Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3560 0 пікір 5 Қараша, 2013 сағат 04:28

Ақмоншақ Ахмет. «Өйтпесе Мағжан бола ма?»

1-3 cуреттер  «Ескі үйдегі екі кездесу» қойылымынан көріністер

4-7 суреттер «Өйтпесе Мағжан бола ма?» қойылымынан көріністер

 «Ескі үйдегі екі кездесу» Санкт-Петербург сахнасында

         Былтыр ғана 70 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтіп, алыс-жақын шетел театрларын мәдени астанамыз Алматы қаласына жинап, бір автордың шығармалары негізінде фестиваль ұйымдастырып, ұлттың мерейін үстем еткізген мерекенің иесі жазушы, драматург Дулат Исабековтің қарымды қаламы болатын. Әйтпесе сонау Европадағы болгарлықтар мен түріктер немесе көрші жатқан ресейліктер Д.Исабековтің тамыр-танысы да, ет жақын бауыры да емес. Бас-аяғы он екі театр қатысқан сол фестивальден байқағанымыз, драматургтың «Мұрагерлер» және «Ескі үйдегі екі кездесу» атты екі пьесасын бір емес бірнеше театрлардың алып келуі. Бұл шығармалардың көп сахналануының себебі, ондағы қозғалған мәселелердің қазаққа ғана емес, тәжікке де, кәрісің мен орысыңа да ортақ, жалпы адамзаттық құндылықтарды қозғауында жатса керек.

1-3 cуреттер  «Ескі үйдегі екі кездесу» қойылымынан көріністер

4-7 суреттер «Өйтпесе Мағжан бола ма?» қойылымынан көріністер

 «Ескі үйдегі екі кездесу» Санкт-Петербург сахнасында

         Былтыр ғана 70 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтіп, алыс-жақын шетел театрларын мәдени астанамыз Алматы қаласына жинап, бір автордың шығармалары негізінде фестиваль ұйымдастырып, ұлттың мерейін үстем еткізген мерекенің иесі жазушы, драматург Дулат Исабековтің қарымды қаламы болатын. Әйтпесе сонау Европадағы болгарлықтар мен түріктер немесе көрші жатқан ресейліктер Д.Исабековтің тамыр-танысы да, ет жақын бауыры да емес. Бас-аяғы он екі театр қатысқан сол фестивальден байқағанымыз, драматургтың «Мұрагерлер» және «Ескі үйдегі екі кездесу» атты екі пьесасын бір емес бірнеше театрлардың алып келуі. Бұл шығармалардың көп сахналануының себебі, ондағы қозғалған мәселелердің қазаққа ғана емес, тәжікке де, кәрісің мен орысыңа да ортақ, жалпы адамзаттық құндылықтарды қозғауында жатса керек.

Биылғы жыл да Д.Исабековтің шығармашылығын өз жаңа қойылымдарымен толықтырып жатыр. Жоғарыда жазғанымыздай Душанбе мен Омбы сияқты қалалардың театр репертуарына еніп үлгерген драматург Дулат Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» атты пьесасы жақында ғана Санкт-Петербургтің атақты Державин сарайының «Эксперимент» театрында сахналанды. Қойылымның режиссері әрі театрдың көркемдік жетекшісі, актер, Ресейдің Еңбек сіңірген артисі Виктор Харитонов.

Енді осы «Эксперимент» театры мен оның негізін қалаушы Виктор Харитонов туралы аз-кем таныстыра кетсек.

