге түсу уақыты және олардың жыныстық жетілуі олардың барлық таралған мекендерінде бір уақытта өтпейді. Мысалы, Аравия түбегінің орталық аудандарында қарақұйрықтың күйге түсетін уақыты қыркүйектің ортасынан қазанның аяғына дейін, ал біздің республикамызда Үстірт пен Барсакелмес аралында күй 5-12 қарашадан басталып желтоқсанның басында аяқталады. Бұл уақыттардың өзі ауа райына байланысты ілгері- кейінді жылжып отырады. Күйге түсу уақыты көбінесе құрғақшылық жылдары екі жетіге
дейін кешігеді. Күйге түскен текелер шөлге төзімсіз келеді. Сондықтан олардың таралған аудандарының солтүстік бөліктерінде қара суық қатты болған жылдары мұндағы су ерте қатып, қар түскенше су болмай киіктердің күйге түсу уақыты ілгері жылжып та отырады.
Аналық бастардың баласын қанша уақыт көтеретіндігін олардың күйге түскен уақыты мен жаппай төлдеген уақытының аралығына сүйеніп 5-5,5 ай деп есептейміз. Таралған мекендеріндегі төлдеу мерзімдеріне тоқталатын болсақ, Аравия түбегінің аудандарында
наурыз бен сәуір, Бадхыз мемлекеттік қорығында сәуірдің он үшінен жиырма жетісіне дейінгі аралықта, Үстірт пен Маңғыстауда сәуірдің аяғы мен маусымның басында, Барсакелмес аралында мамырдың ортасы мен шілденің басында өтсе, Бетпақдалада маусымның ортасынан шілденің аяғына дейінгі уақытта және Іле мен Сарытоғай далаларында 20 сәуірден 29 шілдеге дейінгі уақытта өтеді.
Жабайы аңдардың төлдейтін уақыты біздің жерлерімізде маусым айын толық қамтитындықтан, бұл уақытты қазақ халқы «құралай айы» деп атаған. Ел арасындағы қариялар өз ауылдарындағы жас жігіттерге тоқтау айтып, олардың садақ асынып, қақпан салуына тиым салған. Қарақұйрық, ақбөкен сияқты топталып төлдейтін аңдардың төлдеу орындарына жақындамайтын да болған. Олар мамыр айының ішінде болатын «Құралайдың салқыны» өткеннен кейін ғана лағын ширатып өргізеді. Бұл салқын кейде ақ жаңбыр болып, кейде қар аралас жауып, жас төлге жайсыз болады. Мұны білетін жергілікті қазақтар «Құралай салқыны» өткенше ықтасынды бұйрат маңынан ұзамаған. Осыларды ой елегінен өткізіп отырсақ, адамды табиғаттан, табиғатты адамнан бөле қарауға тіпті болмайды. Таусылмайтын ештеңе жоқ. Табиғат байлығы да, жер асты байлығы да орынсыз пайдалана берсе таусылады, құриды. Адамзаттың қолымен жасалған қатігездікке осы күндері өкінішпен қарайтынымыз да сондықтан. Қаншама аң-құстар, өсімдіктер жер бетінен жойылып кетті. Кейбір деректерде 1870-1875 жылдарда ғана 60 миллиондай бизондар жойылып кетсе, XIX ғасырдың екінші жартысында бағалы тістері үшін жылма-жыл 60-70 мың піл ауланыпты. Кезіндегі тойымсыздықтан, көзіне сусылдаған ақша ғана елестеген қатігез қолдардың кесірінен кәзір олардың орнын толтыру мүмкін емес болып қалды. Аңдарды, өсімдіктерді қорғау үшін «Қызыл кітап» атты құнды документті ұсынған Англиядағы белгілі капитан Роберт Скоттың баласы Питер Скотт болатын. Қазақстанда 1977 жылдан бастап «Қызыл кітап» ұйымдастырылды. Оған сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарлар кіргізілді. Жер бетіндегі әрбір аңның, өсімдіктің адам өміріне тигізетін зор әсері болады. Сондықтан оларды сақтап, қорғау біздің алдымызда тұрған негізгі міндеттердің бірі. Адамзат өркениетінің қарышты өнеркәсібі, қуатты техникасы дамып, климаттың күрт құбылысы кезінде табиғаттың берген сыйынан айрылып қалмау – біздің негізгі борышымыз.
Abai.kz

0 пікір