Виктор Харитонов туған ағасы, атақты актер Леонид Харитонов екеуі Ленинградта қарапайым отбасында тәрбиеленіп, өсе келе екеуі де өнердегі өз орындарын табады. Ағасы Л.Харитонов МХАТ-та актерлік жолын жалғастырса, ал В.Харитонов Ленинградқа қайта оралып, Ленсовет атындағы Театрда біраз жылдар актер ретінде жұмыс істеп жүріп, арасында фильмдерге де түсіп тұрды. Виктор 60-жылдары режиссер Джени Катышевпен бірігіп «бір актерлі Театр» жанрында қойылым қояды. «Сергей Есенин» деп аталатын алғашқы моноспектаклімен В.Харитонов әлемді аралап шығып, үлкен жетістіктерге жетеді. Мұнан кейін де көптеген моноспектакльдер қоя бастайды. В.Харитонов шығармашылығының жаңа кезеңін бастайтын келесі бір қойылым «Балаган» (П.Беранже мен А.Григорьеваның шығармасы негізінде) деген атпен  понтомима мен поэзияны, цирк пен сынды, қуыршақ театры мен биді араластырып қойған спектакль болды. Осы спектакльдегі эксперименттік әрекеттері үшін бұған дейін болмаған «синтетикалық» өнер ұжымы 1978 жылы «Эксперимент» театры деген символикалық атақ алады. Міне, осы кезеңнен бастап «Эксперимент» театрының тарихы басталады. Театр әр кезеңде кездескен қиындықтарға қарамастан әлі күнге шейін В.Харитоновтың арқасында жұмыс істеп келеді. Кезіндегі Совет Одағынан бастап Польша, Германия, Болгария, Ұлыбритания, АҚШ сияқты шетелдерге гастрольдік сапармен шығып келеді.

Аталмыш «Эксперимент» театры қазіргі таңда Санкт-Петербургтегі атақты Державин сарайында өз қойылымдарын таңдаулы әрі тұрақты көрермендеріне ұсынып келеді. Орыстың белгілі ақыны Г.Р.Державин дәуірі жүріп тұрған заманда осы сарайын салдыртқан екен. Сарай бұл күнде мемлекеттің қамқорлығына алынып, үлкен мұражайға айналған. Сарай ішінде «Домашний театр» деп аталатын 150 адамдай сиятын театр бар. Осы «Үй театрына» («Эксперимент») жеткенше режиссер әрі актер В.Харитонов Алматыдан келген қонақтарға сый ретінде Державиннің кейпінде киімін киіп алып, оның әр бөлмесін аралатып, өлеңдерін оқып, таныстырып шығыпты. Осындай үлкен қошеметпен басталған кездесу театрдың фойесіндегі скрипка мен фортопиянада тірідей ойнатылған Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасы» мен халық әні «Ақ Баянның» құлаққа жағымды әдемі әуенімен жалғасыпты. Фойенің бір шетіне көрерменге арнап қазақ дастарханы жайылып, театр артистері қолдарына шәйнекті алып ап «қазақ дастарханынан ауыз тиіңіздер» деп шәй құйып жүгіріп жүр. Өзге елдің зәулім сарайында орындалған қазақтың ғажап музыкасы мен кең дастарханы жазушының кеудесінде ерекше бір мақтаныш сезімін оятып, көзіне аздап жас та алдырыпты. Абай әнінің әсерлі шыққаны сондай петербургтік көрерменнің бірі «Мен Абайдың ақын екенін білуші едім, бірақ оның керемет композитор екенін білмеппін. Абайдың музыкасы ғажап, қайталанбас туынды екен» деген таңданысын жеткізіп жатты.

         Спектакль басталар алдында Д.Исабековтің балалық шағынан бастап бүгінгі күнге шейінгі есейу жылдарынан хабардар ететін суретті-слайд көрсетіліп, көрерменге таныстырылып өтті.

         «Бүгін ұлы Державин сарайында ерекше күн. Біздің бүгінгі сахнамызда қазақ драматургы Д.Исабековтің «Транзитті пассажир» атты пьесасы қойылып жатыр. Оқиға Алматы қаласында, аэрапорттың маңында өтеді. Қай кез, оны қазір өздеріңіз көресіздер. Сонымен «Гонк!», спектакль басталды» деген жүргізушінің сөзінен соң жезді қоңырау соғылып, қойылым басталды.

Ескі үйдегі екі кездесу. Бір үйдің екі қожайыны. Жиырма жыл бұрын сол үйде тұрып кеткен, бұл күнде сонау Якутскіні мекен еткен Айтөре жол түсіп, ескі үйін есіне түсіріп, бір көріп кету үшін оралады, ал сол үйдің бүгінгі қожайыны Зейнеп болса жалғыз кенже ұлы Ертайдың жолын тосып, жалғыздықты жанына серік еткен жан. Өткен өмірлерін артқа тастаған, талайды көріп, ой түйген, зейнеткер жасындағы екі қарттың талайлы тағдырларының куәсі болған сол ескі үй. Енді міне, бірін-бірі танымайтын екі қожайынның өткен күндерін сағынышпен еске түсіретін, қамықтырып жұбататын, мұңдасатын мекеніне айналды. Диалогты драмаға құрылған пьесаның шетелдік театр мамандарын қызықтырып, сахналық қойылымға айналдыруының бір сыры – бәріміз де өмір соқпағының, тағдырымыздың «өкпек жолаушысымыз» деген автор ойының тереңдігінде жатса керек. Осындай ой-түйіндеулердің тармағынан тұратын қойылымды көрерменге жеткізуде Зейнептің ролін сомдаған, Ресейдің Еңбек сіңірген артисі Лариса Пилипенко (режиссердің әйелі) мен Айтөренің роліндегі В.Харитонов (режисседің өзі) кейіпкерлерінің бейнесін барынша қазақы мінез-қалыпта беруге тырысқанын олардың киім-киістерінен, қимыл-әрекеттерінен, тұрмыс тақілеттерін көрсетуінен байқауға болатындай.

Спектакль Д.Исабековтің өзі айтқандай кейбір кемшіліктеріне қарамастан пьесаның негізгі айтар ойын көрерменге барынша жеткізуге тырысқан. Спектакльді көруге петербургтік таңдаулы орта мен Ресейдегі қазақтардың атынан Петербургтегі Қазақ диаспарасының төрағасы С.Құспанов пен бір топ қазақ жастары келіпті.Қойылым соңы автор мен көрерменнің жүздесіп, сұхбаттасып, қолтаңба беруімен ұласты.

Режиссер әрі актер В.Харитонов бұл спектакльді алдағы уақытта Ресейдің барлық қалалары мен шетел театрларына гастрольдік сапармен алып шығу жоспары бар екенін де айтып қалды. Қазақстандық көрермен де алдағы уақытта «Эксперимент» театрының бұл қойылымын тамашалауы мүмкін деген үміт бар.

Қазақ мәдениетіндегі осындай үлкен қуанышты барып көруге, оны жұртқа хабардар етуге қазақстандық баспасөз құралдарынан «Қазақстан» ұлттық арнасы мен орыс тілді «Central Asia Monitor» атты газетінің журналисті А.Арцишевский арнайы барып, тамашалап қайтты. Осыден екі-үш жыл бұрын Оңтүстік Корея елінде автордың «Мұрагерлер» атты пьесасының қойылып жатқанында да селт етпеген қазақтың бас газеттері бұл жолы да сол қалыптарынан өзгермегендерін көрсетті. Әттең, «қазақ» десең, өзіңе тиеді...

Осымен үшінші рет Ресей сахнасында қойылып жатқан Д.Исабеков драматургиясы «драматург жоқ» деп «жоқ» іздей жөнелетін кейбір  қазақ режиссерлерімізге барымызды бағалай білуге ой салғандай ма, қалай?..

 

«Өйтпесе Мағжан бола ма?»

Өйтпесе Мағжан бола ма?.. Ақынның 120 жылдық мерейтойына орай арнайы жазылып, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының жаңа маусымын ашып берген Д.Исабековтің жаңа туындысы дәл осылай аталады. Бұл – автордың театр басшысы Қуандық Қасымовтың ұсынысымен, қолқалауымен жазылып отырған екінші пьесасы. «Жаужүрек» қойылымы да ең алғаш рет осы театр сахнасында қойылған болатын.

Мағжанның жары Зылиха мен С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының актрисасы Мәдина арасындағы диалогқа құрылған, формасы жағынан автордың «Тордағы тоты» атты пьесасын еске түсіретін туынды режиссер Мұрат Ахмановтың режиссерлығымен сахналанды.

Пьесадан автордың көзқарасында – орыстың белгілі сыншысы В.Брюсов «Қазақ топырағында туған екінші Пушкин» деп атап кеткен, Мәскеудің жоғары әдебиет институтында Шығыс пен Батыс әдебиетінен дәріс беруге шақырылған, бойына біткен асқан талантымен М.Горький, С.Есенин, Д.Бедный секілді сол кездегі орыс зиялыларын мойындата білген, А.Блоктың өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған, өз заманынан озық туған ақын Мағжанның елесті бейнесін көреміз. Мағжан мен Зылиханың азапты махаббатына құрылған туындыдан көрермен «Сәкеннің сұлу мұртын біртіндеп жұлған, Бейімбетті артынан құшырлана тепкен» өз қазағы екенін, ең сорақысы «Мағжанды өлім жазасына кесу жайлы үштіктің қаулысы болмаса да, Қазақстан жазушылар одағының және Мәскеудегі «Жерлестік» ұйымының Жұмабаевқа таққан айыптарымен-ақ өлім жазасына кесіліп» кете барғанын Зылиха әжейдің аузынан естіп, ақын трагедиясының сырына үңіліп қайтқандай болды. М.Горький мен Пешкованың көмегімен түрмеден босап шыққан Мағжан саясаттың құрығынан құтылғанымен, қызғаныштың құрығынан құтыла алмады.  Пьесадағы кілті табылған тамаша детальдің бірі – Мағжанның ит көйлегінің табылуы. Атасы Жұмабайдан қалған, қолдан қолға өтіп, бүгінгі күнге әзер жеткен ит көйлекті актриса Мәдина Зылиха әжейге тарту етеді. Спектакль соңында Зылиха әжей Мағжанның кітабын ит көйлекке орап, құшақтаған күйі о дүниеге аттанып кетеді. 90 жасқа келгенше арысын ардақтап өткен Зылиха әжейдің әдемі өлімі ақынның «Мені де өлім әлдиле...» деген әдемі әнімен өмір мен өлімді әлдилеп жатқандай күй кештіреді.

Зылиха-Ш.Айтибаева мен Мағжан-Д.Тойбазаров және Мәдина-С.Ташимова ойнаған актерлік құрам алғашқы сахналық қойылымымен қызылжарлық көрерменге осылай жол тартты. Режиссер М.Ахмановтың оқылуында спектакль репрессия жылдарының атмосферасынан алшақтап кетпей, керісінше әр сәт сайын еске түсіре түсетін көріністерімен, әуен қолданыстарымен ерекшеленіп отырса, сахналық безендірулер де әрбір сахналық көріністерді бірімен-бірін байқатпай жалғап отыруда сәтті қолданылып жатты. Әсіресе, Зылиха-Ш.Айтибаева мен Мәдина-С.Ташимовалардың әжейдің өткен күндерін еске алу және спектакль ішіндегі спектакль боп алмасып жүріп жататын көріністерін беру сахнасындағы режиссерлік шешімдер актерлердің ойынын жетілдіре түскендей.

Драматург Д.Исабековтың сиясы әлі кебе қоймаған «Өйтпесе Мағжан бола ма?» атты туындысы осындай қырларымен ерекшеленіп жатты. «Ұлтының қасіретіне» айналған Мағжанның трагедиясына үңілген сайын «Өйтпесе Мағжан бола ма?» деген тіркестер еріксіз еске түсе берді...

Abai.kz

0 пікір